«19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нің бөлім бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкілі Попов жолдасқа
Мен өзімнің ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлімдеймін. Өзгелердің көрсетіндісіндегі жалған айғақтардың негізінде өзімнің айыпкер екенімді мойындасам, ерекше өкіл Поповтың тілеуін қанағаттандыратын сияқтымын. Өзімді айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берілген сыбаға іспетті. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушінің жүгі жеңілдейтіндей көрінеді. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзімнің кінәмді жеңілдететін көрінемін. Бірақ та мен, шамамен, мүмкіндігім жеткенше өзгелердің айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзімді ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сіздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және мені астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Идеологиялық қателіктерім мен кейбір шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан еңбекшілерінің ынтымағы мен мүддесі үшін саналы түрде адал қызмет еттім. Алда қанша өмір бар және қанша жұмыс істеймін, оны білмеймін, бірақ жалған айғақтарды мойындап, өзімді сатқын ретінде көрсете алмаймын. Менің ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленеді деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуіріннің нәтижесіздігін дәлелдейді. Алдыңғы көрсетінділерімде: менің өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларым – қазіргі социалистік құрылыс жүйесіне ешқандай зиян әкелмегендігін арым мен ожданыма сүйене отырып мәлімдегенмін. Менің өткендегі „Алашорданың контрреволюциялық әрекеттері тұсындағы идеологиялық ұстанымдары социалистік құрылыс қоғамына қарсылық емес, керісінше, консервативтік көзқарас болып табылады…”
Әлімхан Ермековтің тергеудегі қалған жауаптарының барлығы да осы мазмұндас болып келеді. 1931 жылы 17 желтоқсан күні:
„Тұтқын Ермековтің өтініші бойынша оның 28/ХІ – күні Өлкелік комитеттің хатшысы Голщекиннің атына жолдаған өтініші қабылданбады” , – деп көрсетілген.
Бұл «Өтініш» кейіннен „Социалды Қазақстан” мен „Казахстанская правда” газетіне басылған Ашық хаттың алғашқы нұсқасы болса керек. Осы шарғының астары туралы қуғын-сүргінде «шыңдалған», жалғандыққа жандары төзбейтін М.Әуезов пен Ә.Ермековтің екі сенімді бауыры Қайым Мұхамедханов пен Жайық Бектұров бізге екі түрлі мазмұнда әңгіме айтып беріп еді. Бірінші әңгіме бойынша, М.Әуезов:
«Бізді ашық хат жазуға А.Байтұрсынов көндірді: Сендер жассыңдар. Мүмкіндіктеріңді толық сарқып болған жоқсыңдар. Елге қызмет етіп, біздің ісімізді жалғастырыңдар. Ал біз халықты алдай алмаймыз,– деп айтты»,– депті Қ.Мұхамедхановқа.
Ал Ж.Бектұров бұл жөніндегі естелігін хатқа түсіріп кетіпті.
Ж.Бектұров: «Сол кезде Қазақстанның сталиншіл көкжендеті, сұмырай Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековті, жазушылардан М.О.Әуезовті әдейі дұшпан көзі етіп абақтыдан босатып, «Алаштың» көрнекті екі қайраткері өздерінің ұлтшылдық қателіктерін мойындады» деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хаттарды газеттерде бастырып, жалған насихат үшін пайдаланған. Оны кезінде қуана да, үрейлене де оқыдық. Ол үшін Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов інілеріне өкпелегенін де естідік, өйткені өлсе де, тірілсе де бір топтың адамы. Қиын жолда араларына қыл өтпей, жік, жарықшақ шығармай бірге болуды дұрыс деп санаған ағаларымыз. Иә, кемедегілердің жаны бір деген. Бірақ, үкімет басындағы қулар әр түрлі айла-шарғы жасап, Ә.Ермеков пен М.Әуезовті өз тобынан бөліп алған. Бұл жайттың сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезінде маған былайша түсіндірді:
– Қазақстан басшылары: бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірге тұтқында қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі – дегендей емеуірін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсіпбек, бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа қол қойғысы келмеді. «Әлеке! Түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз»,– деп көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевті де алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар. Түбі жақсылығы болар, бас тартпа», - деп Мұхтарды зорлағандай көндірдім. Бірақ артынша қатты өкіндім»,– депті.
Ол өкініштің себебі өзгеше. Мұны кейіндеу келтіреміз. Жоғарыдағы жауапты растайтын дәлел тергеу ісінің 3-томның 165-бетіндегі:
” ОГПУ-дің Қазақстандағы өкіліне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшірмесін ВКП(б) өлкелік комитетіне және іске тігуді өтінемін. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкін деп таппасаңыздар, онда бір данасын үйіме жіберуге рұқсат етіңіздер. Ә.Ермеков. 29/ІҮ-32 жыл.”– деген қолы қойылған хаттан анық байқалады.
Бұл «Ашық хат» 1932 жылғы 4 мамырда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:
„Тергеу біткеннен кейін де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшін мен бұл мәлімдемені саналы түрде жазып отырмын”,– деп ескерткен.
«Ашық хатты» Голщекин мен Исаев оқып шығып, тиісті редакциялаудан өткізгеннен кейін барып:
Достарыңызбен бөлісу: |