З. С. Советова Ғылыми зерттеу негіздері және академиялық жазылым



Pdf көрінісі
бет77/97
Дата11.10.2023
өлшемі5,46 Mb.
#184786
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   97
Байланысты:
Академ

Біріншісі
– беттің төменгі жағына орналастырылатын жазбалар. 
Оқырман ескерту берілген ақпаратты ұмытып қалмай, бірден танысуы үшін 
ескертуді ресімдеудің осы түрі қолданылады. 
Екіншісі
– мәтіннен тыс, жұмыстың соңына, негізгі мәтіннен кейін 
орналастырылатын ескертулер. Егер ескертулер негізгі мәтіннің ішіне 
енгізбей-ақ беруге болатын жеке шағын зерттеулерді қамтыса, ресімдеудің 
осы түрін қолдануға болады. Мәтіннен тыс ескертулер – негізгі мәтінді 
жеңілдету үшін оның мазмұндау логикасын бұзбай қосымша ақпарат берудің 
кең таралған және ыңғайлы түрі.
Өзгелердің мәтіндерін дәйексөз ретінде келтіру немесе келтірмеу 
кезінде жиі кездесетін қателіктер мынандай: 
-
дәйексөз алынған дереккөзге сілтеме жасамау; 
-
дәйексөз алынған дереккөзді толық сипаттамау; 
-
ұзақ дәйексөз келтіру; 
-
дәйексөзді қате беру; 
-
сілтеменің библиографияға сәйкес келмеуі. 
Бірінші жағдай
плагиат деп аталады. 
Плагиат
дегеніміз – өзге адамның 
идеялары мен сөздерін алып, өзінікі ретінде ұсыну; дәйексөзге сілтеме 
жасамай, өзгенің идеясын пайдалану. Бұл авторлық құқықтар туралы заңнама 
талаптарына сай заң алдында жауаптылыққа тартуға әкелуі мүмкін. 
Плагиатпен айналысу құқықтық жауаптылықпен қоса әдеби академиялық 
этиканың ережелерін бұзу болып саналады. Мұндай оқиғалар жиі кездеседі. 
Интернет жүйесінің дамуы да плагиат мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. 
Болашақта бұл жағдай өзгереді деп ойлаймыз. Академиялық көпшілік плагиат 
жасаумен айналысқан студент жұмысына қанағаттанарлықсыз баға қойылуы 
керек деп санайды. Кейбір шетелдік оқу орындарында мұндай студентті 
оқудан шығару тәжірибесі де бар. 
Екінші қателікке
өзгенің сөзін тырнақшаға алып, авторын көрсетіп, 
бірақ дереккөздің сипаттамасын анық бермеген немесе ондай мәліметті мүлде 
көрсетпеген жағдайда ұрынасыз. Сырт қарағанда, ешкімді алдап отырған 
жоқсыз, бірақ тиісті талаптарды өрескел бұзып отырсыз. 
Үшінші қателік
те кең таралған. Сілтеме тиісті түрде ресімделген, бірақ 
келтірген дәйексөзіңіз тым көлемді, беттің жартысын алады, тіпті кейде бір 
бетке дейін кетеді. Мысалы, «зерттеуші атап көрсеткендей», «автордың 
ойынша» деп басталатын сөйлемнен кейін тырнақшаға алынған сол автордың 


155 
бір бет мәтіні келтіріледі. Бұл дәйексөз келтіру нормасын бұзғандық болып 
саналады. 
Төртінші қателік
дәйексөзді дәл бермеумен байланысты. Дәйексөз 
соңғы үтір-нүктесіне дейін дәл берілуі тиіс. Егер автор сөзді курсивпен немесе 
қою әріптермен берсе, сіз де дәл солай қайталауыңыз қажет. Қазіргі 
грамматикалық немесе стилистикалық нормаларға сай келмейтін ескі 
материалдармен жұмыс жасасаңыз да, дереккөзді өзгертпей бергеніңіз жөн. 
Мәтінге сәл болса да өзгеріс кіргізсеңіз (сөз қосасыз, курсивпен жазасыз т.б.), 
бұл туралы жақша ішінде ескертуіңіз керек, мысалы, «(курсив біздікі)» деп 
жазу қабылданған. 
Бесінші қателік
алдыңғылары сияқты өрескел болғанымен, кең таралған 
қате. Барлық дәйексөзге тиісті сілтемелер келтірілген, алайда олар 
пайдаланылған әдебиеттер тізімінде көрсетілмеген немесе берілу реті сәйкес 
келмейді. Бұл кемшілікті дұрыстау оңай деп ойлаймыз. 
Жалпы плагиат жасамау жазып отырған тақырыпты толық түсінуге, 
ойды қорытындылауға, жүйелеуге, тақырыпты талдауға ықпал етеді. Осы 
орайда «Плагиаттан қалай сақтануға болады?» деген сұрақ туындайды. Ол 
үшін өзге еңбектерден алынған басқа авторлардың пікірлеріне, дәйексөздерге, 
оларға жасалған қорытындыға және парафразға әрқашан сілтеме берілуі 
қажет. 
Плагиат жасамау үшін мына амалдарды орындаған абзал: 
Сілтеме жасау
– басқа бір автордың пікірін қолдану үшін үнемі сол 
авторға сілтеме жасауды ұмытпау керек. 
Сілтеме
дегеніміз – өзге автордың 
ойын немесе сөзін алған әдебиетті, яғни материалды көрсету. 
Төл сөзді қолдану
– мәтіннен керекті деген ақпаратты өзгертпей сол 
күйінде тырнақшаға алып, дәйексөз ретінде қолдану. Кейде бұл 
тура сілтеме 
жасау 
деп те аталады. Төл сөздерді қолдану кез келген ғылыми еңбекті жазу 
барысында қолданылатын әдістердің қатарына жатады. Оларды дұрыс 
қолдану зерттеу жұмысын жазып отырған тілді білу деңгейіне тікелей 
байланысты. Сондай-ақ 
төл сөздерді қолдану барысында мыналарды меңгеру 
қажет: 
-
төл сөз еш өзгеріске түспей қолданылуы қажет; 
-
төл сөз тырнақшаға алынуы шарт; 
-
төл сөздерді жиі қолданбау қажет; 
-
төл сөз негізгі ойды қолдау үшін ғана беріліп, негізгі ойды бермеуі 
керек; 
-
төл сөздің тілі анық және мазмұны нақты, шағын болуы тиіс; 
-
төл сөздің авторы осы саланың беделді ғалымы болуы тиіс; 
-
төл сөздің грамматикалық құрылымы автор тілінің грамматикалық 
құрылымымен сай болуы тиіс. 
Парафраз жасау
– автор сөзін мағынасын сақтай отырып, өз сөзімен 
қайта жазып шығу. Қазақ тілінің ережесі бойынша, өзгенің сөзін мағынасын 
өзгертпей қайталау 
«төлеу сөз»
деп аталады. Бұл әдіс студент үшін өзге автор 
ойын толық түсінуге көмегін тигізеді. Себебі студент өзгенің сөзін өз сөзіне 


156 
айналдыру барысында ондағы ақпаратты толықтай ой елегінен өткізеді. 
Сондықтан парафраз жазба жұмысында кеңінен қолданылуы тиіс. Бұл өз 
кезегінде жұмыстың жоғары бағалануына септігін тигізеді. 
Парафраз жасау барысында мына жайттарды естен шығармау 
қажет: 
- өзге автордың сөзін өз сөзімен (мағыналас сөздермен, сөз 
тіркестерімен) жазғанда негізгі мағынасын жоғалтып алмау; 
- парафраз алынған дереккөзге сілтеме жасауды ұмытпау; 
- парафраз сөйлемге немесе параграфқа (абзацқа) жасалуы мүмкін;


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет