Дәріс 17.18. Құндылықтар философиясы Негізгі мақсаты: Құндылықтар және славян философиясының бастауы болып табылатын орыс философиясының қалыптасуымен дамуына түсінік беру.
Негізгі түсініктер: славянофилшілдік, батысшылдық, космизм, христиандық экзистенциализм, діни-идеализм, мистикалық философия, еретикалық философия.
1.Аксиология және адамгершілік.
2.Этикалық ілімдердің тарихи типтері.
3.Құндылықтар теориясының негіздері. Құндылық ұғымы. Бар болып отырған және болуы тиіс. Адамгершілік ережелері және құқық ережелері.
4.Негізгі этикалық категориялар (парыз, игілік, мән және қажеттілік, ар-ұят, еркіндік).
5.Адамгершіліктің алтын қағидасы (Конфуций) және бұлжымас императиві (И.Кант).
6. Орыс философиясы.ХІХ-ғасырдың соңы -ХХ-ғасырдың басындағы орыс философиясына жалпы сипаттама. Словонияфильдер және батысшылдар мектебі.
7.Л.Н. Толстойдың өмірдің мәні және адамның өзін-өзі адамгершілікке тәрбиелеу ілімі.
8.В.В.Соловьевтың "орыс идеясы". Н.А.Бердяевтің персоналистік философиясы. Н.Бердяевтың еркіндік концепциясы.
Рух, руханият ұғымдарын нақтылай келе, біз құндылықтар әлеміне келіп тірелеміз. Оны зерттейтін философия саласын аксиология (aksios — құнды, lоgоs - ілім) дейді. Құндылықтар әлемінің өмір сүруінің терең себептері адамның өзінде, оның саналы пенделігінде, өмірдің мән-мағнасын іздеуінде жатса керек. Өйткені адам - ерікті пенде, ол өз тағдырын өзі күнделікті өмірге келетін мүмкіндіктерді таңдау арқылы жасайды. Дүниенің екі жағын - материя мен рухты - бір-бірінен ажыратып, бөлек қарауға болмайды, біз оны жоғарғы тарауларда көрсетуге тырысқан болатынбыз. Адамның өзі, бір жағынан, дене болса, екінші жағынан, рух емес пе? Дегенмен де кұндылыктар әлемін, негізінен, екіге бөлуге болады. Олар материалдық және рухани құндылықтар. Қайсыбір рухани құбылыс өмірге келу үшін заттанса, яғни материалдық қабыққа ие болса, онда шынайы өмірде материалдық және рухани құндылықтарды бір-бірінен қалайша айырып алуға болады? Оларды бөлудің негізінде адамдардың сан-алуан қажеттіліктері жатса керек. Қажеттілік деп адамның өмір сүруіне, оның жан-жақты дамуына керектінің бәрін айтуға болады. Бүгінгі коғамдағы адамдардың қайсыбірі рухани қажеттіліктерін оятып, ең жоғарғы сатыға көтерілді деп айту шындыққа жатпас еді. Өкінішке қарай, материалдық құндылықтарға кұмартқан көпшілік бүгінгі таңда соның шырмауынан шыға алмай жатыр.Егер қайсыбір жануардың қажеттіліктері оның инстинктері арқылы берілсе, адамның қажеттіліктері оның сана-сезімдерінен өтіп, белгілі бір мүдделерге айналады. Жануарлар бір нәрсеге мүдделі деп айту ақылға сыймайды, ол - тек адамға ғана тән нәрсе. Өз мүдделерін іске асыру үшін адам алдына неше түрлі мақсат-мұраттар қояды. Соңғыны іске асыру жолында адам өз ырқын шыңдап, неше түрлі қиындыктардан өтуге дайын болуы керек. Орындалған мақсат-мұрат келесі сатыда жаңа кұндылықтарға бағыттайды т.с.с. Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің кұндылығын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы — сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі - адамды әрқашанда мақсат-мұрат тұт, оған ешқашанда құрал ретінде қарама деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек деген тұжырым шықпауы керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдетіп, үндесті (гармония) өмір сұруі қажет.
Әрине, бүгінгі таңда адамды құрал ретінде пайдалану өмірде жиі кездесетін құбылыс. Адам өмірде кейбір кезде өз орнын таба алмай, қиналып, зардап шегеді, тіпті өмірден түңілуі де мүмкін. Уақытында М.Монтень айтқандай, «кімнің басына сартылдап бұршақ ұрып жатса, сол бүкіл жер бетін найзағай мен дауыл алып кеткендей көреді». Ол, әрине, сол адамның әлсіздігін, тіпті ақыл-ойының тайыздығын көрсетеді дер едік. Әрине, біз бұл өмірге сұранып келген жоқпыз, бірақ осы ғажап Дүниенің бір кішкентай да болса бөлігі ретінде бармыз. Одан артық құндылық бар ма екен?! Өмір қиындықтары, кездесетін сәтсіздіктер - уақытша, оларды жеңе білу керек, өйткені сен адамсың. Түнде сансыз жұлдыздар жымың қағып, Ғарыштың ақылға сыймайтын тереңдігін, сонымен қатар оның бізге жолдап отырған жылы сәлемін көрсетпей ме? Күннің алқызыл атуы мен батуы, асқар таулардың жарқыраған шыңдары, сылдырлап бұлақтан аққан мөлдір су, мойынын бізге қарай бұрған аққудың әсемдігі, бұлбұл кұстың әндері, құмнан қашқан ақ бөкеннің секіргені, сүйген жардың әр қимылы мен қылығы т.с.с. –бәрі де ғажап емес пе?!! Тағы да М.Монтень бізге мынадай ақыл тастайды: «өмірді әрқашанда қуанышты сезіммен қабылда, ол сенің даналығыңды көрсетеді». Адам өмірінен шығатын келесі құндылық - денсаулық, оны дана бабамыз «бірінші байлық» деп кеткен. А.Шопенгауер айтып кеткендей, «адамның бақытты болуының 9/10-ы оның денсаулығына байланысты». Расында да, тек денсаулықтың арқасында ғана өмірде кездесетін ауыртпалықтарды көтеріп жеңуге, ішкі табиғи дарындарды дамытып, шығармашылық деңгейге көтерілуге болады. Сондықтан денсаулыққа саналы түрде қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, өз дене ахуалыңа зәбірлік жасамау керек. Маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық жолына түсу - ең зор байлық - денсаулығыңды өз қолыңмен жоюмен тең. Сонымен қатар, өкінішке орай, өмірде мүгедек, табиғатынан әлсіз туған жандар да кездеседі. Мұндай жағдайда олар өз рухының күші арқылы өмір мәнділігі мен құндылығын, қанша қиын болса да, аша білуі керек, ол үшін, әрине, жақындары, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан көмек қажет. Дұние жүзілік тарих мұндай адамдардың өмір қиындықтарын жеңіп шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өзінің өшпес ізін қалдырғаны женінде мыңдаған айғақтар келтіреді. Қайсыбір қоғамның адамгершілік келбетін сол кемтарларға жасаған ізгі істерінен көруге болады. Өкінішке қарай, біз бүгін бұл жағынан мақтана алмаймыз. Американ философы Э.Фроммның айтуына қарағанда, дін адамның саналы пенде ретіндегі терең табиғатынан - оның өмір сүру бағытын іздеуі мен бір нәрсеге табыну мұқтаждығынан шығады. Бұл, әрине, дін мәселесіне деген кең көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда, адам дүниедегі негізгі діндерді мойындамағанның өзінде, ол бір нәрсеге сенім артып, соған табынуы мүмкін. Тіпті, кейбір жағдайда ол оны саналы түрде сезінбеуі де ғажап емес. Мысалы, бүгінгі таңда реформа барысында біршама адамдар байлыққа, «алтын кошақан» - ақшаға табынады. Олардың ойынша, ақша арқылы сатылмайтын нәрсе жоқ, соның ішінде қайсыбір лауазым иесін, тіпті адамдардың сүйіспеншілік пен басқа да нәзік сезімдерін өзіңе қарай тартуға болады. «Бәрі де сатылады» деген принципке олар сенеді. Жаңа ғана тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағында миллиондаған адамдар марксизм теориясына, болашақта жер бетінде коммунистік қоғамның орнауына сенген жок па? Ал неміс философы К.Ясперске келер болсақ, ол адамзаттың рухани дамуын парасаттылыққа негізделген философиялық сенім деңгейіне көтермей, бүгінгі таңдағы қорланған өзекті мәселелердің шешілуі мүмкін емес дейді. Әрине, адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Адам өз әке-шешесіне, сүйген жарына, жақсы досына, өз халқына, я болмаса адамзат қауымына сенуі мүмкін. Еш нәрсеге сенім арта алмайтын адам бақытсыз, ол өз өмір мәнін тез арада жоғалтады, оның әлеуметтік ауытқуға ұшырайтыны сөзсіз. Мұндай кең түрдегі ойларымыздың ауқымын қысқартсақ, онда осы заманға дейін дүниежүзілік діндердің өмір сүріп жатқанын байқаймыз. Ұлы Қытай халкы уақытында даосизм және конфуциандық философия бағыттарын тудырып, оларды өмір бағдарламасына айналдырды, яғни олар осы халықтың дініне айналды. Олай болса, Дүниені жаратқан Құдай идеясы оларда жоқ. Сондықтан әдебиетте оларды «Құдай ашылмаған» діндер қатарына жатқызады. Мысалы, Дүниені билейтін «тянь» - аспан ұғымы - бейтұлғалық дүниенің алғашқы бастамасы. Мұнда Дүниені жарату ұғымы жоқ болған соң, оның басы да, аяғы да жоқ, ол мәңгі белгілі бір шеңберде айнала береді. Олай болса, адам болмыстың тәртібін зерттеп қана қоймай, ең алдымен өз-өзін танып-біліп, өзгертуі қажет. Негізгі уағыздайтын қағидаларына «табиғаттың даналығы, онымен үндесті өмір сүру қажеттігі» - у-вей, «өз халқыньң тарихи жинаған тәжірибесіне, даналығына сену, яғни әдет-ғүрып, салтты қатаң сақтау» - ли, «адамға сену, оны сүю» - жень т.с.с. жатады. Бүгінгі тандағы беделді діндерге ұлы үнді халқы тудырған буддизм ілімін жатқызуға болады. Ол б.з.д. V ғ. Гаутама Сидхартха деген ұлы адамның ізденісі арқылы дүниеге келіп, бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға кеңінен таралды. Бұл діннің негізгі идеясы - адам рухының асқақтығы, олай болса, адам материалдық дүниеге байланбауы керек (апариграха), өйткені ол одан жоғары. Келесі бүгінгі адамзатқа тікелей қажетті қағида - ешқандай тіршілікке зәбірлік жасамау (ахимса). Будданьң адам алдына қойған талаптарының ішінде ерекше маңыздысы - ақыл-ой, ниет тазалығы. Екіжүзділік, алдап кету, арандату - адамның биік рухани мәртебесіне нұқсан келтіреді. Ешқашанда жек көрушілік оған қарсы қойылған жек көрушілікпен тоқтамаған. Керісінше, ол ұлғайған. Тек қана жек көрушіліктің жоқтығы оны сарқиды деген Будданың тамаша ойы бүгінгі адамзатқа ауадай қажет сияқты. Ақыл-оймен қатар, адамның аузынан шыққан сөздер де жұмсақ болып, адамның жүрегінен шығу керек. Жаман сөз рухани ахуалды ластайды, адами қарым-қатынастарды бүлдіреді. Адамзат руханиятында өз ерекше орны бар, жер бетінде өте кең тараған - христиандық дін. Оны «Құдай ашылған» діндердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені христиан діні кұжаттарында Құдайдың адамзатқа жіберген моральдық Өсиеттері, Оның бұл Дүниені қалай жаратқаны жөнінде мағлұматтар бар. Христиандық діннің ерекше сипаттарының бірі - үштік ұғымы. Яғни Құдайдың бір уақытта берілген үш келбеті бар: ол Құдай-Әке, Құдай-Ұл және Киелі Рух. Келесі: Құдай адамды өзіне ұқсатып, оған ақыл-ой, парасат, сүйіспеншілік сезімін беріп жаратты. Сондьқтан бұл фәнидегі оның алатын орны ерекше. Ол Дүниедегі тіршіліктердің бәрінен де жоғары, сондықтан оларды билеуі, әрі қарай жетілдіруі керек. Адам күнәға белшесінен батса да, оны құтқару үшін Құдай-Әке жер бетіне өз Ұлын - Иса пайғамбарды жібереді. Ол бір жағынан - Құдай болса, екінші жағынан - адам. Иса өз мойнына адамзаттың барлық күнәларын алып, ақылға сыймайтын зардаптардан өтіп, адамзатты Құдай алдында кұтқарады. Сонымен Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігі оны құтқарды. Олай болса, адам да сүйіспеншілікке толы болуы керек. Христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі - адамды сүю. «Жақыныңды сүй, алыстағыны да сүй, тіпті өз дұшпаныңды да сүй» деген ғажап өсиет Иса пайғамбардың аузынан шыққан. Киелі Августин: «Сүй, содан кейін не жасасаң да мейлі», - дейді. Өйткені сүйген адам жамандық пен зұлымдыққа ешқашанда бармайды.Тарихи христиан діні неше түрлі жаңару сатыларынан өтті. Оның шеңберінде неше түрлі жаңа ағымдар пайда болды (католиктік, православиеліқ т.с.с.)- Әсіресе Еуропа топырағында капиталистік қоғам пайда болған кезде, протестанттық ағым пайда болып, жаңа қоғамның этикасын (моральдық қағидаларын) тудырды. Оның негізгі қағидаларының бірі - адам қажымай-талмай еңбек етуге, өмірді өне бойы жетілдіріп, жаңартып отыруға жаратылған. Христиан діні Еуро-Атлантикалык цивилизацияның дамуына зор әсерін тигізді. Бұл дүниені адам мәртебесіне сай етіп қайта құру жолында үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар Дүниені қайта өзгерту жолында Батыс цивилизациясы XX ғ. көп сәтсіздікке ұшырап, ақырында біршама ойшылдар (постмодернизм ағымы) адамның табиғатты өз еркіне көндіру қағидасының мүмкін емес екенін ашық айтуда. Соңғы 300 жыл шамасындағы ғылым мен техниканың зор қарқынмен дамуы, халықты жалпы ағарту, білім деңгейін өсіру, қорланған материалдық байлыққа табыну, өмірде сезімдік ләззат алуға ұмтылу т.с.с. еуропалыктардың пілдей бөлігінің христиан дінінің шеңберінен ауытқып, «индустриалдық» (өндірістік) «кибернетикалық» (есептеу), «сайентологиялық» (ғылым) т.с.с. дін бағыттарының пайда болуына әкелді, деп есептейді Э.Фромм. Дүниежүзілік дәрежедегі соңғы дін - Ислам діні. Оның да, христиандық дін секілді, шыққан рухани қайнар көзі Таяу Шығыста. Бұл дін VII ғ. араб көшпенділері арасында дүниеге келеді. Атақты неміс ғалымы М.Вебер исламды Дүниені бағындыратын жауынгер діні дейді. Сол себепті Сары-Арқаның көшпенділері де бұл дінді ұнатып қабылдаған болар деп ойлаймыз.Ислам дінінің негізгі қағидаларына тоқталсақ, оның Құдайы -Алла -- осы дүние мен адамды жаратқан рухани құпия кұш. Христиан дініндегідей мұнда үштік мәселесі жоқ. Ол - жалғыз және өз Құдіреті арқылы жаратқан дүниенің ар жағында мәңгілікті өмір сүреді. Ол Мұхаммед пайғамбар арқылы өз өсиеттерін адамдарға жеткізді, сол себепті исламның негізгі кұжаты - Құран дүниеге келді. Ислам діні адамды табиғатқа қарсы қоймайды. Алла тағала жаратқан Дүние - керемет, ғажап, сондықтан адам алдында оны қайта құру, өзгерту мақсаты жоқ, ол табиғат шеңберінде өз орнын тауып, өмір сүруі керек. Адам, әрине, саналы және ырықты пенде болып жаратылған, ол жақсылық пен жамандықты айырып, таңдай алады. Дегенмен де Алла тағала адамға өмірдің барлық саласында қалай өмір сүру керек екенін Құранда көрсетеді (Шариғат). Иран халқының ойшылы Аятолла Хомейнидің айтуына қарағанда, «адам өмірінің бірде-бір тіпті кішкентай бөлігі Ислам ілімінің назарынан тыс қалған жоқ». Сондықтан да Ислам діні көп жағдайларда әлеуметтік-саяси мәселелерге араласып, мемлекетпен өте тығыз байланыста болады. Кейбір кезде діни қайраткерлер үкімет басына келіп, теократиялық тәртіп орнатады (Иран, Сауд Аравиясы т.с.с.). Ислам дінінің тереңде жатқан рухани негізі қауымдық пен теңдікке (эгалитаризм), қоғамдық мүддені жоғары ұстауға кетеді. Сондықтан қайырымдылық, әлсіздерге қол ұшын беру осы діннің негізгі қағидаларының бірі болып саналады. Экономика саласындағы Батыстық пайда, кірісті мейлінше көбірек табу, құнды қағаздар нарығындағы пайда табу әдістерін, өсімқорлық сияқты нәрселерді Ислам діні қабылдамайды. Экономика - адамдардың өмір сүруіне жағдай жасайтын құрал ғана, ол ешқашанда өз-өзіне жеткілікті мақсат-мұрат емес. Бұл жағынан алып қарағанда, Ислам неше түрлі социалистік идеяларға жақын екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұрынғы Кеңес Одағының біршама Ислам елдерімен өте тығыз байланыста болғанын түсінуге болатын сияқты. Тағы да Исламды Христиандық дінмен салыстырсақ, Алла тағаланың қаһарлы Құдай екенін байқаймыз. Ол жеке адамның Өзіне ұқсастығын мойындамай, оның тәкаппарлығын судай басады.Ислам елдерінде гомосексуализм, лесбиандық, нашақорлық, порно-графия, аборт т.с.с. Батыстағы кең тараған нәрселерге тыйым салынған. Сондықтан да Батыс өмір жолының ақпарат құралдары арқылы дүние жүзінде кең тарауы Ислам елдерінде наразылық тудырып, қазіргі діни іргелілік (фундаментализм), экстремистік қозғалыстар себептерінің бірі болып отыр.Бүгінгі адамзатты бірде-бір дін толығынан қанағаттандырмайды. Сондықтан Жер бетінде мыңдаған жаңа діни секталар өз көзқарасы, рухани кұндылықтарын уағыздауда. Олардың кейбіреулері адам үзілді-кесілді шайтан жолына түсті, сондықтан ақыр заман көп кешікпей келеді десе, екіншілері еш нәрсеге зәбірлік жасамауға, ет жемеуге (вегетариандық), табиғатты аялауға, төзімділікке, бейбіт өмірге шақырады. Мұндай қозғалыстар біздің елімізде де бар. Бүгінгі біртұтастыққа бет алған адамзатқа болашақта, әрине, жаңа дін керек болуы ғажап емес. Ол бүгінгі діндердің жақсы жақтарын қамтып, адамзатты келісімге, зорлық-зомбылыққа тойтарыс беруге, адамды аялап, сүюге, жер бетіндегі тіршілікті сақтауға бағытталуға тиіс. Өкінішке қарай, рухани саладағы өзгерістер тарихи өте баяу қарқынмен жүреді. Солай десек те, тек рухани жаңарудың негізінде ғана адамзаттың қорланған қайшылықтары шешілуі мүмкін. Үнді халқының ұлы ақыны Р.Тагор айтқандай, «заттарды аз уақыттың шеңберінде білуге болады, бірақ олардың Рухын аңғару көп ғасырларға созылған тәрбие мен адамның өзіндік тежеуін талап етеді». Расында да, бұл өмірде болу, тек қана өмір сүру адамға жеткіліксіз. Әр адам өз болмысының бүкіл тіршілікпен, жер бетіндегі әрбір затпен бірге жаратылғанын, «бәрі де бірдің ішінде, бір – бәрінде» екенін сезінбей, жаңа рухани ахуал келмейтінін білуіміз қажет. Негізінен алғанда, барлық діндер бүкіладамзаттық моральдық қағидаларды алға тартып, соның арқасында халықтың рухани бірлігін қамтамасыз етеді. Қайсыбір діннің беделі оның уағыздаған моральдық құндылықтарымен байланысты, өйткені олардың қайнар көзін Құдайдың құдіретті өсиеттеріне әкеліп тірейді. Енді бұл арада моральдық құндылықтарды талдауға уақыт келген сияқты. Әрине, адамның ішкі рухани өмірінде жақсылық, абырой, ар-намыс, парыз сиякты моральдық құндылықтардың бар екенін ешкім де теріске шығармас. Осы және т.с.с. рухани құндылықтарды жан дүниесінде сақтап қалу үшін ол көп нәрселерден айырылуға дайын. Біздің ойымызша, моральдың арқауын «тұлға мен қоғам» арасындағы қарым-қатынастардан іздеу керек. Өйткені адам басқа кісілермен сан алуан байланыс, өзара іс-әрекетке түсіп қана өмір сүре алады, ол оның әлеуметтік табиғатын көрсетеді. Бұл арада моральдық сананың ережелік, нормативтік ерекшелігін алға тартуға болады, өйткені күнбе-күнгі адамдардың миллиондаған іс-әрекетін ретке келтіру үшін олар ереже, қағида, идеал ретінде қорытылады. Моральдық сана шындықты алдын ала болжай алады, оның талаптары күнделікті өмірлік қатынастардың ар жағына өтіп, бізді тиістік әлеміне әкеліп тірейді. Бұл арада біз моральдың аксиологиялық (құндылық) жағына келіп тірелеміз. Расында да, моральдық норма арқылы ғана өзіңнің, я болмаса басқаның жүріс-тұрысын бағалауға мүмкіндік аласыз. Олай болса, ол тек қана бізге қоғам өмірінде өзіңді қалай ұстау керек екенін көрсетіп қана коймай, адамның ішкі руханиятының ажырамас бөлігіне айналады. Моральдық қағидалар адамдардың мәндік қасиеттерін құрайды. Сондықтан адамның моральдық қағидаларды таңдап, оны өз құндылықтарына айналдыруы оның өмір бағыты мен өмір салтын анықтайды. Сол себепті саясаттан бастап нақтылы күнбе-күнгі адамдардың қарым-қатынасына дейін барлық әлеуметтік құбылыстар моральдық тұрғыдан бағаланады. Моральдық қағидалар біздің алдымызға абстрактілік жалпыға бірдей талаптар қояды. Өмірдегі нақтылы қарым-қатынастар оның мазмұнын біршама өзгертуге мәжбүр етеді. Мысалы, ерлік пен батылдық, абстрактылық тұрғыдан алғанда, жақсы құндылықтар. Қиын-қыстау жағдайларда әр азамат өз елін қорғау жолында бұл қасиеттерді көрсете білу керек. Сонымен қатар батылдық жемқор шен иелерінің, я болмаса қылмыскерлердің де қасиеті болуы мүмкін. Уақытында Гитлер неміс халқына: «Мен сіздерді ар-ұждан сияқты құбыжықтан босатамын», - деген болатын. Осы уақытқа дейін фашизмнің жасаған сансыз зұлымдығы адамзаттың есінде қалуда. Өз халқымен күресіп, оны тарихта болмаған қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыратқан сталиндік тоталитаризмге де сондай баға беруге болады. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қандай да болмасын тоталитарлық қоғам мен бүкіл адамзаттық моральдық қағидалар ешқашанда бір-бірімен ымыраға келмейді. Бұл арада біз моральдың бүкіл адамзатгық қарапайым кағидаларына келіп тірелдік. Олар бір қарағанда тұрпайы сияқты болғанымен, қазіргі адамзат тағдырына өте маңызды болып отыр. Өйткені тек қана бірлесіп, сабырлылық пен төзімділік, қайырымдылық көрсетіп, зұлымдыққа жол бермей, мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешіп, ядролық соғыс пен экологиялық апатты болдырмауға болады. Сол сияқты нақтылы адами қарым-қатынастарда да төзімділік пек адалдықтың, біреудің қайғысына ортақ болу, аяушылық, үлкенді сыйлау, әке-шешеге риясыз кұрмет көрсету т.с.с. құндылықтардың маңыздылығын асыра бағалау қиын. Моральдық саланың ең биік көрінісі - сүйіспеншілік. Тек сол арқылы ғана адамы болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды. Оны шығармашылыққа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын — тек қана сүйіспеншілік. Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет сүйіспеншілік ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жеккөрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша, алғашында Ғарыш сүйіспеншіліктің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаупгершілік сүйіспеншілікті ысырып, біртектілікті бір-біріне қосып, әртектілікті бір-бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып, әртектіні бір-бірімен қосып, біртектілерді бір-бірінен ажыратады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықты жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы жақтары бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, бір-бірін тартып (Эмпедоклдың сүйіспеншілігі), сонымен қатар өз болмысын сақтау жолында итереді (жаугершілік).Платон да өз еңбектерінде сүйіспеншілік мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық сүйіспеншілік) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі - жердегі сезімдік құмарту болса, екіншісі -аспандағы идеалды, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот -байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы Пенидің баласы. Сондықтан ол қайшылықты. Ол өне бойы төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы -өлместікке жету болса, Эрот шығармашылық шабытын тудырып, сүйіспеншілік арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші - ең биік жағы - Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық сүйіспеншілік ол Әсемдік, Ізгілік және Акиқатқа деген құмарту. Өйткені олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.Орта ғасырдағы философияда сүйіспеншілік мәселесіне көп көңіл бөлген А.Августин мен Қ.А.Яссауиді келтіруге болар еді. Киелі Августиннің ойынша, «жер қаласында» адамдар Құдайды ұмытып, өздерін ғана сүйеді, өйткені олар күнәға белшесінен батқан. Ал «аспан қаласында» рухани кауым өздерін ұмытып, тек Құдайды ғана сүйеді. Ол кісі мынадай тамаша ой қалдырды: «Сүй, содан кейін не қалағаныңды істей бер!». Бұл ойдың мәні мынада: шын сүйген ешқашанда зұлымдық жасамайды, ол тек қана әсемдік пен жақсылыққа қарай ұмтылады. Қ.А.Яссауи де бұл жалған дүниедегі еш нәрсеге құмартпай, Алла тағалаға толығынан беріліп, Оны барлық жан-тәнімен сүюге шақырады.Тарих қойнауына Ренессанс (Қайта өрлеу) дәуірі кірген кезде, жердегі сүйіспеншілік қайта өз күшіне енеді. Адам өз руханиятымен ғана емес, сонымен қатар денесімен де әсем. Ол неше түрлі күштерге толы, сондықтан өз сүйіспеншілігінің арқасында ғарыштың барлық жақтарымен үндесті байланыстар жасап, оларды өзгерте алады. Дж.Бруно сүйіспеншілікті лаулаған ыстық дүниетануға деген құмартумен теңейді. Адам неше түрлі қайғы-қасірет пен болашақ өлімнен тайсалмай, Дүниенің сиқырлы күштерін ашып, шаттық сезіммен шексіз де сарқылмайтын құдіретті Табиғатпен бірігеді. Ақиқаттың жолында өз өмірін құрбан етіп, ойшыл осы ойын өз өмірімен дәлелдеген жоқ па?!Жаңа дәуірде Р.Декарт «Жанның құмартуы» деген еңбегінде: «Сүйіспеншілік - дегеніміз рухтың ықпалындағы жанның қобалжуы, сүйетін зат пен жан ерікті түрде қосылады да, басқалардан ажырайды», - дейді. Ол сүйіспеншіліктің түрлерін көрсетуге тырысады. Біріншісі - сүйген жанға жақсылық тілеу және осы жолда өзін құрбан етуге дайын болу. Оның айқын мысалы ретінде әке-шешенін баласына деген сүйіспеншілігін келтіруге болады. Екінші - «нәпсі итерген сүйіспеншілік». Оған мысал ретінде ердің сүйген әйелге деген құмартуын келтіруге болады. Үшінші - бір нәрсеге құмар болу, соған берілу. Мысалы, ішкіштің араққа, ойыншының картаға т.с.с. құмартуы, онда ешқандай сүйіспеншілік жоқ, тек қана соны иелену, тұтыну ғана бар.Неміс ойшылы В.Лейбниц «достық-сүйіспеншілікті» бірінші орынға қояды. Ол мөлдір риясыз сүйіспеншілікті күңгірт өзімшіл ләззат алуға деген құштарлықтан айыру керектігін айтады. Шынайы сүйіспеншілік жетілуге қарай ұмтылдырады.Ал В.Шеллингке келер болсақ, ол сүйіспеншілікті ғарыштық тұрғыдан қарап, оны дүниежүзілік Абсолюттің іс-әрекетінің негізгі қағидасына айналдырады. Сондықтан қоғам өмірінде әр адам өз сүйіктісін тауып, ең жоғарғы тепе-теңдікте бір-бірімен қосылады. «Сүю дегеніміз сүйіктіні тілеу ғана емес, сонымен бірге өзін соған кұрбан етуге дайын болу», - деп қорытады ұлы ойшыл. Бұл мәселеге өз үлесін қосқан ұлы Г.Гегель де болды. Оның ойынша, шынайы сүйіспеншіліктің мәні - өзіндік санаңнан бас тартып, өзіңді басқаның «менінде» ұмытып, сонымен қатар осы жоғалту мен ұмытуда өз-өзіңді алғаш қайтадан тауып, өзіңмен болу. Біздің ойымызша, мұндай сүйіспеншілік махаббатың ең биік шыңы болса керек. Л.Фейербах: «Адамға деген сүйіспеншілік адамның ең жоғарғы да бірінші заңы болуға тиіс», - деген тамаша ой айтады. Сүйіспеншіліктің негізін ер мен әйелдің бір-біріне деген жыныс тартуынан көреді. Сонымен қатар ол неше түрлі рухани, моральдық, эстетикалық сезімдермен безендіріледі. Сондықтан адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігін ол діндік дәрежеге көтеру керектігін айтады. А.Шопенгауердің ойынша, дүниежүзілік Ырық сүйіспеншілік арқылы адамдардың ұрпақ жалғасын қамтамасыз етеді. «Ал неше түрлі ғашықтық сезімдерге келер болсақ, олар табиғаттың жасаған адамдар ұсталып қалатын торы ғана», - дейді ойшыл. Сүйіспеншілік Дүниежүзілік Ырықтың өз болмысын қамдайды. Ол, жалпы алғанда, өмір мен билікке деген сүйіспеншілікті құрап, оның көрінісі адам махаббатында қол астындағы болмысты аттап өтуге, сүйген адамды жеңіп, көндіруге деген іңкәрлікті тудырады. «Сонымен сүйіспеншілік өмірлік шығармашылыққа әкеліп, бұрынғы өмірді терістейді, олай болса, ол өлімнің табалдырығына әкеледі», - деп қорытады ойшыл өз ойларын.Ф.Ницше ер мен әйел махаббатын бір-біріне қарсы қояды. Егер ер: «Мен сүйемін!» - деп өзін бақытты сезінсе, әйел: «Мені сүйеді», — деп шаттанады. Сондықтан ер билеп-төстеуге ұмтылады да, әйел көнуді тілейді. Екі жақтың бір-біріне деген махаббаты әр-түрлі болғаннан кейін, олардың ішкі өмірінде шаттықпен қатар абыржу, достық пен жек көру, таңғалу мен менсінбеу т.с.с. қайшылықтар пайда болып, ақырында сүйіспеншілік алғашқы биологиялық негіздеріне қайтып оралады.Енді бұл салада болған XX ғ. ахуалды талдауға уақыт келген сияқты. Ол, негізінен алғанда, екі төңкерістің болуына байланысты. Оның біріншісі - патриархалдық қатынастардың әлсіреп, әйелдердің белсенді түрде қоғам өміріне атсалысып, өз бостандығын алуында болса керек. Мұны жыныстық саладағы демократиялық революция десек те болады. Әдебиетте биархаттық (би -екі, архе - билік) деп те атайды. Өйткені тәні, жанымен де әртүрлі ер мен әйелдің әлеуметтік теңдігі бірте-бірте орнап жатыр. Әрине, бұл үрдіс нәзіктік пен ізгілікті өмірде көбейтетіні сөзсіз. Оны жақсылық деп бағалауымыз керек.Екінші төңкеріс - ғылыми-техникалық революцияның негізінде өндіргіш күштердің орасан зор дамуының арқасындағы батыс елдеріндегі «тұтыну қоғамының» орнауы. Адамдардың өмір құндылығына жайлы өмір, пайда табу, ләззат алу т.с.с. айналуы. Егер көне гректер ләззат дегеніміз - зардабтың жоқтығы деп есептесе, бүгінгі дамыған елдерде ләззат алуды мейлінше көбейту өмір мақсатына айналды. Осындай тәндік-сезімдік өмір бағыты махаббатты да ерекше тұтынуға болатын тауарға айналдырды. Бұл үрдіске өз үлесін қосқан З.Фрейд болды. Ол адам психикасының өзегінде ақыл-ой, парасат емес, бейсаналық, ал соңғының өзегінде жыныстық күш-қуат –Libido - жатыр деген пікірге келіп, бүкіл мәдениет саласы дегеніміз - сол жыныстық импульстерді ауыздықтауға бағытталған құбылыс деген пікір айтты.Г.Маркузе осы идеяларды әрі қарай дамытып, адамды езетін, оларды бір-бірінен алыстатып жаттандыратын жалғыз ғана мәдениет формалары емес, сонымен қатар экономикалық үстемдік, адамды адамның қанауы дегенді айтты. Адамнын зардап шегуі, ауруы, оның шығармашылық мүмкіндіктерінің сарқылуы, көңіл күйінің жүдеуі, өмірге тұрпайы тұлыну тұрғысынан ғана қарауы т.с.с. себептері жыныстық және экономикалық репрессиялармен байланысты. Сондықтан бүгінгі таңдағы адамзатқа қанаудың барлық түрлерінен «Ұлы бас тарту» қажет. Ол үшін ең алдымен «жыныстық (сексуалдық) революция», «жаңа сезімталдық», «жаңа эстетикалық өмір көрінісін» тәрбиелеу қажет деген анархистік ұранды алға тартады. Оның ойынша, сонда ғана «шығармашылық Эрос пен ләззаттық», шынайы «еркіндік пен қиял», «махаббат пен әсемдік» жер бетінде орнайды. Мұндай идеялар Батыс қоғамында, әсіресе студенттер қауымында, XX ғ. 60 жж. нағыз тұрпайы шын өмірдегі «жыныстық революцияға» әкелді. Тәндік-сезімдік ләззат алуға бағытталған, рухани өмірі жүдеген қоғамда басқа нәтиже болу мүмкін еместі. Газет пен журналдардың беттерінде, теледидар экрандарында жыныстық ләззат алуға арналған мақалалар, фильмдер қойылып, бұл «революцияны» күшейте түсті. Соның салдарынан жастар арасында «топтық секс» (3-4 адам бірігіп жасалатын), «біржыныстық секс» (ердің ермен, әйелдін әйелмен), «садистік секс» (ұрып-соғумен жүретін), «бейби секс» (балалармен), «анимал секс» (жануарлармен), «сериалық секс» (күнде жаңа адаммен) кеңінен тарады. Жыныстық сезімнің физиологиялық жағы нағыз адами - рухани-эстетикалық - жағынан ажыратылып, адамның жануарлық-табиғи жақтары тұрпайы тұтынудың кұралына айналды. Орта ғасырдағы ойшылдардың «адам рухани пенде ретінде Құдайға парапар, ал дене ретінде - жануардан да төмен дәрежеге түсуі мүмкін» деген болжамдары расталған сияқты болды.Өкінішке қарай, қоғамды қайта жаңарту барысында, біздің елге де жыныстық революцияның «жетістіктері» орасан зор мөлшерде батыстың тұрпайы мәдениет туындылары арқылы ағылып келіп жатыр. Телекомпаниялар пайда табудың «тиімді» құралына кенелді, ал «батысшылардың» ойынша, батыс цивилизациясы бүкіладамзат алдында келе жатқаннан кейін (олар оған күмәнданбайды), оның көрсеткен жолын қайталамасқа болмайды. Бүгінгі таңдағы жезөкшелік, зорлық-зомбылық, қылмыс т.с.с. теріс құбылыстардың тез қарқынмен елімізде өсуінің бірден-бір себебі батыс тұрпайы мәдениетінің ықпалы болса керек. Ол өз руханиятымызды жүнге түскен күйе сияқты құртуда.Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, сүйіспеншілік деп адам мен адамды бір-біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең биік көріністерін айтсақ та болады. Ал оның қайнар көзі Ғарыштың өз ішіндегі тарту күштерінде болса керек, сондықтан көне заман ойшылдарының «Ғарыштық сүйіспеншілік» туралы интуициялары философия тарихында оқтын-оқтын қайталануда. Сүйіспеншіліктің ғажап түрі - жер бетіндегі барлық халықтардың мыңдаған жылдардағы жинаған ән-күйі мен дастандарының арқауына айналған махаббат сезімі. Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу, Төлеген мен Қыз-Жібектің бір-біріне деген жалынды махаббаты Ромео мен Джульетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты, аянышты трагедиямен аяқталды. Бүгінгі таңда да қаншама Қыз-Жібек мен Төлегендердің бір-біріне деген мөлдір махаббаты жартасқа соғылған толқындай күл-талқан болып жатыр!!! Тіпті бақытты жандардың махаббат сезімінің өзі-ақ оқтын-оқтын аянышты ахуалдар мен сезімдерге ұшырайтыны баршамызға мәлім. Онын себептерінің ішінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық құмарту сезімінің жүре келе сарқылуында болса керек. Өкінішке қарай, ол мәңгілік емес, күндердің бір күнінде таусылады. Екіншіден, қоғам еміріндегі әлеуметтік мәселелердің қоятын тосқауылы. «Сүйген жармен күрке де жұмақтай» деген көпірме сөз ащы шындыққа келіп тірелгенде, нағыз тозаққа айналатыны сөзсіз. Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық тартуы жатыр. Ғашықтардың сол жыныстық күш-қуаттары бір-біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар махаббатты толығынан жыныстық тартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас - махаббатты тәндік-сезімдік ләззат алуға теңеу - қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егерде адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззатқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, «Дон-Жуанизмдікке» әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзін жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан дүниесіндегі рухани күш-қуатпен безендіріліп толысады, неше түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктісінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз - шын жүрегіңмен сүю, махаббаттың отында лаулап жану дер едік. Сонда ғана толыққанды «мен бұл өмірде болдым!» деп айтуға болатын сияқты. Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін сүйіспеншіліктің түрі - әке-шеше мен балалардың бір-біріне деген сезімі. Әсіресе ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын олар қандай да болса да, барлық жан-тәнімен сүйеді, өйткені олар оның ішінен шықты. Ана әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке балаларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жалғыз ғана талабы - баласы бұл өмірде аман-есен болса екен. Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жалғыз ғана әке-шешесі емес, сонымен қатар басқа да туыс, жолдас-жора, көрші-көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз - бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы-қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с. Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған айнала қоршаған ортаны -табиғатты да сүйеді. Қазақ жері - жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Греция емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке қарай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді. Енді, міне, жоғарыда көрсетілген осы екі сүйіспеншілік «Отан» деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз -туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген сүйіспеншілік болып табылады. Осы екі сезім бір-біріне қосылып, оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) - - өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз - елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз - тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа үлттар өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне атсалысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін, бүл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек. Сонымен қатар Отанды сүюге «жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық» деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан да төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қомпиып, өз-өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, тайыздық, асырасілтеушілік, шыдамсыз отансүйгіштік те жаксылыкқа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын-қыстау заманда толығынан сену де - қиын шаруа. Нағыз Отанын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді. Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп, өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған окиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын үрдістерді аша алады. Осы сәтте біз кейбір ауқатты әлеуметтік топтар, біршама жастар арасында кең тараған өмірлік бағдарлауға тоқталсақ дейміз. Ол - тек болашақты ойлап өмір сүрсең, соңында көрдің алдына келесің. Сондықтан казір және тап осы жерде өмірден ләззат ала біл деген соңғы жылдары пайда болған қағида. Мұндай қағиданың пайда болуының негізінде біршама себептер жатыр.Біріншіден, бұрынғы Кеңес қоғамының шеңберіндегі «болашақ коммунизм» жөніндегі идеология жалғандығының әшкереленуі. Екіншіден, Батыс «бұқара мәдениетінің» тұрпайы туындыларының тигізген және қазіргі уақытқа дейін тигізіп жатқан әсері. Үшіншіден, тарихи кезеңнің ерекшелігіне байланысты кейбір адамдардың тез арада баюы, жеңіл жолмен келген ақша буының әсері дер едік. Әрине, өмірдің әр сәтін бағалап, тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар болашағын ойламаған адам жаз айында бір гүлден екіншісіне қонып, күздің келетінін байқамайтын көбелекке ұқсар еді. Екінші жағынан, мұндай өмірге деген көзқарас адамның саналы пенде ретіндегі абыройы мен ар-намысын аяққа басады дер едік. Өйткені қай ел болашақ ұрпақтарын ойламайды? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе - тоталитарлық қоғам кезінде ластанған жер, су, ауаны тазарту болмақ. Болашақ ұрпақтар радиация, тұзды ауызсу, түтін ауаның не екенін тарихи фильмдерден ғана көрсе екен деп тілейік. Екіншіден, кең түрде алынған ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесі. «Болашақта ұлттық мәдениет түрлері қоғам өмірінің сыртқы шеңберіне ысырылып, мұражай экспонаттарына айналады да, батыс «масс-медиа» жасаған бұқараға арналған туындылар үстем болады», -деген «батысшылардың» қара пейіл болжамдары іске аспауы керек. Ол үшін жас ұрпақ білімді, өмірге белсенді қатысатын, өз мәдениетін қорғай алатын нағыз отаншыл азамат болуы тиіс. Отанын сұйген азамат білімі мен мәдени дәрежесі өскен сайын бүкіладамзаттың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздігіне ренжиді, өз халқының өмірінің адамзат тағдырымен тығыз байланысты екенін байқайды (жаһандану үрдістері). Сонымен ол бүкіладамзатты сүю дәрежесіне көтеріледі. Өз жерін шын сүйген азамат бүкіл тіршілікті дүниеге әкелген Планетамызды, оған өзінің бітпес күш-қуатын төгіп тұрған жүлдыз Күнді, бүкіл Галактиканы өзін сияқты сезініп, «Ұлы мәртебелі Табиғатқа» осы ғажап болмысқа -Өмірге - әкелгені үшін шексіз алғысын айтудан қажымауы керек. Ал егер адам Құдайға сенсе, өзінің Соған деген махаббатының арқасында Оны өз жүрегінен табуы әбден мүмкін. XIX ғасырдың орта шеніне таман Ресейде буржуазиялық - демократиялық қозғалыс үдей түседі. 1861 жылғы басыбайлық құқықтың жойылуына байланысты бұл қозғалыстың буыны бекіп, ол қанатын кең жая бастайды да оның басына орыс қоғамының зиялылары келеді. Ол кезде Ресейде капитал истік қоғамдық зиялылары келеді. Ол кезде Ресейде капиталистік қоғамдық қатынастар қалыптасып, дами бастаған болатын. Орыс мәдениеті, қоғамдық ой мен философия жаңа бағытқа бет алған еді. Бірақ Ресейдің әлеуметтік қоғамдық өміріндегі қайшылықтар тым шиеленістіп кеткен, өндірістік қатынастар тым шиеленісіп кеткен, өндірістік қатынастар дағдарыс жағдайында болатын. Бұған Ресейдің орыс - қырым соғынындағы (1853 - 1856ж.ж.) жеңілісе де әсер еткенді. Бұл кезде Полынада, Финляндияда, Казказда, Орта Азия мен Қазақстанда да патшалық езгіге қарсы бағытталған көтерілістер жүріп жатты. Патшалық ресей оларды жаныштап, қарудың күшімен басып отырды. Көтерілістердің қатарына Қазақстандағы Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмүхамедүлы бастаған ұлт - азаттық сипаттағы қарулы көтерілістерді жатқызуға болады. 1849 жылы Фейербахтың «Христиандықтың мәні» деген еңбегімен танысқаннан кейін материалистік философияның дұрыс бағыт екендігіне Чернышевскийдің көзі әбден жетеді де, бұрынырақ қалыптасқан Гегельдік философияның ықпалында болушылық қасиеттерінен біржолата арылады. Ал, кейіннен ол өзін Фейербахтың шәкіртімін деп те жариялайды. 1856 - 1862 жылдары Чернышевский «Замандастар» журналын басқарып, оны төңкерісшіл демократтардың органына айналдырады.Н.Г. Чернышевскийдің материалистік философиясы А. И. Герцен мен В. Г. Белинский салып кеткен жолымен Фейербах философиясын нақтылау және ілгері дамыту барысында қалыптасады. Идеализмге қарсы күрес оның ғұмырлық ісі болды. Ол философия тарихымен ертеден танысты, Платон, Кант, Гегель сияқты идеалистердің негізгі қағидаларын жоққа шығарды. Ол гегельдік диалектиканың тұжырымдары мен гегельдік саяси көзқарастың арасындағы қайшылықты жіті көре білді және Гегельді сонысы үшін қатты сынға алды. Чернышевкий өз заманың жаратылыстану ғылымдарының табыстарымен де жете таныс болды. Чернышевскийдің философиялық шығармаларында болмыстың санаға қатынасы туралы негізгі мәселе материалистік тұрғыдан шешіледі. Ол, әсіресе, Кантты агностицизм және адамзат білімін «өзіндік заттан» шығара алмағандығы үшін мықты сынайды. Чернышевский материалистік таным теориясын дамыта отырып, алғаш рет практиканы ақиқаттың өлшемі ретінде таным теориясының құрамына енгізді. Сонымен қатар, ол басқа материалистер сияқты практиканы сезімдік тәжірибе ретінде емес, адамдардың табиғатты өзгертуге бағытталған іс әрекеті ретінде қарастырады. Ол өз шығармаларында басыбайлыққа қарсы күрескен қалың шаруалар бұқарасының арман - тілегі бейнелейді. XIX ғасырдағы Ресейдегі идеалистік философия Иван Киреевский, Алексей Хомяков және тағы басқа славянофилдердің аттарымен тығыз байланысты. Олардың христиандықты орысша түсінуге негізделген идеалистік философиясы өз алдына философияны түсіндірудің неміс типінің Ресей үшін пайдасыз екендігін ыспаттау мақсатын қойған. Олар бұл ретте орыс рухани өмірінің ұлттық ерекшеліктеріне және шығыс шіркеуінің белсенді ғұламаларының шығармаларына арқа сүйеуге тиісті болды. Бірақ, Киреевский де, Хомяков та ешқандай да философиялық жүйе құрып, арттарына қалдырған жоқ. Дей тұрғанмен, олар философиялық қозғалысқа рух беретін бағдарлама жасап, зиялы қауымға ұсынды. Ал, бұл орыс ойының сол кездегі Ресейде христиандық көзқарасты насиқаттаудағы қолы жеткен табысы болды. Жалпы алғанда, бүгінгі ресейлік философтар практика мен қазіргі заманғы ғылыми танымның байланысын зерттеу үстінде. Сонымен қатар олар материалистік диалектиака құрылымын бүтіндей қарастыру мәселесін де өз алдарына қойып отыр. Философия әрдайым дамыған және алға қарай да дами бермек, ол еш уақытта бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі өткеннің тарихи фактірлерін, бүгінгі күннің шындығын және болашақтың қажеттерін ескере отырып дамуға тиіс. Және солай болып та келеді. Оған ешбір күмән болуға мүмкін емес.
Тақырыпты пысықтау сұрақтары; 1.Рухани құндықытра деп нені айтамыз.
2.Отанды сүю дегеніміз не.
3. Орыс философиясының ерекшелігі.
4. XIX ғасырдағы орыс философияның маңызы.
5. Қазіргі қоғамның рухани құндылықтары.