Герман Гессе (1877-1962) - белгілі неміс ақыны, прозаик. Ол өмірінің көп бөлігін Швейцарияда өткізген. 1923 жылы осы елдің азаматтығын алып, ұлтшылдардың қуғын-сүргінінен құтылып, Германияда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістерді бақылап отыруға мүмкіндік алады. Гессенің «Дөңелектің астында» (1906) атты ең алғашқы шығармасы ел арасында танымал болады.
Герман Гессенің шығармашылығында біршама қарама-қайшылықтарды байқауға болады. Ол кейде өзі жоққа шығарған нәрсесін дәріптеп көрсетеді. Германиядағы өмір өте қызықты әрі тыныш болып көрінеді. Оның кейіпкерлері орта ғасырдың сәулет құрылыстары сол қалпында сақталған Германиянының қалаларын аралайп, ғажайып өмір сүреді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Гессенің дүниетанымына айтарлықтай әсер етіп, өзінің мақалаларында барлық жазушыларды соғысқа қарсы күресуге шақырады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте Гессе бұрынғы мақалалары жазылған «Соғыс және Бейбітшілік» (1940) атты жинағын шығарады. Бірақ оның көркем шығармаларында саяси мәселелер қозғалмайды. Гессенің 1919 жылы жазылған «Клейн мен Вагнер», «Клинг Зораның соңғы жазы» (1920), әсіресе 1927 ж. жазылған «Дала қасқыры» романы үлкен жетістікке ие болады. Шығарманың кейіпкері Дала қасқыры деп атанып кеткен Гарри Галлер өзі майданда болмаса да, батыл түрде соғысқа қарсы шығып, соғыс жылдары сынақтан өте алмаған дәстүрлі адамгершілік құндылықтарын жоққа шығарады. Гессе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Дала қасқыры» төніп келе жатқан фашизмді ескерту үшін жазылғанын айтады. Бірақ өз уақытында оны түсінгендердің саны аз болатын. Швейцария республикасының азаматы, неміс ақыны Гессе өзінің соңғы жылдары жазылған шығармаларында адамның рухани құндылықтарын жоғары бағалап, төніп келе жатқан әлемдік апат туралы болжаулар жасайды.
Бертольт Брехт (1898-1956) - немістің атақты драматургы, драма теоретигі, режиссер, прозаик әрі ақын. Мюнхен университетінде білім алып, әдебиет пен философияны, кейін медицинаны оқыған. 1918 жылы майданға аттанып, Аугсбергтегі госпитальде санитар болған. 1924 жылы Брехт Берлинге келіп, онда неміс театрында драматург қызметіне орналасады. 18 ғасырдың ағылшын драматургы Джон Гэйдің «Бейшаралар операсы» атты шығармасының желісінде жазылған Брехтің «Үш тиындық операсы» (1928) үлкен жетістікке ие болады. Б. Брехт 20 жылдардың ортасынан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін «эпостық театр» теориясымен айналысып, «Опера жайлы» (1930), «Тәжірибелік театр жайлы» (1939), «Театрға арналған шағын органон» (1949), «Театрдағы деалектика» (1953) атты мақалалары мен трактаттарында театр мәселелерін сөзге тиек етеді.
Фашисттер Польшаға басып керген сәтте Б. Брехт Отыз жылдық соғыстың тарихы жазылған «Кураж апай мен оның балалары» (1939) атты драмасын аяқтап қалған еді. Кураж апай соғыста балаларын жоғалтса да, бұл соғыстың сырын түсінбейді. Оқырмандар мен көрермендер ұлдарынан айырылған осы ананың өмірінен сабақ алады.
Брехтің «Галилейдің өмірі» атты драмасы үлкен жетістікке ие болып, екі рет басылып шығады. Бұл пьесаның бас кейіпкері ұлы ғалым Галилео Галилей мен оның шәкірті Андре Сартидің арасында айтыс жүреді. Шығармада ғалымдар өздернің жаңалықтары мен ғылымдағы ашылулары үшін жауапты екені айтылады. Брехтің туындысы әлі күнге дейін адамзат баласына ескерту ретінде өз маңыздылығын жоғалтпады.
Достарыңызбен бөлісу: |