62. Халық ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері
Фольклор – қазіргі тілмен айтқанда «әмбебап», яғни синкретикалық өнер түрі. Онда өнердің әр түрі – сөз, музыка, хореография және театр өнері шоғырланған.
Ауыз әдебиеті – талай ғасырлар жемісі. Халық жыраулары, жыршылары, ертекшілері осы сонау ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізген.
Халық ауыз әдебиетінің ерекшеліктері:
1)Авторсыздығы.
2)Көп нұсқалылығы (варианттылығы)
3)Қалыптасқан дағдылы сөздер мен сөйлемдердің тұрақталған ұқсастықпен ұйқастардың жиі кездесуі.
4)Синкреттілігі
Ә.Қоңыратбаев: «Фольклор туындыларының өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдыменен, фольклор – синкретті өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнері бір-бірінен дараланбай, тұтас күйінде көрінеді... «Халық ауыз әдебиеті» деген атауға келер болсақ, ол фольклордан жіктеліп шыққан, бірақ әлі де болса дәстүрлі байланысын үзбеген жеке бір арна болып қалмақ»-дейді.
63.Үйлену ғұрпының ың фольклоры
Үйлену фольклоры екіге бөлінеді. Олар:үйлену салты және үйлену жырлары.
Қазақ халқында үйлену салты үш кезеңнен тұрады. Бірінші құда түседі, екінші той алдындағы кезең, үшінші үйлену тойы. Әр кезеңнің өзіне тән көріністері бар.
Құда түскенде, қалыңдық ауылына құдалар мен күйеу жігіттің келуі, екі жақтың үйлену тойының күнін белгілеп, қалыңмал мөлшері жөнінде келісім жасап, құдаларды аттандырады. Үйлену тойының алдындағы кезең қалыңмалды түгел немесе үштен бір бөлігін төлеп, қыз бен жігіттің жүзедесуінен құралады. Осы кезде «қалыңдық ойнау» деп аталатын кездесулер өтеді. Үйлену тойы: а) қалыңдықты ауылындағы тоймен шығарып салу; ә) тойлаушылардың күйеу жігіттің ауылына келуі, тойдың өтуі сияқты бөлімдерден тұрады.
Ал енді үйлену жырларына келетін болсақ,үйлену ғұрпына қатысты жырлар:тойбастар,беташар,сыңсу,жар-жар секілді жырлар жатады.
1)Қалыңдықтың қоштасу әні − «сыңсу». Қыздың сыңсуы – жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салт. Жанрдың жүйеленуі мен зерттелуінің алғашқы кезеңінен бастап, бертінге дейін «сыңсу» терминімен бірге «қыздың қоштасуы», «қоштасу-танысу», «көрісу», «жұбату» сияқты атаулар кейде қосақталып айтылып, кейде оның орнына қолданылып келді. Оның өзіндік себептері туралы К.Матыжанов былай дейді: «Қыз ата-анасының үйінен бастап, бүкіл туған туыстарын аралап қоштасады, туысқандарын құшақтап, көрісіп жырлап сыңсиды, өз кезегінде туыстары қызды өлеңмен жұбатады.Сыңсудың өзі жастар жағы үшін шағын думан. Оның композициялық құрылымы қыздың жастық дәуреніне, елі мен жеріне, туысқандарына арналған қоштасуынан, қыз туыстарының қызды жұбатуынан және оған арнап айтқан үгіт-насихатынан құралады. Мазмұны – «қыздың жастық дәуренін, елін, жерін, туған-туысқандарын, құрбы-құрдастарын, балалық бал дәурен шағын қимай, зарлана қоштасу мен оған айтылған жұбатудан тұрады» – дейді К.Матыжанов.Өлең құрылысы жағынан сыңсу көп жағдайда төрт тармақты, 10-11 буынды қара өлең үлгісімен келеді. Арасында жұбатулар жыр ағымымен 7-8 буынды шұбыртпалы шумақпен келеді.
2)Үйлену фольклорының келесі бір түрі – аушадия, қыз ұзату тойында айтылатын өлең. Ғалымдардың айтуынша, бұл ән тек Қазақстанның белгілі бір аймақтарында ғана айтылып, кейіннен ұмытылған сияқты. Ол жаңа қосылған жастарға арналады. У.Қыдырханов аушадиярдың айтылу мерзімі жөнінде: «...той үстінде, онда да, жоралғылардың бәрі аяқталып, жұрт құлағы босап қалғанда, қыз аттанар әредікте айтылады. Айтушы анау-мынау емес, жұрт тыңдайтын танымал ақын, ақылгөй адам болады», – дейді.Кейбір фольклортанушы ғалымдар «Аушадияр» өлеңін балалар фольклорындағы санамаққа ұқсатса, кейде тойбастар, жар-жар, сыңсу ән-өлеңдерінің құрамында қарастырады. Шыққан уақыты термеден бұрын деген де пікірлер бар.Аушадияр жыр үлгісі бұрындары жиі айтылған. Бірақ Кеңес өкіметі тұсында айтылмай, бүгінгі таңда халық жадынан мүлдем ұмытылды. Оның үлгілерін шетелдегі қандастарымыз сақтап, бізге жеткізген. Кейбір үлгілері ХХ ғасырдың 80 жылдары баспа беттерінде жарық көре бастаған. Аушадияр үлгілерін ел арасынан жинап, қайта жаңғыртқан Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Уахап Қыдарханов.
3)Беташар – бұрыннан келе жатқан қазақтың келін түсіру тойында айтылатын ғұрыптық әндердің бірі. Беташар – жас келінге келген шаңырағының қадір-қасиетін, әрі-бері де өткен бабаларының халқына сіңірген еңбегін, ата-енесі мен тума-туысын таныстыру рәсімі. Ол үйлену ғұрпының екінші кезеңі – келін түсіру тойында орындалады. Беташар жыры үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде әнші жігіт келіннің келбетін, сұлулығын жырлай келіп, оған өсиет-өнеге айтады. Екінші бөлімінде ақын термелете келіп, ауылдың қадірлі адамдарымен, ата-енесімен, абысын-ажындарымен, қайын іні-қайын ағаларымен жеке-жеке таныстырады, әрқайсысына сәлем жасатады. Соңғы бөлімінде ақын келіннің жүзін көргендері үшін үлкедерден көрімдік сұрайды.М.Әуезов: «Беташар» қалыңдық келіп түскенде айтылатын өлең. Жаңа ұя, жаңа қауым оған бейтаныс, оны солармен таныстыру шарт. Келін жастардың ортасында басына желек салып, бетін жасырып көлегейлеп тұрады. «Беташарды» күйеу жақтың біреуі айтады, ал қалыңдық өзіне арнайы айтқан ақыл-өсиетті қас қақпай, ұйып тыңдауы тиіс», – деген пікір айтқан.
4)Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде маңызды орын алатын, үйлену тойларында ерте замандардан бері айтылаты, халық тіршілігінде ерекше орын алатын – Жар-жар әні.
Қыздың ұзатылуы аяқталған соң, үйден аттанар алдында «Жар-жар» әні орындалады. А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде: «Жар-жар – қыз ұзатар үйде ұзататын қызды жұбату үшін айтылатын өлең. Жар-жарды екі жақ болып бастап, соңынан бір жақты етіп жібереді. Олай болу себебі, жұбатушының сөзіне әуелі жауап қайырылып отырады. Сонан соң жұбату сөз қыздың жақындарын жұбатуға ауып кетеді. Екі жақ болған жерінде жұбатушы жақ жігіттер болып, қарсы жағы қыздар болып айтады», – деп анықтама берген.
5)Тойбастар. Тойбастардың мазмұн-мақсаты той иесін мадақтап, отбасы құрғалы отырған екі жасқа игі тілек, бата, ақыл-кеңестер айту. Айтушының қабілетіне қарай жаттанды өлең түрінде де, өзі жанынан шығарған өлеңді айта береді. Өлең құрылымы 7-8 буынды жыр үлгісімен, 11 буынды қара өлең түрінде келеді. Тойбастар шілдехана, сүндет тойлармен басқа да қуаныштарда орындала береді.Тойбастар әнінің арнайы әні болмайды. Халық әндерінің біріне салып немесе қара сөз күйінше орындайды. Қазіргі тойларда айтылып жүрген «Тойбастар» әндері тоймен еш байланысы жоқ. Той төріне шығып, жаттанды бір әнді орындап шығады. Ән тойға, той иесіне, үйленіп жатқан жастарға қатысты мазмұнда болғаны дұрыс.
Ал,үйлену фольклорының зерттелуіне келетін болсақ,Үйлену ғұрпына қатысты фольклордың зерттелуі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан В.Радловтың зерттеулерінен басталады. Ғалым «Алтын сандық» еңбегінің «Ұзатылған қыздың өлеңі» тарауына үйлену ғұрып фольклорының «Жар-жар», «Беташар», «Сыңсу» үлгілерін енгізген.Ш.Уәлиханов та еңбектерінде үйлену салтына қатысты наным-сенім, ырымдарға тоқталған. Ол «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» атты этнографиялық еңбегінде «от» үйдің киесі, сол себепті жаңа түскен келін үлкен үйдің отына тағзым етуі тиіс дей келіп: «Бұл салт жаңа түскен келіннің отқа тағзым етуі неке қию үрдісінде жасалады. Қалыңдық босағаны аттай сала тізе бүгіп сәлем береді. Салт бойынша қалыңдықтың жанындағы әйелдер қолдарын отқа қыздырып, қалыңдықтың бетін сипайды», – деп қазақ қызы келін болғанда жасалатын жоралғыларды суреттейді.Қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин Орынбор қазақтарының «құда түсу», «қыз ұзату», «той жасау» дәстүрлеріне шолу жасаған. Ол этнографиялық еңбегінде үйлену салтында жасалатын «сүт ақы», «ілу», «кемпір өлді», «ит ырылдатар», сияқты ырымдар мен жоралғылармен бірге «Неке қию», «Сыңсу», «Беташар» секілді үйлену кезінде айтылатын өлеңдерге де тоқталған.Кеңес дәуіріндегі зерттеулерге тоқталсақ, Б.Уахатов «Қазақтың тұрмыс-салт типологиясы» деген атаумен жарық көрген еңбегінде үйлену салты бойынша әр елдің ұқсастықтарын қарастырған екен. Ғалым: «Түрік-монғол халықтарының қыз беріп, келін түсіру ғұрпының өзара жақындығын айтпағанның өзінде, орыс, украин сияқты славяндардың құда түсу салтында да бізге жақын ұқсастықтары бар», – деген. Ол қазақ секілді қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтарының үйлену тойларында толып жатқан ырым-жырымдарына осы еңбегінде мысалдар келтірген.Фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» еңбегіннің «Тұрмыс-салт жырлары» деген тарауында тұрмыс-салт жырларын: 1) бақташылық жырлары (төрт-түлік мал); 2) діни-ғұрыптық жырлар (жарапазан, бәдік); 3) үйлену жырлары (той бастар, жар-жар, сыңсу, беташар); 4) ұлыс жырлар; 5) бөбек жырлар; 6) жарапазан жырлары деп бірнеше түрге жіктеген. М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» еңбегінде «айттыру» дәстүрін 3 түрге бөлген. Олар: «Белқұда» немесе «Ежеқабыл» бойынша ата-аналар балаларды дүниеге келмей тұрып атастырған. Екіншісі – «Бесік құда» балаларды бесікте жатқанында-ақ атастырады. Үшіншісі – «Қарсы құда» қызы, қарындасы бар кісілер бір-бірімен құда болуға серттеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |