ӘОЖ 801.732
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СОПЫЛЫҚ БАҒЫТ
Өтегенова А.Ғ.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, МНКЯЛ-19 тобының магистранты
Ғылыми жетекші: проф. Н.С.Қамарова
Аңдатпа.
Қазақ жерінде ислам дінінің таралуы Қожа Ахмет Йасауи есімімен
байланысты. Оның фәлсапалық өлеңдерінде сопылық оқуға қатысты мәселелер өз
халқының дүниетаным, түсінік, ой-пайымын ерекшелейтін әдеби дәстүрде
бейнеленгенін көреміз. Сопылық ұғым, мотив, бейнелерді Абай қазақи тұрғыда беріп,
өз дүниетанымының сұрыптауынан өткізе отырып берген.М.Мырзахметұлы өзінің
ғылыми еңбектерінде М.Әуезовтың пікірлеріне негізделе отырып, Абай мен сопылық
мәселесін жеке қарастыруды ұсынады.
Түйінді сөздер:
сопылық, толық адам, құлшылық, рухани жетілу, Хақты тану,
әділет.
Абай шығармаларының түпкі мазмұнын шығыс әлемінен, оның ішінде Қожа
Ахмет Яссауидің хикметтерінен іздеу М.Әуезов бастаған бір топ ғалымдардан бастау
алады. М.Әуезов «Абайдың діні – сыншыл ақылдың шартты діні» деп һәкімнің діні ең
таза, ең асыл екендігін жұмбақтап айтқан болатын. Негізінен қазақ әдебиет тарихында
ең көп зерттелген де, ең көп зерттеушілері шыққан да осы Абай ғылымы десек артық
айтпағанымыз болар. Тоқсаныншы жылдардың басында Абайдың шығысқа қатысы,
әсіресе исламиятқа қарым-қатынасы туралы мәселе қайта көтеріліп, Абайдың
исламиятқа қатысы мен мораль философиясы, адамгершілік негіздері туралы мәселелер
жаңаша бағыт-бағдар ала бастады [1,51]. Ол Ахмет Риза медресесінде білім алып,
шығыс әдебиетімен танысқан сәттерінен бастап, сипаты мың құбылған ислам діні,
сопылық ағымды өзінше терең түсінуге күш салды. Абайдың балаң, жас кезінде шығыс
ақындарына ұқсастырып өлең құрастырып, сопылық бағытта жазылғанын М.Әуезов өз
зерттеулерінде біршама келтіреді.Әуезовтың осы ойын проф. М.Мырзахметұлы «Балаң
ақын қаламына іліккен сопылық сарын белгілері, тіпті кемелденген ақын
дүниетанымында да орын тепкенін Абайдың өмірінің соңында жазылған «Алланың өзі
де рас, сөзі де рас» (1902 ж.) деп аталатын атақты өлеңінде көрінісі берген үш сүю
немесе иманигүл мәселесі Абай шығармаларында желілі түрде таратылатыны
кездейсоқ құбылыс болмаса керек-ті» [1,20] деп түйіндейді.Дін түсінген адам үшін ішкі
және сыртқы болып екіге бөлінеді. Ішкі мағынасына бойламай жасалған ғибадаттың
пайдасы шамалы. Сондықтан Абай отыз сегізінші қара сөзінде діннің әуелгі(түп)
мағынасы сыртқы ғибадатта емес, ішкі имандылықта екенін көрсетеді:
«Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз
иманды болған соң ғана парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы
иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрікүшін бұйырылған.
Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ
болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну қаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі
сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген. Менің хаупім бар, олар
хас осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл
болады деп ойлайды» [2, 230].
Абай осы қара сөзінде Алланың бойындағы сегіз сипатқа қосымша ретінде
әртүрлі дәлелдерге сүйене отырып «әділетті», «рақымды» деп тағы екі сипат қосады.
Ал толық адам болып жетілу үшін әуелгі сегізінен(хаят, ғылым, құдірет, көру, есіту,
тілек, сөз, болдыру) ақылды бөліп алған Абай оған әділет пен рақымды біріктіруді
қажет деп тапқан.
50
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шафғат кімде бар,
Сол жарасар туғанда [1,15],–
деді сосын. Мұндағы «шафғатты(рақым)» жүректің баламасы ретінде қолданған
ол толық адам танымының төркіні сопылықта жатқанын аңғартып тұр.
Жоғары рухқа жету үшін адамның үш болмысына сәйкес үш ғибадат түрі
бекітілген. Әуелгісі тәнге діни рәсім, кейінгісі ақыс-еске – пікір болса соңғысы жанға –
зікір. Барлық ғибадаттың мақсаты – біреу, ол – барлық ақыл-ойды Оған (Аллаға)
шоғырландыру. Бірақ олардың нәтижелері әртүрлі болып келеді. Мәселен, діни рәсім
мен зікірдің арасы жер мен көктей. Барлық діндерге ортақ діни рәсім тән арқылы
жасалады. Исламда да сәждеде тұру, қол байлау, құлшылық қылу – Аллаға жетудің
төменгі сатысы. Осы сөзімізден кейін «Намаз оқудың мәні қандай?» деген жаңа
сұрақтың құлағы қылтиып шығары даусыз. «Зарият» сүресінің 56-аятында «Мен
адамдар мен жындарды өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым» деген жолдар бар.
Осы аятқа байланысты «Құдайдың барлығын өзіне бағынышты қылуының себебі
неде?» деген сұрақ туындайды. Шеті мен шегі жоқ лабиринт сияқты біз жауап іздеген
сайын жаңа тұйықтарға кездесе бердік. Соңында сыртқы тән ғибадатының денсаулыққа
пайдасын медицинадан ақтарғандай болдық. Сөйтіп мынандай қорытындыға келдік:
намаз оқу – шағын спорттық жаттығу. Әр күн сайын тұрақты түрде иіліп, бүгілу белгілі
мөлшерде қан айналымына, бұлшық ет пен буын ауруларына көмегі бар.
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім,
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді...
Нәпіл түгіл, намазы –
Бәрі желге кетеді.
...Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар [2, 39].
Абайдың «Абыралыға» деп аталатын бұл өлеңінде Құран оқып, ниет қыла
алмаған адамның бес уақыт намаз өтеуінде пайда мен сауап жоқ екенін жеткізеді.
Есімізге Яссауидің иманды ойлап, ораза мен намазымды қаза еттім деген хикметі
оралып отыр. Тариқат жолын ұстанушылар исламның тек сыртқы нәпілін
орындаушылардың қатарынан емес.
Хақты тануға апаратын екінші саты – пікір. Яғни шариғатты терең меңгеріп
түсіну арқылы ақыл-ойдың көмегіне сүйеніп Жаратушымен пікірлесу. Рухани
кемелденген бұл топтағы адамдар мидың көмегімен-ақ құлшылық жасап, Оның нұрына
бөленеді. Алланың жіберген хикметін ақыл таразысына салып қолданбаса, шынайы
имандылық жоғалады. Бұл туралы Абай:
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде бұдан басқа [2,200], –
51
деп жырлады. Осыған қарап ислам дінінде пікірдің маңыздылығы жоғары екенін
түсінеміз. Алайда оны жүрекпен байланыстыра алмаса, тағы да маңыздылығы
жоғалады.
Жоғарғы ғибадат – зікір айту арқылы, Алланы ұмытпау және Онымен тығыз
байланыс жасау. Рухани жетілу жылдамдығы өте жоғары және дінді хақиқат деп
таниды. Осы орайда «Абай зікір салды ма?», «Пірдің қолын алды ма?» деген сынды
сұрақтар туындатып алсақ болады. Алайда біздің зерттеу тақырыбымыз оның
шығармашылығындағы сопылық сарындар болғаннан соң, жеке басындағы мәселеге
тоқталуды жөн санамаймыз.
Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хұснинән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған [2,192], -
Һәкімнің жоғарыдағы өлеңіне сүйенсек, дін иманнан басталады әріқарай ораза,
зекет, намаз, қажылық болып жалғасады. Егерде ораза, қажылық сынды парыздар алға
шығып кетсе, дін құлдырайды.
Мүмин болсаң әуелі иманды бол,
Бендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағұлым ғой ол.
Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен күнә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма [2,193].
Ақын іші кәпір, сырты мұсылман екіжүзділердің сөзіне иланып, соңына ермеуге
шақырады. Әсіресе дүмше молдалар иманды алға шығарған сопыларға жиі тас етіп
келгені тарихтан белгілі. Сопылық әдебиеттің қандай да бір өкілін зерттесек те
алдымыздан иман тақырыбы «кесе көлденең» шығады. Бұл тақырып турасындағы
толғаныстарды топтастыруға да болар еді, алайда әр дәуірде өмір сүрген олардың
көзқарастары сол қоғамына сай әртүрлі құбылып(көркемдік ерекшеліктері) жазылған.
Өлеңдердің формасы басқа болғанымен, мағынасы – біреу.
Абай философиясындағы «жан» өте күрделі ұғым. Ақын «тәннен жанның
артық» болуы табиғи құбылыс деп танып, жанды тәннің иесі, тәнді жанның құлы
ретінде таниды. Оны Тәңірдің берген сыйы, кейін кері оралады деп түсіндіреді:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүрегеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі? [2,193].
Жанның бізді тастап кеткеннен кейін, өмір сүру функциямыз істен шығып,
өлетініміз белгілі. Ақынның жиырма жетінші қара сөзінде данышпан Сократтың
Аристодимге айтатын мынандай сөздері бар: «...Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың?
Әрине, қайдан келсе де, жан дейтін нәрсе келді, сонан соң ие болдың». Осы диологқа
қарап-ақ Абайдың жанның келген төркінін іздеуге ұмтылғанын аңғарамыз. Сопылар
басқа адамдардың діни көзқарастарын алаламай(мұсылман, христиан, атеист, агностик)
немесе қасиеттеріне байланысты(жақсы, жаман, залым) бөлмей бәріне бірдей қарайды.
Ал Абай болса:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті [2,191], –
деп жырлады. Түсінуімізше «біз(мен) – мұсылман, олар(ол) – кәпір, адасқан»
деп сыйластық танытпау, исламға жат қылық әрі Хақтың нұрын көру бақытынан
52
айырады. Ясауи сопылық ілімді насихаттап, тарата бастаған кездері түсінбеген надан
молдалардың «қос қостауымен» қараңғы тобыр оны таспен сабап, қолдарымен соққы
жасапты. Сонда Әзіреті жаны ашыған күйде «Қолдарың аурып қалмады ма?
Кешіріңдер...» деп зар еңіреп жылайды екен. Өйткені адамзаттың жаратылуы бірдей әрі
өлімі де сондай. Алланың алдында да «құл» деген статуспен жауап береді.
Қорытындылай келе, Абайдың “мен бір жұмбақ адаммын” дегеніндей
жұмбақтығына көз жеткіземіз. Ол – ислам діні жолында шынайы иман жолын
уағыздаған ақын. Жалпы алғанда түркі қазақ мұсылмандығының қайнар көзі де
сопылық дүниетаным бастауында жатыр. Дегенмен Абай сопылық дүниетанымдық
ойлау жүйесі негізінде өз қоғамын тура жолға бағыттаужолын іздеген, халқына жөн
көрсеткен дана. Оның адамдық санаға жетелейтін, Иасауидің ақ жолынан нәр алған
мұрагерлер екендігін көреміз. Дегенмен, ар түзейтін ғылымды түсіндіру, талдау
тәсілдерінде өзіндік ерекшелігі бар бұл тарихи тұлғалардың мұрасы бүгінгі күн
тұрғысынан тереңінен зерделенуі тиіс.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
Мырзахметұлы М. – Абайтану. «Asia Book Trade Company» баспа үйі,
Алматы, 2010 жыл, 152 бет
2.
Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қарасөздер. «Мектеп» баспасы,
Алматы, 2003 жыл, 248 бет
Достарыңызбен бөлісу: |