Хабарлы сөйлемдер – ақиқат-шындық фактілерін, құбылыс, оқиға не зат туралы пікірлері хабарлау мақсатында айтылатын сөйлемдер. Ол қарым-қатынас жасаудың негізгі түрі болып есептеледі.
Профессор Аманжоловтың «Қазақ тілі синтаксисінің қысқаша ғылыми курсы» деген кітабында хабарлы сөйлем: қимыл хабарлы, сын хабарлы, сан хабарлы, мекен, мезгіл, анықтама, себеп, тақырып хабарлы деп бөлінеді. Мұнда автор хабарлы сөйлем баяндауышы болып тұрған сөздің негізгі семантикасына көңіл бөлген.
Профессор М. Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» кітабында хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болатынын және көбіне баяндауыштың мағыналық, тұлғалық ерекшелігіне байланысты екендігін аңғарта келіп, олардың болымды, болымсыз, қалаулы, болжамды түрінде, ал баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай етістікті, есімді болып бөлінетіндігін атап өтеді. Ал О. Төлегенов хабарлы сөйлемнің айтылу интонациясына, қолдану өрісі мен модальдік мағынасына көңіл бөледі. Хабарлы сөйлемдер мазмұны, құрылымы және қызметі жағынан әр түрлі болады. Өзіне тән хабарлау интонациясымен айтылады. Құрамы жағынан жалаң, жайылма, құрылысы жағынан бір бас мүшелі және екі бас мүшелі, жай және құрмалас болып бөлінеді. Баяндауыштардың грамматикалық ерекшелігіне қарай қалаулы, болжамды, етістікті, есімді, болымды, болымсыз болып бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |