Популяция особьтарының кеңістікте орналасуы. Табиғаттағы особьтардың бірқалыпты орналасуы сирек кездеседі. Кездейсоқ орналасу көптеген өсімдіктерде, жануарларда кездеседі. Топтанып орналасуда особьтар топ-топ болып кездеседі, мысалы, сүтқоректілер табыны, құстар коллониясы. Топтанып орналасу популяция үшін қолайсыз жағдайда үлкен тұрақтылық береді.
Жануарлардың ортаның қолайсыз жағдайларына немесе олардың даму циклдарына байланысты жылжып қозғалуын миграция деп атайды. Олар жүйелі және жүйесіз болуы мүмкін. Мысалы, құстардың жылы жаққа ұшуы маусымдық миграция болып табылады.
Жануарлардың қозғалуына байланысты территорияда орналасуы әртекті болады тіпті субстратқа бекініп тіршілік ететін түрлерінің өзінде кеңістікті үнемді пайдалануға икемділігі болады. Асцидияларда (су түбіне бекініп тіршілік ететін омыртқасыз жануар) өсіп келе жатқан коллониялардың шеті басқа түрдің коллониясына жанасқан соң олардың үстін орай өсіп, оны көміп тастайды. Егер бір түрге жататын коллниялар кездессе, оның әрқайсысы көршісінің өсуін тоқтатып, басқа бағытқа қарай өсе бастайды.
Популяциядағы жекеленген особьтардың кеңістікте орналасуына қолдау жасайтын инстинктер құстарда, сүт қоректілерде және кейбір балықтарда, амфибияларда, сондай-ақ жүйке жүйесінің құрылысы күрделі кейбір жәңдіктерде, сегізаяқтарда және т.б. кездеседі.
Кеңістікті пайдалануына байланысты қозғалатын барлық жануарларды екі топқа бөледі: бір орында тіршілік ететін, көшіп-қонып жүретіндер.
Бір орынды тіршілік ететін организмдерде өмірінің барлық кезеңі немесе негізгі кезеңдері ортаның белгілі бір бөлігінде ғана өтеді. Егер қандай да бір жағдайлармен сол жерді тастап кетуге мәжбүр болса, кейінірек сол жерге қайтып оралады. Көптеген түрлер ұзақ та алыс миграциялардан кейін өздері көбейетін жерге қайтып келеді. Мұны экологияда хоминг деп атайды. Мысалы, қараторғайдың бір жұбы жылына өзінің ұясына келіп қонатыны белгілі.