Зәуре.Өтінемін, қойыңыздар бұл әңгімені.
Тәттігүл(өрекпіп). Қоймаймын! Ондай ауылынан адасып, тентіреп келген жалаңаяқ құрылысшы кімге керек?
Оспан.Қызықсың сен, Тәттігүл! Құрылыста істейтін адамды ешкім де кекетпейді. Құрылысшы деп құрметтейді.
Тәттігүл. «Бөрік кигеннің намысы бір». Сен де құрылысшы екенсің ғой, айтпақшы. Мейлі, оны құрылысшы дейік, құрметтейік, бірақ қызымыздан аулақ жүрсін.
Оспан. Неге?
Тәттігүл. Өйткені оның әке-шешесі келіспеген адамдар. Бүгін бесіктен белі шықпай жатқан баласын жұмысқа салып қойған ата-ана ертең Зәурені күң қылып жұмсайды. Қызымыз ауылдың салпы етек қатыны болады да шығады.
Зәуре.Несі бар, Ерлан үшін дәл сіз айтқандай келін болуға әзірмін мен.
Оспан. Тәттігүл, ол бала қалаға қаңғып емес, қанаттанып келіп отыр. Меніңше, ол баланың әке-шешесі өмір білетін адамдар. Баласы еңбек етеді екен, азбайды. Зәуре келін болып, ата-енесі жұмсап жатса, оған қуану керек. Біздің халықтың бір бақытсыздығы – ата-ененің келінге ықпалынан айырылып қалуы.
Тәттігүл. Бұрынғыдай үйде ата-ененің аузына қарап отыратын күн қайда келінге? Қазіргі әйел түзде еркекпен бірдей жұмыс істеп, бірдей дүние табады. Сен өйтіп ескілікті аңсағанша, былай бір жан-жағыңа қарамайсың ба? Құрылыс... Өмір... Қанат... Еңбек... Қызың екеуің осылардан басқаны қашан көріп, қайтіп білмек екенсіңдер?