Аурудың жедел сатысында парентералды тамақтандыру және сұйықтықтар енгізген жөн. Күйіктен 2 күн өткеннен кейін сұйықтық беру үшін мұрын арқылы асқазанға вазелинмен жақсы майланған жіңішке зонд енгізіледі. Егер 4-5 күннен кейін науқас сұйықтықты жұта алмаса, онда адекватты тамақтану үшін гастростома жасалынады. Антибиотиктер міндетті түрде тағайындалуы тиіс. Өңештің тесілуі және медиастинит дамыған жағдайда гастростомия, медиастиностомия және көкірекаралықты дренаждау қажет.
Сілті мен қышқылдардың әлсіз ерітінділері өңеш өтімділігінің толық қалпына келуімен сипатталатын өңештің шырышты қабатының беткей қабынуын шақырады. Терең зақымдануларда тыртықтану пайда болады. Тыртықтық тарылудың алдын алу мақсатында науқастарға 1-2 күннен бастап құрамында күнбағыс майы, анестезин бар микстураны әр 30-40 минут сайын 1-2 жұтымнан береді. 3-күннен бастап науқастарды суық, сұйық тамақпен тамақтандырады. Тамақтануды ерте бастау және микстура қабылдау өңештің «жұмсақ» буждалуын қамтамасыз етеді. Тыртықтардың түзілуіне кортизон, преднизолон енгізу кедергі жасайды, бұлар фибробласт түзілуін баяулатады және өңеште дөрекі тыртықтардың түзілуін азайтады. Қазіргі кезде хирургтардың көпшілігі ерте буждауды (2-4 күні және 9-11 тәуліктен бастап), 2 апта бойы тері астына лидаза енгізумен үйлестіре отырып 1-1,5 ай бойы өңешті буждау қолданады. 90% жағдайда өңешті ерте буждау тыртықтық стеноздың алдын алады. Өңешті кеш буждауды (2-3-7 апталар) жақтаушылар күйіктің ерте сатысында өңештің тесілуі және медиастенит даму қаупінің бар екендігін өз аргументі ретінде келтіреді. Буждауды бастамас бұрын күйіктің дәрежесін анықтауға көмектесетін эзофагоскопияны жүргізу қажет.
21. Кеуденің жұмсақ тіндерінің зақымдануы, диагностикасы және емі.
Кеуде контузиясы-кеуде аймағындағы жұмсақ тіндердің жабық зақымдануы. Ауыр травматикалық әсермен қабырға, төс сүйегі, кеуде қуысында орналасқан ішкі мүшелердің тұтастығы бұзылады. Негізгі себеп-күнделікті өмірде және өндірісте соққы, спорт кезінде құлау.
Кеуде қуысының кез-келген жарақаты өмір мен денсаулыққа қауіпті, сондықтан барлық зардап шеккендер, тіпті қанағаттанарлық жағдайда да, егжей-тегжейлі тексеруді қажет етеді. Диагноз кеуде қуысының рентгенографиясы арқылы нақтыланады. Жарақат түріне байланысты консервативті немесе хирургиялық емдеу тағайындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |