Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет37/205
Дата06.01.2022
өлшемі1,06 Mb.
#109867
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   205
Байланысты:
Әлем әдебиеті by Көптілеуова Д.Т. (z-lib.org)

ЭЛЛИНДІК әдебиет

Эллиндік әдебиеттің жоғары өркендеу кезеңі б.з.д. ІІІ ғасырға сәйкес келеді. Осы өркен­деудің негізгі орталығы Александрия қаласы болып, оның шарықтау шегі ІІ Птолемей Фила­дельф патшаның билік еткен кезеңіне тұспа-тұс келеді. Өркендеудің негізін IY ғ. аяғында дүниеге келіп, полистік мәдени-дәстүрмен тәрбиелінген Каллимах, Феокрит, Ликофон секіл­ді жазушылардың ұрпағы салады.

Дәстүрлі Грекия мен Александрия әдебиеттерінің арасындағы өтпелі кезеңді IY-III ғ. Самос пен Кос аралдарындағы эпиграмматист ақындардың шығармашылығымен байланыс­ты­руға бола­ды. Бұл бір жағынан Грекия (және Сицилия), екінші жағынан Александрия, үшінші жағынан Македония арасындағы әдеби қиылыс болатын. Самос аралындағы әдеби үйірмені Асклепиад және оған жақын афинылық Гецин мен македониялық Посидип бас­қарса, Кос аралындағы әдеби үйірмені колофондық Гермесианакт пен кейін Александрияға қоныс аударған атақты сицилия­лық Феокрит атты шәкірттері болған ғалым әрі ақын Филет басқарды.

Эллиндік дәуірде жаңаруға көп ұшыраған жанр эпиграмма болып саналады. Эпиграмма деп элегиялық дистихпен жазылған қысқа (2-8 жолдан тұратын) өлеңдерді атайды. «Эпиг­рамма» сөзі «жазба» деген мағына беріп, б.з.д. YI-Y ғ. жататын ерте грек эпиграммалары мазмұны бойынша осы атауға сәйкес келген: құлпытас жазбалары (эпитафия) немесе арнау жазулар (тасқа қашалған сентенциялар). Бұлар көбіне жеке сезімдерден гөрі, жалпы ойды білдіретін болған. Классикалық Грекиядағы эпиграмма жанрының ең үздік шебері Семонид Кеосский болып саналады (Фермо­пил шайқасында көз жұмған спарталықтарға арналған атақты эпитафияның авторы). Бұл тақырыптық шектеулердің бұзылуы ІY ғ. басталып, фило­соф Платон махаббат тақырыбындағы алғашқы эпиграммаларды жазған. Б.з.д. ІІІ ғасырда шешуші өзгерістер болып, «жоғарғы жанрға» жатпаған қысқа эпиграммалар жаңа дәуірдегі өзгерістердің айнасына айналады.

Бүкіл эллиндік жанрлардың ішінде шағын эпиграмма жанры өміршең болып шығып, бұл дәстүр мың жылға дейін созылады. Мысалы б.з.д. 80 жылы құрастырылған Мелеагрдің эллиндік эпиграммалардан тұратын «Гүл шоғыры» атты антологиясы б.з. І, YI және Х ғасыр­ла­рын­да кейінгі ақындар арқылы қайта толықтырылып, 4000 астам эпиграммадан тұратын 16-томдық кітап (атақты «Палатин антологиясы») болып шықты. Осы эпиграммаларда құрас­ты­рылған сарындар мен образдардың көбі кейінгі антикалық дәуірдегі лирикалық шығарма­лар­да, одан кейіні­рек жаңаеуропалық поэзияда да өз көрінісін тапқан.

Дәл осы Кос аралында эпиллияға жақын идиллия («бейне») немесе буколика18 («мал­шы­лар өлеңі») жанры дүниеге келген. Бұл жанрдың негізін салушы Феокрит (шамамен 305-240) Сира­куз маңында дүниеге келіп, ұзақ уақыт Кос аралында өмір сүріп, кейін Александрияға қоныс аудар­ған. Ол өзі өмір сүрген дәуірде аса танымал болмағанымен, екі жүз жыл өткен соң, Вергилийдің көмегімен даңқы көкке жетеді. Оның жетінші идиллия­сын­да Кос аралын­да өткен мереке суреттеліп, басқа ақындармен поэзия төңірегінде жүргізген әңгімесі келтірі­ле­ді. Онда келтірілген кейіпкерлердің барлығы да шартты атаулармен аталған. Мысалы, Феокрит өзін Сими­хид деп, Асклепиаданы Сикелид деп атаған. Әңгіменің мазмұны элли­низм дәуіріне тән қарапайым шағын өлеңдерді мадақтаудан тұрады.

Эллиндік дәуірдегі тағы бір әдеби бағыттың бірі дидактикалық эпостың жаңаруы болып табы­лады. Осындай ескерткіштердің бірі - Араттың астрономиялық поэмасы. Арат (шамамен 315-245) Кіші Азиядағы Сол елді мекенінде дүниеге келіп, Афи­ныда білім алған. 270 жылда­ры Македон сарайына келіп, өмірінің соңына дейін сонда қоныс­танады. Көптеген эллиндік жазу­шылар секілді Арат та ақын әрі тілші болған.

Араттың «Құбылыс» атты поэмасы жұлдыздарды және метеорологиялық денелерді сипат­тайтын екі кітаптан тұрады. Бірақ Арат өзі астроном да, метеоролог та болмаған. Ол ең әуелі мазмұнға емес, формаға көңіл аударып, өлеңдерді жеңіл әрі түсінікті беруге тырысқан. Аристо­тель дидактикалық эпосты сынға ала отырып, онда сюжеттің бірлігі жоқ екенін айтса, Арат болса, әдебиетте сюжет емес, стиль маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан да, эллиндік және римдік дәуірлерде Араттың осындай стилистикалық ерекшеліктері таңқаларлық жағдай саналып, латын ақындары оның поэмасын кем дегенде төрт рет аударған.

Эллиндік әдебиетте тек жаңа жанрлар пайда болып, ұмыт болған жанрлар қайта жанданып қана қоймай, сонымен қатар батырлар жырлары мен трагедиялар сияқты классикалық жанр­ларға да аса көңіл аударылды.

Аполлонийдің «Аргонавтика» атты туындысы төрт кітаптан тұрады. І және ІІ кітапта Колхидаға сапар туралы айтылса, ІІІ кітапта Медеяның Ясонға деген махаббаты мен Ясон­ның ерлігі туралы, ал IY кітапта елге қайта оралу туралы оқиғалар баяндалады. Аполлоний елді мекендерді суреттеу үшін тарихшылар мен географтардың шығармаларын кеңінен пайдаланып, оқиға желісін дамытып отырған. Әйтсе де онда оқиғалардың логикалық байланысы мен сюжеттің тұтастығы сақталмаған.

Эллиндік дәуірде маңызды орынға ие болған келесі бір классикалық жанр трагедия болып саналады. Бірақ, өкінішке орай, бұл жанр туралы мәліметтер өте нашар сақталған. Трагедиялар үлкен сұранысқа ие болып, барлық қалаларда классикалық қойылымдар қойы­латын. Әсіресе, ІІ Птолемей театрға аса көңіл бөліп, Александрияға грек әлемнің түкпір-түкпірінен атақты драматургтарды жинайды. Оның сарайында трагедия жазатын жеті ақын болған. Олардың арасында Александр Этолийский мен Ликофрон Халкидскийдің даңқы көкке жетіп, Александр трагедия жанрының, ал Ликофрон комедия жанрының дамуына үл­кен үлестерін қосады.

Эллиндік дәуірдегі комедия жанры туралы сөз етер болсақ, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Эллиндік комедия жазушылары өз кейіпкерлерін антикалық комедиялардан іздеді де, оның дамуы екі бағытта жүрді. Бірінші бағыт орта анткалық комедияның әсеріне ұшыраған оңтүстік италиялыық негізде жүрді. Бұл жанрдың негізін салушы таренталық Ринтон болды. Ал екінші бағыт жаңа антикалық комедияның әсеріне ұшыраған эллиндік Шығыс негізінде қалыптасты. Эллиндік жазушылар мимдердің бірнеше түрлерін («мимология», «биология», «ионикология», «кинедология», «гилародия», «магодия», «лисиодия» және т.б.) атап көрсе­теді. Бірақ бұл жанр­ларға жататын ескерткіштер жақсы сақталмаған.

Эллиндік дәуірдегі классикалық стильге шешендік өнерді де жатқызуға болады. Бұл шығармалар қоғамдағы саяси оқиғаларға негізделіп жазылған. Шешендік өнердің үш түрі болды: саяси, салтанатты және сотқа қатысты шешендік сөздер. Шешендік өнерді зерттеу барысында риториканың өз деңгейінде жылдам дамығандығын аңғартуға болады. Егер саяси шешендік сөздерде қайталанбайтын нақты жағдайлар көрсе­тіл­се, салтанатты сөздерде алдын ала анық­талған шешендік өнердің түрлі тәсілдері мен құрылым­да­ры көрсетілді. Эллиндік мектеп Исократ пен Аристотель кезіңдегі алғашқы баста­маларды артқа тастап, жаңа теория­лардың қалыптасуына өз әсерін тигізді. Түрлі тәсілдер жіктеліп, жүйеленіп, қалыптасқан теорияны мең­ге­ру үшін түрлі деңгейдегі жаттығулар құрастырылып, осы аталған әдістер жүз жыл өткен соң, Цицерон мен басқа да римдік шешендердің кезеңінде өз жемісін берді.

Риторикалық зерттеу жұмыстарында кездескен ең құнды мәліметтердің бірі аңызға айналған ерліктер суреттелген Александр Македонскийдің тарихы болды. Оның ең танымал нұсқасын шама­мен 300 жылдары Клитарх жазған болуы керек. Бұл шығарарма уақыт өте келе өзінің тари­хи сипатын жоғалтып, ертегілердің әсеріне ұшырай бастады. Біздің дәуірдің басында осындай әсерлерден соң мазмұны жағынан ертегілерге жақын «Александр туралы Роман» құрастырылды. Бұл роман Александр туралы ертегілер әлемінің бастамасы болып, кейінгі антикалық кезең мен орта ғасырларда Батыста да, Шығыста да кең тарала бастады.

Билеуші халық гректер, ал құлдыққа түскен халық жергілікті тұрғындар болған эллиндік мемлекеттерде бұл әлеуметтік күрес этникалық күрестер арқылы өз жалғасын тапқан бола­тын. ІІІ ғ. мәдениет Шығысты эллиндендіру үдерісі арқылы дамыса, ІІ ғ. мәдениет эллиндік­тің шығыс­тануы арқылы дамыды. ІІ ғ. соңына қарай орын алған халықтық қозғалыстардың барлығына дерлігі басқыншы-гректер мен олардың мәдениетіне қарсы бағытталды. Рим ресми түрде Грекияның мұрагеріне айналды.

Жалпы эллинизм дағдарысының барысында әдебиеттің құлдырауын байқауға болады. Құлды­раудың жалпы белгілерін сол кездегі философиядан да, көркем әдебиеттен де байқауға болады. Эллиндік әдебиетте Каллимах дәуіріндегі ақындардан кейін ұзақ уақыт бойы көптің арасынан суырылып шыққан бірде-бір көрнекті ақын болмады. Жазушылар алдыңғы буын өкілдерінің біріне еліктеп, солардың шеберлігін дәлме-дәл беруге тырысқан.

Бұл дәуірдегі көрнекті оқиға халықтық-философиялық ауызша діни уағыз жанры -»диатрибтердің» құрылуы болды. Бұл жанрдың негізін қалаушы кезбе киник Бион Борисфенский (ІІІ ғ. 1-ші жартысы), ал оның шебері сириялық Гадардан шыққан Менипп (ІІІ ғ. ортасы) болды. Бұл монологқа айналған философиялық диалог үлгісінде жазылып, онда уағыздаушы өзінің сөзін өзі бөліп, өзіне-өзі сұрақ қояды, мифтерді түсіндіріп, ән салады. Осы бізге жетпеген «Менипптік сатиралардың» стилі кейінгі сатиралық әдебиетке, яғни Сенека, Дион, Хрисостом, Петроний, мен Лукианның шығармаларына өз әсерін тигізген делінеді. Проза мен өлең кезектесіп келетін ерекше әдісті сириялық Мениптің шығыс әдебиетінің дәстүрінен алғанын атап өту керек.

ІІ ғ. осы әдеби құлдырауынан кейін тарихшы Полибийдің дәрежесі біршама көтеріледі. Алайда, оның шығармашылығы Рим тарихына кірген жаңа саяси және мәдени күшпен тығыз байланысты болып, Полибийдің шығармашылығынан кейін грек пен рим әдебиеттері ортақ арнаға қосылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   205




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет