Туған жердің батырларына мың тағзым!
Шалқар ауданы, Сарысай негізгі орта мектебі
Жұбатқанова Айша Азаматқызы
7-сынып оқушысы
Жетекшісі: Айнадин Қызылгүл Закарияқызы
«Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын
беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен
соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де
майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп, құлақтары
жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы»
Н.Ә.Назарбаев
Әрбір өткен ғасыр адамзаттың тарих қойнауында сақталып қалған көмескі, ескі дүниелерден құралған жәдігерлері секілді. Сондай адамзат тарихындағы сұрапыл сұм соғыстың көріністерінің жылжыған жылдардың ағысымен жылжып аққанына биыл тура жетпіс бес жыл болыпты-мыс.Жеңіс туының көкке желбірегенінің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай өзінің сызды ізін мәңгі қалдырды. Соғыс – барды жоқ ететін күйретуші күш! Ия, дәл солай! Жер бетіндегі тіршіліктің бәрін құзғындай жалмап, алдындағы жемтігін асыға жұтатынтажалдай болып көрінетін сипатқа ие.
Сұрапыл сұмдықтың кенеттен басталып кеткенімен, біздің елдің ержүрек жандары алғашқы күннен бастап «Жігерлі болса ер болар, Бірлікті болса ел болар» деген жүз жасаған жыр алыбы атанған Жамбыл ақын айтқандай жұдырықтай жұмыла алды. Біздің жерлестеріміз қан майдан даласында асқан ержүректікке толы ерлікпен шайқасқан. Отанамызды қорғау жолында оққа ұшып, ажалмен бетпе-бет келген ерлік әрекеттері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендердің, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағының, жүзден астамы Даңқ орденінің иегері атанды. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақ елінің маңдайына жарқ еткен қос шоқ жұлдызы мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да бар.
Cол бір қанға бөккен кезеңді еске түсіріп, көрмеген көздерге елестететін газет-журнал материалдары, музейлерде сақталған құрал-саймандары, қолжазба деректемелері, осы оқиға туралы түсірілген кинолар олардың ерлігін мақтаныш тұта келешек жастарға жеткізіп келеді.Ұлы Отан Соғысында қаншама әйелдер ерсіз, қорғансыз, ал бейкүнә сәбилер ата-анасыз жетім қалды. Бұл тажал мамыражай күн кешіп, қамсыз жүрген қазақ халқының басына қара жамылған қара қасіретті алып келді. Иә, содан бері қанша ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсеұмытылған жоқ-ты. Ұмытылмайды да...
Әлем халқын дүрліктірген, аяусыз соғыста Ақтөбе өңірінің батыр ұл-қыздары да өзге жауынгерлермен қатар тізе қосып ерлік көрсетті. Туған жердің топырағынан нәр алып, Отан-ана үшін аянбай тер төгіп, келер ұрпақтарының қамын жеген батыр аға-апаларымыз қаншама?! Айталық, олар: Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы, Ідіріс Үргенішбаев, Еркінов Шүкір Таңатарұлы, Ешбаев Сәрсенғали, Білтабанов Иманғали, Акимов Федор Филиппович, Алиев Александр Мамедович, Батурин Александр Герасимович, Андреев Василий Апполонович, Бойченко Виктор Кузьмич, Бөкенбаев Малкеждар, Вавилов Сергей Васильевич, Величко Валерий Федорович, Власов Николай Дмитриевич, Гринько Иван Устинович, Губин Константин Яковлевич, Гуцало Александр Семенович, Жазықов Қожабай, Жанзақов Абдолла, Кашпуров Петр Афанасьевич, Кожемякин Михаил Степанович, Козенков Василий Георгиевич және тағы да басқалар.
Ұлы Отан Соғысы... Бұл халқымыздың жауынгер ұл-қыздарының ержүректілігі мен төзімділіктерін бар әлемге паш еткен, тарих сахнасында мәңгі сақталатын күн. Кез келген жеңіс ешқашан оңай жолмен әрі қиындықсыз келмейді. Маңдай термен ғана адал жеңіске жетуге болады. Олардың жеңісі – бар қазақ елінің жеңісі. Міне, Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына биыл жетпіс бес жыл толғалы отыр. Жыл өткен сайын соғыс біткеніне жыл толады, ал осы жеңісті сыйлаған ардагерлер қатары жылдан жылға азаюда. Бір өкініштісі сол...
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнекей, жағада тұр,- деп тебіренген ақиық та мұзбалақ ақын Мұқағали жырында теңдесіз құндылық, қимастық, сыйластық сезімдері мен қариялар азайып бара жатқанына қабырғасы қайысқан ақынның мөлдір мұңының лебі осыны аңғартатындай.
Қариялар азайып бара жатқанын, әсіресе, олардың ортасында Ұлы Отан соғысынаноралғандардың қарасы расында да азайып барады емеспе?! Ардагерлерді құрметтеу баршамыздың ата-анамыздың алдындағы перзенттік парызымыз секілді парызға ие. Солардың шыбын жанымен, қасық қанымен, маңдай терімен, ақ білегінің күшімен, жігерлі ісімен, ерен ерлігіменжеңістің байрағын көкке жеткізген күннің қадірін мәңгілік ескірмейтін естеліктердей жадымыздан шығармауымыз қажет деп санаймын. Қаншама азапты күндерді басынан кешіріп, бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, жауға қарсы кеудесін тосқан аға-апаларымыз тарту етті.Қаншама халық бір тудың астында бірігіп, жігерге толы күштерін бір арнаға салды. Бұл он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойына айналған Жеңіске жол ашты.Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықпен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қоса алды. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Мұндай ерліктер Отан-ананы жұдырықтай жүрекпен адал да шексіз сүюген перзентерден шығары хақ. Бұған дәлел ретінде жау жағадан алғанда елін қорғауды өзіне парыз деп санаған, Отан соғысының өрттей шарпыған отының ішінде ерлікпен қаза тапқан жауынгер Баубек Бұлқышевтің мына бір сөздерінің астарына зер салсақ та жеткілікті. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу – қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды»,- деген сөздері жер бетіндегі барлық ұл мен қыздардың туған анасынан алған сөнбес махаббаты Отанға да дәл солай болуы керектігі туралы ойды дәлелдей түскендей.
Қазақ – ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысыныңқат-қабат қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған қызыл бояуға боянған майдан даласында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та болатындай.
Рухы менен намысы қатар ұштасқан қазақ елінің ерен ерлері мен қаһарман қыздары ешқашан да, еш уақытта да ұмытылмақ емес. Біз – бабалары батыр, даналары дана, ұлдары ұлықты, қыздары қылықты халықпыз. Бізге осындай жарқын болашақты көруді сый етіп тарту еткен аға-апаларымыздың рухына мың тағзым! Өз ойымды төмендегі жыр шумақтармен тәмәмдағым келеді:
Бабамызды батыр тұтқан халықпыз,
Асқар таудай аласармас алыппыз.
Ат үстінде толарсақтан қан кешіп,
Талай мәрте жеңіс отын жағыппыз.
Дәстүрінен аттамаған жасым бар,
Қонақ келсе ұсынатын асым бар.
Ұлттығымды ұлықтаған үлкені,
Қарттарым бар – қазыналы асылдар.
Тектілік бар қанымызда тасынған,
Жамандықты жақсылықпен жасырған.
Жолбарыстың айбарындай қайратпен,
Басымыздан сөз болмаған асырған.
Өреніміз өр халықтың жігерлі,
Оны бүкіл әлем-дағы біледі.
Қазақ деген өшпейтұғын бір есім,
Әр қазақтың жүрегінде жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |