Жұмасаев Бейсен Алашбайұлы Бұл кітапты Алла ризалығы үшін әкем Алашбай анам Торғай Рухтарына арнаймын


жылғы шаңырақтан түскен мөр. (Ашық түрі)



бет3/26
Дата28.02.2018
өлшемі4,08 Mb.
#38324
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

1273 жылғы шаңырақтан түскен мөр. (Ашық түрі)
«Асауан бабамыздың өмір тарихы»

Баба Түкті Шашты Әзизге барғаннан кейін Шымкент облысының әулие-әмбиелерге қысылғанда аяндықпен барып тұрдым. Бәйдібек ата, Домалақ ана, Гауһар ана, Арыстанбаб, Қожа-Ахмет Яссауи баба және тағы да көптеген әулиелерге, көптеген аналарымыз бен бабаларымызға. Суларынан шипа іздеп, Алладан тілек тілеп, әруақтарға бата жасап жүрдім. Сөйтіп жүргенімде 1996 жылы Арыстанбаб бабаның басында түнеп жатқанымда:

- Қарағым, балам, «әулие» деп әулие кездің. Әулие аяғыңның астында (Төле би ескерткіші мен тас жолды көрсетті) құмырсқаның илеуінде төртте алты күмбезім, төрт метр жерде өзім жатырмын. Төрт тал алдым, бесінші тал жамбасым тиген жер. Келіп белгіңді қой,-деген аяндық көрдім. Содан ауылға келгеннен көп іздеп, жатқан жерін таба алмай жүрдім. Бірақ әркімге айтып жүрдім. Біреулер: «Бар болса бар шығар. Тегін емес шығар. Өйткені авария көп болады». Ал басқалары: «Сен қуасың, қайдағы әулие?» дегендер де болды. Біреулер: «Сен намаз-құран оқимын деп кеңкелес болған екенсің. Қайдан келген әулие?» -дегендер де болды.

Күндердің күнінде әулие қысып, үйден шығып кеттім. Кешке талдардың арасын қарап келе жатсам, Төле би жақтан көлікпен досым кетіп бара жатып тоқтады.

- Әй, әулие кел, отыр. Не, әлі қуалап жүрсің бе?-деді де қаңылтыр банкідегі пивосын ішіп болып терезеден лақтырып жіберді де:

- Кел отыр, үйіңе апарайын,- деп қалжыңдап неше-түрліні айтып үйге апарып салды. Сол түні таңға осы Асауан ата келіп: «Қарағым, балам, тұсымда тұрып арақ іштіңдер ғой» деп жоқ болып кетті. Ояна кетсем, таң атып қалыпты. Дереу дәрет алып, намазымды оқып , үйден шығып талдар арасымен келдім. Келсем тұп-тура айтқанындай, алдында төрт тал бесінші талдың түбінде құмырсқаның илеуі. Талдар тұп-тура күмбез сияқты төртте алты болып тұр екен. Осы жер шығар деп, шүберек байлап, құран оқып үйге қайттым. Келіп жатып едім, көзім ілініп кетті. «Балам, қабыл болсын!»-деп бетін сыйпап ғайып болды. Ояна кетсем, түсім. Жатқан жерін тура тапқан екенмін деп қуандым. Өйткені сол кезден мазалағанды қойды.

Асауан бабамыз Меккеден келген, ислам дінін таратып, біз сияқты қараларға намаз-құран үйретіп, Алланың барлығын уағыздап, бір әріп үйретсе, бір мұсылман келтірдім деп қуанған екен. Бұл кісі біздің ұстазымыз. Осы жерде дінсіздер, дұшпандар көп болғандықтан тұрақталынып қалған. Бір ауыл болып отырған кезінде бір түнде жаулары келіп, қырып кеткен екен. Бала-шаға, әйел, ақсақал деп қарамай. Қазіргі атаның жатқан жері бұл кісінің үйі болған екен. Сол жатқан үйінде жаулар басып кіріп, сонау жақтан осы аяқпен келдің деп екі аяғын шауып, осы қолыңмен әріп үйреттің деп екі қолын шауып қансырап жатқан Асауан бабамыздың аузынан «Аллах» деп өзін қинап басына қылышын көтеріп тұрған дұшпанына «жақыныңнан бастап артында жалғыз қал» деп лағынет қарғыс айтып, шейіт болып кеткен екен. Содан бұл ауылдан хабар болмаған соң көрші ауылдан адамдар келіп осы ауылдың адамдары тегіс өліп жатқанын көреді. Содан кейін жатқан-жатқан жерінен күмбез көтеріп, кейін мешіт салып, медресе салып, кітапханасы салынған екен. Совет өкіметі келгеннен кейін бұл жердегі күмбез тегістелініп кеткен екен .

Бұл жерге келіп белгісін шүберекпен қойып кеткеннен кейін нәсіп етіп Қанат деген Тараздық жігітті ең алғашқы қондырып едім. Қатты ауырып, жолы болмай жүр екен. Сол баламен келіп, кешке түнеп кеттік. Кейін осы әулие ашылып Тараз қаласынан Әбдіқадір мешітінін медресесінде Қанат ұстазы Садықов Серікпен бірге және басқа шәкірттермен бірге келіп түнеп жатқанында Қанат әулие ашылмай тұрып, түнеп кеткенін дәлелдеп айтқан еді.

Осы жердегі тас жол 1958 жылы салынған екен. Ол кезде МТС Ленинский қазіргі Қонаев ауылында болған. Сол кезде жас маман Тұрғанов Сырғабай Далабайұлы главный механик болып жұмыс істеп жүрген. Ол кісінің айтқан әңгімесі:

- 1958 жылы осы үлкен тас жолды салуға бульдозер, машина, тракторлар бөлінген. Осы жердегі күмбездің ортасынан арба жол өтетін. Сонда бір үлкен бульдозерист кісі:

- Мен ол жерге бармаймын, - депті.

- Неге бармайсың? - деп сұрағанда

- Ол жерде Меккеден келген әулие бар, бармаймын, – деп қасқайып тұрып алды.

- Қазақтың бабайын мен көрейін, - деп орнына бір орыс кетіпті. Сонан соң жаңағы бармай қалған кісіге

- Коммунистсің, сотталасың ғой сорлы, бара салмайсың ба?- дегенге

- Маған не істемесе оны істесін. Мені өлтіре ме, шаба ма, артымдағы ұрпағыма кесірім тимесе болды, - деген еді. Жаңағы кісіні партсобраниеге саламыз, соттаймыз деп жатқанында осы жерден хабар келді. Кеткен бульдозерист орысты топырақ түсіріп жатқан машина қағып, миын шашып жіберген екен. Бауырым, содан бері мен қаншама өлік көрдім. Қаншама қыршын кеткен боздақ көрдім, осы әулие ашылғанда жан-жабыла, молдасы бар, аудан басшылары бар не болар екен? деп ойлап едім. Әруақ-құдай бар екен , қолдап- қорғап қалың жаудың ішінен сені алып шықты - деп осы әңгімесін айтып кетті.

Осы әулие жаңадан ашылғанда Төле би ауылында тұратын Әріп деген түрік молда келді. Жөн сұрасып, өзі құран оқыды:

- Қарағым, қабыл болсын, - деп кетті.

Үш күннен кейін Әріп молда қайта келді. Мен алдынан шығып сәлем беріп едім:

- Балам кешір мені, кешір, – деп қайта-қайта айтып қоймады.

- Ата, нені кешірейін, келдіңіз, құран оқыдыңыз? Не үшін? – деп едім:

- Балам, құран оқып болайын, содан кейін айтайын, – деп ұзақ отырып құран оқыды.

Біраз отырғаннан кейін:

- Ух, енді жіберді ғой, - деп әңгімесін бастады.

- Балам, мына жерде бесінші тал бар ма еді?

- Иә, ата. «Бесінші тал жамбасым тиген жер» деген.

-Балам, өткенде келгенімде күмәнданып едім. Құранды жөндеп білмейді, тракторист болған, біреуден естіп, авария көп болғаннан кейін белгісін қойды деп ойлап едім. Қарағым, балам қателескен екенмін. Талдың түбінде құмырсқаның илеуі бар ма еді?

- Иә, ата. Бар болатын. Қазір құмырсқалар мына жаққа төбеге қарай жотаға көшті.

- Е, солай деп еді. Қарағым, балам 1937 жылы Кавказдан көшіріліп, осы Қазақстанға жер аударылғанда әкелеріміз осы Новотроицкое жаққа сұранған екен. Кейін орныққаннан кейін Шу мен Төле би екі ортасында арба жол өтетін. Бес күн түнеп, шырақ жағып, бес күн бес мал сойып, үзбей құран оқып Алладан тілек тілеп еді. Сонда бұл кісі жатқан жерін айтпай қойып еді. Балам, саған нәсіп еткен екен ғой. Әкелеріміз айтып кетіп еді: «Әрбір құрбан айтта осы жерлерге мал сойып тұрыңдар, біз болмасақ сендерге нәсіп болар. Егерде осы әулиені тауып алсаңдар бүкіл қазақ қоластыңда болады. Бұл кісі Меккеден келген «әулие» деп айтушы еді. Балам, үш күн- түнімен қысып барып балама айт білгеніңді дегеннен, жаныма батқаннан кейін келдім. Балам, осы әулиенің жатқан жері тура осы болса, адал отыр, шындықпен отыр. Бірінші Алла, екінші осы жатқан атаң саған келіп тұрған бәле-жәледен алып шығады, - деп айтып еді.

Жақсы да өтті, жаман да өтті жалғаннан,

Кетті олар өз орнына арналған.

Қу топырақты кеудесіне басты да,

Не жақсылар түсті сыз жер астына.

Ең алғашқы ашылғанда осы әулиеге дәлелмен келген Байжанов Аманжол атам еді. Немере баласымен келіп, құран оқытып, мән-жайды сұрасты. Осыдан кейін бұл кісі қайтыс болар алдында 3-4 күн бұрын баласы Көлбаймен бірге келді. Сонда да құран оқытып, біраз әңгімелесіп отырғанда айтқаны:

- Балам, бұл әулие бары рас. Әкелеріміз 1929 жылы Арқадан келгенде бұл кісінің жатқан жерін іздеген еді. Меккеден келген әулие деп кетіп еді. Қанша өмірім қалды дейсің? Бірақ тірі жүрсем, мына балаларыма айтып отырамын. Балам, мына атаңның жатқан жері осы болса, рас болса, сен адал шындықпен мынаның ақшасы бар, мынаның дүниесі бар деп, елді бөлмей таза отырсаң, бұл кісі қандай да болмасын саған келіп тұрған жаманшылықтан қорғап тұрады.

Балам, дұшпандарың көп Шудың имамы Әбдірәсіл Рысмендиев Болатқа айтқанын естідім:

- Әруақ жоқ, ақша - дүние үшін отыр – дегенін.

-Балам, халықпен бірге бол, халқың сені көтереді, – деп өсиет қылып айтып еді. Аманжол ата кеткеннен кейін үш күннен кейін қайтыс болды дегенін естіп мен қатты қайғырдым. Қабырғама батты, жан-жабыла талап жатқанда Аманжол атамның сөзі маған демеу болып еді.

Бұл кісіден кейін бір « жұма намаздан келе жатырмын» - деп

Қонаевта тұратын Әзиз молда келді. Келіп:

- Жұма намазда мешітте, жиналған елден естідім. Құдай-әруақ бар ата. Осы жерде әулие ашылды деп ел шулап жатыр. Әулиенің жатқаны рас болса, сіз адал болсаңыз, әулие алып шығады. Бірақ имам айтты:

- Көрінген жерге топырақ үйіп әулие дей берсе, жердің бәрі мола болып кетпей ме? – дейді.

- Ата, қас-дұшпандарыңыз көп болады -деп ескертіп кетті. Сол кезде ең алғашқы ашылғандағы әңгіменің бірі менің досым Даукеев Серік айтып кетті:

- 1982 жылдары ЖОС-та шофер болып жүрдім. Бір күні ішіп қойып, ГАИ тоқтатып, правомды алып қойды. Беретін ақшам жоқ болып, қазір әкеліп беремін деп келе жатыр едім, осы тұсқа жақындағанда жолдан бір ақ киген кісі шапаны бар, басында сәлдесі бар тура машинаның алдынан өтіп бара жатқан жерінен қағып кеттім. Тоқтай қалып, машинаның асты-үстін, капотын қарап, таппай қойдым. Бірақ анық «гүрс» етіп машинамен қаққанымды көрдім, таба алмадым. Бұл не болды екен деп таң қалдым. Содан ақшаны қайта келіп, гаишниктерге беріп правомды алдым. Осыдан кейін тағы да арақ ішіп алған едім осы тұста ақ киім киген,таяқ ұстап жолдың шетінде тұрған ақсақалды көрдім. Содан кейін арақ ішіп алғанда бұл жолмен жүрмейтін болдым – деді. Сол келгенде досым бір самаурын әкеліп берді. «Халыққа қызмет етсін» деп. Алғашқыдағы қиын-қыстауда дүниесінен ешнәрсе бөліп бермесе де осы Аманжол ата, Әріп ата, Әзиз молданың айтқан сөздері маған үлкен күш-қуат демеу болды. Әкемнің айтып кеткен өсиетін ылғи есімде сақтап жүрдім.

- Арлы-ожданды бол!

- Елге деген парызыңды ұмытпа!

- Намысыңды жастан сақта!

- Халқыңды алалама!

- Жақыныңды жаралама! – деген сөздері.
«Құдайдан қорықпағаннан қорық...»

Құмалақ ашып, ел қарап жүргенде, бір күні бұрынырақта Коммунизмде көрші тұрып, әрі десе жақын нағашым болып келетін Өткелбаев Асылбек әйелі Ләззат екеуі келіп құмалақ аштырды:

- Бейшен, жолым болмай жүр – деді.

Құмалаққа түскенін айттым:

- Қалай жолың болады, әкелерің үлкен молда еді, намаз-құран оқы, жолың ашылады – дедім.

- Қалай жолым болады, істілі болдым авария жасап екі адам қайтыс болды, Күншасов Болат жұмыстан қудалап, соттаймын деп жатыр. Мойным мынау бұрылмайды. Бішкекте білікті хирургтар қолхат жаз, біз гарантия бере алмаймыз» - деді. Не істеймін ?-деп ренжіген еді.

- Ештеңе жоқ, құран оқы, ақ жолға түс, бәрі болады.

Сонымен дем салып оқылатын болды, оқылып, қаралып жүргенде кіші балам Ғалымжан ойнап жүріп қолын шығарып алды. Енді Алғадағы қырман жақта тұратын мақау атаға шығайын деп тұрғанымда Асылбек машинасымен келді:

- Не болды? - деп сұрады.

- Мынау қолын шығарып алды, енді соны сынықшыға апарайын деп отырмын – дедім.

- Велосипедті таста, жүр мен апарайын – деді.

Бардық. Атам үйінде екен, Ғалымжанның шыққан қолын салды. Сонан соң айттым:

- Ата, мына баланың мойнын көріңізші - деп ол кісінің әйелі ымдап түсіндіріп отырды. Ыммен басын изеп «жарайды» деді.

Атам мойнын уқалап массаж жасап отырды. Біз әңгімелесіп отырдық. Бір уақытта «шарт» еткен дауыс шықты. Ата ымдап «оңға» қара деді, сонан соң «солға қара» деді. Асылбектің қозғалмай қалған мойны әрі-бері қозғалды. Рахмет айтып шықтық, шығып бара жатып.

- Асылбек, енді ем қонарыңды бер мына кісіге. Әнеугүні Бишкек гарантия бере алмаймыз деп айтты деп едің ғой. Ұят болмасын - деп едім, жарайды деді. Осы жағдайдан кейін Асылбек пен Ляззат екеуі екі-үш күннен кейін келіп айтқаны:

- Бейшен, лесхоздың бергі шетінде 5-6 машина бір-бірімен соғысып 7-8 адам өліп жатыр, масқара асфальттың үсті қып-қызыл қан- деді.

- Асылбек ол жерде Меккеден келген үлкен әулие кісі жатыр - дедім.

- Сен қуасың, қайдағы әулие? - деді Асылбек.

- Асылбек, сен милицияда жұмыс істедің. Анша-мұнша заңды білесің ғой, жүр жатқан жерін көрсетейін,- деп Асылбектің машинасымен келіп орнын көрсеттім. Әйелі тұрып:
- Бейсен, сен жынды болғансың қайдағы әулие? - деп екеуі машинаға мініп, маған күліп кетті. Мен сол жерде қалдым. Үйге келгеннен соң ертесіне Асылбек пен Ләззат қайта келіп тұр.


- Е, не болды? - дедім.

- Кеше Ляззат еттің қарыздарын жинаймын деп таксимен кетіп еді, бақпадан қайтып келе жатқан сиырларды қағып сол сиырлардың ақшасын төледік. Шынында, әулие болса бар шығар. Енді не істейміз? – деді Асылбек.

- Асылбек, біріміз малын алайық, біріміз дастарханын алайық. Шамамыз келгенінше елді шақырайық та құдайы тамақ берейік – дедім.

- Әй, сенің есің дұрыс па? Айдалада ол жерде ылғи топырақ суырып жел тұрады. Біз елге тамақ емес, тас береміз,- деді әйелі екеуі.

- Көресің ғой, самал жел тұрып, шыбын да болмайды – дедім.

Сол күні кешке жаңбыр жауды, ертесіне Асылбек машинасына бір мал салып келіп тұр.

- Жүр, құдайыңды берсек берейік, - деді. Сонымен дастарханын мен алдым, қазан-ошақ, самаурын, отын әкеліп «Бісміллә» деп құдайы тамақ бердік. Біраз адамдар жиналды. Төле би ауылының имамы Аят мырза келді. Қасында бухгалтер – Ақтан деген кісі және екі кісімен келді. Құран оқыды,олар кетіп қалды. Артынан қарасам жеті еркек қалыппыз. Аяндықта айтылған «құдайы бересің, таратып болған соң жеті еркек қаласыңдар. Жетеуің боп топырағымды үйесіңдер» деп еді. Сол қалған жеті еркек топырағын үйдік. Құран оқып, сол күні мамыр айының он бесі 1999 жыл еді. Содан бастап халық тоқтап сұрай бастады. Көрген-білгенімді айтып отырдым. «Халық - сыншы» дейді. Бірі келіп «авария көп болатын» деп жатты, бірі - болса болған шығар» деп, біреулері үндемей қайтып жатты. Бір күні бір кісі 14.08.99 жылғы шыққан Шу өңірі газетін әкеліп берді. Оқысам «Әруақтар маған аян берді» деген Еңбек ауылының мектеп директоры Несіпбай Қоңырбаев жазған мақаласы екен.
«Әруақтар маған аян берді» Шу өңірі.

/көзқарас/

Төле би ауылының шыға берісіндегі оң қапталында соңғы кездері лашық пайда болды. Ол ары-бері өткендердің назарын аудармай қоймайды. Бұл не деген сауал, әрине бізді мазалады. Бір сәті түскенде сол жерге аялдап, түнге қарай жылт ете түсетін шырағданның мәнісін білмек болдық. Лашық иесі Бейшенқұл Алашбайұлы Жұмасай деген жас адам екен. Өзі Алға ауылынан көрінеді. Бұл жерде – отырғаныңызға не сыр бар және мына шырақ түнге қарай неге мазалайды?

Өткен заманда бұл жерге Асауан деген сахаба жерленген. Мен әулиенің әруағын күзетемін.

Осы жерде біраз шегініс жасауға тура келіп тұр. Өйткені, Асауан деген әулие есімін бұрын-соңды естігеніміз жоқ және тарих беттерінен де мәлімсіз. Сондықтан аты-жөні жоқ белгісіз әруақтың аты-жөнсіз табыну бізді жаман таң қалдырды. Асауандай адам тарихта болмауын, әулие екендігін сіз қалай айтасыз. Маған әруақтар аян берді. Шырақшының жауабы осы ғана.

Рас, осы бір-екі жылда аталмыш белгісіз әулиенің бейіті жатыр деп қауесет тарады. Оны күні бүгінге ешкім елемей келді. Әруақ өкпем екен, сондықтан оны жанынан өте бере «автоапаттарға ұшыраудамыз» дегендер қаптап кетті. Мұндай түскен дақпыртты өз мүддесіне, пайдасына шығарды. Бұған мысалдар көп-ақ.

Осыдан ширек ғасырдай бұрын Торғай даласында бұқаралық «шырағданы» пайда болады. Әртүрлі сауалдарға «пәленше» деген әулиенің мазаратын күтемін дейді. Сол-ақ екен, ары-бері өткендер тәуап етіп, тиын-тебен тастайды, құрбан шалады. «Шырағданым» бір жылға жетпей байып шыға келеді. Секем алған жергілікті өкімет оның ісіне араласып, «әруақ» дегенді көпшіліктің қатысуымен ашқанда, астынан иттің сүйегі шығады.

Ал қазір уақыт басқа: коммунистік идеология келмеске кетті. Бірақ демократияны жамылғандардың істері көбіне теріс. Бейшенқұл Алашбайұлының «іс-қимылы» сондай пайдакүнемдік әрекеттердің бірі болып жүрмесін. Өйткені өз басым «аян берді» дегенге сенбеймін. «Аян» өзін-өзі нандыру дегеннен шығады. Ал оның арты фанатизмге әкеліп соғатынын көпшілігіміз, өкінішке қарай біле бермейміз.
Н.Қоңырбаев

Еңбек ауылы

Екі аптадан кейін «Мазарат па, жоқ әлде...» деген Төле би мешітінің бас имамы Аят мырзаның мақаласы шықты.

Мазарат па, жоқ әлде.... Шу өңірі.

Қолымызға қалам алғызған Төле би ауылы мен Шу қаласының арасындағы зираты жоқ дөң жерге топырақ үйіп, қолдан жасалған «Асауан сахабаның қабірі». Онда топырақ үюшілердің айтуынша оның түсіне сахаба кіріп сол жерде жатқанын, және басына күмбез тұрғызуға аян беріпті-міс. Содан бері осы «киелі» орынға зиярат етушілер түнеп, тілек тілеп, басына шырақ жағуды, құрбандық та шалып сол сияқты іс әрекеттерді істеп жатқан көрінеді.

«Сахаба» деп Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды көрген, соңынан ерген, соғыста, яғни оның жорықтарында бірге болған адамды айтады. Сахабалар осыдан ХІҮ ғасыр бұрын өмір сүрген. Олардың саны 100 мыңнан асқан. Ал енді Шу алқабына Асауан есімді сахаба келді деген дерек жоқ және дәлелденбеген. Себебі қазақ сахарасына Ислам араға бір ғасырдан аса уақыт салып жеткен. Ол кезде сахабалар тұрмақ олардың көзін көрген табиғиндердің өзі де қалмаған-ды. Ал, діни тарихи кітаптар мен мұрағаттардың дерек көзінен Асауан есімді сахабаның болғаны туралы бір ауыз сөз де табылмады.

Біз мұсылмандар, Алланың сөзі – Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның хадисіне сүйенеміз, шариғат жолымен жүреміз. Осы себепті Төле би ауылы мен Шу қаласының аралығындаы қолға алынып жатқан іс-әрекет не Құранға, не хадиске, не шариғатқа сәйкеспейді, қайшы. Мұның бастамашылары дінімізге, елімізге жаны ашып, жақсылық істеп жатыр деуге ауыз бармайды, керісінше бұл ойдан шығарған сахабаның атын бетке ұстап, оңай жолмен мал табудың құйтырқы амалы.

Құранда былай делінген: «Алладан өзге саған пайда, не зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боларсың» («Юныс» сүресі, 106 аят). Және бір аятта былай делінген: «Міне, шексіз Алла ол хақ. Сөз жоқ, олардың Алладан өзгеге жалбарынғандары босқа. Күдіксіз Алла – Ол өте-өте жоғары, аса ұлы» («Лұқпан» сүресі, 30 аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Сіздердің бұрынғылар пайғамбарларының қабірін ғибадат орнына айналдырған. Сендер ондай істемеңдер. Мен ондайдан қайтарамын», - делінген.

Пайғамбарымыз қабірлердің үстіне кесене (күмбез) тұрғызудан қайтарған, өйткені бұл шіріктікке апарады. Неге? Өйткені адам баласы діни білімсіздіктен бара-бара тілекті Алладан емес, сол қабірден жатқан мәйіттің рухынан тілеп, әрі оған бас июге дейін баруы мүмкін. Шариғатта қабірді зиярат ету екі түрлі:

  • рұқсат етілгені: қабірге зиярат етіп барып, қайтыс болған адамның күнәларын кешіруін Алладан сұрау. Және өзінің осы дүниеден өтіп, арғы дүниеге баратынын еске алу;

  • рұқсат етілмегені: қабірді айналып, тәуәп ету, басына мал сою, түнеу, шырақ жағу, ғибадат жасап, бір нәрсе сұрау және одан тілеу, тағы басқа осы сияқты істер. Өйткені Алла разы боламаған нәрсе қабыл болмайды.

Өкінішке орай, жоғарыда аталған мұндай «елеусіз жағдай» қазір елдің әр жерінен қылаң беріп қалады. Бірен-саран емес. Аталған жолдың қарсы бетінен тағы бір «әулиенің» бейіті пайда болған көрінеді.

Уа, мұсылмандар, түсті кім көрмейді және не көрмейді?! Оның дені шайтан ісі. Сол себепте «аян берген екен» деп қолдап қабір жасай беруге бола ма?!

Егер біреуге бұл дүниеден өткен ата-бабасы түсіне кірсе, ең абзалы оған арнап құран оқып бағыштау, дұға жасау және құдайы тамақ беру. Ата-баба аруағына қанша құран оқытса да көптік етпейді.

Аят Дыбысұлы,

Шу аудандық Төле би мешітінің

Бас имамы.

Редакциядан: байқап отырғандарыңыздай, Аят мырзаның ойы сабақ аларлық. Өйткені ол, сауатты азамат ретінде, дінге ғылыми тұрғыдан қарайды. Имамның сөзі бойынша, «бақсы-балгерлер», «халық емшілері» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетіп отыр. Имам ойын былай қорытындылайды: «Көбісінің имандылықтан, исламнан хабары жоқ». Бұл құптарлық пікір.

Соңғы мақала шыққаннан кейін жұма намаздан кейін 5-6 жеңіл машинамен 12 адам келіп әулиенің топырағын шашып, маған сен ақша- дүние үшін отырсың деп қол жұмсап ұрды. Осылардың ішінде Аят мырза, ауданымызда Ираннан келген атаның шәкірті Дархан деген жігіт екеуі бастап келген екен. Әулиенің топырағы шашылып сынған-сынған жерінде шашылған бойы екі аптадай жатты. Әулиенің топырағы шашылған күні аяндық болды.

- Қарағым, балам. Мына молдалар ілімді екен. Мөрдің жарыққа шығатын кезі келді. Мөрдің астындағы жазуын оқып, аударып, мағынасын шығарып берсін. Апарып көрсет! Иран атаңа, содан кейін топырағымды шашқан Аятқа апарып көрсет! – деп бұйырды.

Иран атаға апарып көрсеткенімде:

- Балам, бір байдың мөрі ғой, ана төрге апарып іле сал! – деді.

- Ата, мен аяндықпен келдім. Мен сізге әкеліп отырмын. Шеше алмайсыз ба, оны айтыңыз. Енді бұдан кейін бұл мөрді көрмейтін боласыз – деп үйінен шығып кеттім. Аят мырзаға бардым.

- Сіздердің ілімдеріңіз мықты ғой, мына мөрдегіні оқып, шешіп беріңіз – дедім. Әрі-бері ұстэ ап үндемеген бойы тұрды:

- Молдеке не болды? – деп едім, үн-түнсіз төмен қараған бойы қалды. Мен бұрылып кеттім.

Бір күні аяндық болды.

«Балам, алдағы жұмада жеті еркек болып жеті жерден жеті уыс топырақ алып топырағымды үйесіңдер. Бұдан былай топырағым ешқашан шашылмайды» деген. Жұма да келді. Түске қыздар күріш басып, шай қайнатып дайындады. Қыз-келіншектер көп, еркектер бесеу отырдық.

- Аға, шай дайын болды. Не істейміз? - деп сұрады қыздар.

- Шай, тамақты әкеле беріңдер. Әулие қате айтпаушы еді. Келер- дедім.

Тамақты кіргіздіріп, құран оқып, шай ішіп отырғанда Шу жақтан екі тәжік келді. Жол-жөнекей тоқтап, сұрасты. Сол кісілерге айтып едім, екеуі қуана-қуана келісті. Сөйтіп жеті еркек болып топырағын қайта үйдік.

«Асауан сахаба кім еді?» деп халық келе бастады. Осы көп халықтың ішінде дәлелмен келген Әріп ата, Аманжол ата, Әзиз молда, Серік досым және тағы басқалар бар еді.

Аян болды.

- Қарағым, балам мына аяқ жағыма (орнын көрсетіп) орындық қойып, құран оқы. Өйткені, менің қас дұшпаным, мені өлтірген адам осы жерде жатыр. Дұшпандарым басыма шығып бара жатыр. Сол себептен дұшпанымды басып отырып, құран оқы – деді. Көрсеткен жеріне орындық қойдым. Содан кейін ісім жайлап алға басты.

Бір күні аян болды.

- Балам, бұлағыңды қаз. Жеті метр жерден үш көзді болып айдаһарың шығады. Су шыққан күні мен жарыққа шығамын. Бұл суың 41 ауруға ем болады.

Семьясынан ажырасып, өзі араққа салынып кеткен, Бұхарадан көшіп келген Батыр деген жігіт келген еді.

Жұбатсаң бір бейшара жылағанды,

Сол жақсы құлпыртқаннан бұ ғаламды.

Жүз құлды құтқарғаннан мың есе артық,

Құл қылсаң ақ пейлмен бір адамды.

Аяндықты соған айтып, Батыр құдық қаза бастады. Жеті метр жерге жетіп қалғанда құдықтын қазуы тоқтап қалды . Неше түрлі сөз болды, Асылбек деген келіп:

- Сен 7 метр емес, 70 метрден су таба аласың ба? Айдалада қып-қызыл құмның ішінде. Сен құдық қазамын деп елді қырайын деп жүрсің бе? – деген еді.

- Өлсең, жөніңмен өл. Жынды болсаң, өзің жынды бол. Құдық қазамын деп, астында көміліп қалсын дейсің бе? – деп Батырды талай азғырған еді. Жиырма күннен аса қазылды. Екінші наурыз 2000 жылы түске қарай Асылбек, Нұрсұлу, Оразкүл деген тәуіптер, марқұм Нұрсұлудың күйеуі Серік тағы екі адам келді. Олар шай ішіп, сыртқа шығып:

- Не болды суларың? – деп күлді. Сонда мен:

- Су міне шығады. Жақын қалды, көмектесіңдер. Астына мен-ақ түсейін, сендер топырағын алып тұрыңдар. Мейлі, өлсем мен өлейін. Көмілсем өзім көмілейін, расписка жазып берейін – дегенімде Батыр:

- Аға, мен түсейін, мен барайын.

- Жоқ, өзім түсемін.

- Аға, мен түсемін,- деп Батыр құдыққа түсіп кетті. Асылбектің сөзіне ренжіп, мен будкаға кіріп кеттім. Бір уақытта марқұм Серік жүгіріп келіп:

- Молдеке, су шықты! – деп айқай салды.

- Қанша көз?

- Біреу.

- Біреу болса менікі емес. Ата үш көз деген. Жан-жағын көрсін- дедім, Бір кезде Батыр:

- Үш көз, үшеу - деді.

Асылбек тұрып:

- Әй, жан-жағын қазып көр. Төртінші, бесінші шығып қалар - деп кекетті. Батыр қазып еді, басқа көз болмады. Су тез көтеріле бастады да Батыр сыртқа шығып кетті. Лай судан тартып ішіп тұрып тұрғандарының бәрінің айтқаны:

- Су тәтті екен, - деп айтып жатты.

Асылбек тұрып:

- Мейлі, суы шықты. Енді жарыққа шыққанын көрейік. Жүріңдер,-деп бәрі жиналып кетті.

Ей надан, баста жоқ боп туыпсың сен,

Жел тапқан жалғыз ғана қуыссың сен.

Кептелген екі жоқтың арасында,

Жан-жағың , жап-жалаңаш қуыссың сен.

Сағат үштерде су шықты, сағат 5-тер шамасында бір иномарка машинамен үш кісі келіп түсті. Бұлар кім болды екен деп алдарынан жайлап шықтым. Иномарка машина тоқтаса, сескеніп жүретінмін , себебі, әкімшілік, прокуратура қудалап жүрген кез еді.

- Бұл қандай жер, бұл жердің өмір тарихын айтып беріңізші, - деді.

Сөйлесе таныса кеттік. Сөйтсем Тараздан келген үлкендеу кісі Әбдіқадір мешітінің зам.имамы Медетбек деген кісі. Жамбыл ТРК-да режиссер болып жұмыс істейтін Данияр Сайлаубеков және шофер.

Асауан атаның өмір тарихын айтып отырғанда Шу жақтан келе жатқан велосипедпен бір жігіт тұрған машинаға өзі соғысып, велосипед үшке бөлініп жігіт жарақат алды. Шофер бала жұдырығын ала жөнелді. Сонда велосипедтегі бала:

- Аға, мен көрген жоқпын, - деді.

- Сен қалай көрмейсің? Дәу машина ғой мынау, - деп бой бермей жатыр еді. Медетбек шофер балаға:

- Әй, тоқта! Ішкен шығар, көрші, - деді.

- Жоқ, аға, сап-саумын. Жұмыстан келе жатыр едім. Машинаны көрген жоқпын.

- Болды, тоқтат! – деді Медетбек.

Жаңа Шудың мешітіне бардық. Бізге бұл жер туралы не деді? Төле би мешітіне бардық, ол жердегілер не демеді? Әкімшілікке бардық, олар не деді? Өздерің қараңдаршы! Мынандай үлкен машинаның жол шетіндегі тұрғанын көрмедім деп отыр. Алла тағала көзін байлап қойған, көрсетпей. Қарашы, өзі жарақат алды. Бұл бала өліп кеткенде не істейтін едің? Жоқ, бұл әулиеге қол ұшын береді екенбіз, бізден көмек сұрап отыр екен, - деді. Сол кезден бастап Әбдіқадір мешіті қол ұшын бере бастады. Ыдыс-аяқ, киіз әкеліп берді.

2000 жылдың басында әкім Рысмендиев Болатқа арыз жазып, жер сұрап бардым. Қол қойылып, Төле би ауылдық әкімі Жұмағұлов Сағатқа бардым. Құжаттар дайын болғанда, апарайын деп жүргенде аяндық болды.

- Балам, құжаттарды берме! Мықты бол!

Жұмағұлов Сағатқа барып едім:

- Тастап кет, біз тексеріп қағаздарды, шешімін шығарамыз - деді. Үлкен кісі, әрі десе жақын нағашым қағаздарды тастап кеттім. Содан бір барғанымда:

- Жоғалтып алдым, қайта жина! – деді. Құжаттарды қайтадан жинап жүрдім.

Аудан әкімшілігіндегі заңгер, прокуратура, милиция екі күннің бірінде келіп мазалайтын.

- Қамау керек сені!

- Жындыханаға өткіздіру керек! – дейтін.

Қайта-қайта қудалаудың соңында жүргенімде бір күні Жұмағұлов Сағат өзі келіп:

- Әкең біздің әкпемізді алып, адам болып еді. Сен қайдан шыққан бәлесің. Мен жұмыстан кетпей, бұл жерден саған жер жоқ! – деп қарқылдап күлді. Мен нағашымның сөзіне ыза болып:

- Күнтулер жақсы қыздарын жеті атадан астық деп, өздерің алып жаман қыздарың болғаннан кейін әкеме бергенсіңдер ғой. Сол жаман әкпелеріңнен шыққан мені бәле деп отырсың ғой-дедім.

- Әй, сен иттің баласына дауа жоқ екен! – деп қолын сілтеп кетті. Үш-төрт рет алдына бардым.

- Мен тірі тұрғанда саған жер жоқ! – деп қайтарып жіберді.

Мамыр айында Әбдіқадір мешітінің имамдары Данияр осы әулиенің асын беретін болып, әрі мөрдегі сөзді талқылап шешпек болып, бірталай адамдармен жиналды. Ас өткеннен кейін мөрді талқылап, бір әрпін шеше алмады. Сол кездегі пікір-талас

«Ақ жол» газетінен 30 мамырда мақала.

Асауан сахаба туралы.Аян мен аңыз ақиқат па?

Жақында біздің меншікті тілшіміз Шу қаласы мен Төле би ауылы арасындағы асфальт жолда талай рет автоапат болған жер туралы бір мұсылман аян көріп, осында Асауан сахаба жатыр деп елге хабар еткенін хабарлады. Шырақшы Бейсен әлгі жерге үй тігеді, құрылыс салғыза бастайды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңындағы 5 мамыр күні Асауан сахаба «бейіті» басында ас беріледі. Тағы бір қызығы осы «Асауан сахаба мазараты» деп жазылған жерде ары-бері өткен, тоқтаған жұртқа Алладан келген мөр көрсетілуде. Тараз қаласында тұратын, алпыстан асқан Вера Николаевна деген орыс әйелі ислам дінін қабылдаған соң ол кісі де Асауан сахаба туралы түсінде аян көріп, алғашқы аянды мақұлдады дегенді тележурналист Данияр Сайлаубеков редакцияға келіп, жазып берді. Бұл Асауан сахаба мазараты, табылған мөр туралы облыстық теледидардан хабар да көрсетілді.

«Ақ жол» газетінің редакциясына Шу ауданындағы Асауан сахаба мазараты, табылған мөр туралы мақұлдаған пікірлермен қатар оған қарама-қарсы уәждар да айтылуда. Сонымен, шындық қандай?

Біз өз елімізше әуелі «сахаба» дегеннің кім екендігін білу үшін 1995 жылы Алматыда «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы шығарған «Ислам» энциклопедиясына көз салдық. Кітаптың 12-ші бетінде «әл-асхаб» деген сөзге мынадай түсінік берілген: (Сахаба – жақтаушы деген ұғымды береді) – Мұхаммедтің ісін жалғастырушылар, онымен тығыз қарым-қатынаста болған, жорықтарға бірге аттанған адамдар. Кейін Мұхаммед бір рет көргендерді, тіпті бала кезінде де көргендерді де әл-асхаб – сахаба деп атады. Әл-асхаб Арабиядан тыс жерлерді жаулап алу – шапқыншылық дәуірі басталғанда мұсылман армиясының негізін құрады. Әл-асхабтың үстем топтары мұхаджир мен ансарлар деп аталды. Бұлар оларды алғашқы халифалардың басшы орындар мен жоғары дәрежелі қолбасшылыққа сайлауына ықпал етті. Әл-асхабтың халифаттағы жағдайы өте жоғары болды, оларға 641 жылдан бастап ең жоғары 3-тен 5 мың дирһам еңбек ақы төленді.

Ислам тарихында әл-асхаб Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін оның идеясын сақтап қалды. Мұхаммедтің сөзі мен ісі (хадис) және өздерінің ерекше үлгілі істерімен қоса пікірлері – суннаны қалыптастырып, исламның этикалық-құқықтық ілімнің негізі болды. Бұлар Пайғамбардың ісін жалғастырушы және суннаның негізін қалаушылар ретінде біртіндеп өздерінің зиратына табынды. Өлгендер жайында оларды дәріптейтін шығармалар жаза бастады. Мұсылмандар Құран оқығанда 33 мың сахабаға дұға бағыштайды.

Сонымен, Мұхаммед пайғамбардың көзін көрген сахабалар Талас, Шу бойына келген бе? Бұл жөнінде тарихи деректер не дейді? Араб әскерлері мұсылман дінін тарату үшін Орта Азияға Мұхаммед пайғамбар қайтыс болған 632 жылдан бір ғасырдай өтісімен 714-15 жылдары келген. Арабтарға қарсы соғысқа Жетісу, Шу бойындағы түркештер қағаны Сұлу да Самарқан жақта әскерімен қатысып, жауынгерлігі үшін «мұззахим» яғни «сүзеген» деген атақ алған. Бұл соғыс Самарқан жерінде 737 жылы болған. Алайда, араб әскерлерінен самарқандықтар да, жетісулық түркештер де жеңіліп қалған. Сұлу қағанды осындай жағдайда өз қолбасшыларының бірі өлтіреді. Араб мұсылмандары – сахабалары 751 жылы Тараз қаласының түбіне келіп, қытайлардың қалың әскерімен соғысып, оларды күйрете жеңеді. Қалған-құтқан қытайлар жансауғалап еліне қашқан соң түркілер мұсылман дініне топ-тобымен ене бастайды. Тарихи деректер осы соғыстан кейін араб әскерлері Тараздан ары ешқашан жорық жасаған жоқ деп ашық жазады. Олай болса, 751 жылдан кейін сахабалар Шу жеріне де бармаған, деп түйіндеуге болады.

Ал, мөр жөніне тоқталсақ, оны Қазақстан діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкіл имамы Уәлихан Ибадуллаев 1852 жылға сәйкес келеді, ол ишан пірдің мөрі болуы мүмкін деп санайды. Түркиядан келген, «Әулиеата» мешітінде ұстаз Дауран Байрақши мөрдегі жазуды «Жерад каспей» деп оқып, ондағы араб цифрларын мұсылманша хижра жыл санауға есептегенде 1376 жыл дегенді ұсынды. Ал, қазіргі жыл санауға көшу үшін оған хижра басталатын 622 жылды қоссақ, 1998 жыл болады. Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласынан келген діндар Қойбұллаев Төлбасы мөрді Алланың мөрі деп санайды. «Әулиеата» мешітінің бұрынғы бас имамы Әлайдар қажы Әміреев мөрдегі жазуды «Кіріс башы - 53761» деп оқыды. «Әулиеата» мешітінің қазіргі бас имамы Мұхамеджан қажы мөрде кісінің «Мұхаммед шейх» деген есімі жазылған, ал, араб әріптерінің сандық мағынасымен есептегенде қазіргі жыл санаумен 1852 жылға тура келеді, бұл мөр бір көзі ашық сауатты адамның жеке мөрі болуы тиіс, деген қорытынды жасайды.

Сонымен, Асауан сахаба және оның «мазарат» басындағы шырақшы Бейсеннің қолындағы мөр туралы айтылған пікірлер әр алуан. Біз Бейсен шырақшының діндарлығына еш шек келтірмейміз. Сөйтсе де, Асауан сахаба және мөр туралы шындық әртүрлі айтылғанымен, ақиқат біреу ғана болуы тиіс қой. Оны тек бір Алла ғана біледі. Сондықтан да аңқау елге ақиқатқа анық көз жетпей жатып тек аян немесе аңыз негізінде әулие тауып беруге асықасақ қайтеді, ағайын дейміз. Аянды Алла да, сайтан да беретіндігін мұсылмандар білуі тиіс. Шындыққа жету үшін мәселен зерттей түсу керек. Ең әуелі республикалық, облыстық дін тарихын білгірлерінің өзара пікір алысып, бір ұйғарымға келген пәтуас ынсыз ұсыныс айтуды біз де жөн көре алмай отырмыз.

Б.Әбілдаұлы, «Ақ жол» 2000 жыл, 30 мамыр.
Соныменен мөр астындағы жазуды шеше алмай жігіттердің бірі суретке түсіріп, Кеңес өкіметі кезіндегі Бұхара Самарқандтағы мешіттерге апарып оқытуға жіберді. Сол жақтан апарған жігіттерге қағазға 300 дана ғып, параққа көбейтіп:

- Біз шеше алмадық, өте құпия жазу екен, аманат келген адамдарға бой тұмарға,жол тұмарға таратып отырсын,-депті молдалар.

Сол кезден бастап Алла ризалығы үшін келген адамдарға тегін бой тұмарға , жол тұмарға деп таратып отырмын.


Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет