Материалдары



Pdf көрінісі
бет18/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   62
Байланысты:
abai2020

ӘОЖ 811.512.1:18 
 
«ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА» ШЫҒАРМАСЫНА 
ФРЕЙМДІК ТАЛДАУ 
 
Сембаева М.С. 
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, КЯЛ-17 тобының студенті 
Ғылыми жетекші: Дуйсенова К.Е. 
Аңдатпа.
Экстралингвистикалық ұғымдар халықтың ғасырлар көшінде 
қалыптастырған болмысын, ұлттың тілдік санасын айғақтайды. Тілдік ортаның уақыт 
көшінде жинақтаған тәжірибесі негізінде туған ұғым-түсініктердің тіл мен мәдениет 
арақатынасын байыптауда ықпалы зор. Ежелден аңшылық пен саятшылық – 
көшпелілер үшін күнкөріс тіршілігінің көзі, «үйірімен үш тоғызды» байлатар 
молшылық белгісі, ат құлағында ойнаған ептілігін, талай жаугершілікте мұқалмаған 
төзімін, мергендігі мен әдісқойлығын сынайтын майдан. Фрейм-сценарийлер нақты бір 
лингвомәдениеттанымдық ақпаратты жүйелі түрде қабылдауға ыңғайлы болып келеді. 
Сондықтан осы өлеңді лингвокогнитивтік талдау барысында фреймдік жіктеме 
басшылыққа алынды. 
Түйінді сөздер:
Концепт, қансонар, фрейм, фрейм-сценарий, құсбегілік, бүркіт. 
Мәдени мазмұны толымды, мол ақпарат жиған динамикалық фреймдер 
халықтың этникалық мәдениетінен құнды мәлімет береді. Когнитивтік құрылымдар 
аясы өте ауқымды. Ой бейне, схема, фреймдер – әртүрлі мәдени ақпараттардың, 
мәліметтердің жиынтық қоры, сонымен қатар, белгілі бір социумның уақыт пен 
кеңістік шеңберінде алғандағы дүниенің тілдік бейнесі, яғни лингвомәдени танымдық 
ақпараттар жүйесі. Концептілік құрылымның когнитивтік бірлігі болып табылатын 
фреймдерде реалды дүние жайлы мол ақпарат жинақталады. Когнитивтік санадан орын 
алған бұл ақпараттар жүйесі дүниенің тілдік бейнесінің динамикалы бір көрінісі болып 
таңбаланады. Фреймдер – бір-бірімен жүйелі, логикалы байланыста сабақтасқан тіл мен 
мәдениеттің ұлттық сипаттағы көрсеткіші немесе әлеуметтік мән иеленген іс-
әрекеттердің тізбекті байланысы. Автор қандай да бір жағдаятты таныту үшін 
бұрыннан мәлім мәліметтерді өз таным-түсінігіне қарай сүзгіден өткізе қолдану – 
фреймдерге тән қасиет екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденуде.
Абай шығармаларындағы фреймдер:
1) Қазақ халқының өмір сүру салтындағы дүние бейнесін танытуға мүмкіндік 
береді, бұларда бүтіндей бір ұлт мәдениеті бейнеленген;
2) Ұлттың мәдени-тұрмыстық, қоғамдық когнитивтік санасынан ақпарат береді; 
3) Ұжымдық санада стеоретип, этикет түрінде қалыптасқан мәдени 
семиотикадан хабардар етеді. 
Қансонарда бүркітші шығады аңға, 
Тастан түлкі табылар аңдағанға. 
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет, 


65 
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға. 
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі, 
Сағадан сымпың қағып із шалғанда. 
Бүркітші - тау басында, қағушы - ойда, 
Іздің бетін түзетіп аңдағанда. 
Томағасын тартқанда бір қырымнан, 
Қыран құс көзі көріп самғағанда. 
Төмен үшсам түлкі өрлеп құтылар деп, 
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға... 
...Қанат, құйрық суылдап, ысқырады, 
Көктен қыран сорғалап құйылғанда [1,39]. 
Өлең мәтінінің құрылымы мынадай тезаурустар тізбегінің мағыналық 
байланысынан түзілген фреймдерден тұрады: Қансонарда, жақсы ат, ыңғайлы ықшам 
киім, тату жолдас, із шалу, бүркітші, іздің бетін түзеу, томағасын тарту, қыран құс, 
қанды көз, қайқаң қағу, қанат-құйрығы суылдау, құсы да, иесі де қораздану, алпыс екі 
айлалы түлкі алу, «үйірімен үш тоғыз», жанына байлау, көңілі жайлану, құс салу. Осы 
динамикалық фреймдер саятшылық, құс салу сияқты тұрмыстық салт-дәстүрден көзбен 
көргендей, қолмен ұстағандай етіп анық та дәл этномәдени ақпарат береді.
Фрейм-сценарий бірнеше ірі көріністерден тұрады және когнитивтік 
құрылымына қарай тағы да іштей ұсақ, бірақ мәнді бөліктерге ажыратылады: 
1) Әуелі қансонарда бүркітшінің аңға шығуы: а) оның жақсы аты; ә) ықшам 
киімі; б) жақсы жолдасы болуы – аңшылықтың сәтті өтуінің бір кепілі.
2) Баптаған құсын аңға жібереді: а) бүркітші тау басында; қағушы ойда; ә) іздің 
бетін дұрыс бұру; б) құстың томағасын тарту; в) құсы да әккі, қайқаңдап аспанға бір-ақ 
көтеріледі, төмен ұшпайды.
3) Бүркіт аңға шүйлігеді: а) түлкі де шыбын жанға талас қылады; ә) қыран жарқ-
жүрқ етеді, қанат, құйрығы суылдайды, алысады.
4) Алпыс екі айлалы түлкіні алғанына құсы да, иесі де қоразданады: а) тымақты 
сілке кию; ә) насыбайды жайлана ату; б) көңілі жайлану.
5) Ерекше эмоциялық күйге бөленеді: (құмары қанып, бір жасайды, көңілі 
жайланады).
6) «Аңшылық – сұм жалғандағы бір қызық іс» (алайда, «Қыран бүркіт не 
алмайды, салса баптап» – деген өлеңде аңшылықтың мәні басқа қырынан алынады) 
Шығарманың когнитивтік мазмұны жеткілікті болу үшін сонар семасының 
мәнін ашуды мақсат еттік. 
Сонар (дәстүр) – аңшылар үшін өте қызықты сәттердің бірі. Қыстың тынық күні 
ұлпа қар жерге түскенде жүрген аңның ізі тайға таңба басқандай анық көрініп жатады. 
Аңшылар бүл күнді осыға күтіп жүреді де, ізіне түскен аңды құтқармай соғып алады 
[2,456.]. 
Сонар сөзінің жаңа жауған ұлпа қардан кейінгі аң аулауға шығатын мезгіл деген 
мағынасын академик Ә.Қайдар әрі қарай тереңдетіп, нақтылай түседі, яғни алғашқы
қардан кейінгі тым-тырыс уақыт деген мағынада қабылдайды. Абай шығармасында 
сонар, қансонар қалың қар түскендегі аңшылыққа байланысты қолданылады. 
Ауылдан алысырақ жерден бірнеше күн қона жатып аң аулауды салбурын деп 
атайды. Салбурынға, әдетте, бірнеше адам боп бірігіп шығады. Айлап-апталап 
аңшылық құруды салбурын деп атайды. Онда бес қаруы сай саятшылар атағына, жасы 
мен біліміне қарамай түгел міндетті түрде құсбегіне бағынады. Құсбегі салбурынға 
қатысушыларды бірнеше топқа бөліп қояды: 
1. Тұрғышылар – бүркіт ұстап биікте тұрушылар;
2. Қағушылар – аң жүретін жерді тінте сүзіп қуып шығушылар; (Абайда 
«бүркітші тау басында, қағушы ойда»);


66 
3. Тосқауылшылар – қашқан аңды таулы-тастақты жерлерден қайтарып, жасқап 
тұру үшін жолын тосушылар; (Абайда «тастан түлкі табылар аңдағанға»).
4. Ізшілер – аңды ізіне түсіп жүріп, бойын көрушілер (Абайда - "сағадан сымпың 
қағып із шалғанда" деп келеді);
5. Қызылшы немесе бақыршылар – қоста қалып ас әзірлеушілер немесе аң-құсты 
союшылар. Бүл топтың қай-қайсысына болса да, төзімділік, іскерлік, сабырлы әрі 
ұйымшылдық, ауызбіршілік тән болуы керек. Абай айтқан «тату жолдас - бір ғанибет» 
деген осы шығар. 
Фрейм-сценарий көрсеткеніндей, өлең авторы «Қансонар» концептісінің қыр-
сырын жетік меңгерген, ұлттық саятшылық өнерден де танымы терең. Дәлелге жүгініп 
көрелік: Ол қыран құс мінезін жетік біледі. Қазақ құсбегілері бүркітті қыр құсы немесе 
таулы жердің құсы деп бөлген. Оған себеп бүркіт ұясын тау сілемі немесе орман 
алқаптарында салуына байланысты. Этнограф-ғалымдардың айтуы бойынша, қазақ 
арасында аңшылықтың кең тараған түрі – аңды бүркітпен аулау, бүркіт ұстап саятшы 
болу, салбурынға шығу. Бүркіт аңға үш түрлі түседі: бірі – шаншыла, екіншісі – 
сыпыра, үшіншісі – іліп түседі [2,132]. 
«Таудағы түлкіні бабындағы бүркіт қана алады» деген мақалдың өлең авторы 
ойымен үндестік тауып тұрғанын көреміз. «Саятшының сұңқары салған жерден іледі», 
«Құс белгісі келіссе, күйкентай құс қаз алар», «Саятшының сұңқары салса, ілмей 
қалмайды» сияқты мақал-мәтелдердің мәні бұл кәсіпті жанына жақын тұтқан
саятшының әбден кәнігі болып, құс тәрбиесіне көңіл бөлетіндігіне ой екпінін түсіреді. 
«Қиядағыны қыран ғана көреді», «Қиядағы қызыл түлкіні, қияннан соққан 
бүркіт алады»; «Ат бегі аттың тұяғына қарар, құсбегі құстың қияғына қарар»; «Құстың 
алғанынан, салғаны қызық»; «Ителгінің қызығына қызсаң, қаршығаңды қамшы 
етерсің»; «Қаршыға салғанның қанжығасы тоқ», – деген мақал-мәтелдер мәдени қауым 
өкілдерінің өмірлік тәжірибесінен туындаған қорытынды, тұжырымы, іс-әрекет 
барысында қаперіне алар ұстанымы деуге болады. 
Осы ұстанымға сай, қорыта айтар болсам, бүркіт сыны Абай поэзиясының бір 
кезеңі ретінде өз бағасын алуға тиіс. Басқа мысалдар секілді Абайдың ақындық 
лабораториясының өзіне тән ерекшелігін танытатын мен талдаған осы өлең ақынның 
«Саятшылық туралы өлеңдер циклы» деп толық мойындауға лайық шығармалар. 
Өлеңнің тақырыбы мен ақындық әдіс-тәсіл, тіпті тұтас сюжет деуге тұрарлық 
құбылыстар осыған дәлел деуге болады. 
ӘДЕБИЕТТЕР: 
1.
Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. – 
Алматы: Ғылым, 1995. – 280 б. 
2.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы ред.басқарған Т.Жанұзақов. – 
Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 776 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет