Марк Туллий Цицерон (б.з.д. 106-43 ж.) - атақты адвокат, шешен, жазушы, саяси қайраткер. Цицерон Лациум қаласында дүниеге келеді. Грек және рим әдебиетінің синтезі Цицеронның шығармашылығында жан-жақты іске асырылды. Цицеронның өте бай әдеби мұрасы сақталды. Олар саяси батытта, сотта сөйлеген 58 сөзі, шешендік өнер, саясат, практикалық және теориялық философия туралы 19 трактаты, аса маңызды психологиялық құжат, латын тілінің ескерткіші және Римдегі азамат соғысы туралы деректеме болып табылатын 800-ден астам хаты бар.
Цицерон адвокаттық қызметіне б.з.д. 80-ші жылдардың аяғында кіріседі. 63 жылы ол консул болып сайланады, сол кезден бастап оның беделі қатты өседі. 48 жылы император Цезарь жеңгеннен кейін саясаттан қол үзіп, әдебиетпен айналысады. Сол кезде ол көптеген шығармалар: риторикалық («Брут», «Шешен» - римдегі шешендік өнердің тарихы, стилі туралы), философиялық трактаттар жазады. Цицерон Рим әдебиетінде бұрын болмаған көркем философиялық прозаны жетілдіруді мақсат етті. Ол этика, метафизика, тану теориясының әр түрлі мәселелерін қамтитын және көпшілігін грек философиясының ең маңызды бағыттарымен таныстыратын еңбектердің топтамасын шығарады. Цицеронның маңызды жетістіктерінің бірі латын тілінің философиялық терминологиясын шығару болып табылады.
Цицеронның жетістігі, оның грек философиясын Римге таныстыруында ғана емес, сонымен бірге өз еңбектерінде грек философиясын Римнің дәстүрлі болмысымен қатар қоя білуінде еді. Цицеронның корреспонденцияларының ішінде көлемі төрт том болатын мыңға тарта жазбасы белгілі. Сонымен бірге Цицеронның он алты кітаптан тұратын таныстарына жазған хаттарының құрамына өзі білмейтін адамдармен жазысқан хаттары да кіреді.
Апулей Луций (б.з.д. 124 ж. шамасы - өлген жылы белгісіз) - Мадаврада туып-өскен атақты рим жазушысы. Дәулетті жанұядан шыққан. Карфагенде риторикалық білім алған, Афиныда филолсофияны оқыған. Ол латын, грек тілдерінде жазады. Оның философиялық, жаратылыстану тақырыптарына жазылған еңбектері, әр түрлі жанрда жазылған поэтикалық шығармалары бар. Апулейдің грек тілінде жазған шығармалары сақталмаған. Латын тілінде жазылған шығармаларының көбі бізге жеткен. Олар философиялық трактаттар және «Метаморфоза» немесе «Алтын есек» атты үлкен роман. Әлем әдебиетіне Апулей «Алтын есек» романының авторы болып кіреді. Романда II ғ. Рим провинциясы тұрғындарының тұрмысы, рухани өмірі бейнеленген. «Алтын есек» - Еуропа әдебиетіндегі бірінші психологиялық роман.
Сиқыршы қасиетінің арқасында жануарға айналып, одан қайта адам кейпіне оралған адам туралы фольклорлық аңыз антикалық әдебиетте Апулейге дейін болған. «Метаморфоздар» - грек шығармасының өңделген түрі. Апулей грек жазушысы Лукиан шығармасының сюжетін көптеген жаңа эпизодтармен кеңейтті. Апулейдің финалы да Лукианнан өзгеше.
Достарыңызбен бөлісу: |