АЛТЫ СӘУЛЕЛІ МАРЖАНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - HEXACORALLIA
Қармалауыштарының, септаларының саны алтыға еселеніп келеді. Жеке тіршілік ететін немесе колониальды формалар. Бес отрядқа бөлінеді, солардың ішінде негізгісі - актиниялар немесе теңіз гүлдері - Actiniaria және мадрепоралы маржандар отряды - Madreporaria.
Актиниялар - Actiniaria-отрядына қанқасы дамымаған, жеке тіршілік ететін, денесі цилиндр тәрізді, сырт бейнесі гүл сияқтанған, түрлі түсті полиптер жатады. Кейбіреулерінің диаметрі - 60 см. Табанша бұлшықеттерін жиырып-созып, орынын ауыстырып отырады.
Актиниялар Арктика, Антарктика суларында, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарында мекендейді. Actinia eguina теңіздердің жағалауларында кездеседі.
Sagartia туысының өкілдері тақуа ІІІаянымен (Pagurus bernhardus) селбесіп тіршілік етеді. Актиния шаянды жауынан қорғайды, қорегін табуына көмектеседі, ал шаян оны бір орыннан екінші орынға ауыстырып, қоректік затты көп аулауына мүмкіндік туғызады (44,Б-сурет).
Мадрепоралы маржандар - Madreporaria-отрядына риф түзуші полиптер жатады. Колониальды формалар, ізбесті қаңқасы сырттай орналасып, мықты бір тұтас құрылысты болып келеді. Жылы теңіздерде, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарының тропикалық аймағында кең тараған. Негізгі туыстары: Madrepora, Coeloria, Leptoria. Meandrivia. Олардың триас дәуірінен бастап тіршілік еткені белгілі.
Цериантария - Ceriantharia-отрядының өкілдері актинияларға ұқсас, қаңқасы дамымаған, жеке особьтары теңіздің түбіне көміліп тіршілік етеді. Тропиктік жылы теңіздерде мекендейді.
Зоантария - Zoantharia-отрядына жеке тіршілік ететін немесе колониальды полиптер жатады. Қаңқасы жоқ. Тропиктік жылы теңіздерде мекендейді, өте сирек кездеседі.
Антипатария - Antipataria-отрядының өкілдері колониальды формалар, қаңқасы мүйізді органикалық заттардан құралған, құрамында йод пен бром 6% мөлшерінде. Тропиктік мүхиттарда кең тараған.
Достарыңызбен бөлісу: |