Қоғамдық таңдау теориясы экономикалық және саяси құбылыс-
тардың өзара байланысын зерттейді. Американдық экономистер,
Нобель сыйлығының лауреаттары Джеймс Бьюкенен (1919 жылы
туылған) мен Кэннет Эрроу (1921 жылы туылған) осы теорияның
негізін қалаушылар болып табылады. Қоғамдық таңдау теориясы
саясат қызметін экономикалық талдауды ұсынады. Саясат саласы
ерекше нарық ретінде қарастырылады, бұл жерде саясат басындағы
қоғамдық лауазымды тұлғалар жеке индивидтер мен фирмалар сияқты
өздерінің жеке пайдасын басшылыққа ала отырып маңызды шешімдер
қабылдайды. Сонымен қатар, атқарушы және заң шығарушы билік
органдары басқару шешімдерін қабылдай отырып, әл-ауқаттылықты
арттыруға тырысады.
Соңында, экономикалық ғылымның әртүрлі бағыттары мен
ілімдеріне және олардың ерекшеліктеріне қарай отырып, біз қазіргі
экономикалық теорияның жай ғана заңдар мен нормалардың
қалыптасқан жиыны емес екенін, оның әртүрлі экономикалық
жүйелерді зерттеуде туындайтын сұрақтарға жауап бере алатын танып
білудің икемді және үнемі жетілдіріліп отыратын құралы ретінде
түсіне аламыз.