Ағылшын тілінің грамматикасы. 28-сабақ: Prepositions of Place (2): by, beside, next to, close to, near, in front of, behind by, beside, next to, close to, near, in front of, behind Бұл сабақта бұған дейін басы басталған орынға (мекенге) қатысты көмекші сөздерді жалғастырамыз.
by — қолданылу аясы өте кең көмекші сөздердің бірі. Бұл сабақта оның орынға, мекенге қатысты қызметін қарастырамыз.
by көмекші сөзі “маңында”, “жанында”, “қасында”, т.с.с. мағыналарды береді. Мысалы:
We live in a large cottage by the sea — Біз теңіздің жанында үлкен коттеджде тұрамыз.
The ball is by the bed (the bed is by the window) — Доп кереуеттің жанында тұр (кереует терезенің жанында).
beside = by = next to
beside және next to көмекші сөздерінің мағыналары by көмекші сөзінің мағынасымен пара-пар.
close to — бір заттың екінші бір заттың жақын маңында (қасында, жанында) бірақ нақты қай жағында тұрғаны белгісіз екендігін білдіру үшін қолданылады. Екі заттың арасында басқа да заттар болуы мүмкін. Ал by, beside, next to сөздері арасында ештеңе болмайтын кезде қолданылады. Мысалы:
Your house is close to the railway station — Сендердің (сіздердің) үйлерің(із) темір жол станциясына (вокзалға) жақын маңда.
The school is close to the hospital — Мектеп аурухананың жанында (өте жақын жерде).
near = close to
near көмекші сөзінің мағынасы тура close to көмекші сөзініңкіндей.
in front of — “алдында (алдынғы жағында)” деген мағынаны беретін көмекші сөз. Мысалы:
The cat is sleeping in front of the chair — Мысық орындықтың алдында ұйықтап жатыр.
I parked my car in front of the garage — Мен машинамды гараждың алдына қойдым (жайғастырдым).
behind — “артында (арт жағында)”, “бір заттан кейінгі жер” деген мағыналарды береді. behind көмекші сөзі in front of көмекші сөзінің антонимі (қарама-қарсы мағынада) болады. Мысалы:
Our school is behind the supermarket — Біздің мектеп супермаркеттің арт жағында (артында).
The car park is behind the big building — Авто тұрақ үлкен ғимараттың артында (арт жағында).