«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 – 7, 58 – 11, 59 – 3 баптарына сәйкестендірілген, шамамен:а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін – деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.
Бұл айтылған «нақты деректер» мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағамын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен: маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын»,– деп басталады.
2.
Бұл өтініші Қазақ атқару комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе орталық комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігінің төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төрағасының орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. ҚССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында ҚССР аткомының мүшесі болып сайландым»,– деп мағлұмат берген.
Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде:
Әлімхан Ермеков: – 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейдегі мұғалімдер гимназиясына, 1912 жылы Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), – деген деректі қосымша ұсына кетеміз.
Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».
Бұл «тарихи тәжірибе» – 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресі 1917 жылғы 9 қазан күнгі Сібір облыстық құрылтайындағы:
«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет»,– деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.
Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мінбеде талқыға ұсынылды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі:1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сақнаға шықты.
Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:
«1918 жылы 2 көкек күні Ленин мен Сталин екеуі «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тікелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).
Кеңес өкіметінің ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковскийдің айтуынша:
«Енді Түркістанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистік идея мен саяси еркіндіктің тасқыны кеңестік Ресейден, әлемдік революцияның қазіргі отанынан Түркістан арқылы Азияға ағылауға тиісті... Түркістанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» еді.
Төңкерістің қазақ даласындағы І Петрі, қазақ елінің кеңестік көсемі Пестковскийдің арманы, міне, осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкіметі кеңес өкіметін алдарқата отырып Сібір үкіметімен де, Құрылтай үкіметімен де ресми байланыс жасап, келісім жүргізу мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделі тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлімхан Ермековті жау мен даудың өтіне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің – колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев – Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».
Төрт жақтан: Кеңес өкіметінің, Сібір уақытша үкіметінің, Құрылтай мәжілісі үкіметінің және ішкі большевиктік бағыттағы кеңесшіл депутаттар мен казактар жүздігі тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елін қалайда қорғап қалу үшін, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келді. Сеніп отырған Семейдегі кеңес өкіметі 18 мамыр күнгі қазақ құрылтайын қызыл әскер күшімен таратып, көсемдерін қудалауға кірісті. Алаш қаласы:
Достарыңызбен бөлісу: |