91-бап. Әрекет етпейтін салық төлеуші
1. Әрекет етпейтін салық төлеушілерге әрекет етпейтін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:
1) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;
2) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы бойынша, тіркелген салық бойынша декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
3) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны ұсынбаған резидент-заңды тұлға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі әрекет етпейтін заңды тұлға болып танылады.
3. Осы Кодексте белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:
1) жеке табыс салығы бойынша декларацияны;
2) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы бойынша, тіркелген салық бойынша декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
3) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
4) соңғы патенттің қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде патент құнының есебін ұсынбаған дара кәсіпкер әрекет етпейтін дара кәсіпкер болып танылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының қолданысы қызметін тоқтата тұрған резидент-заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаларға, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері мен дара кәсіпкерлерге оны тоқтата тұру кезеңіне қолданылмайды.
5. Салық органдары салық төлеушілерді әрекет етпейтін деп тану туралы бұйрықты жыл сайын, 30 сәуірден кешіктірмей шығарады, олар туралы мәліметтер осындай бұйрық шығарылған күннен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
6. Әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер:
1) салық төлеуші салықтық есептілікті ұсыну бойынша салықтық міндеттемені орындағаннан;
2) салықтық есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін салық төлеушіге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдар қолданылған жағдайда, олар төленгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қабылданған салық органының бұйрығына сәйкес уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
7. Әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер салық органының тиісті бұйрығы қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
8. Салық төлеуші Заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмінен алынған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған жағдайда, мұндай салық төлеушілер бір мезгілде әрекет етпейтін салық төлеушілер тiзiлiмінен алып тасталады.
Достарыңызбен бөлісу: |