Байланысты: 8dcc0c3a-6cfc-11e5-9d50-f6d299da70eeУМКД Тіл мәдениеті мәтін
«Синтаксистің экспрессивтік стилистикалық қызметі». Сөздер, элементтік номинация құралы болуымен байланысты ауыспалы мағынада қолданылатыны сияқты, айтылымдар да (сөйлемдер) күрделі түрдегі номинация бірлігі бола отырып, екінші қабаттағы мағынаға ие бола алады. Мұнда «тіл тұтастығына сай келетін форма мен мазмұн арасындағы қозғалысты қатынас орын алады». Ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуы сөйлемнің экспрессивтілігі деп аталады. Сөйлем-айтылымдардағы экспрессивтіліктің мынадай синтаксистік берілу жолдары бар: сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге экспрессивтік мағына беру; бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосу; баяндауыштың І жақтық жіктік жалғауын -мен, -бен, -пен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті ету; сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту арқылы экспрессивті мағына үстеу; сөйлемнің етістік баяндауышын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою арқылы экспресивтікті күшейту.
Синтаксистік құрылымдардың синонимиясына трансформациялану құбылысы негіз болады. М.Серғалиев синтаксистегі «трансформациялық дегеніміз – белгілі бір морфологиялық құрылымда келген конструкцияны өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру»,- деп тұжырымдайды. Грамматикалық стилистиканың экспрессивтік стилистикалық құрылымдары сөздердің лексика-грамматикалық сипаты мен синтаксистік тіркесімдік қасиет-сапаларының сөйлеудегі қолданымдық ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Эллипсис – сөйлеу үстінде түсіріліп айтылатын, бірақ мәтін арқылы қалпына келтіруге болатын элемент. Эллипс сөйлемнің ықшамдылығын, әсерлілігін арттыратын стилистикалық тәсіл ретінде қолданылады.
Синтаксистің стилистикаға байланысты қарастырылатын маңызды мәселелердің бір шоғырын парентеза құрайды. Ғылымда парентезаны қыстырма сөйлем, қосымша сөйлем, парентетикалық қосылымдар деп анықтайды. Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «сөйлемнің құрамына енгізілген, бірақ онымен грамматикалық байланысқа түспейтін, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер» айтылады. Синтаксистік, ырғақтық, әуезділік тәрізді мәнерлілік белгілері поэтикалық экспрессивтілік туғызады. Парантеза ассоциативті негізде синтаксистік сөздер тізбегіне қосымша ақпарат қосады. Парентетикалық құрылымдар атқаратын қызметінің байлығына қарай экспрессивті стилистиканың өзге құбылыстарынан кем емес. Солардың кейбіреулері мыналар: айтылымның қандай да бір бөлігінің мәнін күшейту, идеяны айқындау, бағалау хабарламаның әсер ету күшін көбейту т.б.
Осы сияқты лепті сөйлем, қаратпа, сұраулы, атаулы сөйлемдердің де өзіндік экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктерін айтуға болады. Грамматикалық стилистикадағы біртұтас сөйлем аясындағы экспрессивті құрылымдар, инверсия мен жалпылау да өзіндік сипатқа ие. Сегментацияның экспрессивті құрылымдары – парцелляция мен антиципация синтагмалық тізбектің мүшеленуінен жасалады. Қос мүшелі бірлестік болатын сегменттелген құрылымдар, бірінші бөлігі жеке позицияға шығады, ал айтылымның «темасы» деп аталатын екіншісі біріншісі туралы ақпаратқа ие («атаулы тема» немесе «атаулы көрініс» атауы осыдан шығады). Бұл Н.Х.Демисинованың монографиясында, Л.П.Борисованың жұмысында қарастырылған. Атаулы тақырып пен атаулы көріністің экспрессивтік синтаксистік құбылысы Л.Е.Майорованың зерттеу жұмысының нысаны болған.
Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі. Әрбір сөйлеу мәнісі өзіндік қайталау элементімен жан-жақты таныла алады. Бірақ кез келген қайталама стилистиканың негізі болып есептелмейді. Тек берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізудегі қайталама түрі ғана стилистиканың ерекшелігі бола алады.Жұмыста қайталамалардың түрлері, олардың экспрессивтік стилистикалық қызметі кең түрде талданды.
Сөз мәдениетінің тілден тыс қаралатын мәселелері
“Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы” Тіл мен мәдениеттің байланысы жөнінде кейбір көзқарастарға қысқаша тоқталдық.
Ақиқат дүниедегі заттар, құбылыстар, уақиғалар т.б. адамға қалай әсер етсе, тіл де солай әсер етеді. Адамның ішкі әлемі (эмоционалдық, интеллектуальдық әлемі) мен сыртқы әлемнің аралығында тіл әлемі бар. Индивид, субъект белгілі бір тіл әлемінде өмір сүреді. Сондай-ақ тіл индивидтің, субъектінің ішкі әлемінде (санада да) орын тепкен. Тіл тек қоғамда ғана өмір сүрмейді, ол индивидтің санасында өмір сүреді. Э.Сэпир, Б.Уорф т.б. неогумбольдшылдар мектебінің теориясы осы ұстанымды негізге алады. Адамдар ақиқат дүниені өзінің ана тілі арқылы ғана тани алады, біле алады және көре алады. Ақиқат өмірді тілде бейнеленгендіктен ғана көре аламыз, тани аламыз. Тілде бейнеленбеген нәрсе ақиқатта да жоқ. Әрбір тіл ақиқат дүниені өзіне тән ерекше тәсіл арқылы бейнелейді.
Мысалы, қадамыңа гүл бітсін деген тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасы “жүрген жерің құт, берекелі болсын” дегенді білдіреді. Бұл фразеологизмдердің әуелдегі протосемантикасы жүрген жерің көгорай шалғын болсын деген мәнде болу керек. Өйткені қазақтың жері көбіне шөлейт шөл болып келеді де орманды алқап аз кездеседі. Жақсы тілек мәнді аталмыш фразеологизм қазаққа тән дүниенің тілдік бейнесі арқылы қалыптасқан.
Сондай-ақ қарғыс мәнді жүрген жеріңе шөп шықпасын деген фразеологизмнің ұлттық семантикасы орманды алқапты мекендейтін халықтар үшін, олардағы дүниенің тілдік бейнесі басқа болғандықтан, мүлде қисынға келмейтіндей көрінеді.
Дүниенің тілдік бейнесі эмпирикалық таныммен байланыста. Әрбір тіл, Б.Уорф-Сепирдің тұжырымдауы бойынша, дүниені өзінше жүйелеп бөледі, яғни оны концептуализациялаудың өзіне тән тәсілдері болады. Ақиқат дүниедегі заттарды, құбылыстарды, уақиғаларды белгілі бір концептіге топтастырады.
Тілдік бейне түріндегі концептуалды жүйе этностың заттық, мәдени тәжірибесіне тәуелді. Дүниенің концептуалды бейнесі логикалық-прагматикалық позитивтік танымға, әлеуметтік тәжірибеге негізделеді. Концептуалды бейне дүниенің тілдік бейнесінің бір бөлігі болып табылады. Дүниенің тілдік бейнесінде мифологиялық, діни, логикалық-позитивті танымның бәрі де болады. Дүниенің қарапайым бейнесінде дәмбейне, иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты, жұмсақ т.б.), естілімбейне, яғни сенсорлық қабылдау басым болады. Тіл әрдайым ұжымдық стереотипті, эталонды, түсінікті тіркеп, көрсетіп тұрады.
Әрбір табиғи тіл ақиқат дүниені өзінше тәсілмен концептуализациялайды. Сөйтіп сөйлеушілердің бәріне ортақ ұжымдық философиясы тәрізді көзқарастар жүйесін жасайды. Мысалы, қамшының сабындай қысқа өмір; дүниедегі ең жаман нәрсе – жалғыздық пен жаяулық; бала – бақыт, ер қанаты – ат, т.б.
Осылайша тілдік ұжымның когнитивтік санасында мағыналар кеңістігі, яғни дүние туралы тілде бекітілген дәстүрлі білімдер типі пайда болады.
Әр халық дүние алуандығын өз таным-түсінігінше таптастырып, топтастырады, дүниенің үзіктерін өздерінше атайды. Дүниенің өзіндік конструкцияланған бейнесінде индивидуалды, топтық және ұлттық тәжірибенің табы жатады. Дүниеде ең жаман – жаяулық деген тұжырым, қазаққа түсінікті, ал жер көлемі атшаптырым ғана шағын ел (тілдік ұжым) оны түсінбес еді.
Тілдік бірліктерде мәдени ақпарат мәдени семалар; мәдени ая (фон), мәдени концепт және мәдени коннотация арқылы беріледі. Мысалы, көш, айтыс қарашаңырақ, аға, батыр, би, жылқы, тары, босаға т.б. концептілік құрылымдардың қамтитын ұғымдары әр алуан әрі күрделі болуы олардың ұлттық мәдени өрістегі алатын орны мен үлесінің ерекше екенін байқатады. Өйткені “мәдени мәні айрықша объектілер мен концептілердің тілдегі сөздік қоры мейлінше бай болады”.
Байырғы қазақ мәдениетінде қазақ қызының ең бақытты шағы оң жақта, әкенің үйіндегі кезі (құдай-ау, оң жақтағы күнім қайда?), сондықтан күйеуге ұзатылып бара жатқан қыз үшін әкенің үйі – алтын босаға, ал атастырып қойған күйеуінің үйі болашақта келін болып түсетін үй – жат босаға, келін болып түсіп, оң аяғымен аттаған босағасы – ақ босаға.
Жұмыстың “Тілдік тұлға және оның мәдени-тілдік құзіреті” деп аталатын тармағында адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алынды.
Тілді халық арқылы, халықты тілі арқылы, сондай-ақ адамды тілі (сөзі) арқылы, сөзі арқылы адамды тану идеясы әр дәуірдегі ұлы ойшылдарда да айтылған. “Адамына қарап сөзін алма, сөзіне қарап адамын ал” дейтін Абайдың философиялық ойы субъектінің сөзі арқылы оның әлеуметтік, білімдік, психологиялық тұлғасын тану жөніндегі антропоцентристік идеямен үндес екені айқын аңғарылып тұрады.
Тілдік тұлға тек тілдің ғана субъектісі емес, адресант және адресат ретінде сөздің де субъектісі. Дәстүрлі парадигма сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, жаңа парадигмада сөз мәдениетінің түпқазығы тілдік тұлға болуға тиіс.
Адамдар ақиқаттағы заттар мен құбылыстардың, уақиғалардың, қысқасы, денотаттар әлемінің ортасында өмір сүреді. Санада сәулеленген ақиқат өмір үзіктері адамның ой елегінен өтіп, білім дүниесіне, яғни интеллектуалдық, руханияттық, мәдени-әлеуметтік қажеттілікті өтейтін концептілерге айналады. Сөйтіп, адамдар тек ақиқат дүние ортасында ғана емес өздері жасаған идеалды дүние әлемінде де өмір сүреді.
Әрбір кезең, әрбір дәуірдің өзді-өзіне тән ақиқат дүние туралы білім жүйесі болады. Мысалы, қой, жайылу, ауыл, өріс, бытырау, изен, жусан т.б. сөздердің қандай мағынаны білдіретіні немесе қандай денотатты көрсетіп тұрғаны бізге белгілі. Бұл – тілдік білім. Ал “қой бытырап, шашырап бір-бірінен алшақ кетіп жайылса, ауыл қонған жерден тым ұзап кетсе, ол жердің оты нашар болғаны. Ауыл ондай жерде ұзақ отырмайды оты қалың, изенді, жусанды, өрісті жерге көшеді” десек, бұл – тілдік емес, дүниелік білім. Ал белгілі бір көркем шығараманы оқыған оқырманға сол дәуірдегі тілдік емес білімді білу қажет. Көркем шығармада тілдік семантикадан басқа да білім дүниесі бар. Сол білім дүниесі шығармада қалай берілді? Қазақ әдебиетінің класигі Ғ.Мүсіреповтің көркем шығармаларының оқырманды баурап алуының сыры риторикалық тәсілдерді, стильдік амалдарды шебер қолдануында ғана емес, оқырманға бейтаныс тілдік емес білімдер жүйесін ашып берумен де байланысты. Жазушының бір әңгімесінде батырдың мінген қазанаты “құлағын қайшылап, оқыранып, аяғымен жерді тарпи береді”. Атының бұл мінезіне қарап батыр не қалың жылқыға, не жылқыны қуып әкетіп бара жатқан жауға кездесетінін біле қояды. Осылайша жазушы оқырманға сол дәуірдің білім дүниесінің есігін ашпаса, оқырман сол дәуірдің ішіне кіре алмайды.
Дүниелік білім когнитивтік санада бір-бірімен ұштасып жатады. Мысалы, қауіп-қатер таянғанда жылқының әлгіндей жер тарпитын қылығы, қазақы қазанаттың тарпаң, құланмен туыстығымен байланысты көрінеді. Мысалы, құлан үйірін шақырғанда, үйіріне қауіп төнгенде алдын ала сезіп, ащы дауыс шығарады екен. Міне, осындай дүниелік білімдер оқырман-тілдік тұлғаның санасында болғанда, Махамбеттің “Құландай ащы дауыстым” деп, Исатай батырды жоқтағандағы жан-дүниесін тереңірек ұғынуға болады.
Белгілі бір тілдік таңбада екі түрлі мағына (білім) кодқа салынуы, соған сәйкес екі түрлі код болуы мүмкін. Біріншісі – тілдік код, екіншісі – мәдени код. Тілдік таңбалардың мәдени семантикасын зерттеуде осы екі түрлі мәнділікті ажырата білу қажет.
Тілдік тұлға ұлттық тілді тұтынушы ғана емес, ұлттық мәдениетті де тұтынушы. Осы тұрғыдан қарағанда белгілі бір тілдік концептінің құрылымдық түзіліміне мәдениеттің де қатысуы, “араласуы” кәдік. Олай болса, тілдік таңба мағынасының қай бөлігінде, қай тұсында мәдени мән болатынын айқындау қажет. Сөйлеуші я болмаса тыңдаушының сөз стратегиясында мәдени мәнді сезіне алатынын/алмайтынын анықтаудың сөз мәдениеті үшін мәні ерекше.
Мәдени семантиканы айқындауда тілдік тұлға үшін қиындықтар да болады. Кейбір тілдік таңбаларда мәдени ақпараттар тілдік мағынаның тасасында тұрады да, имплицитті сипатта болады.