Зейнет жасын ұлғайту туралы реформалар Жалпы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның зейнетақы жүйесінде біршама реформа жасалды. Зейнет жасына қатысты реформалар жиі жаңартылып тұрады. Мәселен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін республика бойынша зейнетке әйелдер – 55 жастан, ал ерлер 60 жастан бастап шығатын. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ерлер – 61 жасында, әйелдер – 55 жасында, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62 жасында, әйелдер – 57 жаста, ал 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62,5 жасында, әйелдер – 57,5 жасында; 2001 жылдан бастап ерлер – 63 жасында, әйелдер 58 жасында зейнетке шығатыны туралы шешім шықты.
2019 жылы ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, ал әйелдердікі 59 жасты құраған. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11-бабына сәйкес әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі.
Әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен көтерілуі жылдарға бөлгенде төмендегідей жүзеге асады:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.
Зейнет жасын ұзарту халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы мен зейнеткерлер санының жұмыс істеуші топтан көп болуымен түсіндіріледі. Бұл мәселе тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде де орын алған.