1 бөлім. МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
1.1. Эмоционалдық кері әсерді зерттеудің қалыптасуы
Сезімдер - өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді. Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Демек, адамның өмірі қоғамға байланысты, оның әрекеті де қоғамдық саналы әрекет, сондықтан оның сезімдері де қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады. Сезімдерден эмоцияларды айыра білу қажет.
Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттіліктеріне сәйкес келу-келмеуіне байланысты пайда болып отыратын психикалық процестің түрін сезім деп атайды /38/. Қажеттіліктердің түрлеріне, жағдайға байланысты сезім көптеген жағымды және жағымсыз түрде өтеді: қуану, шошыну, абыржу, наздану, мазасыздану, зерігу, психоэмоционалдық зорлану.
Сезімдер мен эмоциялардың бірнеше сапалық ерекшеліктері бар. Олардың сапасын көрсететін осындай ерекшеліктердің бірі – қарама-қарсы, полярлық сапалықтар деп аталады (сүйсіну-сүйсінбеу, көңілдену-қажу, шаттық-уайым, т.б.). Олар өз ара екі полюске ажырасып, біріне-бірі қарама-қарсы мағынада болады.
Сезімдердің екінші ерекшелігі – олардың белсенді және солғын көрініс беруіне байланысты. Адамға ерекше күш беріп, әрекетке ұмтылдыратын, көтеріңкі сезімдер стеникалық (стен – грек тілінде күшті деген мағнаны білдіреді) эмоция деп аталады, ал адамды күшінен айырылтып, барлық іс-әрекеттерін баяулататын сезім түрлерін астеникалық (астения - әлсіз) деп атайды.
Шамадан тыс күшті тітіргендіргіштер адамда көбінесе қолайсыз эмоциялар туғызады. Адам ұдайы қинала беретін болса, оның діңкесі құрып, берекесі кетеді. Адамның осылайша шамадан тыс зорлуын психологияда стресс (стресс - ағылшын тілінде шамадан тыс зорлану деген мағнаны білдіреді) деген терминмен белгілейді. Стресс үш түрлі жағдайда байқалып отырады. Оның алғашқы көрінуі мазасыздану кезеңі деп аталады. Ағзаның күшті тітіркендіргіштермен айқасқа түсуіне байланысты оны жеңуге күш салу, немесе зорлану кезеңі деп аталады. Адам сырттан келетін нәрсеге төтеп беруге шамасы келмеген жағдайда титықтап, әрекет жасаудан қалады. Мұндей қолайсыз әсер жүйке жүйесінің жұмысына да, дене күшіне де нұқсан келтіретіндіктен адам өзінің сыртқы ортамен байланысын үнемі қадағалап, реттеп отыруы қажет.
Сезімнің бұл ерекшеліктерінің барлығы нақты әрекет үстінде, кездесетін қиыншылықтарды қарсы алу кезінде айқын көрініп отырады. Сезім адамның бүкіл өмірімен, оның жеке басының ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Адамның әр түрлі эмоциялары мен сезімдері оның қажеттіліктері мен қызығу ерекшеліктеріне, дүниеге көзқарасы мен сеніміне, мінез-құлқы мен білім көлеміне, санасы мен ерік сапаларына байланысты қалыптасып отырады.
Сезімдер мен эмоциялардың адамның өмір тәжірибесінде алатын орны үлкен. Әр адам өз алдына қойған мақсатын орындау жолында, өмір үшін қүресте күшті сезімдерсіз табысқа жетуі қиынға соғады. Сезімнің қораш, селқос, солғын болуы іске кедергі жасайды. Адам не үшін күрессе, соны жан-тәнімен жақсы көріп, неге қарсы күрессе, соны өлердей жек көріп отыруы керек.
Осы айтылған эмоциялардың барлығына ортақ басты бір ерекшелік – оларда сан алуан мәнерлі қозғалыстардың болып отыратындығы. Ч.Дарвин осы күнгі адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстардың біразы біздің ерте кезде ата-бабалаларымыздың тіршілігінде елеулі орын алған әрекеттің қалдығы екендігін атайды. Мысалы, қатты ашуланған адам кейде жұдырығын түйіп тістенеді, қабағын түйіп бұлығады, демін әзер алып, танауы делдиіп кетеді, жүрегі тарс-тұрс соғады. Осындай мәнерлі қозғалыстардың әрқайсысының өзінше шығу тарихы бар. Бұл мысалдан жабайы адамдардың өздерінің алдында тұрған жауларымен айқасқа түсейін деп тұрған адамның қабілетін, даярлық белгісін байқауға болады. Ертедегі адамдар жабайы аңдармен арпалысқа түсердің алдында денесін соған бейімдеп алып, сонан соң жауымен айқасатын болған. Қазіргі адамдар үшін мұндай көріністер дөрекі, ебдейсіз қимылдар қимылдар болып табылады. Мұндай ебдейсіз қимылдар мәдениетті адамдар қылығына ешқандай сыйысымсыз сипатта болады. Бұған көбінесе сотқар, ызақор, кекшіл адамдар бір табан жақын тұрады. Адамдардың сана сезімі өскен сайын оның қимыл-қозғалыстары да мәдениетке түседі, үйлесімді бола бастайды.
Адамның эмоциялық жағдайы оның темпераментімен байланысты екенін, стресс жағдайының адам өмірінде маңызы өте үлкен екеніне қазіргі кезде көбірек көңіл бөлінуде. Оған тоқталардың алдында бұл ауыртпалық туралы түсінік қазақ халқының арасында ежелден болғанына назар аударалық. Өтейбойдақ Тлеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде стресс туралы, «Ұшынымдар» - деген тақырыппен, көптеген деректер келтірілген. «Алланың өзіне жазған тиесілі несептік ризыған тергегі адамзатының әрбірінің өмірлеуі біркелкі болмаулығы шарт. Кейде өтерден «Шопан үсті боз торғайға ұйалық» болмақ. Кейде бұл өтерден ойпыл-тойпыл, астан-кестен болып, ел басына лан туылып, қыз қатын, шаңырағы отын болмақ»-деп көрсеткен.
Эмоциялық шокты – «ұшықтық сілейме»-деп Тлеуқабылұлы былай сипаттайды: «... әуелі тұрса тұрған күйі, отырса отырған беті, жатса жатқан қалпы бежірейген күйі қатып қалған тақылетті болмағы шарт. Алыстан айғайлағанды қойып, жанына барғаныңды сезбейді. Тіпті түртсең қозғалым, қарау тақылетті пенделік тіл алысымдық ұштасымдылық көрсетуге шамасы келмек емес, жетпек емес» деп сипаттама берген.
Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» /76/ еңбегінде тұлғадағы қандық аңғақтық бейімдер» - деген тақырыппен адам организмінің алты конституциялық түрін ажыратқан:
«1) қандық аңғақтық ысқытық бейім; 2) қандық аңғақтық суықтық бейім; 3) қандық аңғақтық қоюлық бейім; 4) қандық аңғақтық буылмалық бейім; 5) қандық аңғақтық уылмалық бейімі (нілсіз бейім деп те атаулық)». Осы сипаттарды қазіргі тілде келтірентін болсақ, оны былай көрсетуге болады:
Қаны ыстыққа бейімі. Дене бітімі енгезердей, өңі шиедей қызыл, сабырлы, көп сөйлемейтін, аз күлетін ешкіммен сырласпайтын, сызданып сөйлейтін, ұстамды келеді. Бұндай адамдар Гиппократтың жіктеуі бойынша флегматиктерге жақын.
Қандық аңғақтық суықтық бейімі. Қараторы өңді, қара толықшалаулық ынтық сөйлемеліктері, менікі ғана жөн деуліктері, білгірлікті біліктілік, көрсетімшіл, «сөйлемділік таласқы кеуде қарағай деулік тақылеттілер» - дегенінен өңі қараторы қара, денесі толықша, сөзшең, менікі ғана жөн дейтін, білгірлігі мен біліктілігін көрсете білетін, өзіне сенімді адамдарды ұғамыз. Бұларды Гиппократтың «сангвиниктеріне» жатқызуға болады.
Қаны сұйықтыққа бейім. Өң әлпеті әртүрлі, көзі шатынап, терісіне симай әрнәрсеге соқтыққыш, қараптан қарап тұрып ашушаң, басқаның сөзін аңдитын, басынан сөз асырмайтын, кекшіл, болымсыз нәрсе үшін өш алуға бейім, басқа адамды өлтіруге аңсары ауғыш, төбелесуге жақын тұратын, артын ойламайтын адам. Бұл Гиппократтың «холеригіне» жақын.
Қаны қоюлыққа бейім. Үйден көп ұзақ шықпайтын, үйкүшік, шілденің ыстығында қаңтардың суығындағыдай үстінен киімін тастамайтын, суық тисе жалпағынан түсетін, маңдайы жіпсіп терлесе жадырайтын. Іс-әрекеті аз адамдар. Гиппократтың жіктеуі бойынша меланхоликтерге жақындау келеді.
Қаны буылмалыққа бейім. Өң-әлпеті әртүрлі түсті болса да, соңынан сұрланыңқы болып, көз жанары солыңқырайды. Әдетте диагноздың тура тұжырым жасау мүмкіншілігі болмаса, көп сезілмейтін, кенеттен талықсып кетіп, ақыл-есінен айырлатын адамдар. Кейбіреулері не болса соған тез ренжиді. Бұдан біз Өтекең бабамыз қояншық дертімен ауыру сипаттамасын беріп отырғанын аңғарамыз.
Қаны уыттылыққа бейім. Өңі аққудай, көз аңсары солыңқы, кейбірінің өңі тоқтыққан, үп еткен желге ұшып кетердей арық, бет әлпеті жып-жылтыр, кейбіреулерінде өрмекші торлары тәріздес әжімдер байқалады. Қолмен ұстағанда бұлшық еттері болбыр, жүріп-тұруға еріншек, дауысы тым әлсіз. Кейбіреулерінің қан тамырлары қанаса, оны тоқтату тым қиын болып, организмде ауыр бүліністер туындатуына әкеледі. Мұрны қанау, басы ауырғыш, қатты семіру, мәңгүр болып орнынан қозғалмау сияқты белгілерімен көрінетін қанның шіруі мен сөлдің нілсізденуіне бейім. Бұдан біз автордың қуалайтын ауруларға бейімділігі бар адамдарды сипаттап отырғанын ұғамыз.
Абай еңбектерінде адамгершілік сапалардің жетекшілерінің бірін жүрек сезімі деген. Сезім адамның іс-әрекетінде үлкен орын алатындығын көрсете отырып, сезімді жүрек қасиеті, ол – адамның өмір сүруінің басты шарты, ол тамырлармен қан жүргізеді, ол – жанның тұрағы, мекені, онсыз өмір жоқ деп көрсетеді /76/. Эмоционалдық көңіл күйінің жағдайында адамның бет әлпетінен байқалатын қимылдар мен физиологиялық өзгерістерге үлкен көңіл бөлді.
Жылы сөз бен күшті сезім адамның физиологиялық әрекетіне әсерін тигізетінін Абай Евгений Онегин мен Татьянаның хаттарында тамаша көрсеткен.
Білектей арқасында өрген бұрым» деген өлеңінде:
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе,-
Деп ақын сезімнің адамның тұла бойына тигізетін әсерін көрсеткен. Мұнда Абай адамның сезімдері сыртқы қоздырғыштардың, яғни сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарының адамға тигізетін әсері арқылы пайда болатындығын көрсетіп отырғаны байқалады.
Абай кейбір өлеңдері мен өнеге-үлгі сөздерінде жеке сезімдер құбылыстарына қысқаша түсінік береді.
Қуаныш – адамға сергектік пен күш-қуат беретін жағымды сезімдердің бірі. Ол көбінесе жастыққа тән сезім болып табылады.
Адам қартайған сайын, онда жағымсыз сезімдер көбейеді. Алайда адал еңбек ету адамға қашанда қуаныш, бақыт ікеледі.
Күлкі – адам қуанышының айқын көріністерінің бірі болып табылады. Күлкі – адамға қажетті нәрсе, бірақ пайдасыз, орынсыз күлкі зиянды болып табылады. Сондықтан орнымен ғана күлу керек. Күлкі адамның рақаттанып, ләззат алуынан туғанда ғана жақсы (орынды) күлкі болып табылады. Ал біреудің қайғысына күлуге тіпті де болмайды, қайта ондай адамның қайғысына ортақ болып, жәрдемдесу керек. Қулықпен сүрген өмір - өмір емес, тек тіршілік етіп жүру ғана. Сондықтан өз еңбегі мен күшіне сүйеніп, адал өмір сүру керек.Еңбек адамға қашанда бақыт ала келеді. Міне, бақыт күлкісі ғана шын жақсы күлкі бола алады.
Қайғы. «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады».
Абай ашуды қайратпен байланысты талдайды: «Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл» - дейді. Егер ашулы адам айқайлап, дауыс көтеріп, шаптығып кететін болса, оның өндіретіні шамалы болады, қайта ашулы адам үндемей, сазарып отырып алса, міне, сондай адамнан сақтану керек: оның арты жамандыққа соқтықтыруы мүмкін. «Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза қуаты артында болғаны; егерде аузынан қара қан ағызса, домбыт мақтаншақ», - деп жазады. Дүниеде ешнәрсе, соның ішінде зұлымдық, жамандық та мәңгі емес екенін еске сақтай отырып, оған қарсы күресу керек. «Жамандықты кім көрсейді? Үмітін үзбек қайратсыздық, дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас: жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің, қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», - дейді Абай.
Ұят. Абай ұяттың екі түрі бар (надандықтан болатын ұят, абыройға сыйысымсыз іске ұялу) деп көрсетеді де, олардың әрқайсысын сипаттап, ұялу және деген нәрсе адамгершіліктің маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады: ұят адамның табиғатына зиянын тигізеді деп түсіндіреді. «Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ, әншейін жолығысудан ұялған секілді,... ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын көрсетіп, шешілмегендік қалып, ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, надандық.
Шын ұят ақылға, абыройға, бойға теріс бір іс секілді болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі: ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанда, көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі ұялған адамды есіркегендіктен болады: «Япырмай, мына байғұсқа не болды, енді мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен разым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі ақылға, абыройға, абыройы бойға теріс, адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәсіпке еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болды. Мұндай ұят қылық қылғандығын бөтен кісі білмесе де өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіне жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысынға түсесің. Мұндай ұятты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретін кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болады. Осы күнге менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да», деп Абай сезімге бөленгендегі адамның күй-жағдайы ерекше ішкі кернеуге алып баратынын көрсеткен.
Б.Момышұлының еңбектерінде ерлік, батылдық, табандылық, сенімділік, армандаушылық ұғымдары мен қатар сезімге анықтама берілген.
«Сезім - тән мен жанның белгілі бір жағдайдағы күйі, яғни біздің сыртқы дүниені қабылдау және оған жауап беру, реакция жасау қабілетіміз. Сезім, тән (физикалық) немесе оны кейде төменгі сезім деп атайды, яғни оны организмнің (ауырсыну, шөліркеу, аштық, суықтық және т.б.) физикалық күйін анықтайды. Рухани немесе кейде жоғарғы деп те аталатын, яғни адмның көңілін аударып, жан дүниесін астан-кестен ететін сезім – оған махаббат, жек көрушілік, ашу-кек, ыза сезімі және мынадай: ақиқат, әділдік сезімі, шындық, өтірік және т.б. сияқты ұғымдар жатады» /76/ деп сезімнің барлық түрлерін жүйеге келтіріп көрсеткен.
Эмоциялық жағдайлар адамның дем алу, қан айналу мүшелеріне өзгерістер ендіретінін бет ілпеті мен бүкіл дене қимылдарына, сөздің интонациясы мен тембіріне, дикциясы мен паузасына да өзгерістер ендіретінін дәлелдейтін мысалдар көп. Қорқу эмоциясы кезінде адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстарды алайық. Қорыққан адамның қасы тартылып, түсі бозарады, қозғалыстары баяулап, мүлде тоқтайды, денесі дірілдеп-қалшылдайды, шашы үрпейіп, көзі шарасынан шығып, даусы қарлығып, үні кібіртіктейді, аузы кебірсіп, тынысы өзгереді, беті шіміркеніп, бүкіл денесі қалтырап, салқын тер шып-шып шығады. Тіпті орнынан қозғала алмай, даусы шықпай қалатын кездері болады.
Эмоциямен сезімнің қазіргі кезде психологияда пайдаланып жүрген анықтамасын беріп, оның барлық түрлеріне жүйелі түрде сипаттама берген Қ.Жарықбаев. Ол теріс эмоциялардың ішінен қорқыныш, аффект, стресс жағдайлардың сипаттамаларын жасаған.
Қ.Жарықбаевтың сыныптастыруы бойынша эмоцияларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Олардың бір тобы жағымды не ұнамды эмоциялар деп аталады. Бұлар адамның тіршілік қажетіне орайлас, оның ішкі өмірінің шарықтап, жан-жақты өсу шарттарының бірі болып табылады. Мысалы, қуаныш, сүйіспеншілік, көңіл қоштық т.б. осындай. Эмоциялардың енді бір тобы жағымсыз не ұнамсыз эмоциялар деп аталады. Бұлар – белсенді әрекетке азды-көпті нұқсан келтіретін қораш сезімдер. Мұндай эмоцияларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үрейлену, үмітсіздену т.б. жатады. Осы айтылғандармен қатар, қарапайым және күрделі эмоциялар болып бөлінеді. Қарапайым эмоциялар адамның органикалық қажеттерінің өтелу-өтелмеуіне байланысты туып отырады. Күрделі түрлеріне көңіл-күй, аффект, құмарлық эмоциялары кіреді.
Қорқыныштың жеңіл түрі – тынышсыздану, ауыры – үрейі ұшу.
Көңіл күй – эмоциялардың күрделі турінің бірі. Кейпіне қарай адамдар шат, жайдары, жылы жүзді, ақжарқын, не болмаса көңілі бәсең, ызалы, түсі суық, қайғы-қасіретті, тұндыраған, қабағы ашылмайтын деп ажыратылады. Адамның көңіл-күйіне оны қоршаған орта үлкен әсерін тигізіп тұрады. Егер оның қызметі жақсы жүріп жатса, ұжымы ынтымақты болса, отбасындағы жағдайы жақсы болса, көңілі де көтеріңкі болады. Көңілге адамның денсаулық жағдайы, жүйке жүйесінің ерекшеліктері әсерін тигізеді. Адмның өмір-тіршілігі үшін елеулі маңызы бар оқиғалар да көңіл-күі арқылы көрініс береді. Мысалы, адам көптеген бері айналысып жүрген ісі оңға басса, немесе арманына қолы жетсе ол шат-шадыман жағдайда болады. Керісінше, ол ылғи да сәтсіздікке ұшырай берсе, көздеген мақсатына жете алмаса, жанын қоярға жер таба алмай қиналады. Мұндайда адамдың қабағы қатыңқы, ренішті күйде жүреді. Сондықтан да «Көңілсізден күлкі шықпас», «Адам көңілден азады» деген мақалдар тегіннен-тегін айтылмаған. Ерік-жігері күшті, рухани өмірінің мазмұны бай адамдар тіпті ауыр жағдайларда да мойымайды. Оптимистік жарқындық, болашаққа сеніммен қарау, қиыншылыққа мойымау ерік-жігері күшті, қажырлы адамдардың басты қасиеті. Адам өз көңілінің қожасы болу керек екендігін оптимистер іс жүзінде көрсетеді.
Күрделі эмоцияның бір түрі – аффекттер (аффектус деген латын сөзінен шыққан, күйіп-пісу, ызаға терең бөлену деген мағнаны білдіреді). Аффект дегеніміз қысқа уақыт ішінде бұрқ етіп өте қатты көрініс беретін, адамды уақытша есінен айыратын өте күшті эмоцияның түрі.
Аффект кезінде адамның «есі шығып» кетпейді. Дені сау адамдарда болатын аффекттерді адамның жеке басының кемшілігі деп түсіну керек. Бұл адамның өзін меңгере алмағанының көрінісі. Ерік-жігері күшты адам мұндай ұшқалақтыққа, лепірмелікке бармайды, істеген нәрселерін ойланып істейді.
Дені сау адамдардың аффектісінен психикасы ауруға шалдыққан адамдардың аффектісін ажырата білу керек. Ерекше көрініс беретін аффектілер ми қабығы мен қабық асты орталықтарының байланысы бұзылғандықтан, екінші сигнал жүйесінің реттеушілік ролі кемігендіктен болады. Аффектерді тәрбиелеу адамның жеке басын тәрбиелеумен тығыз байланысты жүреді. Аффект шамадан артық эмоционалдық зорлану жағдайына алып келеді.
Шамадан артық эмоционалдық зорлану дегеніміз адамдырдың әр түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауымен байланысты орын алатын жағымсыз эмоционалдық күй-жағдайлар (фрустрация, дискомфорт, стресс, мазасыздану, үрейлену, депрессия, қанағаттанбаушылық). Шамадан артық эмоционалдық зорланудың ден саулыққаа тигізетін теріс әсері өте үлкен.
Эмоционалдық жағдайдың адамға әсері өте күшті түрлерінің бірі стресс. Стресс ағылшын тілінде қатты күйзелу, абыржу, мөлшерден тыс ширақтылық деген сияқты бірнеше мағынаны қамтитын жалпылама сөзбен айтылған адамның ерекше күйі.
Стресстің ұзақ уақытқа созылған ауыр түрі адамды жүдетіп, қайғыға батырады. Ұзақ әсер ететін стресстің әсерін Әбу Әли Ибн Синаның қойларға қойған тәжірибесімен дәлелдеген. Ол бір қойды қораға, басқа қойларды көретіндей етіп, жеке жалғыз өзін қамап баққан. Ал екінші қойды басқа қораға қасқырдың үйшігінің жанына орналастырған. Бірінші қой табынға қосылғысы келіп, маңырай берген, бірақ алдындағы жем-шөпті жеп тұрған. Ал екінші қой қасқырды көрген сайын үркіп, қашпақ болған. Ол алдындағы жемді аузына да алмай, жүдеп-жадап әлсіреген. Адам да сол сияқты жақсыны көрсе жақындағысы келіп, жағымды стресс туады. Ал жаманды кездестіргенде одан жанын аулақ салып, құты қашады, жағымсыз стресс туады. Міне, осы екі мысал стрестің жағымды және жағымсыз түрлерін біршама сипаттайды.
Стресті тудыратын әсерлерге қарай физиологиялық және психологиялық стресс деп екі түрге бөледі. Психологиялық стресті мәліметтік және эмоциялық стресс деп те атайды. Тосыннан тосын жағымсыз хабар естігенде мәліметтік стресс пайда болады. Адам дұрыс жауап таба алмай, қатты қиналады, не істерін білмей, абыржып қалады. Ал эмоциялық стресс қауіп туғанда немесе оқыс қорыққанда, не біреуден қатты көңілі қалғанда байқалады. Мұндайда жоғары жүйке әрекетінде тежелудің серпінісі қанат жаяды. Соның нәтижесінде адамның іс-әрекеті, қимылы немесе сөйлеген сөзі бұзылады.
Қ.Жарықбаевтың «Жантануға кіріспе» /40/ деген еңбегінде эмоция мен сезімнің айырмашылықтарын былай көрсеткен.
Эмоция мен сезімнің айырмашылығы (Қ.Жарықбаев)
Эмоциялар
|
Сезімдер
|
Эмоция адамның түрлі органикалық қажеттеріне байланысты туып отыратын шағын, жағдаятты көңіл күйлері, адам қуанғаннан, қамыққаннан көзіне жас алса, не болмаса бір нәрсеге мәз болып, шек сілесі қатып күлсе, мұндай жағдайдың ұзаққа созылмайтындығы белгілі.
Эмоцияда мәнерлі қозғалыстар «адамның сырт пішінен байқалатын ым-ишаралар) көбірек байқалады. Мұнда адам өзін тек организм тұрғысынан көрсете алады.
Эмоциялардың қызметін лимби жүйесі мен (ми бағанасының үлкен ми сыңарларына жақын жері) гипоталамус бөлігі (дененің зат алмасуын, температурасын реттестіретін жүйке орталығы) басқарып отырады. Мәселен, осы жүйкетік орталықтарға зақым келсе, адам тойғанын білмейтін немесе өмірде шөлі қанбайтын жағдайға ұшырайды.
Эмоциялар жануарларда да кездеседі. Жануарлар эмоциясы биологиялық сипаттағы реакциялардың жиынтығы. Адам сезімдеріне лайықты көріністер жануарлар психикасында кездеспейді.
|
Сезімдер – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау қажетінен туатын және біртіндеп дамып отыратын процесс. Достық, адалдық сезімдері адамда бірден қалыптаса қоймайтындығы белгілі.
Сезімдерде мәнерлі қозғалыстар жөнді байқалмайды, терең - әсерлі сезім жеке адам психологиясының басты белгілерінің бірі.
Сезім ми қабығының жұмысынан, атап айтқанда, динамикалық стеретиптер жасалып, өзгеріп отыруынан жақсы көрінеді. Мұнда екінші сигнал жүйесінің басқарушылық ролі күшті болады. Сөз арқылы адам сезімдерінің өрісі кеңиді. Мәселен, сөз адамның интеллектік, эстетикалық, моральдық сезімдерінің қалыптасуына елеулі әсер етеді, соның арқасында сезімдер мен эмоцияларды тәрбиелеуге кең жол ашылады.
Адамдардың эмоциялары мен сезімдері қоғамдық-тарихи сипатта болып отырады.
|
Стрестің физиологиялық тетігі гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті безі жүйесінің рефлекторлық қызметіне негізделеді. Стресс кезінде қанда глюкокортикоидтар мен катехоламиндердің, серотониннің мөлшерлері оқыс көбейеді. Ғылымның жаңа деректері бойынша оған қосымша соматотропин жөне соматомединдер де стрестің, әсіресе оның үрейлену кезеңінің өрлеуіне себеп болады. Соматотропин иммундық жүйенің қызметін белсендіріп, ағзаның стреске қарсы тұру төзімділігін арттырады. Глюкокортикоидтар мен соматотропиннің мөлшерлік қарым-қатынасы стресс барысын реттейді. Олардың әсерлерінің түріне байланысты ағза не әлсірейді, не ширақтанады.
Л.А.Орбелидің /45/ ілімі бойынша стресстің тууына симпатикалық жүйке жүйесінің үлкен әсері бар. Стресс тітіркендіргіштің әсерінен ондағы пайда болған жүйке импульстері бүйрек үсті безін белсендіріп, оның адреналин мен норадреналин гормондарының мөлшерін күрт көбейтіп жібереді. Симпатикалық жүйке ұштарынан норадреналин шығып, катехоламиндердің қандағы концентрациясын мөлшерден тыс асырады. Олар бауырға әсер етіп, гликогенолизді (лат. гликогенолиз — гликогеннің ыдырауы) күшейтеді де, бұлшық ет глюкозаны сіңіріп, қуаты артады. Липолиз (лат. липолиз —майдың ыдырауы) үдеп, қанда май қышқылдары көбейеді, қан тасиды т. б. шұғыл өзгерістер туады.
Бүгінгі күні «стресс» деген сөзді ел арасында жиі естиміз. «Стресс оның жанын қажытты ғой»- деп те жатады. Сонда «стресс» деген не?
Көптеген адам үшін стресс деген ұғымның құбыжықтай көрінетіндігі рас. Бұл сөздің ағылшын тілінен аудармасы «кернеу, қысым» дегенді аңғартады. Алғаш рет стрессті ғылыми тұрғыдан сипаттаған канадалық ғалым физиолог Ганс Селье /85/. Оның 1936 жылы тапқан осы жаңалығы сол кезге дейін беймәлім болып келген ғалымның атын бүкіл әлемге паш етті. Ол тәннің қоршаған орта тарапынан жасалған оқыс әсерге жауабын, дәлірек айтқанда, «зақымдаушы әсерге жауап белгісін» анықтады.
Алайда оның бұл жаңалығы ғылымға көптеген кедергілермен біраз жылдарды араға салып енгізді. «Стресс» терминін медицина ғылымына ХХ ғасырдың 60-шы жылдарда пайдаланыла бастады.. «Стресс» ағылшын тілінде «ауыртпалық», «зорлану» деген ұғымдарды білдіреді. Адам мен жануарлардың организдеріне қоршаған сыртқы ортадан көптеген қолайсыз ықпалдар әсер етеді. Оларға физикалық ықпалдар (ыстық немесе суық, иондағыш сәулелер, электр соққы, жарақат, ауыр қол жұмыстарын атқару т.с.с. химиялық заттар, дем алатын ауада оттегінің аздығы т.с.с.), биологиялық әсерлер (микробтар және олардың уыттары, вирустар т.б.) жатады. Г.Сельенің анықтамасы бойынша, стресс - өте жағымсыз әсерге жауап ретінде туған организмнің қалыпсыз бейімделу әрекеттерінің жинағы. Адамның жеке ерекшелігіне, мінезіне, жоғарғы жүйке әрекетінің типтеріне байланысты стресстің бірнеше түрлері байқалады.
Сельенің байқауы бойынша әсер еткен қолайсыз ықпалдың кез-келген түріне организм әрдайым бір беткей жауап қайтарады. Бұл кезде айрықша без бен лимфалық түйіндердің кері дамуы, бүйрек үсті бездерінің гиперплазиясы мен гипертрофиясы (көлемі үлкейуі), асқазан мен ұлтабардың кілегей қабықтарынлда ойық жараның дамуы, қанда нитрофильдер көбейіп, эозинофилдер мен лимфоциттердің азаюы, зат алмасулардың өзгерістері байқалады.
Стресстің организм тіршілігінде маңызы өте зор. Оның әсерінен организмнің тіршілігіне қажетті барлық мүмкіншіліктер жұмылдырылады. Осыдан ұдайы өзгеріп тұратын қоршаған ортаның жағдайларына ағза икемделіп, бейімделу мүмкіншіліктері және оның қолайсыз ықпалдарға төзімділігі артады. Бұл кезде ол әсер еткен қолайсыз ықпалға ғана артып қоймай басқа да жағдайларға көнбістене түседі. Бей дәстүрлік медицинада қолданылып жүрген инемен емдеу, қан алу, денедегі белсенді нүктелерді күйдіріп емдеу т.с.с. емдеу дәстүрі осыған негізделген. Сол себептен денені қол жұмыстарына немесе физикалық жүктемелерге жаттықтыру, суық температураға (суық суға шайыну, мұзды ойып қыста суға түсу) шынықтыру арқылы организмнің көптеген ауру туындататын ықпалдарға төзімділігін артыруға болатыны атам заманнан белгілі. Оның негізінде, Г.Сельенің пікірі бойынша, қолайсыз ықпалыдың әсерінен алдыңғы гипофиз бен бүйрекүсті бездерінің сыртқы қабаты гормондарының артық түзіліп өндірілуі жатады. Сол себептен ол гормондарды адаптациялық (икемділік, бейімділік), гормондары деп аталды.
Г.Селье пайымдауынша, стресс — кез-келген сыртқы әсерге тәннің жауап кайтаруы болып есептеледі. Яғни, стресс — тосын жағдайда қанға қажетті гормондарды жедел іске қосу, басқа да көптеген физиологиялық процесстерді қайта құру арқылы тәнге сыртқы әсерге тойтарыс беруі үшін өзінің ішкі мүмкіндіктерін пайдалануы.
Стресстің негізінен алғанда мынадай үштік белгісі бар: бүйрек үсті бездері белсенділігінің артуы және соның салдарынан қанға кортикойдтардың бөлінуі; айырша бездің (тимус) жиырылуы және соның салдарынан лимфатикалық бездердің семуі немесе кішіреюі, қоздырғыш әсерден тежелуі және қанттың бөлініп шығуы; асқазан шырышты қабығында нүктелі қан кету және қанталаған қішкене жаралардың пайда болуы.
Ганс Селье стресстің дамуының мынадай үш сатысын атап көрсетеді:
Достарыңызбен бөлісу: |