Практикалық сабақ №30-31
Тақырыбы:
Агротуризм географиясы
Жоспары:
1. Агротуризм географиясы
2. Мемлекеттік қорықтардағы жалақы
Мақсаты:
Агротуризм географиясы туралы жалпы ақпарат беру
Еліміздің туристік әлеуеті бар ауылдық аймақтарының табиғи туристік ресурстарының
тиімділігін арттырудың және ауылдық өңірлердің туристік инфрақұрылымын дамытудың ең
қолайлы әрі табысты жолы - аталған өлкеде агротуризмді дамыту тетіктерін қалыптастыру.
Агротуризм ауылдық өңірдің туристік тиімділігін арттырып қана қоймай, ауылды дамытуға
септігін тигізіп, оның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бірден-бір үлес қосады.
Агротуризм ауылдық аймақ жағдайын жақсарту, ауыл халқының экономикалық әл-ауқатын
көтеру, жергілікті халықты жұмыспен қамту, табиғи, тарихи, мәдени мұра біртұтастығын
сақтау, өңірге деген шет елдік әрі отандық туристердің мәдени, тарихи, экзотикалық
қызығушылығын ояту мен арттыру, өңірдің туристік имиджін қалыптастыру сынды бірқатар
өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолы да бола алады. Әлемнің көптеген мемлекеттері
агротуризмді дамытудың өзіндік жолдарын қалыптастырып, бүгінгі күні үлкен пайдаға кенеліп
отыр, себебі ауылдық туризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан
саласы. Осы орайда, республикамыздың ауылдық аймақтарының жағдайын көтерудің әрі
экономикалық тұрғыдан тиімді шағын туристік орталық ретінде маңызын арттырудың негізгі
жолы - агротуризмді дамыту ісіндегі шетелдік тәжірибені игеру және оны өз мемлекетіміз
ішінде рационалды түрде қолдану.
Агротуризм - жеке меншік сектор негізінде (ауылдық үй) құрылатын фермерлік
шаруашылық аясында ұйымдастырылған экологиялық туризм түрі ретінде танылатын
демалыс. Агротуризм өзінің ауылдық аймақтағы жеке меншік баспанасы негізінде туристерді
қабылдаушы отбасының орнасластыру, тамақтандыру, ойын-сауық сынды қызметтерді
кешенді түрде өзі ұйымдастырып, тұтынушыға ұсынатындығымен ерекшеленеді. Ауылдық
елді мекендерді жандандыру мен ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешудің негізгі жолы
ретінде бүгінгі күні қала халқының сұранысына ие болып отырған ауылдық туризмді дамыту
үрдісіне айрықша мән беру экономикалық тұрғыдан орынды бетбұрыс болар еді. Ауылдық
туризмнің таралуының өзіндік географиясы бар. Бұндай демалыс түрінің дамуы
урбанизацияның жоғары деңгейімен сипатталатын Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка
мемлекеттеріне тән. Ішкі территорияларға, ең алдымен табиғи объектілерге деген сұраныс пен
қызығушылықтың өсуі осы елдердегі ішкі туризмнің дамуының алғышарты болды және
экологиялық мәдениеттің жоғары деңгейімен ұштаса отырып, агротуризмді аса танымал
туризм түрі ретінде қалыптастырды. Объектісі ауылдық аймақ, ферма болып табылатын
агротуризм табиғат аясында тыныштықта тынығудан бастап, белсенді демалысқа дейінгі кең
мүмкіндіктерді ашатындықтан балалар тарапынан да айрықша сұранысқа ие. Қазіргі таңда
агротуризм Еуропада кеңінен таралған құбылыс болып отыр.
Әр жыл сайын Италия, Франция, Испания бірнеше миллион агротуристерді
қабылдайды. Ресей мен Беларусия елдері де туризмнің агротуризм сынды табысты түріне
айрықша көңіл бөлуде, әрі оны жан-жақты қолдап, дамытуда. Қала халқының басым бөлігінің
фермерлік шаруашылық бойынша экскурсия құру үшін көптеген қаражат жұмсауға дайын
екендігі шетелдің бірқатар мемлекеттерінде орын алып отырған агротуризмге деген
сұраныстан көрініс табады. Соның айқын бір дәлеліндей Вашингтон маңындағы фермалардың
біріне жыл сайын 8000 туристің (соның ішінде Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка
мемлекеттерінен) келетіндігін мысал етуге болады. Осындай санаттағы туристер жер өңдеу,
мал бағу, егін жинау ісіне тікелей өздері қызыға қатысып, бұндай экзотикаға 1000 доллар
шамасында, тіпті кейде одан да көп қаражат төлеуден тайынбайды екен. АҚШ-тың заманауи
ранчолары фермерлік шаруашылық бойынша мастер-класстар өткізіп қана қоймай, туристерге
табиғи азық-түлік өнімдерінен тағам әзірлеу шеберлігін де ақылы түрде үйретеді. Ал қазақ
ауылдарында бір киіз үйді құрып жіберіп, балдай қымыз сапырып, бауырсақ пен қазы-қарта
ұсынып, май шайқау, күбі ыстау, қымыз пісу сынды дала дәстүрінің дара салтын көрсететін
керемет мастер-класстар өткізуге болар еді. Оған атбегілік, құсбегілік өнерді қосса, қазақтың
домбырасын күмбірлетіп, қоңыр әнін әуелетіп арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, шет
елдік туристердің экзотикаға деген, отандық туристердің қызықты демалысқа деген үлкен
сұранысын қанағаттандыратын турөнімді жасап шығаруға кең көлемді мүмкіндік бар. Бұл көп
қаражатты да талап етпейді, ауылдың қарабайыр күйбең тірлігінде күнделікті жүріп жатқан
тыныс-тіршілік әрекетін әдемі етіп, әсерлі етіп ұсыну ғана. Ал экзотикаға, жаңалыққа әуес
туристер бұған аса құштар және оған көп қаржы жұмсауға дайын.
Осы орайда агротуризм пайда табудың негізгі көзі ғана емес, сонымен қатар ол
қосымша жұмыс орындарын қалыптастыратын тиімді үрдіс ретінде танылып отыр, сондықтан
да ол бүгінгі күні барлық жағынан тиімді жаңа беталыс ретінде әлемнің көптеген
мемлекеттерінде үлкен қолдауға ие болып отыр. Литвада агротуризм саласына
жұмылдырылған 700, Польшада 18000, Беларусияда 80 «агроусадьба» бар. Польша өз
кезегінде 18 жылдан астам уақыт бойы агротуризмді экономиканың тиімді де қарқынды саласы
ретінде дамытып келеді. Еуропадағы ауылдық туризмнің көшбасшысы Италия болып
табылады. Агротуристік қызметтерді ұсынатын осындай 10 мыңнан аса шарушалықтардың
санына ие Италияда 1999 жылдардың өзінде-ақ туризмнің бұл түрінен түскен табыс 450 млн.
АҚШ долларын (БТҰ, 1999ж) құраған.
Арготуризмді ұлттық экономиканың маңызды секторы ретінде дамыту туралы
федералдық заң Италияда 1985 жылдың 5 желтоқсанында қабылданған болатын. Қазіргі таңда
Италия жыл сайын 2 млн. аса агротуристерді қабылдайды. Алғашқыда италияндық өкімет
агротуристерді орналастыру қызметін ірі инвестициялар көмегінсіз-ақ ауылдың қаржылық-
экономикалық жағдайын біршама көтеруге мүмкіндік беретін фермерлердің қосалқы қызметі
ретінде ғана қарастырды. Дегенмен бүгінгі күні аталған туристік өнімге деген ауқымды
сұраныс қазіргі таңда көптеген ауыл тұрғындары үшін қосалқы емес, негізгі қызмет түріне
айналып отырған арготуризм тұжырымдамасын тұтастай өзгертті.
Ауылдық туризм негізінен Италияның Солтүстігі мен Ораталығында таралған, және
бұл саланың басты көшбасшылары - Тоскана мен Трентино - Оңтүстік Тироль. Бұл аймақтағы
агротуризмнің сәтті дамуы ен алдымен осы өңірдің жақсы дамыған туристік
инфрақұрылымына және осы жерлердің тарихи орталық ретінде танымал болуына
байланысты. Осы аталған басты екі фактор қатарына сондай-ақ табиғат көркін, тарихи-мәдени
және табиғи құндылықтардың бай қоры мен жергілікті жердің ас әзірлеу дәстүрін де қосуға
болады. Ал біздің құндылықтар бұдан асып түспесе, әсте кем емес. Жалпы алғанда Қазақстан
Республикасында агротуризмді дамымаған сала ретінде сипаттауға болады. Көрікті жерлерде
орналасқан ауылдық аймақтардың көбі ауылдық туризмді дамытуға қажетті барлық табиғи,
тарихи, мәдени ресурстарға ие, бірақ бұнда сол ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік
беретін агротуризм инфрақұрылымы жоқ, сондықтан да шетелдік тәжірибені оңтайлы қолдану
бұл өңірдің болашағы үшін аса маңызды, себебі агротуризмді дамыту өңірдің туристік
ресурстарының тиімділігін арттырудың басты кепілі болмақ.
Республикамыздағы агротуризмнің болашақтағы әлеуетті тұтынушылары орта тап
болмақ. Агротуризм жекелеген демалыстың түрі ретінде орын ауыстыру, ойын-сауық іс-
шарасы мен экскурсиондық бағдарламаның ұйымдастырылуын қарастыра отырып, негізінен
орта тап қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Ауылдық туризмнің тұтынушылары немесе мақсатты топтар ретінде төмендегі
туристер санаты қарастыруға болады: - балалары бар отбасылар; - қарт адамдар; - жастар; -
спорт сүйер қауым (атқа міну, спелеология, альпинизм, т.с.с). Ауылға жан бітіріп, оны туристік
орталық ретінде қалыптастыру арқасында жағдайын жақсарту үшін туристік әлеуеті бар
ауылдық аймақта агротуризм сынды шығынды көп талап етпейтін, әрі ауылдың экономикалық
ахуалын түзейтін тиімділігі жоғары туризм түрін дамыту тиімді де уақыт талабына сай
бетбұрыс болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: