«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» «Өнер алды қызыл тіл»



Дата12.03.2018
өлшемі35,55 Kb.
#39226
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»

«Өнер алды қызыл тіл» - деген қазақ халқы, тілдің барлық игіліктің бастауы екенін айтқаны ғой. Барша адамзаттың кешегі мен бүгінгі өркениетінің қозғаушы күші ретінде адамдарды біріктіріп те ажыратып та отыратын, рухани және материалдық мәдениетінің өзегі, қарым-қатынас құралы, адамдарды өзге мақұлықтардан ерекше ететін – тіл.

О баста Аллаһ Тағала адамдарды жаратқанда оларды ұлтқа бөліп, әр ұлтқа өздеріне тиесілі тілдерін аманат етіп берген дейді... Алайда кейбір ұлттар өздерінің тілдерін дамытып оны өзге елдерге таратып жатса, кейбір ұлттар сол аманатқа қиянат жасап, тілдерінен айырылып қалып жатады. Тарихта өлі тіл деп саналатын тілдер болады екен. Мәселен, «Эсперанто» деген тілде сөйлейтін әлемде бір де бір адам жоқ, ол «өлі тіл» деген атау алған. Бүкіл әлемге мәлім, көптеген елдердің қолданысында жүрген латын әліпбиін бәріміз білеміз, бірақ латын тілінде сөйлейтін халық жоқ, латын тілі тек медициналық терминдерге атау болып қалған екен.

Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзінің астарында өзінің қазағының, өзі «ана тілі» деп айдар таққан қазақ тілінің болашағына деген алаңдаушылық сезімі жатқаны анық. Иә, Ахмет атамыз бекер дабыл қақпағанын қазақ тілінің бүгінгі мүшкіл халінен көріп отырмыз. Ұзақ жылдар бойы өзге елге бодан болған кезеңде, саясаттың қысымынан мүлдем жоғалуға таяған тіліміздің еңсесін, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін көтере алмай-ақ келеміз.

Әрине, елбасымыз қолынан келгеннің бәрін жасап, миллиардтаған қаражат бөліп, «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» - деген ұран тастап, жыл сайынғы халқына жолдаған жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы сөз қозғап жатыр. Біздің халықтың құлағы керең бе, әлде көкірегі керең бе? Керең болмаса неге естімейді? Өзге ұлттарды айтпағанда қазақ халқы неге алаңдамайды? Абайдың «қамсыз қазақ» деген сөзі осындайдан айтылған болар.

Кешегі өткен алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінің мұңы атты» мақаласында: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.

Мен не көрмедім? Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды...» - деп өткен ғасырдың отызыншы жылдары шырылдаған Міржақып атамыз, бүгінгі қазақ тілінің күйін көрсе, «Қазақ тілінің қазақпен қоштасуы» деп мақала жазар ма еді, бәлкім?

Бүгінде жастарымыз өз тілінде сөйлеп, ұлттық өнерді танып, Құрманғазының, Тәттімбеттің күйлерін, Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов сында әнші аға - әпкелерімізді тыңдағаннан гөрі өзге елге еліктеп, өздері түсінбейтін тілде айтылған шет елдің әндерін тыңдап, жаман өнеге беретін қайдағы бір шет елдік әншілерге еліктейді. Осы орайда Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Әкесінен гөрі де әумесерлер, айдалада біреуді көп тыңдайды» - деген сөзі еске түседі. Сонда бүгінгі жастарымыз өз тілінен, өз ұлтынан жеріп, өзгелерге еріп, әумесер болып бара жатпай немене?

Әрине көпшіліктің ішінде көкірегі ояу, көзі ашық, ұлтжанды жастарымыз да жоқ емес, тек солардың қатары толастай берсе екен деп тілейік. Себебі Қазақстанымыздың болашағы - жастар. Бәрі жастардың қолында. Ұлтымыздың ұлт болып қалуы үшін ең алдымен тіліміздің жағдайын жақсартуымыз керек. «Үмітсіз –шайтан» - дегендей, біз, қазақ үмітін үзбеген елміз. Сондықтан алдағы уақытта тіліміздің дамуы үшін, қазақ тілі тек қағаз жүзінде ғана мемлекеттік тіл болып қалмас үшін, бәріміз тер төгуіміз керек. Яғни тілдің жаппай қолданысқа еніп, адамдар қазақша үйреніп, қазақша сөйлеуге тырысу үшін нақты әрекеттер жасалу қажет.

Менің ойымша, ол үшін керегі ең алдымен тілді үйренуге деген мұқтаждық туғызу. Әрбір қазақ тілді адам кез-келген уақытта кімге болса да қазақша сөйлеп, сұрақ қойса да, жауап берсе де қазақша бергені жөн. Сонда дүкенге барса да, емханаға барса да, дәріханаға барса да қазақша білмегендіктен қажетін айтып жеткізе алмаған адам ойланбас па еді? Белгілі бір қоғамдық шараларда қызықты бағдарламалар, ойындар қазақ тілінде ғана өткізілсе, тіл білмейтін адамдар қызықтан құр қалғанынан қапаланып, қазақ тілін білу керек ендігін түсіне бастайды деп ойлаймын.

Екіншіден, қазақ тілінде сөйлеу жастар арасында сәнге айналу керек. Бұл жастардың тілге деген қызығушылығын, оны үйренуге деген ынтасын оятады. Ол үшін арнайы бағдарламалар әзірленіп, көшелерде көзге түсетін әдемі суреттері бар жарнама парақтарына қазақша сөйлеуге шақыратын жалынды сөздер жазылуы керек. Әр қазақ отбасында ата-анасы балаларымен тек қазақша сөйлеп, балаларын үнемі қазақша сөйлеуге тәрбиелеуі керек.

Қадыр Мырза Әлі атамыздың:

«Ана тілің –арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!»- деген сөзінің мәнін терең түсініп, ана тілімізді арымыз, ұятымыз деп бағаласақ, сол ар-ұятымыздан айырылып қалып, досқа күлкі дұшпанға таба болып, Аллаһтың аманатына қиянат жасап, ұлттық рухымызды құлатып алмайық.



Сондықтан қазақ жастары намыс туын көкке көтеріп, ұлты үшін, тілі үшін күресе білсе, қазақ тілі өлмейді, қанатын кең жайып, жеңіске жетеді!

«Есіл қаласындағы №1 орта мектебі» КММ

Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Алькей Айбота

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет