«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кетті. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кірісіп кетті, бір тал бауырсақты да қалдырмады».
Бұған қарсы жауап ретінде «Алашорда» үкіметі:
«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкіметінің барлық декреттері заңсыз, орындауға жатпайды»,– деген қаулы қабылдады.
Капитан Х.Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертістің қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери іске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшілік етті. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшін қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесі Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:
«... кеңес өкіметі құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерістен бір ай бұрын түнде Ертістің жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусіз атуға бұйрық берілді, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсіріп тұрды. Шындығын айтқанда, біздің совдеп қазақтардан қатты қорықты»,– деп жазды.
Ақыры, 11-шілде күні Семейде кеңес құлады да Сібір уақытша үкіметі енді кеңес өкіметімен келісім жүргізген алаш көсемдерін жаппай жазалауға көшті. Жақып Ақбаевті 7- шілде күні тұтқындап, 10- шілде күні Колчактың әскери-далалық соты өлім жазасына кесті. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерін уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншік жойылды, қазақ сот құрылымы бекітілді. Сөйтіп:
«Біз өзіміздің автономиямызды өз күшімізбен қорғаймыз және Ресейді немістер мен большевиктердің зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтік Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкілресейлік өкіметке қарымды көмек көрсетеміз»,– деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).
«Алашорданың» бұл бағытына Сібір уақытша үкіметі басқаша «жауап берді».
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз)».
Бұған қоса Сібір Далалық корпусының командирі П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсіпорындарды үкімет меншігіне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі Иванов–Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады – деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» – «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін».
Мұндай қанды да қатерлі қарбалас тұсында саяси мәмілегерліктің салмағы зейіні зерек, ширақ та батыл, еркін ойлы өжет азамат Әлімханға түсті. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесін көтерді. Облыстық комиссар Г.Г.Крот 9 шілде күні Р.Марсеков пен С.Дүйсенбинді «сотпен тергеу ісін» тоқтатпау үшін комиссия құрамына енгізді. 1918 жылы 10 шілде күні Сібір үкіметінің Батыс-Сібір комиссариатына Мәмілегерлік ұсыныс хатын тапсырды. Онда:
«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуіне негіз қалаған ақпан төңкерісінің жеңістерін қорғайтын Сібір үкіметін қыр елі де жан-жақты қолдайтынын білдіре келіп, Сібір Уақытша үкіметіне: ІІ Бүкілқазақ құрылтайы бекіткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пікірлерімен санаса отырып шешілетін жер мәселесін заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».
1918 жылдың 29-30 шілдесінде және 2-3 тамызда Сібір Уақытша үкіметінің халық ағарту министрі В.В.Сапожниковтың төрағалық етуімен, құрамында әскери мекеменің өкілі В.Л.Попов, Ішкі істер министрінің орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлігінің өкілі А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшісі Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жеріндегі бірден-бір және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік орындаушы құрылым ретінде танылуы – «Алашорда» үкіметі тарпынан шұғыл шара қолдануды талап етті. Ең бастысы өзінің мемлекеттік қуатын көрсету үшін Сібір армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкі жасақталып, Жетісу майданына аттанып кетті. Бірақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерінің майдандағы беделінің өсуіне байланысты ұлттық құрылым мәселесі үздік-создық талқыланып, ақыры үкімет кеңесшісі К.Г.Дишлер:
«Алашорданың» талабы аса зор, бірақ нақты негіз жоқ. Егерде ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сібір Уақытша үкіметінің көмегімен жаңа мемлекеттік тұлға өмірге келетін болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймін»,– деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.
Ал «Сибирская речь» газеті:
«Тек өзін-өзі құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жікшілдігімен өз еркімен келісуі мүмкін... Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетін өтеумен шектелген дұрыс... Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сібірмен одақтастығын үзетіні және өз беттерінше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесі – мәмілеге қол жеткізетін тактикалық қадам емес»,– деп (сонда, 235-бет) бағалады.
Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкіметі жоғарыда көрсетілген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжілісі үкіметімен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25 қыркүйекте Комучті алмастырған Уақытша Бүкілроссиялық үкімет – Директория: «Алашорда» үкіметін тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлімбеков қол қойды. Ол туралы Комуч мүшесі И.Майский:
Достарыңызбен бөлісу: |