Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті...».
1918 жылдың екінші жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибе» үйретті. «Шығыс алашорданың» кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, кеңес өкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» Шығыс бөлімі бірден кеңес өкіметі жағына шығуға мүмкіндігі жоқ», – деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» кеңес өкіметімен арадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптіштеле талданғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4 қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісіне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р. Дүйсебаев қатысты.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ – дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».
«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасы З.Валидов бұрынғы келісім шартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ – Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық атқару комитетінің президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуінен сескеніп сол күні Орталық комитеттің төралқасы төтенше отырыс жасап:
«Қазақ – Башқұрт республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын», – деген қарар шығарды.
15 желтоқсан күні Қазақ, Башқұрт, Татар республикаларының шекарасын межелеу туралы мәселе қаралды. З.Валидовтің талабы большевиктердің уәдесін орындауға ықтияр етті. 1920 жылы 9 наурыз күні Қазақ Әскери-революциялық кеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды. Онда:
«1. Өзін «Алашорда» деп жариялаған үкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер, РСФС-дің конституциясында бекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын»,– деп (сонда, 343-бет) атап көрсетілді.
Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейін, тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күні Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша өзін большевиктердің ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.
Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссисын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».
Қазақ автономиясын құру жұмысымен Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір, Түркістан, «Мусбюро», Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерін және «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, «Қазақ өлкесін басқару мәселесін» талқылады. Осы ретте біз қазақ мемлекеті үшін аса бір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да Ә.Ермековтің тергеушіге берген көрсетіндісіне қоса алпысыншы жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналында жарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орынынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздің қолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.
Әлімхан Ермеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскері Колчакті құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) – Омбы қаласынанан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский – төраға, Большаков – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.
1919 жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкіметіні Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский – төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.
Семей губревкомы басында Сібірревкомына қарады, кейіннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.
Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын.
Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілуі мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді».
Бұл – империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені шүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал, Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».
Сол жылы 23 шілде мен 7 тамыз аралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде 1920 жылы 19-мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі – «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісім шартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:
«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді... Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды»,– деп жауап береді.
Бұл З.Валидовті үлкен тәуекелге жетелеп, Мәскеуде жүрген Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, Ә.Ермековпен, Т.Рысқұловпен пікір бөліседі. Алайда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтің бар күш-назары Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға жұмылдырылып еді.
Ә.Ермеков (жалғасы. Түрме көрсетіндісінен): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келіп-кетіп жүрді. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді».
Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып : «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттиһад уә таракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттиһад уә таракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә таракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» – деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14-желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «Бұл арыздың мәтіні «Иттиһад уә тараккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барысымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә тараккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» – делініпті...»,– деп жоғарыдағы деректі мойындаудан бас тартты.
Валидов (жалғасы): «...Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) біздің алдымызға кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29-маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым...».
Коминтернді пайдалана отырып дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқа Ә.Ермеков (жалғасы):
«Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырмыз, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым... Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар – деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді... Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз»,– деп қарсы пікір білдіріпті.
Әрине, тергеудегі жауаптың мазмұнына сақтықпен қараған жөн. Ал сондай қысылтаяң күндердің бірінде кездескен Ә.Ермековтің атының аталмауының себебін З.Валидовтің «Естелігіндегі»:
Достарыңызбен бөлісу: |