«Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қарама-қарсы келетін бірнеше ауызекі дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір дерек бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерінде ұсталды-мыс. Үшінші бір деректерде: өзінің үйінде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне әкетілгені айтылады. Осы деректің ішіндегі үшіншісі, яғни, өз пәтерінде сал боп жатқан жерінде тұтқындалғаны құжаттар негізінде анықталды»,– деп дәйектеме жасайды.
Бұған біздің де сәл ғана алып-қосарымыз бар. Ол – жоғарыда айтылған Қарашаш Халелқызы Досмұхамедованың әңгімесі. Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде алаш ардагерлерінің пікірлерін жадында сақтап, жатқа айтып жүретін, өзін солардың рухани мұрагері ретінде сезінген, ұзақ жылдар бойы Қарашаш Халелқызымен бірге істеген Сейітбек Нұрханов дегдар: «Біз Қарашашпен қызметтес болдық. Адал да турашыл адам еді. Сол кісі бізге әкесі Халел мен нағашысы Жаһанша туралы мынадай естелік айтып еді»,–деп ол деректі бізге берді.
Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова: «Жаһанша аға менің әкемді жезде деп есептеп, үнемі қалжыңдап жүретін. Өйткені менің шешем Сағираның сүйегі тана тайпасының ішіндегі қарақұнан бұтағынан еді. Ал біз беріш боламыз. Жаһаншаның әйелі Ольга Константиновна маған: біз осындай аласапыран күннің туатынын білдік. Сондықтан да тағдырдың тәлкегіне ұшырайтын баланы өмірге әкелуді керек деп таппадық. Ол ұсталатын күні демалыс паркіндегі қазақтарға қатысты әлдебір шараға барды. Мен қарсы болып едім, көнбеді. Келген соң: біреулердің қабағы маған ұнамады. Бір қатер жақын сияқты, - деді. Сол күні түнде ұстап әкетті,– дегені есімде».
Бұл да жоғарыдағы үш болжамның бірі ретінде өмір сүруге қақы бар дерек. Ал Жаһаншаның Зайыбы Ольга Константиновна Колоссовскаяның тағдырынан да бейхабармыз. Тек оның әпкесі Надежда Константиновна Колоссовская – Тұрар Рысқұловтың жамағаты болғандығы, кейін ажырасып кеткені ғана қаперімізде бар. Туған ағасы Ғаббас Досмұхамедов (1868-1930) те саяси жүйенің құрбаны болыпты. Досмұхамедтің тұқымынан тараған Жаһаншаның Унзила Нұғыманқызы, Бисенғали Қуанышәлиев атты белнемерелері бар екендігіне жұбаныш етеміз:
Достарыңызбен бөлісу: |