Мұсатай(қолын сермеп, кетіп бара жатып). Тоқтайтын түк те жоқ. Еріккен шалмен ерігіп, еще.
Шаншар атай. Солай де. Жөн-жөн. Жігіттің бүйтіп болғаны – жуадай жайрап солғаны. Бар, бар.
Әлипа(есік көзінен көрініп). Шалым-ау, шайға жүр. Жетер енді. (Кетеді). Шаншар атай (балаларға). Айтпадым ба, жаңа? Әне шайға шақырып жатыр. (Балалар да, атай да қыран күлкі болады. Атай орнынан тұрып). Ал, шайға жүріңдер, балалар.
Бекен.Рахмет, ата.
Әшірбек. Күн қызып, су жылыды. Біз енді шомылуға кетеміз. Рақмет...
Шаншар атай. Ал, балалар, бара қойыңдар. Бекен, сен дайындала бергін, керек күні алып кетем өзім. (Кетеді). Санатбай(Бекенге).Ал, бақыр бас, қарның бұрын да қара қазандай еді, енді оған қауынды кептеп тыққан соң қайтер екенсің? Әбдір қамбашы құсап шермиіп жүре алмай қаларсың, тегі? Жегенің тәтті қауын, жатқаның салқын күрке – туғалы көрмеген жақсылығыңды көретін болдың-ау, бақыр басым.
Бекен.Күндеп тұрсың ба? Өзің бар онда. Атайға кім көмекші болса да бәрібір. Сенікі құр тіл мен жағыңа сүйену ғой. Айтпақшы, сені әкең жетектеп оқуға апарады екен-ау. Тәй-тәй, Санат, тәй-тәй. Абайлап бас, алысқа барасың, Санатжан...