Әнуар Тарақов, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ филология, әдебиеттану және
әлем тілдері факультетінің
профессоры, ф.ғ.д.
аударманы Редакциялаудағы сөздің қолданылу РЕТІ МЕН ТӘРТІБІ (ТАВТОЛОГИЯ, ПЛЕОНАЗМ, СӨЗ ҚАЙТАЛАУ)
Суреткердің ұлттық, дербес қайталанбас өзгешелігі, талант деңгейі, шығармашылық ізденіс, шеберлігі туындының жоғары көркем мазмұнында, биік идеясында ғана емес, әсерлі, әдемі, мәнерлі баяндалуында. Шығарманың мазмұндалу, баяндалу ерекшелігі – автордың сөз саптау тәсілінде, стильдік қолданысында. Аудармашы туындының басқа елде, басқа тілде қайта мазмұндалуына аса жауапты. Кітаптың екінші елдегі тұрлаулы тағдыры, ұзақ жасауы аудармашының азапты еңбегіне, шеберлігіне байланысты. Аудармашы түпнұсқада айтылған ойды ғана емес, әр сөздің мағынасын жеткізуге жауапты. Аударма – шығарманы барлық көркемдік мазмұнымен, құрылымдық элементтерімен қайта жеткізу ғана емес, жазушының жандүниесімен сырласып, өз тілінде қайта жазып шығу.
Аудармада мәтін мағынасының дәлдігіне, көркемдігіне жетуде тілдік құралдарды үнемді, орынды қолдану керек. Аударма тілінде түпұсқалық мәтіннің мағынасына толық сәйкестікке жету үшін сөздерді сұрыптап, саралап пайдаланады. Мұның өзі сөздік қордың байлығымен байланысты. Жазбаша және көркем аударма үдерісінде іс жүзінде аударманың бірлігі жекелеген сөз немесе сөз тіркестері, сипаттамалары тұтас бір сөйлем және абзац және тұтастай аударма мәтін бола алады. Көркем шығарма мәтіні аудармасында (әңгіме, роман немесе пьеса) онда әр сөздің, әрбір қағытпаның (репликаның), әр сөйлемнің аудармасы автордың көркемдік-идеялық ұстанымына ойына, дербес стиліне, сөз саптау ерекшелігіне, интонациясына, баяндаудың тұтастай және жекелеген бөліктерінің ырғақтық, әуездігіне, кейіпкерлердің сөйлеу мәнерінің құрылымдық жүйесіне байланысты жасалады.
Көпсөзділік сөйлем мағынасын күшейте алмайды. Керісінше мәтінде не айтылғанын түсінуге қиындық туғызады. Кейде сөйлемде өзін-өзін ақтай алмайтын, сөйлем мағынасында ешқандай рөл атқармайтын, оқшуланып қалған сөздер ұшырасады. Алайда қысқалылықтың өзі де кейде ойдың айқындылығына кері әсерін тигізетіні бар. Қысқа жазуға дағдылану – жазу өнеріндегі ізденіс пен тәжірибе нәтижесі. А. Филонов: «Шамадан тыс қысқалық та ой айқындылығына нұқсан келтіреді» десе, Квинталиан «Қандай да бір қысқалық сөйлеген сөзден ең қажеттісін алып тастайды» деп дәлелдейді.
Көркем прозада, поэзияда қайталау жиі кездеседі. Белгілі бір сөздердің бір сөйлемде, не абзацта жиі қайталануы бұл ақын-жазушының ойды күшейту немесе бір нәрсеге, жағдайға оқырман назарын аударту ұғымында жұмсалады. Ол ойды күшейтіп, экспрессивтік-эмоциялық қуатын арттыру мағынасында қолданылады. Қайталау – стилдік тәсіл. Стилистикалық қателердің тағы бір белгісі – сөйлемдегі, сөздегі қателерден бөлек, мәтіндегі семантикалық қарама-қайшы сөздердің ұшырасуы.
Сөз қайталауда (анафорада) экспрессивтілік арта түседі. Сөздің түрлі бөліктерінде анафоралық қолданулар эмфатикалық құрылым жасайды. Ал эмфатикалық екпін – бұл бірінен бұрын эмоциональды, ол сезімді білдіруге қызмет етеді. Экспрессивті құралдар басқа тілге аударылғанда айтарлықтай қиындық туғызады. Олардың көпшілігі түпнұсқаның ерекшелігі саналады, мағынаның фондық белгілеріне байланысты және баламасыз бірлікті құрайды.
Әдеби шығарма не публицистикалық мақалада көп жағдайда қажетсіз қайталауларға, сезімдік әсірлеулерге жиі орын беріледі. Бұл автордың сөздік қорының, тіл байлығының жұтаңдығынан, білімінің жеткіліксіздігінен, ой жүйесіздігінен, жазу ісіне дағдыланбағандықтан ұшырасады. Мәтіндегі артық сөз дегеніміз не? Бұл – мәтінде ойды жеткізуге сөйлемде мағыналық жағынан қайталанатын, қажетсіз қолданысқа енген сөздер мен сөз тіркестері. Мысалы, 22 футболшы, спортшы доп тебуге жасыл алаңға шықты. Мұндағы қарайтылып берілген сөздер сөйлемде артық қолданылған. Әйтсе де, кейде жазу өнерінде мұндай қателіктер жиі кездеседі. Тіл білімінде тавтология деп аталатын сөздердің, сөз тіркестерінің ешқандай себепсіз, мақсатсыз қайталануы мәтіннің мағыналық-стилистикалық құрылымын күрделендріп жібереді. Оқуға, ұғынуға ауыр тиеді. Алайда, өзін мағыналық жағынан ақтай алатын тавтологиялар да бар. Мысалы: Қайтадан оралды. Әрі қарай жалғастырды. Тұтастай және толығымен қолданды. Ой ойлады, т.б.
Сөздер адамның алуан сәттік сезімін сипаттайды, таңдану, шаттану, мақтану, сезімін білдіру, еркелеу, қалжыңдау, әзілдеу, мысқылдау, кемсіту, алдау, жек көру, үрейлендіру, т.б. Плеоназм – біріңғай немесе мағыналық жағынан жақын сөздердің орынсыз қайталануы. Сөздердің мағынасын толықтыруға пайдасы жоқ сөздердің қайталануы. Әдебиеттану ғылымында бір топ синонимді бір сөйлемде, не өлең жолдарында түйдектете тұтас қолдану плеоназм деп аталады. Плеоназмның жиі кездесуі – ойды дәл жеткізуге кедергі келтіреді.
Тавтология – грек сөзінен шыққан. Tautologia – tauto – соның өзі – logos – сөз, демек, сол сөздің қайта жеткізілуі ұғымын береді. Немесе сөздердің мағыналық сыңарларының қайталанып келуі.
Сөз мағынасының дыбыстық құрылымы бойынша біркелкі сөздердің орынсыз қайталануы – тавтология деп аталады. Мысалы: кәрі қарт, шынайы шындық, балғын сәби.
Тавтология өте сирек лексикалық қателік, алайда оның өзі де әдеби шығармаларда, аудармаларда, баспасөзде кездеседі. Мысалы: сый сыйлады.
Стилистикалық жағынан дұрыс қолданылмаған тавтология жазу мәдениетін бүлдіреді, сөйлемдегі сөздердің әсерін кемітеді. Бұл автордың не аудармашының сөздік қорының жұтаңдығын әрі үнемі жаттанды сөздерге, тіркестерге дағдыланғанын көрсетеді.
Өзара мағыналас сөздердің қатар орналасуы салдарынан немесе бір сөздердің сөйлемде негізсіз біреше қайталануынан жасалады. Тавтологияның 2 түрі бар: 1) мағынасы және дыбысталуы жағынан өзара жақын, яғни бір түрлі сөздер немесе бір сөздің негізсіз бірнеше қайталануы; 2) мағынасы жағынан жақын, бірақ дыбысталуы бойынша әртүрлі сөздердің қайталануы.
Мысалы, сірікіреп нөсер жауын жауып тұр. Тавтология әсіресе фольклорда сезімдік, тебіреністік ықпал ету мақсатында қолданылған. Ерте, ерте, ерте де, күндердің бір күнінде, т.б. Бір ғана әрі басқа сөзді мақсатты, саналы түрде қайталау шешендік сөз сөйлеу ерекшелігі. Алайда кейде бір сөзді сөйлем сайын қайталау, кейде тіпті үстемелете айта беру тыңдаушыны мезі етеді. Публицистикада әрі аудармада тавтологиядан аулақ болған жөн.
Тавтология бір түбірдегі сөздің бөгде сөзбен бірігуінен жасалады. Тавтология қажетсіз қайталауға ұшырайды, мұның өзі стильдегі мазмұндауға ғана емес, сөздің мазмұнына да кері ықпалын тигізеді. Сөздің мағыналық жағынан өзін ақтай алмайтын артығы, қатарласа қолданылатын екі не үш сөздің бір ғана мағынаға теліну. Өмірсүйгіш ақын. Жасырын тавтология. Егін орағындағы тұсаукесер (дебют), Комедияның ерекше эталоны.
Бірақ тавтология әркез стилистикалық қате болып табылмайды. Кейде сөздің шынайылығын арттыру мақсатындағы стильдік ретінде қолданылады. Тавтологиялық қайталаулар: Күштіден де күштіміз. Әдемінің әдемісі-ақ екен. Шебердің шебері бар т.б. Сөздің үнемі қайталанып кетуінен құтқаратын тәсіл - синонимдерді қолдану. Сонымен мәтіндегі негізгі қателер мыналар: логикалық, лексикалық, грамматикалық, стилистік, синтаксистік және пунктуациялық.
Түпнұсқада кездесетін тавтологияны аудармада қайталау қажет емес. Тәжірибелі аудармашылар, не редакторлар түпнұсқа мен аударманы салыстыру барысында сөздің қажетсіз қолданылғанын аңғарып, бірден стилистикалық түзету жасайды. Кейде түпнұсқадағы мақсатты қолданылған қайталауды үстемелеу стильді әрлеу емес, керісінше дұрыс мәтінді бұрмалау. Р. Стивенсонның «Қазына аралы» романындағы бір сөйлемнің орыс тіліндегі нұсқасы мынадай: «Но избавившись от него самого, мы не избавились как вы. Сами увидите, от навязанных им хлопот». (с.21) Қазақша екі аударма нұсқасы бар. Алғашқы аударма А. Құлыбековтікі. Аудармасы: «Бірақ, өздерің көре жатарсыңдар, капитанның өзінен құтылуын құтылғаныммен, оның машақат істерінен сонда да құтыла алмадым (14 б.). Сөйлем аудармасы түпнұсқадан алшақ. Аудармашы екі жай сөйлемді біріктіріп жібергенімен, құтылу етістігі үшінші рет қайталанып, мүлде бөлектеніп кеткен. Ал, Қ. Дәуітов нұсқасын салыстырайық: «Бірақ кейін өздеріңіз де көрерсіздер, біз капитанның өзінен құтылғанмен оның әлі де машақат істерінен құтылмаған екенбіз» (13). Мұнда аудармашы «машақат істерінен» демей-ақ, «машақаттарынан» деп алса болар еді.
Кейбір плеоназмдер сөз мағынасын күшейтеді, оның эмоциялық-экспрессивтік мәнін арттырады: Мысалы: Мен бұл оқиғаны өз көзіммен көрдім. Өзеннің ағысы соншалықты қатты. Оның әңгімесі барынша қызықты да тартымды болды. Поэзияда олар ерекше образдылыққа, мәнерлілікке экспрессивтілікке ие болып, ойды айқындаудың, әсірелеудің құралына айналады.
Сөздің жиі қайталануы ауызекі сөйлеу тіліне тән, әдет десек, жазу өнерінде, аударма шығармашылығында бұл стилистикалық қате. Кейбір плеоназмдер сөз мағынасын күшейтіп, оның эмоциялық-экспрессивтік мәнін арттырады. Мысалдар келтірейік:
Мен бұл оқиғаны өз көзіммен көрдім. Оның әңгімесі аса қызықты да әсерлі шықты.
Алайда мәтінге ешқандай көркемдік, эмоциялық, экспрессивтік сипат бермейтін, керісінше басы артық шұбалаңқылыққа апаратын қайталаулар болады. Бұлар әдеби шығармаларда да, аударма туындыларында да жиі кездеседі. Мысалы М. Твен «Гекльберри Финнің басынан кешкендері» шығармасының орысша аудармасы. Қазақшасы: РРаза три или четыре я пробывал вымолить себе и крючки, но почему то ничего не вышло (15 стр.).
Құдай маған қармақ берер ме екен деп жалбарындым келіп, жалбарындым келіп, үш рет пе, төрт рет пе жалбарындым, ал қармақ келмеді (15).
Мұның өзі автордың сөздік қорының жеткіліксіздігінен, тіл байлығының жұтаңдығынан, жазу мәдениетін, тіл нормасын жетік білмеуден туындайды. Мұндайда ой жүйесіз, мағына айқын болмайды, оқырман не айтылғанын аңғара алмайды. «Көпсөзділіктен арыла білу – бау-бақшадағы пайдалы өсімдіктерді арам шөптерден ажыратып алып, оны отап шығумен бірдей» дейді тіл маманы Т. Сепер. (Основы искусства речи. М., 1992. с.312) Жазба аударма шығармасында кездесетін артық сөз дегеніміз не? Бұл – мағыналық жағынан қайталанып тұратын, мәтін мазмұнына қатысып, қажетсіз басқа сөзбен ойды жеткізуге ұмтылу. Яғни мәтінде сөз санын көбейтіп тұрғанымен, ешқандай мағыналық қуаты, ықпалы жоқ, ешқандай дәнекерлік белгісі жоқ сөздер. Бұл екі сөздің мағыналық, аралығындағы мәселе.
Әр сөз, тіркес, сөйлем мүшелерімен белгілі бір үйлесімділікте, бірлікте, тұтастылықта, сәйкестікте қолданылады. «Егер сөйлемдегі сөздер өз теңін тауып, мағыналық, синтаксистік байланыста дұрыс тіркеспесе, айтылмақ ой түсініксіз не көмесікіленіп тұрады». (М. Балақаев, М. Серғалиев 86-б.) Бұл тұжырым жазу өнерінде ғана ескерілумен бірге, аудармада да іске асуы тиіс. Аудармада әр сөзді талғап, таңдап қолданудағы мақсат оны әрлеп, әдемілеуде емес. Оны неғұрлым түпнұсқадағы мағынасына лайықтап, соған сәйкес, баламалы түрде жеткізуге негізделеді. Аударма бітісімен, оны түпнұсқамен салыстыра қайта қарап, редакциялаудың пайдасы зор.
Ойды аз сөзбен, қысқа да нұсқа, нақты да сәтті мазмұндау – үлкен шеберлік. Жазу өнерінде мәтіннің әсерлі, мәнерлі, мағынасы айқын да ажарлы құрылуы ойды қысқа баяндау тәсілін меңгеру қабілеттілігін байқатады. Аз ғана сөзбен ойды дәл жеткізу тілді жетік меңгеру әрі шебер жаза білу дағдысы. «Тоқсан сөздің тобықтай түйінін жасау» әркімнің қолынан келмейді. Көптеген қаламгерлер қысқа жазуды маңызды шығармашылық міндет деп түсінеді. Шығармада ойды дәл, айқын баяндауда артық сөйлемдер мен сөздерді анықтап қайта жүйелеп құру пайдалы. Кейде бір сөйлемдегі сөздер екіншісімен мағыналық жақындықта болса, кейде қайталануы мүмкін. Әрбір мәтінді көп сөзділіктен арылтып, жинақы, тартымды жасау – бұл жазушыға да, аудармашыға да аса қажет. Л. Толстой редакциялау туралы тұжырымдамасында «Егерде ең басты ойдың айқын еместігін немесе мағынасын жеткізе алмағаныңды аңғара қалсаң, шығарманың мазмұнына нұқсан келтірместен, одан көп сөзді алып тастау туралы ойлаған дұрыс. Ешқандайда кемеңгерлік қосымшалар мейлінше көп болса да, шығарманы жақсарта алмайды, оны сызып, шимайлап, түзету ғана жақсарта алады» депті. Қолданыстағы артық сөз оқырманның мәтінді түсінуіне қиындық туғызады.
Қысқалық – шығарманың оқылуына да пайдалы. Айтылған, баяндалған ойды нақты, түсінікті, тиянақты тұжырымдап, аз ғана сөзбен әсерлі, әдемі жеткізуге дағдыланған дұрыс. Қысқалылық – бұл сөздің негізгі құндылықтарының бірі. Редакциялаудың тәжірибелі маманы Б. Кобрик «Қысқалылық – игілік, көпсөзділік – күйініш» деген қорытындыға келеді. Әрбір жазатын адам плеоназмнен, тавтологиядан қажетсіз, артық сөзден арылуы керек.
Мәтіндегі қателіктердің бірі – орынсыз қолданылған түсінуге қиын сөздер. Мұндай сөздер мәтін мағынасын көмескілейді, мәтін мазмұнын, оның ақпараттылығын, маңыздылығын, көркемділігін, эстетикалылығын кемітеді, ой қисындылығын бұзады. Оқырманды шатастырады. Қысқарту – сөздерді үнемдеу, мәтіннің әдеби немесе мағыналық сипатын жақсарту.
Стилистикалық қателердің ұшырасуы – сөздің қалай болса солай қолданылуы, орынсыз қайталануы, шұбалаңқылығы. Ойдың айқын болмауы көбінесе сөздің ретсіз, жүйесіз, мақсатсыз қолданылуына байланысты. Мұндай қателік мәтіннің мағыналық ауытқуларына апарып соғады. Талантты ақын, аудармашы М. Әлімбаев «...жеткізбей айтқаныңнан гөрі, көп сөзділігіңнен көбірек өкінесің» дей келе, көпсөзділіктің оқырман уақытын текке кетіретінін ескертеді. Сөйлемнің шұбалаңқы, көпсөзді болуы жазу өнеріне дағдыланбаудан, өз жазғаныңа сыншылық көзқараспен, жауапкершілікпен қарамаудан туындайды. Лепіріп, сөз қуалап жазудан нақтылық, дәлдік, жүйелілік жоғалады. Ой шашырап, өзара тұтаспай, мән-мағынасынан айырылады.
Аудармада тіл кедергіден қауіп болмауы керек. Кез келген қиындықты жеңіп шығамын деген батыл сенім және мол тәжірибе қашанда көмектеседі. Әлдебір қиын сөз, сөз тіркесіне немесе тұтстай сөйлемге бола кідіріп қалудың қажеті жоқ. Оны қалдыра отырып, белгі қойып, кейіннен қайта оқып, редакциялау барысында тың оймен ретке келтіруге де болады.
А.Байтұрсынов «Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды» деп поэзия өнеріндегі тілді қолданудың дара бітімін анықтап көрсетеді.
Сонымен бірге жазу өнеріне, жазу мәдениетіне дағдылану үшін «айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білуі тиіс. Яғни, әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап сөйлемді тізе білуі тиіс» деп ой қорытады. Мұндағы айтушы автор ұғымында. Олар журналист, жазушы, әдебиетші, аудармашы т.б. шығармашылық тұлғалар. Қандай да бір шығарма қолжазбаcының стилистикалық түзетуге, әдеби өңдеуге түсуі де тілді дұрыс қолданбаудан, сөйлемді дұрыс құрай алмаудан.
Сөз тіркестерінің, сөйлемнің нашар құрылуы – басты қателік. Әдетте журналист не аудармашы мәтіндегі бір сөзге қазақ сөзін балама түрінде алып, мағынасы үйлесе ме, үйлеспей ме, оған мән бермей, қолдана береді. Мысалы осуществить – іс жүзіне асыру делініп жиі қолданылады. Әрбір сөздің мәтіндегі атқаратын қызметін түсініп, білу міндет.
П.П. Бажов: «Басты қиындық – мағынаға сай келетін сөз табу. Бәрібір жайшылықта сөйлеп әрі дағдылы әдеби тілде жазғаныңмен, халықтың сөйлеу тіліне ауысу оңайлықпен келе қоймайды... Екінші қиындық - оқырман үшін болашақта мүлдем жаңа делінген мәнерлі сөздерді тауып қолдану» деп оны іздеуде сөздікке сүйенбей, санадағы дағдылы, толық түсінікті сөздерге зер салуды ұйғарады.
Жазу өнерінде, аударма шығармашылығында әр сөзді орнымен жүйелі қолдану – аса ұқыпты, жауапты, маңызды жұмыс. Сөздің мәтін ішіндегі қолданылу мәнін, үйлесімділігін анықтаумен бірге, оның басқа сөздермен, сөз тіркесімен байланысын, мағыналық рөлін, мазмұндаудағы құрылымдық жүйесін, эстетикасы мен этикасын біліп қолдану қажет. Аудармашыға бай сөздік қордан бөлек, алуан сипатты, мағынасы дәл сөздік те өзінің елеулі көмегін тигізеді. Сонан кейін тәжірибелі аудармашылардың, тіл мамандарының ақыл-кеңесіне мән берген дұрыс. Белгілі бір саладағы кітаптарды, еңбектерді оқудан бөлек көтерілген мәселеге орай басқа да шығармалармен танысу артық емес. Сөз өнерінің айтулы шеберлерінен, классиктерден үйренер нәрселер мол. Олардың сөз саптау тәсілінен, сөйлем құрау үлгісінен, мәтінді мәнерлі, бейнелі жеткізу шеберлігінен үлкен тағылым алуға болады.
Тіл нормасы, әдеби тіл нормасы сөз мәдениеті, мәселесі Абайдан бастап, кейінгі қазақ ғұлама ғалымдарын да үнемі ойлантып, толғандырған. А. Байтұрсынов қарапайым ауызекі сөйлеу тіл мен жазба тілдің өзіне тән айырмашылығын айқындай келе: «Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп, айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз» деп тілді дұрыс таңдап, талғап, орынды қолдана білуге шақырады. Мұның астарында редакциялау қызметі де жатыр. Автордың немесе аудармашының дұрыс қолданбаған немесе қосқан сөздерін, не ойды жеткізе алмаған тұстарын айқындап, мағыналық жағынан жақсарту, жаңалау, түзету – сезімталдықпен аса ұқыпты, атқарылады. Келісті, көркем сөйлем бірден көз үйіреді, ойда бірден жатталады. Ойы бұлдыр, сөзі сылдыр сөйлем оқуға да, ұғуға да ауыр. Түзеп, жөндейтін, өңдейтін – осындай мағынасы көмескі мәтіндер.
Жалпы редакциялау, әдеби өңдеу ғылыми айналымға енбей-ақ, көптеген ғұлама ойшылдар жазу өнерінде ұқыпты, тиянақты, мұқият болуға ерекше мән берген. Цицеронның «Жекелеген сөз бойынша талдама, олардың жалпы байланысы бойынша талда» деген тұжырымы жазу өнеріне, мәдениетіне ғана емес, әдеби сынға, аударма сынына, әдеби-тілдік зерттеулерге де әбден қатысты. Гораций: «Жазғаныңды жиі түзет, өз шығармаңды мұқият өңде» деп кеңес береді. Мұның бәрі өмірлік тәжірибеден түйіндеген ойлар. Сөздердің мағыналық, құрылымдық, синтаксистік, логикалық, стилистикалық байланысын сақтауына ерекше көңіл бөлуді ұсынады.
А. Байтұрсынов «Сөз өнері» мақаласында әдеби өңдеу, редакциялау ісінің жеке шығармашылыққа тигізер пайдасын атап өткен. Ол Пушкиннің кейбір өлеңдерін 13 рет, Л. Толстойдың шығармаларын баспаға бергеннен кейін де талай түзетіп, өзгерткенін мысалға ала келіп: «Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілімен айтып, басқаларға айнытпай білдіруге көп шеберлік керек» деп ойдағы, көңілдегі сөздерді жеткізудің өте қиындығын пайымдайды. Көңілде сараланған, санада айшықталған көрікті ойлардың көркемділікпен жеткізілуі – үнемі ізденудің, терең ойланып-толғанудың жемісі. Әдебиет немесе аударма шығармашылығы мазмұндық, тілдік құрылымына ұқыптылықпен, мұқият мән беруді қажет етеді. Жазу өнерінің жауапкершілігі зор. Бүгінгі оқырманды ғана емес, болашақты да ойлаған жөн. Өйткені, үлгілі жазу мәдениеті – үздіксіз үйренетін мектеп.
Әдеби өңдеу, редакциялау – ұлы таланттардың, нағыз шығармашылыққа шынайы берілгендердің сүйікті ісі. Олай болатыны М. Горький, Н. Короленко, А. Чехов, Л. Толстой туындыларын әлденеше өзгертіп, қысқартып, қосып, түзетіп, толықтырып, жаңалап, қашан көңілден шыққанша тыным таппаған. Осындай машақатқа М. Әуезовте бас тіккен. Р. Нұрғали зерттеу жазғандай: ол «Еңлік-Кебек» трагедиясының бірнеше нұсқасын жасап, «Айман-Шолпан» комедиясын қайта жазған, «Қараш-Қараш» повесіне қайта әдеби өңдеу жүргізсе, «Қарагөз» пьесасын екінші рет қарап шығып, оқырмандарға алғысөз жазып, бұрынғы нұсқасындағы қателіктерді түзеткен, шығарма идеясын тереңдеткен, көркемдігін жетілдіре түскен. Осының бәрі суреткердің өз туындыларына жауапкершілікпен қарап, олардың көркем құндылығын жетілдірудегі табанды ізденісін айғақтайды.
Американ аудармашы ғалымы Коттон Мэзер «Поэтикалық сөз саптау» мақаласында «Шынайы шеберлік дегенміз аз сөзбен мағынаны жеткізе білуде, кітапта сөз неғұрлым аз болса, соғұрлым ол құнды, сонымен бірге ол ғибратты, мағыналы да мазмұнды» деп пайымдайды. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, ойды тұжырымдап, дәл баяндау, сөзді ұқыпты, тиімді, орынды пайдаланудың нәтижесі редакциялаудың бір пайдасы – ақын-жазушы шығармасының стильдік, синтаксистік, логикалық қателіктерін анықтап, оны батыл түзетуде. Жазған мәтінге жаңашылдықпен қарап, оны ұқыпты түзетіп, өңдеуге шеберлік керек. Алғашқысында қағазға түскен ойдың бәрі қажет болғанымен, әр сөзге мұқият мән беріп, қараған кезде қолданыстан шығып қалатын сөздерді қысқартып, ықшамдайтын сөйлемдер кездеседі.
Аударма мәтінін талдап, сраптайтын кезде редакциялаудан бұрын мәтіннің түпнұсқұмен сәйкестігіне, мағыналық жақындығына немесе дәлдігіне, синтаксистік құрылымының дұрыстығына, ой қисындылығына жіті көңіл бөлінеді. М. Твен Ф.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» романын бағалай келе, жазушының сөздерді орынсыз қолданғанын сынаған. Романның он бірінші тарауынан бірнеше мысалдар келтірген. Пайдаланылған 261 сөзден 161 сөзді ғана қажет деп тапқан. Қалған 100-ін «желге ұшқан бос сөз» деп көрсеткен.
Тавтология және оның мәтінде орын алуы
Плеоназмның қолданылу жайлары
Сөздерді дұрыс, орынды қолдану
Редакциялау және түзету ықпалы
Аударма мәтінінің түпнұсқалық негізі
Шығармадағы көпсөзділік
Достарыңызбен бөлісу: |