Пысықтау сауалдары 1. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің эволюциясы дегеніміз не?
2. Мемлекеттің қызмет істеу бағыттарының түрлерін атаңыз.
3 тақырып. Мемлекет түсінігі, мәні, функциялары.
Дәріс 5 1.Мемлекеттің түсінігі және мәні.
2. Мемлекеттің пайда болуының негізгі теориялары: патерналистік, теологиялық, келісімдік, күштеу теориясы, табиғи– құқықтық, диалетико –материалдық және т.б.
Мемлекет – ру-тайпалық құрылыс ыдырап, қоғам ішінен көсемдер мен оның айналасындағылар бөлініп шығып, қоғамның әлеуметтік жіктелісі тереңдеп, шаруашылық байланыстар кеңейген кезде қоғамдағы қатынастарды реттеу үшін пайда болған құбылыс. Қазіргі уақытта мемлекетті анықтауда плюрализмге жол берілген. «Мемлекет» ұғымы кең мағынада жоғарғы мемлекеттік билік және басқару органдары бар,белгілі бір аумақта орналасқан ел, қоғам, халық ретінде түсіндіріледі. Сөйтіп, мемлекет дегеніміз саяси аумақтық басқару және күштеу аппараты бар, көпшілік биліктің тәуелсіз саяси ұйымы. Мемлекет бүкіл қоғамды қамтый отарып қоғамның ішінде де, басқа сыртқы мемлекеттермен де қызмет атқарады. Мемлекет-ерекше қоғамдық құбылыс. Сондықтан, оны рулық құрылыстағы әлеуметтік биліктен мына белгілері бойынша ажыратамыз:
1.Көпшілік билік барлық мемлекет аумағындағы тұрғындарға мемлекет атынан жүргізіледі. Бұл көпшілік саяси билікке басқару және билік органдары жатады. Қоғамды басқарудың арнаулы аппараты болады. Бұл күштеу аппаратына-сот, прокуратура, ішкі істер органдары т.б. және жазалау шараларын іске асыратын органдардың (әскер,түрме) болуы. Мемлекеттегі басқару аппаратына байланысты ерекше адамдар тобы пайда болады.
Жоғарыдағы аппараттар жалпы қоғамның мүддесін емес, нақты бөлініп шыққын таптың, әлеуметтік топтың т.б. мүдделерін қорғайды.
2.Тұрғындардың аумаққа бөлінуі және сол аумақ ішінде көпшілік биліктің іске асырылуы. Кез-келген мемлекеттің өз аумағы болады. Соған байланысты сол аумақта тұрған тұрғындар сол мемлекетке қарайды. Мемлекет олармен қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Бұл мемлекет аумағындағы басқаруды мемлекеттік билік іске асырады. Мемлекет өз аумағындағы тұрғындарды өз билігі арқылы қорғап,қолдап отырады.
3.Мемлекеттің егеменділігі. Мемлекеттің халықаралық қатынастарда басқа мемлекеттерге тәуелсіздігі. Мемлекеттегі жоғарғы билік сол аумақтағы тұрғындар үшін жалғыз билік көзі. Мемлекеттік билік заңнан тыс кез-келген билікті танып не өзгерте алады.Сол үшін оның күштеу құралдары мен әдістері болады.
Мемлекеттік биліктің біртұтастығын көрсететін біртұтас мемлекеттік органдар жүйесі болады. Мемлекеттік билікте өз істерін өз бетінше ешкімнің қол сұғуынсыз өзі шешеді.
4.Құқық және заңдардың болуы. Мемлекет құқықсыз өмір сүре алмайды. Мемлекет пен құқықты бір-бірінен ажырата алмаймыз. Кез келген мемлекет өзінің нормативті-құқықтық актісімен мемлекеттік билікті бекіте отырып, мемлекеттік саясатты іске асырады. Құқық саясатты заңдандара отырып, демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастырады.
Тек мемлекет қана жалпыға міндетті нормативті актілерді: заңдарды, бұйрықтарды, қаулыларды т.б. қабылдай алады.
5.Салық және салық жүйесінің болуы. Мемлекет тұрғындарының кірісінен қайтарымсыз алынатын салықтар мен әртүрлі алымдардың алынуы. Мемлекет салықтар мен алымдар арқылы мемлекеттік аппаратты ұстайды, көпшілік саяси билікті қамтамасыз етеді және қоғам үшін пайдалы еңбекке жұмсайды.
Осы белгілеріне қарап мемлекетті қоғамдық ұйымдардан ажыратамыз. Мемлектті тәуелсіз көпшілік билігі бар, белгілі бір аумақта қоғамды басқаратын, қоғамдық пайдалы қызметті атқарушы және мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз ететін аппараты бар, жалпыға міндетті заңдар мен актілер шығарушы саяси ұйым ретінде танимыз.
Мемлекеттік билікті іске асырудың өзіне тән әдістері бар. Бұл әдіс-тәсілдердің әртүрлілігіне қарамастан, мемлекеттік билікті іске асырудың дәстүрлі әдістеріне мыналар жатады:
1.Сенім әдісі. Бұл әдісті пайдалана отырып, жеке адамның сана-сезіміне идеялық-адамгаршілік құралдармен әсер етіп, қажет түсінікті қалыптастырады. Бұл жерде идеологияның маңызы зор.
2.Мәжбүрлеу әдісі. Мемлекеттік мәжбүрлеу дегеніміз мемлекеттік жүйенің жеке адамға психологиялық, материалдық немесе физикалық күш көрсету арқылы мәжбүрлеуі. Оны екіге бөлеміз: 1-сі, құқықтық мәжбүрлеу; 2-сі, құқықтық емес мәжбүрлеу. Біріншісі, құқықтық нормаларда анықталған және арнаулы іс жүргізу шеңберіндегі мемлекеттік мәжбүрлеудің түрлері мен шаралары. Екіншісі, мемлекеттік органдардың зорлық-зомбылығы.
Мемлекеттік билікті іске асырудың әдістерінің түрлері өте көп. Бірақ, олардың барлығы тек құқықтық және қоғамдық – пайдалы мақсатқа негізделуі тиіс. Мемлекет және құқық теориясының негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттің мәнін түсіндіру. Мемлекеттің мәні мемлекттің мазмұнын, мақсатын, қызмет істеу бағыттарын анықтайтын құбылыс. Мемлекеттің әлеуметтік мәні кең мағынада қоғамдағы саяси-билікті ұйымдастыру, заңға сүйенген адамдардың бірлестігі ретінде анықталыды. Осының нәтижесінде жария-билік құрылымы құрылады, мемлекеттік-құқықтық институттар мен құқықтық қатынастар қалыптасады. Тар мағынада мемлекеттің басқару аппараты, жария биліктің әртүрлі мекемелерінің жүйесі ретінде анықталуы. Бұл қоғамдағы таптар мен әлеуметтік топтардың, жалпы қоғамның мүддесін қорғайды. Осыған байланысты мемлекеттің мәнінің екі жағын көрсетеміз.
оның формалдылығы, кез-келген мемлекетте саяси билікті ұйымдастырудың жолдарының бар екендігі;
оның маңыздылығы, осы ұйымдардың кімнің мүддесіне қызмет ететіндігінде;
Мемлекет мәнінің мынадай тәсілдерін анықтауға болады:
таптық тәсіл, мұнда мемлекет билік етуші таптың саяси билігін ұйымдастырушы ретінде көрінеді;
жалпы әлеуметтік тәсілде, мемлекет әртүрлі таптардың және әлеуметтік топтардың мүддесін қорғауға жағдай жасайтын саяси билікті ұйымдастырушы ретінде анықталды.
Сөйтіп, мемлекеттің мәні дегеніміз таптық қоғамда қалыптасқан, мемлекеттік саяси билік аппаратының көмегімен қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ететін, дамыған саяси ұйым ретінде мемлекеттің тиісті жұмыстарының атқарылуы.
Мыңдаған жылдар бойы адамдар мемлекеттік-құқықтық жағдайда өмір сүруде. Барлық азаматтар белгілі бір мемлекетке жатады, мемлекеттік билікке көтеріледі, өздерінің іс-әрекеттерімен құқықтық жазбаларға және талаптарға әсер етеді.
Ежелгі дәуірде-ақ адамдар мемлекет пен құқықтың пайда болу себептері мен жолдары туралы ойлана бастаған. Әртүрлі жақтармен сипатталған көптеген теориялар жасалған.
Алғашқы қауымдық құрылысқа тән этникалық ортақтық формасы - тайпа болды. Мұның мүшелері ру мүшелері сияқты қандас-туыстық байланыстармен бірікті. Бұл кезеңде өте күрделі құрылым: екі дуальдық-экзогамдық ру жаңа әлеуметтік қауымдық-тайпаның өркенін құрады. Ру - алғашқы тұрмыстық қауымдық демократия принциптері негізінде басқарылды.
Тайпаның әрбір ересек мүшесі рулық кеңесте, сондай-ақ тайпалық кеңесте де өз пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болды. Ақсақалдар мен әскери көсемдер өз қызметіне сайлану құқығы бойынша келді.
Осы демократиялық ру-тайпалық өзін-өзі басқару әйелдерге де тиісті болды. Алғашқы қауымдық құрылыста әлеуметтік билік өмір сүрді. Бұл дәуірді потестарлық билік (латын сөзінде «potestus»-билік,күш) дәуірі деп те атаймыз. Адамдар өз міндеттерін ешкімнің мәжбүрлеуінсіз өздері орындап отырды. Рулық қоғамда негізгі билік ру көсемінің, ақсақалдар кеңесінің және рудың ересек мүшелерінің жалпы жиналысында болды. Мұнда ру өміріндегі маңызды мәселелер шешілді. Сайланған көсемдер рудың беделді мұшелері болды. Біртіндеп, жасы үлкен беделді ақсақалдардың орнына күш-қуаты мол әскери көсемдер келді. Ру ақсақалдары және әскери көсемдер ешқандай жеңілдіктерге ие болмады.
Әскери демократия тұсында халық жиналысы,ақсақалдар кеңесі,тайпалық көсем сақталды. Рулық қоғамның ыдырау формалары қандай да болсын дәуірдің негізгі мазмұны жеке меншіктің, таптың және мемлекеттің тууы болып қала берді.Көптеген тайпаларда құпия одақдар пайда болды. Ол байлығы мол адамдардың одақтары еді. Олар біртіндеп ру-тайпалық билік тұтқаларын өз қолдарына алды. Құпия одақтар ру-тайпалық органдарды билеп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті сақтау, сот істерін жүргізу, соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу істерін де өздері иемденіп, қуатты руаралық және тайпааралық ұйымдарға айналды. Әскери демократияның ашық таптық демократияға айналуы мемлекеттік саяси құрылымның қалыптасуына алып келді. Халықтар территориялық принцип бойынша бөліне бастады. Біртіндеп мемлекет пайда болды. Мемлекеттің пайда болуы ұзаққа созылған процесс болды. Мемлекет ру-тайпалық құрылыс ыдырап, қоғам ішінен көсемдер мен оның айналасындағылар бөлініп шағып, қоғамның әлеуметтік жіктелісі тереңдеп, шаруашылық байланыстар кеңейген кезде пайда болды.
Таптық қоғамдар бұдан 5 мың жылдан астам бұрын қалыптаса бастады.
Бұл алғашқы мемлекеттерге б.д.д. IV мыңжылдықтағы Мессопотания және Ніл аңғарында, III мыңжылдықтың орта шенінде - Инда бассейнінде, II мыңжылдықта – Эгей теңізі бассейнінде, Кіші Азияда,Финикияда,Оңтүстік Аравияда,Хуанхэ бассейнінде, б.д.д. I мыңжылдықта және б.д. I мыңжылдығында Көне Дүние мен Орталық Американың территориясының үлкен бөлігінде пайда болған мемлекеттер жатты.
Мемлекеттің шығыстық жолының қалыптасуының ерекшілігі саяси билік иелері қандай да бір қоғамдық қызметті атқарады.Қауымның ішінде қоғамдық өнімнен алынған қор болды. Бұл қауым ішіндегі ерекше лауазымды тұлғалар тобын қалыптастырды. Олар қауымның әкімшілік, қазыналық, бақылаушы қызметтерін атқарады.
Кей жағдайда әкімшілік басқару діни салттармен бірге жүрді,бұл оның беделін көтерді. Мұның барлығы өз орындарын мұраға қалдыруға әкеп соқты. Бұл мемлекеттік билік аппаратын құрды.Сөйтіп,шығыстық мемлекеттік құрылымға тән нәрсе таптық басқару аппаратының, экономикаға бақылаудың, саяси және әскери қызметтердің болуы еді. Біртіндеп, бұл қызметтерді атқарушылар ру-тайпалық тектілерінің әлеуметтік топтарына (топ,тап, кастаға) айналды.
Әкімшілік-мемлекеттік құрылым жеке меншікке (әсіресе,жерге) негізделді.
Экономика мемлекеттік және қоғамдық меншік түрде қалыптасты. Мемлекттік аппарат өкілдерінің сарайлары, асыл бұйымдары, құлдары болды. Қызметтен кеткен жағдайда дүниесінен, кей кезде өз бастарынан да айырылып отырған. Дегенмен, жеке меншік мемлекеттің экономикасына анау айтқан әсерін тигізе қойған жоқ. Қоғамдық өндіріске «ерікті» қауымдық еңбек шешуші әсер етті. Саудагер мен қалалық қолөнершілер тобы эконономиканың дамуына өз үлестерін қоса алмады.
Біртіндеп ұжымдық еңбек қызметі кооперациясының шеңбері өсті. Бұл қауымның үстінен қарайтын билік және басқару органдарының пайда болуына әсерін тигізді. Олар билеуші адамдар мен құдай арасындадағы өкіл болды. Олар билігін құдайдан алады деп есептелінді. Мұның барлығы биліктің орталықтануына алып келді. Осының нәтижесінде пирамидаға ұқсас құрылым пайда болды. Жоғарыда (көсемнің орнына) шексіз билік иесі монарх отырды, төменде (ақсақалдар және көсем кеңесінің орнына) монарх кеңесшілері,уәзірлер отырды. Олардан кейін төменгі шендегі біртіндеп рулық мәнді жоюшы чиновниктер және т.б. пирамиданың негізгі ауыл-шаруашылық қауымдары отырды.
Негізгі өндіріс көзі жер болды. Ол қауым меншігі болып саналды. Қауымдастар ерікті болып есептелінгенімен шын мәнінде мемлекеттікі болды. Сөйтіп,мемлекеттік билік бюрократтық чиновник аппараты мен оның басшысы шексіз билік иесі монархтың қолында болды. Шығыс елдерінің өз ерекшіліктері болды. Қытайда құлдық үй шаруашылағында дамыса,Египетте құлдар қауымдар мен бірге экономикаға өз үлестерін тигізді. Европалық антикадағы құлдық жеке меншікке негізделсе, ол Египетте көптеген құлдар мемлекеттің (фараонның) немесе храмның меншігі болды. Дегенмен, шығыстық мемлекеттердің бәріне бірдей тән ерекшіліктері де кездесті. Олардың барлығында бірдей абсолюттік монархия болды. Экономика негізіне мемлекеттік меншік түрі жатты,ал жеке меншік екінші орында қалды. Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолы бойынша ру-тайпалық қауымнан біртіндеп мемлекетке өтті. Мұндағы мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері мыналар:
1.Ирригациялық құрылыстардың дамуына байланысты қажеттіліктен;
2.Осы мақсатқа байланысты үлкен территориялар мен адамдар бұқарасын біріктіру қажеттілігінен;
3.Осы бұқараны басқару үшін біртұтас орталықтан басқарудың қажеттілігінен пайда болды.
Мемлекеттік аппарат ру-тайпалық бірлестіктің басқару аппаратынан пайда болды. Қоғамнан - қауымдық еңбекті қанаушы тап бөлініп шықты. Шығыстық қоғам мыңдаған жылдар бойы дамымай сол күйінде тұрды.
Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолына қарағанда европалық мемлекеттерінің пайда болып, қалыптасуының өз ерекшілігі болды. Аз уақыт ішінде тарихи жағынан өзінен бұрын дамыған шығыстық елдерден басып озып, адамзат процесінің даму жолдарын анықтап берді. Европа территориясында мемлекеттің пайда болуына әсер еткен қоғамның тапқа бөлінуі еді. Мемлекеттің қалыптасуына әсер еткен процесс «әскери демократия» болды. Осы кезеңде жерге жеке меншік дамыды, өндіріс құралы – малдар мен құлдардың еңбегін пайдалану күшейді.
Ежелгі Афинада рулық құрылыстың органдарына біртіндеп жаңа органдардың енуіне байланысты мемлекетке тән нығыз билік органдары келді.
«Қаруланған халық» орнына, халыққа қарсы тұратын қоғамға лайық емес, одан алыс «көпшілік билік» келді.
Қауымдық құрылыстың алғашқы кезеңінде–ақ қарапайым қауым мүшелерінен гөрі аристократтардың (батырлар,базилевстер) жерлері, құлдары, малдары, еңбек құралдары көп болды. Грецияда құлдық патриархалды мәнде дамыды. Текті аристократтар мен бұқара халықтың арасындағы тартыс өткір болды. Олар теңізде тонаушылық және саудамен байыған жеке меншік иелерімен біріге отырып жауапты мемлекеттік қызметтерді алды.Баяғы ру тектілері билігі жойылды. Афина мемлекеті таптық қайшылықтардан пайда болды.Біртіндеп жеке меншіктің қалыптасуы экономикалық билеуші тапты қалыптастырды. Бұл бәрінен бұрын көпшілік билік институтын алып келді. Сондықтан Афинаны мемлекеттің пайда болуының классикалық түрі деп атаймыз.
Ежелгі Спарта мемлекетінің пайда болуына түрлі себептер әсер етті. Спартандық қауым көрші аумақтарды жаулап алып отырды. Ол жердің тұрғындары жеке меншік емес,қауымдық құлдарға,яғни илоттарға айналды.
Олардың саны спартандықтардан да асып кетті.Сондықтан оларды басқару үшін жаңа билік органдары бар аппарат қажеттілігі туды.
Спартандықтардың өз ішінде мүлік теңсіздігін дамытпау үшін тең түрде жартылай ерікті тұрғындарымен бірге жер бөлініп берілді. Илоттардың үстінен мемлекет тарапынан өкілеттікке ие болған адамдар тұрды. Олар өте қатал террор орнатты. Оларға қарсы илоттар көтерілістер жасап отырды. Бұл қауіп қатал аристократиялық мемлекетті дамытты. Алғашқы қауымдық құрылыс қалдықтары сақталынған қатал территориялық әдістерді пайдаланушы басқаруды алып келді. Бұл ру-тайпалық ұйымды жоюға мүмкіндік бермеді. Спарта мемлекетінің басында екі патша отырды.
Римде мемлекеттің және таптардың пайда болуы ұзаққа созылған процесс болды. Ол 200 жылға созылған римдік рулық – тайпалық қоғамның ерікті мүшелері мен плебейлер арасындағы күресте қалыптасты. Осының нәтижесінде Римдік қоғамдық ұйым демократиялық мәнге ие болды.Мысалы, барлық ерікті азаматтар тең құқылы болды,әрбір рим азаматы бір мезгілде жер иесі және жауынгер болу принципі бекітілді, қауым жерінің әлеуметтік саяси маңызы артты.
Мұның барлығы ерікті азаматтардың арасында мүлік пен әлеуметтік теңсіздіктің дамуын тежеді. Б.д.д. II ғасырдың соңында қауымдас шаруалардың бұқаралық жерсізденуіне байланысты жағдай өзгереді. Қалалар мен селоларды жаулап алу тоқтамады.
Мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отырған римдік отбасының, жаулап алған аумақтарды басқаруға күші жетпеді. Осының барлығы б.д.д. II ғасырда күшті мемлекеттік аппаратты алып келді. Римде мемлекеттің құрылуы Грециядағы сияқты болды. Бірақ Римде бұл процеске плебейлер араласты. Римдік руға жатпайтын сырттан келген тайпалар өкілдерінің қолында сауда және өндіріс байлығы болды. Плебейлердің экономикалық билігі күшейді. Олардың текті римдік аристократ-патрицийлерге қарсы күресі мемлекеттің дамып, қалыптасуына алып келді.
Франк мемлекетінің пайда болуының өз ерекшілігі болды. Герман тайпалары ұзақ уақыт бойы Римге құлдар әкелуші болды. Бұл Германияның біраз уақытқа дейінгі рулық құрылыс шеңберінде өндіргіш күштерін дамытты. Орта теңіз бойында құл иеленушіліктің сақталуы пайдасыз болды. Кедейленген қауым мүшелері байларға бағынашты болды,бұл шаруашылықтың ұжымдық түрін сақтады.
Әскери қажеттілік, жартылай көшпелі отырықшы өмір, қоғамдық шаруашылық ұйымының ұйымдық түрінің құлдықты қажет етпеуі еді. Бұл феодалдық қоғамды алып келді. Рим империясының анағұрлым аумағын франктардың жаулап алуы, ру-тайпалық қоғамның билікті қамтамасыз ете алмауы еді. Ол мемлекеттің ерте феодалдық түрін дамытты.
Осы қоғамдық құбылыстардың барлығы Рим империясының феодализмге өтуін тездетті. Осы жолмен Ежелгі Русь,Ирландия т.б.европалық мемлекеттер дамыды.
Мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері мыналар:
-қоғамнан көпшілік биліктің бөлінуі;
-салық түрлерінің енгізілуі;
-тұрғындардың аумаққа бөлінуі;
-қоғамда мәжбүрлеу аппараттарының пайда болуы.
Мемлекеттің шығуы туралы түрлі теориялар бар.
1. Теологиялық ( діни ) теория, мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуын құдайдың құдіретінен, яғни «барлық билік құдайдан» деп түсіндіреді. Діни мазмұнына қарамай бұл теория шындықты көрсетті.
Ежелгі ( Иудейде ) теократиялық алғашқы мемлекетте билік абыздардың,храмның қолында болды. Олар діни және әкімшілік орталық ретінде билікті бөліп алды.
Әсіресе, бұл теория орта ғасырда кең тарады. XVI-XVIII ғасырларда теократиялық теорияны монархтың билігін қамтамасыз ету үшін пайдаланды.
2.Патриархалды теорияда мемлекеттің пайда болуын кедейленген отбасымен, монархтың билігін әкенің өз отбасы мүшелеріне билігінен пайда болды деп көрсетеді. Бұл теория патшаның, монархтың шексіз билігіне негізделді. Оның негізін қалаған б.д.д. III ғ.Аристотель болды. Қазіргі уақытқа дейін бұл қағида өмір сүруде.
3. Органикалық теория бойынша мемлекет адам организмі сияқты дамиды. Ол мемлекет заңдарын адам психикасы процестерімен салыстырды. Бұл теория б.д.д. IV-III ғасырлардағы ежелгі грек ойшылдары идеяларында, соның ішінде Платонның еңбегінде көрініс тапты. Бұл теория өкілдері Блюнчли, Г.Спенсер,Вормс,Прейс т.б. болды.
4. Келісім - шарттық теория, мемлекеттің пайда болуын келісім нәтижесіндегі адамның саналы еңбегінің жемісі ретінде түсіндіреді. Мемлекет-адамдардың саналы түрде келісім-шартпен бірігуі және олардың өздерінің бостандығы мен билігінің бір бөлігін ерікті түрде мемлекетке беруі.
Бұл теория ерте буржуазиялық ойшылдардың еңбегінде XVII-XVIII ғасырларда кең түрде дамыды. Бұл теорияны жақтаушылар Г.Гроций,Б.Спиноза,Т.Гоббс,Д.Локк,Ж.Ж.Руссо,А.Н.Радищев болды.
5. Күштеу теориясы мемлекеттің пайда болуын әскери-саяси факторлармен байланыстырады. Бір халықтың екінші халықты жаулап алуы,жеңілген халық үстінен билікті бекіту үшін мемлекет қажет болды. Күштеу теориясын жақтаушылар рулық демократия мемлекеттік ұйымдардың құрылуына алып келеді деп көрсетеді. Барлық уақыттарда сыртқы тайпалардың шапқыншылығы, олардың билігінің күшейуі, тайпалардың бірігуіне әсерін тигізді. Оның өкілдері К.Каутский,Л.Гумплович,Е.Дюринг еді.
6. Психологиялық теория XIX ғасырда пайда болды. Оның өкілдері Фрезер, Г.Тард,Л.И.Петражицкий болды. Мемлекеттің пайда болуын адамдардың психикалық қасиетіне байланыстырады. Алғашқы қауым элитасына саналы түрдегі тәуелділігі,оларға еліктеуі,бағыныштылығы, әділетті түрде қарым-қатынасына байланысты адам мінез-құлқының, қызметінің нәтижесінде мемлекет пайда болады. Сондықтан адам психикасы бұл заңдылықты іске асыруға анағурлым әсерін тигізеді.
7. Тарихи-материалистік теория бойынша мемлекет алғашқы қауымдық құрылыстың табиғи дамуының нәтижесі, мемлекет дамуының материалдық жағдайын қамтамасыз ететін экономиканың дамуы,қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің болуы. Бұл теорияның негізін қалаушылар К.Маркс, Ф.Энгельс, Л.Морлан болды.
8. Ирригациялық теория. Оның өкілі К.А.Виттфогель болды. Ол өзінің «Шығыстық деспотизм» еңбегінде мемлекеттің пайда болуын өте ірі ирригациялық құрылыстардың салынуымен, шығыстық аграрлық жұмыстардың жүргізілуімен байланыстырады. Бұл «менеджерлік бюрократтық тапты»алып келді.К.Виттфогель деспотизм деп «гидравликалық»немесе «агроменеджерлік» өркениетті атайды.
Дәлдеп келгенде, бұл теориялардың барлығы мемлекеттің әркезеңдегі тарихи құбылыстарға байланысты дамып,қалыптасуын көрсетеді. Сөйтіп, мемлекет адамзаттың өмір сүруі үшін қажеттілік, ол белгілі бір экономикалық, әлеуметтік және рухани ортада пайда болады, өте маңызды саяси роль атқарады және зор әлеуметтік құндылық болып саналады.
Мемлекетке дейінгі кезеңде қоғамдық өмірді әлеуметтік нормалар реттеп отырды. Ол адамдардың өмірлік қажеттіліктерінен пайда болып, дамыды.
Әлеуметтік нормалар ру мен тайпаның бірлігін, қоғамның әлеуметтік-экономикасын көрсетіп, оның даму жолдарын анықтады. Өндіріс құрал-жабдығының өз дәрежесінде дамымауы, өндірістің төмен болуы адамдардың қажеттілігін көрсетті.
Кез-келген қоғамда, оның өз мүшелеріне деген қатынасын реттеу қажеттілігі туды. Міне, соған байланысты әлеуметтік реттеудің қажеттілігі көрінеді. Оны нормативті және жеке деп екіге бөлеміз. Біріншісінің нормалары қоғамның барлық мүшелеріне арналады. Екіншісі, жеке бұйрық түрінде көрінеді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты болады. Әлеуметтік реттеу адамзат қоғамының дамуымен басталады. Алғашқы қауымдық құрылыста қоғамдық қатынастарды негізгі реттеуші салт-дәстүрлер болды. Олар қоғамға пайдалы түрлі жағдайдағы мінез-құлық ережелері еді. Салт-дәстүрлер атадан-балаға мұра ретінде беріліп отырды. Қоғамға әсер ете отырып, олар өте жай өзгерді. Кейінгі дәуірлерде қоғамдық мораль нормалары мен діни-нанымдар келіп шықты. Олар біртіндеп бірігіп кетіп діни негіздерді қалады.
Қоғамдағы өзгерістерге байланысты адамдар арасында мүліктік теңсіздік күшейді. Дамып, пайда болып қалыптасқан тап үшін оның мүддесін қорғайтын салт-дәстүрлер қажет болды. Мемлекеттік билікті пайдалана отырып,өздеріне қарсы шыққан, жаман қылық жасаушыларға шара қолдану үшін, мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген құқықтық салт-дәстүрді қалыптастырды. Сөйтіп,құқық мемлекетпен қатар дамып, бірін-бірі бекітті.
Қоғамның, мемлекеттің дамуына байланысты барлық қоғамдық қатынастарды құқықтық салт-дәстүрлер реттей алмады. Міне,осы кезеңде әлеуметтік байланыстарды реттеуді қамтамасыз ету үшін құқық нормаларын бекітетін құқықтың жаңа қайнар көзі:заңдар, заң прецеденті, нормативті келісімдер пайда болды. Құқықтың дамуының негізгі екі бағытын көрсетуге болады. Билеуші мемлекеттік меншіктің негізгі қайнар көзі адамгершілік-діни жағдайдағы жинақтар болды.» Ежелгі Египеттегі Птахотептің өсиеті», »Үндістандағы Ману заңы», «Мұсылман мемлекеттеріндегі Құран» т.б. Қажет кезінде оларды басқа салт-дәстүрлермен (мысалы,адат) және нақты (нормативті емес) ережелермен толықтырып отырды. Бұларды монарх немесе мемлекеттік аппараттағы өкілеттікке ие болған чиновниктер бекітті. Жеке меншікке негізделген қоғамда меншік иелерінің тең құқықты болу қажеттілігі келіп туды. Соған байланысты күрделі қоғамдық мүліктік қатынастар жүйесін реттеу үшін азаматтық заң келіп шықты. Соның бірі-Римдік жеке меншік құқығы. Бұл құқық жүйесін адамдар жүздеген ғасырлар бойы пайдалануда, қазіргі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған құқықтардың бірі. Мемлекеттік-ұйымдастырылған қоғамда құқық нормаларынан мемлекет қамтамасыз ететін заң келіп шықты.
Қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мемлекеттік басқарудағы ең маңызды әдіс. Бірақ құқық пен заң арасында қарама-қайшылық бар. Заң қоғамындағы белгілі-бір топтың ғана мүддесін қорғайды.
Құқықтың дамуының негізгі үш кезеңін көрсетуге болады. Біріншісі, құқықтың пайда болуы,бұл енді экономикасы қалыптаса бастаған қоғамға тән. Екіншісі кезең,өндіріс экономикасының әртүрлі формалары бар қоғамға тән. Үшінші кезең, ерте мемлекеттік құрылымдарда кодекске жазылған құқығы бар қоғамға тән.
Құқықтың пайда болғанын мына белгілерінен көреміз: әлеуметтілігі, нормативтілігі, міндеттілігі, бір қалыпқа келтірілуі, оны шығару процедурасының бар екендігі, институттылығы, объективтілігі.
Құқық мемлекеттік қатынастарды реттеуде мынадай қызметтер атқарады:
1-ден, маңызды реттеушілік қызмет;
2-ден, қорғаушылық қызмет;
3-ден, гуманистік қызметті қорғайды;
4-ден, идеологиялық қызмет;
5-ден, тәрбиелік қызмет.
Бұл қызмет түрлері қоғамдық өмірде мемлекет пен жеке тұлғалар арасындағы негізгі фактор болып саналады.
Мемлекетке дейінгі өмір сүрген нормалардың өз ерекшілігі болған.
жоғарыда айтылып өтілгендей алғашқы қауымдық қоғам тарихи түрде қалыптасқан мінез-құлық ережелерімен,яғни салттарымен реттеледі.
бұл нормалар адамдардың мінез-құлық және санасында өмір сүреді.
құқық нормалары әдетке айналған түрде болды,сенім арқылы және мәжбүрлеу ( рудан қуу ) арқылы шаралар қолданылды.
табу жүйесі,қоғам тиым салу әдісімен реттеліп отырды. Бұл жүйе жеке құқықтар мен міндеттердің болмауымен сипатталады.
олар рудың және тайпаның барлық мүшелерінің мүддесін көрсетті. Құқық нормалары жазбаша түрде жалпыға мәлімет ретінде дайындалды.
Құқық нормалары үш негізгі жолмен қалыптасты:
кәдімгі құқық нормаларында мононормалардың ( алғашқы қауымдық салттар ) дамуы және мемлекеттің күшімен оларды санкцияландыру.
мемлекеттің құқық шығармашылық қызметі арқылы, құқық нормаларының арнаулы құжаттарда-нормативті актілерде көрінуі.
прецеденттік құқық арқылы, яғни сот және әкімшілік органдардың қабылданған шешімдерінен көрінуі және басқа істерде оларды үлгі етілуі.
Құқықтың пайда болуының негізгі теориялары мыналар:
1.Теологиялық теория - құқық жердегі тәртіпті реттеу үшін құдайдың қалауымен пайда болды.
2.Табиғи құқық теориясы. Адамның табиғаттан пайда болатын табиғи құқығы, туылу, қайтыс болу, үйлену т.б. құқықтары.
3.Құқықтың тарихи мектебі. Бұл теориялар бойынша құқықтың ұлттық ерекшілікке байланысты тарихи түрде пайда болып, дамуы.
4.Құқықтың нормативті мектебі. Құқық нормаларының жоғары тұрған құқық нормаларына бағынуы.
5.Құқықтың психологиялық теориясы. Құқықтың адамдардың психологиялық қажеттілігінен пайда болуы.
6.Құқықтың маркстік теориясы. Бұл теория негізіне құқықтың экономика мен эконимикалық базистің қажеттілігенен пайда болуы жатты. Құқықтың пайда болуына әртүрлі құбылыстар әсер етіп отырды.
Дүние жүзілік құқықтың дамуының екі негізгі жолы бар:
құқықтың пайда болуының шығыстық жолы. Ежелгі Шығыс елдерінде құқықтың пайда болып, дамып, қалыптасуына күшті әсерін тигізген салт-дәстүрлер болды. Қазіргі күнге дейін кейбір елдерде құқықтың қайнар көзі ретінде дін нормаларын пайдаланады.
құқықтың пайда болуының европалық жолы ( Англия ). Бұл елдерде құқық кәдімгі құқықтан бөлек заң шығару және прецеденттік құқық түрінде қалыптасты.
Жалпы алғанда әртүрлі қоғамдық қатынастарды реттеу қажеттілігіне байланысты құқық пайда болды.