Байланысты: Әлем әдебиеті by Көптілеуова Д.Т. (z-lib.org)
Феокрит (б.з.д. III ғ.). Феокрит Сиракуз аралында б.з.д. 300 жылы дүниеге келген деген болжам бар. Бірқатар шығармаларында ақын Птоломей II Филадельф патшаның кең пейілдігін, Береника ханшайымға арнап мадақтау өлеңдерін жазған. Ақынның тек 30 идиллиялар жинағы мен 23 эпиграммасы жеткен. Феокрит - «идиллия» жанрының негізін салушы. Бұл сөз тура мағынасында «көрініс», «шағын пьеса» дегенді білдіреді. Жаңа заманда бұл терминге бір қалыпты, тыныш, қарапайым өмірді бейнелейтін мән берілген. Феокрит идиллиялары мазмұны жағынан келесідей топтастыруға болады:
а) Буколикалық немесе мал бағушылық (малшылық) өлеңдері. 11 санымен (I, ІІІ-ХІ, XX) табиғат аясындағы малшылардың өмірін, өзара айтысы түрінде бейнелейді.
б) Мимдер, 4 санымен (II, ХІҮ, ХҮ, XXI) драмалық көріністерді баяндайды. Мысалы, II идиллиясында жас әйел өзін тастап кеткен сүйген адамын қайтармақ болып магиялық әрекеттерге жүгінгені бейнеленеді. Бұл әрекет оның қолынан келмей, ол түндегі жарық айға өз бақытсыздығын айтып, жас төгіп бұл тығырықтан шығатын жол жоқ екеніне налиды.
Мимдерге қарағанда Феокрит идиллиялары реалистігімен ерекшеленеді. «Сиқыршылар», «Сиракуз әйелдері», «Балықшылар» сияқты идиллияларда Сафрон мимдеріне еліктеушілік байқалады. Бұл туындылар қарапайым балықшылардың өмірін суреттеуге негізделген. Бейнеленген адамдардың өмірі кедейлік тауқыметін тартумен өтеді. Мұндай адамдардың өздерінде жоқ нәрселері түстеріне енеді. Мысалы, олар түсінде үлкен балық аулап алады, қараса алтын балық екен...
Феокрит идиллиялары жеке тұлғаныңдамып, күрделене түсуін көрсетеді. Оның өнерін жалғастырушы Бион және Мосх болды. Римдік ақын Вергилий өзінің буколикалық шығармаларында Феокрит тәсіліне еліктеп, оны қайта өрлеу дәуіріне дейін жеткізді.