ОМАР ХАЙЯМНЫҢ ӨМІРІ МЕН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ
Рахим Ахмад Фаиз (Ауғанстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Амирканов М.Б.
Омар Хайям - парсы математигі, астрономы, ақын, философы. Толық аты Абу-ль-Фатх Омар Ибн Ибраһим Аль-Хайям. Шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қаласында дүниеге келген. Кейін сол қалада қайтыс болған. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған. Әрі өлеңге құмартып өскен. Оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін біздерге жеткен. Ол Нишапур қаласында оқымысты ғұламалармен бірлесіп күнтізбеге өзгерістер енгізген.
Омар Хайямның негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған. Әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударылып басылды. Осы кітапта Алгебраға «Теңдеу шешетін ғылым» деген анықтама берген. Бұл анықтама ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келді.
К ітапта тағыда тұңғыш рет өзі ашқан көнуыстық қисықтардың көмегімен үшінші дәрежелі теңдеуді шешудің әдісі берілді. Бұл алгебра мен геометрияны біріктірген керемет әдіс еді. Ол тағыда екі мүшеліктердің жаймасын, тарқату әдісін да зерттеген. Евклидтің кітабын аударып және оған түсініктеме берген. Оның «Евклидтің геометрияның бастамалары кітабындағы қиын формулаларға түсініктеме» атты кітабы шығыс математикасының дамуына ерекше рөл атқарған.
Әкесі Ибраһим Лашық үй жасаумен шұғылданған. «Хайям» - осы кәсіпке байланысты туған атау. Ғұмыры Балх, Самарқанд, Мерв, Исфаһан, тағы басқа қалаларда өткен. Әйгілі ғұламалардан дәріс алып, Аристотель мен Ибн Синаның философиялық көзқарастарын қолдаған. Араб, парсы тілдерін қатар меңгерген ол «Болмыс және борыш туралы трактат» (1080), «Үш сауалға жауап», «Жалпы ғылыми пән туралы ақылдың нұры», «Өмір сүру туралы трактат», «Наурызнама» (1095-1098), «Өмір сүрудің жалпылық қасиеті туралы трактат» (1105-1110), тағы басқа философиялық еңбектер жазды.
Салжұқ сұлтанының тапсыруымен күнтізбеге реформа жасады. Бұл күнтізбе бойынша әрбір отыз үш жылда 8 кібісе 7 рет 4 жыл сайын, 1 рет 5 жылдан кейін болады. Мұндағы уақыт айырмасы 5000 жылда 1 тәулікке теңеледі. Оның жыл санауы Григорий күнтізбесінен анағұрлым дәл. Омар Хайям еңбектерінің басым бөлігі математика ғылымының үлесінде. «Алгебра және әлмұқабала мәселелерін дәлелдеу туралы» трактатында математикалық тарихында тұңғыш рет үшінші дәрежелі теңдеулерді саралап, оларды шешудің жүйесін жасауға талпынды. Куб теңдеулердің әр түрінің (барлығы 19) түбірін геометриялық тәсілмен шешуді ұсынды. Үш кітаптан тұратын «Евклид еңбектеріндегі қиын тұжырымдарға түсініктеме» зерттеуінің «Параллель түзулердің шын мәні туралы» деп аталатын бірінші кітабында Евклид ұғымына дәл келетін параллель түзулердің жаңа теориясы баяндалған. «Қатынастар, пропорциялар және олардың нақтылы мәні туралы»атты екінші кітабында Евклидтің қатынастар теориясын жетілдіріп, сандар мен шамаларға ортақ теория жасауға күш салды.
«Қатынастарды құру және оларды зерттеу» туралы кітабында шамалардың рационал және иррационал қатынастарына сандық өрнек табу жөніндегі Әбу Наср Әл-Фараби идеясын дамытып, сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту қажеттігін дәлелдеді. Омар Хайям еңбектеріндегі жаңалықтарды Әбу Жафар Ат-Туси тағы басқа математиктер дамытты.
«Дене құрамындағы алтын мен күмістің мөлшерін анықтау тәсілі туралы» трактатында Архимед шешкен физикалық есептерді жетілдірді. Омар Хайям медицина, музыкалық теориясымен де шұғылданды.
Омар Хайям өлеңдерін парсы тілінде жазды. Оның ақындығын алғаш таныған (1176) ғалым Байхаки еді. Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кәрілік, махаббат пен зұлымдық, құштарлық пен тақуалық парқын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызды.
Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген. Ол әділетсіздікке қарсылық білдірді. Қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ойларын батыл айта білді. Өз ойын жеткізу үшін белгілі дәрежеде бейнелеу тәсілдерін қолданды. Мысалы, құмыра, пияла, дүкен, шеберхананы жырлау арқылы жаратушы мен әлемнің, адамның арақатынасын сипаттаса. Адам мүрдесі топыраққа айналған жерден өсіп шыққан гүлді өмір мен материяның мәңгілік құбылысы ретінде бейнеледі. Ақын өлеңдерінде махаббатты жырлау арқылы метафоралық терең ой тұжырымдалды. Оның өлеңдерінен ақиқатқа талпыныс, тіршіліктің мәнін парықтау мен енжарлықты, екіжүзділікті әжуәлау сарыны байқалады.
Омар Хайям өлеңдері аз сөзбен келелі ой айтуымен, қарапайым сөздердің өзара жарасымды үйлесім тауып, әуезді болып келуімен ерекшеленді. ХІХ ғасырда Э.Фицджеральд ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударды (1859). Бұл аударманы ғалым Теннисон «Жаңадан ашылған планетаға» теңесе, кей ғалымдар тақырып әуендерін өзінше өзгертіп, кейде қосымшалар енгізіп жіберген деген пікір айтады. Омар Хайям рубайларының Қ.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 Рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев «Иранбақтың бұлбұлдары» атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Хайям өлеңдерін аударды (2004). Омар Хайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан.
Омар Хайямның нақыл сөздері: Әділетті болу үшін алдымен мейірбан болу керек. Мейірбан болу деген сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын түсіну. Адамның бәрі қателеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |