КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында (2003ж) ұлттық рухани және мәдени мұраларын сақтау, қалыптастыру, жетілдіру туралы халқына үлкен жанашырлық әрі көрегендікпен айтқан болатын. Президент айтқан сол рухани мұраларымыздың ең көнесі де, ең қажеттісі де салт-дәстүр, әдет-ғұрып екені баршамызға мәлім. Ал дәстүр мен ұлт мәдениетін үйретудің басы – ана тілі. Б.Момышұлы “... анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту,” – деп жазған.
Тіл мен ұлт мәдениеті, ұлттық сана, салт-дәстүр – біртұтас ұғым. Олар этностың ең негізгі көрсеткіштері. Сондықтан халықтың өткен жолын, даму кезеңдерін сол этноспен бірге дамып келе жатқан тілінің деректері арқылы да анықтауға болады. Өйткені, академик Ә.Қайдардың сөзімен айтар болсақ: “тіл – тұла бойы тұнып тұрған тарих”. Тіл деректері деп отырғанымыз – сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер. Біздің мақсатымыз – осы тіл деректері арқылы қазақ халқының халықтық медицинасына қатысты салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін ашып көрсету.
Осы ретте соңғы кезде қанатын кең жайып, дамып келе жатқан этнолингвистиканың мәні де, маңызы да ерекше. Себебі, ол тілді халықтың менталитетімен, ұлттық дүниетанымымен тығыз байланыста зерттейді. Тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түп тамырын сол тілде сөйлеуші этностың өткен тарихымен, рухани мұраларымен ұштастыра зерттеген жөн.
Ғ.Мүсіреповтің сөзімен айтар болсақ: “Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға шалдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазына”. Осындай бай қазынаны жас ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.