Диагностика:
Қан талдауында лейкоцитоз, ЭТЖ жоғарылауы, гематокрит жоғарылауы, гипопротеинемия, метаболикалық ацидоз байқалады. Ауыр күйіктерде паренхиматозды ағзалардың токсикалық зақымдануы дамиды. Сірке қышқылдық эссенцияда тамырішілік гемолиз белгілері: сарғаю, «ет жуындысының» түсіндей несеп, билирубинемия, гемоглобинурия, анемия болуы мүмкін.
Тыртықтанудың орналасуын, көлемін және айқындығын анықтау үшін суда еритін контрасты затты және барий сульфатын қолдана отырып, өңештің және асқазанның рентген-контрастты зерттеуін жүргізеді. Өңештің тыртықты тарылуының негізгі рентгенологиялық белгілері — өңеш қуысының біртекті емес тарылуы, кейде облитерацияға дейін, шырышты қабат рельефінің деформациясы, қабырғасының ригидтілігі, супрастенотикалық кеңеюдің болуы. Эзофагоскопия арқылы тарылудың дәрежесін және формасын анықтап, өңештің тыртықтан жоғары аймақтарының кеңею сипатын, тыртықтардың орналасуын анықтауға болады.
Емі. Ең басында химиялық күйіктерде ауру сезімін басатын дәрілерді (промедол, морфин), саливацияны және өңештің құрысуын басу үшін атропин, пирензипин, ганглиоблокаторларды қолданады. Уды ағзадан шығару үшін көп көлемде сұйықтық ішкізіп, кейін жасанды түрде құсық шақыртылады. Күшті сілтімен уланған жағдайда асқазанды зонд арқылы абайлап сумен, 1% сірке немесе лимон қышқылымен жуады.
Сірке қышқылымен уланған жағдайда көмірқышқылды сілтілерді (ас содасы) ішке қолдануға қатаң тыйым салынады. Асқазанды таза сумен қышқылдың иісі кеткенше жуады. Асқазанды жуғаннан кейін ішке күйдірілген магнезий (1 ас қасықтан 15%-тік ерітіндіні әр 10 минут сайын), крахмалды клейстер тағайындалады. Химиялық күйіктен кейін қатты ауру сезімін басу мақсатында өсімдік немесе сары май, сүт қабылдауға болады, алғашқы 6-7 сағатта антидот енгізіледі.
Науқастың жалпы жағдайы нашарлаған және айқын интоксикация дамыған жағдайда көрсеткішіне қарай тыныс және жүрек-қантамырлық реанимация, анальгетикалық және инфузионды қарқынды терапия жүргізіледі. Тыныс алу жолдары зақымданғанда және олардың көмей деңгейінде өтімділігі бұзылған жағдайда трахеостомия жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |