Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева



бет69/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   155
Байланысты:
zoo

Сезім мүшелері құрттардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты өте нашар дамыған. Сорғыштардың личинкаларында турбелляридікіне ұқсас бір немесе екі жұп кішкене көзшелері болады. Тері рецепторлары көбіне еркін жүзетін личин­каларында дамыған.
Жыныс жүйесі гермафродитті, жақсы дамыған. Бауыр сорғыштың (Fasciola hepatica) жыныс жүйесін қарастырайық.
Аталық жыныс жүйесі тарамдалған екі тұқым бездерінен тұрады. Олардан алға карай бағытталған екі тұқым жолы шығып, кейін олар қосылып тұқым қапшығына айналады да, тұқым шығарғыш түтікпен шағылыс мүшесіне жалғасады. Ол өзінің шетімен жыныс клоакасына қарай бағытталған (59,Б-сурет).
Аналық жыныс безі әрқашан біреу. Одан шығатын қысқа жұмыртқа жолы кеңейіп кішкене қапшықшаға - оотипке айналады. Кейде оотипті Мелис денешігі деп те атайды. Оотипке аналық жыныс жүйесінің көптеген жолдары жалғасады. Дененің екі бүйірінде жұмыртқаларға қоректік затты беретін сарыуыз бездері орналасқан, сарыуыз бездерінің екі жолы денеден көлденең өтіп, оотипке жалғасады. Оотиптен әуелі артқа одан кейін алға бұрылып, жыныс клоакасына ашылатын ұзын ширатылған түтік - жатын басталады. Жатын ұрықтанған және дамып келе жатқан жұмыртқаларға толы болады. Оотип тұқым қабылдағышпен және өзінің бір шетімен арқа жағына ашылатын қысқа "Лаурер" түтігімен өзара байланысқан. Оотип ұсақ қабыршақты бездермен қоршалған.
Трематодтардың кейбір өкілдерінде жыныс жүйелері айтылған схемадан бірқатар белгілері бойынша ерекше: жұмыртқа бездері кейде тарамдалмаған; аталық бездері жұп емес; жыныс клоакасы дененің артқы бөлімінде орналасқан, т. б.
Жұмыртқа аналық безінен, аналық жолы арқылы оотипке түсіп, онда ұрықтанады. Ұрыктандыру үшін сперматозоидтар шағылыс мүшесі арқылы әуелі жатынға, содан тұқым қабылдағышқа, одан оотипке өтеді де, жұмыртқаларды ұрықтандырады. "Лаурер" түтігі оотипте жиналып қалған ұрықтардың артық мөлшерін денеден шығару қызметін атқарады. Сарыуыз бездерінен оотипке баратын жолдар арқылы қоректік затқа толы сарыуыз клеткалары өтеді. Әрбір ұрықтанған жұмыртқа осындай клеткалардың тобымен қоршалады. Сонан соң оның сыртына жұмыртқа қабығы түзіледі. Жұмыртқа қабығы сарыуыз клеткаларында болатын ерекше фанулдар арқылы түзіледі. Толық түзілген жұмыртқа жатынға түседі де, сол ар­қылы сыртқа қарай шығарылады.
Көбеюі және дамуы. Трематодтардың тіршілік циклі иесін және ұрпақ алмастыруға байланысты өте күрделі. Гермафродитті жыныс жүйесі жетілген сорғыш немесе марита омыртқалы жануарлардың ішегінде және басқа мүшелерінде паразиттік тіршілік етеді. Бауыр сорғыштың дамуымен танысып өтеміз (60-сурет).
Бауыр сорғыш - Fasciola hepatica мүйізді ірі қара малдар мен қойлардың және адамның бауырында паразиттік тіршілік етеді. Олардың салған жұмыртқалары өт жолы арқылы ішекке түсіп, иесінің ішегінен нәжіспен араласып сыртқа шығарылады. Ары қарай даму үшін жұмыртқа суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі толқынды эпителимен жабылған личинка-мирацидий шығады. Мирацидидің екі көзшесі, ми ганглиясы және жұп протонефридиялары болады. Денесінің артқы бөлімінде ерекше ұрықтық клеткалар немесе партеногенетикалық жұмыртқалар жатады. Денесінің алдыңғы үштен бір бөлігінде, цитоплазмасы дәнді секретке толы үлкен без орналасады. Бұл бездің жолдары личинка денесінің алдыңғы бөліміндегі кішкене бұлшықетті тұмсықшаның ұшында ашылады. Бездің секреттері мирацидидің аралық иесіне енуге көмектеседі. Мирацидий қоректенбейді, эмбриональды даму кезіндегі жиналған гликоген қоры арқасында өмір сүреді. Бірқатар уақыт мирацидий суда еркін жүзіп жүреді. Өзінің ары қарай дамуы үшін ол аралық иесінің денесіне түсуі керек. Көп жағдайда аралық иесі ұлулар болып келеді. Мирацидий тұмсықшасы арқылы ұлу денесіне еніп, оның ішкі мүшесіне өтеді. Ұлудың денесіне енуде личинка безінің секретгері көмектеседі. Мирацидий кірпікшелерін тастап, формасыз, қозғалмайтын қапшық тәрізді спороцистаға айналады. Бұл көбею қабілеті бар, жыныстық жүйесі жетілген сатысы. Спороцистаның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары әрбіреуі бөлініп, келесі - редия деп аталатын ұрпаққа айналады. Редия, спороцистадан қозғалғыштығымен және денесіңдегі саңылауымен ерекше. Ол саңылау, редия ішіндегі партеногенетикалық жұмыртқалардан түзілген ұрықтардың жаңа ұрпағын шығару қызметін атқарады. Спороцисталар сияқты редияның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары бөлініп, редияның ішінде жаңа ұрпақ - церкариялар пайда болады. Церкария - гермафродитті особьтің личинкасы, оған көптеген белгілері де ұқсас: сорғыштары, тарамдалған ішегі, миы және зәр шығару жұйесі болады. Оның негізгі ерекшелігі - денесінің артқы бөлігінде ұзын, бұлшықетті, қозғалғыш құйрықшасының болуы. Трематодтардың кейбір түрлерінде церкарияның тағы да уақытша мүшелері болады: жұп көзшесі, өткізгіш бездері деп аталатын бір клеткалы бездер тобы, дененің алдыңғы жағында болатын үшкір ине немесе стилет. Церкариялар редия денесіндегі саңылаудан шығып, одан ұлу денесінен шығып, құйрығының қозғалысы арқасында суға еркін жүзіп кетеді. Мирацидия секілді олар қоректенбейді, денесіндегі қорек қоры арқылы өмір сүреді.
Церкария су жағасындағы өсімдікке немесе балдырларға жабысып, құйрығын тастап, циста түзеді. Циста ерекше бездерден бөлініп шығады. Бұл саты адолескария деп аталады. Адолескария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс. Негізгі иесі, мысалы, ірі қара (сиыр) су қоймасына келіп, сумей немесе судағы шөппен бірге адолескариді де жұтады. Сиырдың ішегінде циста қабаты еріп, қан тамырлары арқылы жас сорғыштар жыныстық жетілетін орнына - бауырдың өт жолдарына өтеді. Егер, олардың тіршілік циклдерінің дамуына жағдайлар жасалмаса, олар өледі немесе толық дамымай қалады. Мысалы, жұмыртқа суға түскенде суда ұлу болуы керек, әйтпесе, личинка мирацидий өледі, ал су қоймасына ірі жануарлар келіп тұрмаса, адолескария толық дамымайды. Қолайсыз факторлар көп болса да, паразиттер оларға бейімделе алады. Бейімделудің бір жолы - паразиттердің жұмыртқаны өте көп салуы. Турбелляриялардың көпшілігінде жұмыртқа саны жүздеген болса, сорғыштарда мыңдаған және ондаған мыңға жетеді. Бұл құбылыс паразиттердің жұмыртқаларының "көп болу заңы" деп аталады.
Кейбір сорғыштардың еркін жүзетін церкарияларының тіршілік циклінің мынадай ерекшеліктері болады. Сорғыштардың көпшілік түрінің церкариялары екінші аралық иесінің денесіне түсуі керек. Бұл көптеген жәндіктердің, мысалы, су насекомдарының, моллюскалардың, балықтардың, бақалардың личинкалары болуы мүмкін. Стилет арқылы церкария екінші аралық иесінің жамылғысын жаралап, сол жерге өткізгіш безінің секреттерін құяды. Церкария құйрығы мен стилетін тастап, жіңішке мөлдір қабатпен қапталады да циста түзейді. Сол күйіңде метацеркария деп аталады және дамудың бұл сатысы тыныштық сатысы. Егер, екінші аралық иесін қандай да бір ірі омыртқалы жануар қорек етсе, метацеркарий оның ішегінде қабырғасынан босап, гермафродитті особьқа айналып, дамуын аяқтайды. Омыртқалы жануарлар метацеркаридің соңғы иесі болып келеді.
Трематодтардың тіршілік циклінде көрсетілген жолынан әр түрлі ауытқулары болуы мүмкін. Мысалы, кең тараған қауіпті паразит - бауыр сорғышының (Fasciola hepatica) аралық иесі жалғыз. Ол - кіші тоспа ұлуы (Lymnaea trancatula), денесінде спороцисталар мен редиялардың дамуы жүреді. Ал ланцет тәрізді кішкене сорғыш құрттың (Dicrocoelium lanceatum) негізгі иесінен (ірі қара, қой, ешкі) нәжіспен бірге сыртқа шыққан жұмыртқалары құрлықта тіршілік ететін моллюскалардың (Helicella туысының) ішегіне түсуі керек. Моллюсканың ішегіңде жұмыртқадан личинка мирацидий шығып, ол оның бауырына енеді. Осы жерде метаморфозға ұшырап, церкария стадиясына көшеді. Церкариялар моллюсканың өкпесіне өтіп, тыныс жолдары арқылы топыраққа түседі. Ары қарай даму үшін церкариялар екінші аралық иесіне - құмырсқалардың (Formica туысының) ішегіне түсуі тиіс. Құмырсқаларда церкария соңғы метацеркария сатысына айналады. Құмырсқалар паразиттің қосымша иесі болып саналады. Метацеркария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс.
Сонымен, сорғыштардың жоғарыда келтірілген даму циклдерінде ұрпақтарын ауыстырып отыру жолдары байқалады, яғни бір ұрпақ ұрықтанған жұмыртқадан дамыса (мирацидиялар), келесі ұрпағы ұрықтанбаған жұмыртқадан (партеногенез жолымен) дамып, кезектесіп отырады. Осындай даму процесін - гетерогония деп атайды. Сорғыштардың дамуына гетерогония тән.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет