33.Әлкей Марғұлан – қазақ фольклорын зерттеушілердің аса ірі өкілдерінің бірі Ә.Х. Марғұлан – қазақ фольклорын, оның ішінде, қазақтың тарихи жыр-аңыздарына сүйене отырып, тарих пен этнографияны байланыстырып, тарихи фольклорды алғаш рет кешенді түрде зерттеген ғалым.
Фольклордың этнографиямен тығыз байланысты екенін, олардың өзара этностың тарихын зерттеуде бірін-бірі толықтырып отыратындығын академик Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде дәлелдеді.Бұған ғалымның 1946 ж. қорғаған «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы және 1985 ж. жарық көрген «Ежелгі жыр-аңыздар» атты ірі монографиялық еңбегі дәлел.Бұл еңбектерде Әлкей Марғұлан алғаш рет халықтың жыр-аңыздарын тарихи дерек ретінде пайдаланып, кешенді тұрғыдан зерттеген. Сонымен қатар осы тарихи жыр-аңыздарында қазақ халқының генезисін және өсіп-өрбу жолдарын кеңес дәуірінде алғаш айтқан ғалымдар қатарына жатады.
Ауыз әдебиетінің бай қазынасы Әлкей Хақанұлына әр кездері ой салып, ғылыми терең түйіндер жасауға көмектескенін көреміз. Сондықтан да ғалым халық ауыз әдебиеті үлгілерін үздіксіз және ерекше қадірлеп, көңіл қоя зерттеді. 1931 ж. С.Ф. Ольденбург, А.Н. Самойловичтердің басшылығымен Кеңестер Одағы халықтарының ауыз әдебиетін жинастырып, бірнеше том жинақ шығару мәселесі көтеріледі. Осы кезде Ә.Х. Марғұлан қазақ эпосы мен жыр аңыздарын орыс тіліне аударып, жария ете бастайды. Ғалымның алғашқы аударған еңбегі "Ер Тарғын" жыры.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба және сирек кездесетін кітаптар қорында Әлкей Хақанұлы 1939, 1941 жылдары жинап тапсырған жетпістен аса қазақ ертегілері сақталған.
Ә. Марғұланның пайымдауынша, ел аузында айтылатын эпос жырларының жыр түрі бірте-бірте ұмытылып, қара сөзбен айтылатын ертегіге айналған. Оның мысалы ретінде «Ер Көкше», «Шора», «Қобыланды» жырларының қара сөз түріндегі нұсқаларын келтіруге болады. «Ер Төстік», «Арғы мерген», «Қара мерген», «Ақ Көбек» сияқты бүгінде ертегіге айналған эпикалық әңгімелер бір кезде эпос жыры болғанына Ә.Х. Марғұлан шүбә келтірмейді.
Ә. Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар», «Шоқан және Манас» атты монографияларында батырлар жырын тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі мен көне дәуірдегі халықтардың аңыздары, ежелгі жырлардың ерлік бейнелері, олардың тарихи негіздері «Манас» жыры, оның қай кезде шыққаны туралы қазақ пен қырғыздың қария сөздері, сонымен қатар тың зерттеулер ежелгі ғұн, сақ, түрік, оғыз, қыпшақ замандарында туып бізге дейін жеткен әдеби үлгілері сөз етіледі. Әлкей Хақанұлының қызыға зерттеген үлкен тақырыбы – осы «Манас» эпосы. Бұл зерттеулері «Шоқан және «Манас» еңбегінде шешімін тапты. Ең алдымен ғалым тауып жариялаған «Манастың» Шоқан жазып алған көне нұсқасының жұртшылыққа ұсынылуы өте маңызды болды. Сол нұсқаны басқа нұсқаларымен салыстыра отырып зерттеді. Соған қоса эпопеяның жалпы хатқа түсу тарихы, бұрынғы және кейінгі орындаушылары, олардың өз замандары тілегіне орай өзгертіле жырлануы, оның себептері, жалпы түркі халықтары мен қырғыздар тарихына байланысты дәуір көріністері, Шоқанның және басқа зерттеушілердің пайымдаулары, т.с.с. кеңінен талданып, тиісті бағасына ие болды. Ондағы Орхон ескерткіштері мен Қорқыт кітабының таңбалары көрсетіліп, солармен туыстығы айқындалды Эпосқа ғылыми анықтама беріліп, оның әлем өнері тарихында алатын елеулі орны белгіленді.