ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ тіл білімінде ұлттық тілдің лексика-фразеологиялық байлығын көрсететін лексемаларды қарастыру лексикалық жүйенің аясынан шығып, этномәдени бірлік ретінде қарастырыла бастады. Мұндай бағыттар халық тіліндегі ұлттық ерекшелікті танып-білуге игі әсерін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің бүгінгі жұмысымыз өзекті тақырып болып табылатыны шүбәсіз.
Жалпы адам ауруларына байланысты жержүзілік медицина ғылымының, оның әртүрлі бастау-бұлақтары саналатын шығыс медицинасы, араб медицинасы, Еуропа елдері медицинасы т.б. жинақтаған тәжірибесі мен ауру-сырқау, дәрі-дәрмектерге берген атау-терминдері ұлан-ғайыр. Осындай әр бұлақкөздерден жинақталып, орыс тілінде қалыптасқан медициналық терминдердің негізінде қазақ тілінде де медицина терминдері қалыптасып отыр. Олар арнайы медициналық терминдер сөздіктерінде жинақталып, практикада қолданылып та жүр.
Біздің мақсатымыз бұл тәрізді медициналық ғылыми терминдерді дайын сөздіктерден көшіріп беру емес, керісінше, ғасырлар бойы қазақ қауымында, халық емшілерінің іс-тәжірибесінде дүниеге келіп, қалыптасқан көне де байырға «қазақы» атауларды мүмкін болғанынша түгел қамту. «Түгел қамту» дейтін себебіміз: халықтық медицина атаулары мен оларға қатысты көптеген ұғым-түсініктердің, этнолингвистикалық деректердің біразы ғана ғылыми қолданысқа еніп, қалғаны әлі «жергілікті тіл ерекшеліктері» ретінде жалпыхалықтық сөз қорының қойнау-қойнауларында «шаң басып» жатқаны белгілі. Демек, зерттеуімізде ауру-сырқау, дәрі-дәрмек атауларының ғылыми айналымға енгендері де, бүгінге дейін сирек қолданылып, не мүлдем қолданыс таппай келгендері де, архаизм, кәсіби сөз, диалектизм санатына жататын халықтық нұсқалары да түгел қамтылды.
Зерттеуде термин болып қалыптасқан медицина атауларын емес, халықтық медицинада қолданылған атауларды ала отырып, оларға қатысты ұғымдардың этнолингвистикалық табиғатын айқындадық, олардың ұлт дүниетанымындағы, тілдік жүйедегі орнын анықтадық деп ойлаймыз. Мұндай мақсатқа жету үшін халық медицинасында қолданылған терминдерді халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, түрлі сөздіктерден, ғылыми зерттеулерден, осы тақырыпқа қатысты жарық көрген мақалалар мен материалдардан жинастырып, жүйелеп, тақырыптық жағынан топтастырып,әрбір атауға сипаттама бердік, халықтың өткен өмірінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымынан, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен мол мәлімет беретін лингвистикалық және экстралингвистикалық құнды деректерді таптық. Осы деректерді жинастыра отырып, халықтық медицина атауларының қазіргі таңдағы медицина терминдерінің қалыптасуына өз ықпалын тигізгенін де байқаймыз. Ауру атауларымен байланысты пайда болған өсімдік атауларының, ауру атауларының этимологиясын ашуға тырыстық.
Этнолингвистиканың зерттеу арналары болып табылатын фразеологизм, мақал-мәтел, эвфемизм, дисфемизм, жергілікті тіл ерекшеліктердегі медицина ұғымдарының берілу жайын қарастыра отырып байқағанымыз – халықтық медицина терминдерінің дені осы тіл бірліктерінің қойнауында сақтаулы жатыр екен.
Халықтық медицина атауларының қазіргі медицина терминдерінен айырым белгілері де бар. Ол белгілерге мыналарды жатқыза аламыз:
жасалуы жағынан халықтық сипатта;
анықтылық, образдылық, экспрессивтілік тән;
ғылыми баламаға қатысы бар;
сөйлеу тілі аясында қолданылуы;
түрленуі (лексикалық, морфологиялық).
Жинақталған тілдік деректерге сүйене отырып, халқымыздың медицина ілімі көне ертеден басталды деп анық түрде айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |