47. Ежелгі дәуірдегі түркі әдебиетіндегі фольклор үлгіері Түркі әдебиетіндегі фольклор іздерін біз Орхон ескерткіштерінен көріп-біле аламыз.Орхон ескерткіштеріндегі фольклорға тән белгілердің көріністері жөнінде айтылған, жазылған ой-пікірлер он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы баспасөз беттері мен мұрағат деректерінде кездеседі. Орхон жазбаларының құпия сыры ашылып оқылған кезден жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарына дейінгі ғылыми еңбектерде олар тілдік, тарихи мұра ретінде ғана қарастырылады. Олардың фольклорлық сипаты жөнінде алғаш рет пікір айтқан Ә. Марғұлан, М. Әуезовтер болды. Кеңес дәуірінде әдеби тұрғыдан зерттеген ғалымдар И.В. Стебелева, М. Жолдасбековтердің еңбектерінде Орхон жазбаларының тақырыптық, жанрлық және идеялық-көркемдік қырлары қарастырылды. Бұл ғалымдардың зерттеулері жаңа ғылыми тұжырымдардың жасалуына жол ашты.
Кейінгі кездері академиктер Р. Бердібай, С. Қасқабасов, сол сияқты фольклортанушы ғалымдар Ш. Ыбыраев, Т. Қоңыратбай, Б. Қорғанбеков, А. Тұрғанбаев еңбектерінде Орхон жазбаларының фольклорға қатысы жөнінде маңызды ойлар айтылды.
Түркі қағанаты дәуіріндегі кешендерде, сол кезден жеткен жазба ескерткіштерде ежелгі дәуірдегі түркілердің наным-сенімдері, дүниетанымы біршама көрініс тапқан. Солардың бірі фольклорлық жанрлардың ең көне түрінің бірінен саналатын мифтік танымның бейнеленуінен байқалады.Алғашқы қауымға тән дүниетаным мен діни танымдардың көрінісі болып саналатын анимизм, тотемизм, сондай-ақ рулық қауымның тұсында қалыптасқан әруаққа табыну белгілері Түркі қағанаты дәуірінің киелі деп саналған кешендерінде, жазбаларында едәуір бейнеленген.
Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазуларында көне мифтердің бір түрі жасампаздық – әлемнің пайда болуы жөніндегі мифтің сілемі, түркі аңыз, дастандарында жиі кездесетін мифтік эпикалық уақыт пен кеңістік сарындары көрінісі де бар.
Фольклордың ертегі, аңыз, әпсана, эпикалық жыр сияқты түрлерінің бәрінде дерлік айрықша орын алатын ғажайып туу мотивінің де түп-төркіні мифтерден бастау алады. Бұл мотив әлем халықтарының фольклорында бар. Ғажайып туу мотивіне А.Н. Веселовский, В.Я. Пропп сияқты ғалымдар назар аударып, ол жөніндегі пікірлерін жазған болатын. Бұл құбылыстың қазақ фольклорындағы көрінісі С. Қасқабасов, Б. Әзібаева, Ш. Ыбыраев зерттеулерінде де қарастырылды.
Түркі қағанаты дәуірі жазба ескерткіштерінде тотемизмнің – фольклорлық ғажайып туу мотивінің де көрінісі бар. Ол жазбаларда қағандар Тәңірінің қалаулысы, Көктен жаралды деп көрсетіледі.
Қазақ мифтерінің ең көне түрлерінің бірі – жан-жануарлар туралы мифтер болса, фольклорда кең көрініс табатын осы дәстүр түркілердің Түркі қағанаты дәуіріндегі киелі кешендерінен, ол дәуір аңыздарынан, Орхон жазбаларында көк бөріге қатысты жайттардан байқалады. Ежелгі түркілердің өздерінің шығу тегін көк бөрімен байланыстыратындығы, қасиетті санайтындығы жөніндегі осы ежелгі түсінігінің ізі Орхон киелі кешендерінде де сақталған.
Ежелгі түркілердің бұл түсінігі олардың Көк бөрі туралы аңыздарымен қатар Оғыз қаған сияқты ежелгі эпосында да ақталған. Оғыз батырдың дүниеге келуі, батырлық бейнесі, оның ерлікке толы жорықтары мен Күлтегін жырындағы Күлтегін бейнесі, жорықтарынан ортақ ұқсастықтарды аңғаруға болады. Осы сияқты көріністердің қазақ фольклорында да жиі ұшырасуы кездейсоқ ұқсастық емес, ол сандаған ғасырлық тарихы тығыз байланысып жатқан түркі тайпаларының туыстастығынан туындайтын құбылыстар. Ежелгі түркілердің қасқырды кешендердегі тастан жасалған ескерткіштерде бейнелеуі, көк бөрі туралы аңыздары мен «Оғыз қаған» дастаны арасында, сондай-ақ түркі тектес халықтар мен қазақтың батырлық жырлары, т.б. әдебиет үлгілері арасында дәстүрлі көркемдік байланыс, сабақтастық бар.
Орхон жазбаларында түркі әскерінің күштілігін, басымдылығын көрсету үшін жазбагер оларды бөріге теңейді. Қазақтың батырлық жырларында да жауға қарсы әскер бастаған батырларды көк бөріге теңей сипаттау жиі кездеседі. Осы ұқсастықтарды «Күлтегін» жазбасындағы «Әкем қағанның қосыны бөрідей болыпты» деген жолдармен салыстыра қарасақ, олардың арасында өзара байланыстың бар екендігі айқындала түседі.
Қорытындылай айтқанда Орхон жазба мұраларыФольклорлық жанрлар дәстүрлерін бойын сіңіре отырып жазылған, тарихи, шежірелік те сипаты бар көркем туындылар. Олардың негізгі белгі, сипаттары осыған келіп саяды. Орхон жазбаларының алуан сырлы, көп қырлы ерекшеліктерінің бірі, бірегей тұстары фольклорлық дәстүрмен байланысы, дәстүр жалғастығы мен сабақтастығы деп санаймыз.