ӘОЖ:371.3
Мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру жолдары
Нұрманалиева Ұ.Т., Биназарова А.Н.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында білім беру жүйесінің міндеттері ретінде жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту..., жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту қажет» деп айтылады. Осы міндеттерді іске асыру ойлау процесінің жаңаруы нәтижесінде жүзеге асады. Бұл бағытта бастауыш сынып оқушыларының ойлау процесін жаңартудың жолдары алуан түрлі. Ойлау процесінің теориялық құрылымын білмей тұрып, мұғалім сабақты ұйымдастыруда белгілі дағдыларды қалыптастыруға бағытталған оның әдістемесін белгілей алмайды [1].
Оқытудың және оқудың ұйымдастыру әрекеттері оқу материалының құрылу ерекшелігіне, қолданылатын жетекші әдістеріне және оқыту құралдарына байланысты. Бұл оқыту барысына мұғалім мен оқушылардың арасындағы өзара әрекеттерге, мұғалім ұйымдастыратын оқушының ойлау әрекетіне, оқу материалын түсіндіру тәсіліне, оны ұғу жолын тексеруге әсерін тигізеді.
Бастауыш мектеп оқушыларнының танымдық іс-әрекетінің бір түрі – логикалық ойлау тәсілдерін қалыптастыру. Мектеп бағдарламалары мен құралдарында да, сондай-ақ әдістемелік нұсқаулар мен ұсыныстарда да бұл мәселеге әлі де болса жүйелі көңіл бөлінбегендігі байқалады. Сөйтіп, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуға ғылыми-практикалық нұсқаулардың, арнайы оқу кешендерінің аздығы белгілі бір қолбайлау болып отыр.
Біз осы мәселені қарастырып, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшелігін анықтаудың қажеттілігін дәлелдеуге талпынып, мәнін ашу мен құрылымы, құрамдас бөліктері (компоненттері), өлшемдер, көрсеткіштер бірлігінде моделін құруды, қалыптасу деңгейлерін анықтауды мақсат еттік.
Бастауыш білім беру кезеңі – оқушыда оқу іс-әрекетін қалыптастырудың ыңғайлы кезеңі. Осы кезеңде ғылыми ұғымдар мен түсініктерді меңгере отырып, оқушының психикалық үдерістері мен қасиеттері қалыптасады; ырықты зейін, рефлексия, ойлау, өзін-өзі бақылау, әрекет-амалдың ішкі жоспары сияқты басты-басты жаңа қабілеттері пайда болады.
Бастауыш мектептің алдында тұрған негізгі мақсат – оқушыларға білім бере отырып, ойлау қабілетін дамыту, қызығушылығын арттыру, оқуға ынтасын ояту. Бастауыш мектеп кезеңінде алған білімдерді бала өз іс-әрекетінде қолдануға машықтанады және ой қорытынды жасай алу, себеп-салдарды анықтау, түсінік беру, ойлау қабілетінің дамуы анық көріне бастайды және осы кезеңде оқушының ойлауы нақты-бейнеліден абстрактылы ойлауға қарай дамиды, заттарды тиісті ұғымдарға жатқызып, өзінің ойын дәлелдеуге үйрене бастайды. Дәлелдеу үшін бала тиісті жүйе – логикалық ойлауға сүйенеді [2].
«Логика» дүниені танудағы абстрактілі ойлаудың формалары мен заңдары жөніндегібілімдер жиынтығы. Логиканың негізгі мақсаты мен зерттеу пәні – танымның ақиқаттылығы, танымдық тәсілдер мен әдістердің дұрыс жүйесін қалыптастыру. Дұрыс ойлау анықтылығымен, танымдық тәсілдер мен әдістердің дұрыс жүйесін қалыптастыру. Дұрыс ойлау анықтылығымен, бірізділігімен, дәлелділігімен ерекшеленеді, мұндай дәл ерекшеліктер логикалық ойлауға үйренгенде ғана қалыптасады. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын дамуына біріншіден – айнала қоршаған ортаны танып білу, екіншіден – баланың тапсырмаларды шешуге деген өзіндік талаптың күшеюі, үшіншіден – сөздік қорының кеңеюі әсер етеді [3].
Қ.Б.Жарықбаев «Баланың логикалық ойлауын дамыту, ұғымдарын өсіру – науқандық жұмыс емес. Ол әрбір сабақ үстінде, мектептегі барлық тәлім-тәрбие процесінің барысында ұдайы жүргізілетін жұмыс. Мұнда оқушылардың жас ерекшелігі де қатты ескеріледі» - дейді [4].
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мектепте оқытылатын пәндік білімдерді және олардың ғылыми мазмұнын меңгеру үдерісінде жүзеге асырылады. Дегенмен, бастауыш сынып оқушыларының білім алу барысында логикалық ойлау қабілетін дамыту қажеттілігі мен бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық ерекшеліктерінің ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негізделмеуі арасында қарама-қайшылық туындауы байқалады..
Ойлаудың негізгі формалары: ұғым, пайымдау және ой тұжырымы. Ойлаудың неғұрлым қарапайым формасы – сөз және сөз тіркестері арқылы білдіретін ұғым. Ал, пайымдау – ойымызды білдіруіміздің неғұрлым күрделі формасы. Біздің ойлау қызметіміздің ең күрделі түрі – ой тұжырымы оны білім алу формасы деп атауға болады.
Баланың дамуына әсер ететін күшті фактор – ол қарым-қатынас жасау әрекеті. Сондықтан, оқыту үдерісі – мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын керек етеді.
Оқушылардың логикалық ойлауының дамуы және оқушылардың оқуға деген көзқарасының жайы олардың психикалық, ақыл-ой, іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін бүкіл оқу үдерісін жолға қою, мұғалім қолданатын оқыту әдістері мен құралдарының жүйесі болып табылады.
Мұғалім сабақта оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамытып, өтілген тақырыптан өздіктерінен қорытынды шығара алатындай етіп қалыптастыру керек. Оқушылар өз бетімен сөйлем құрап жазуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да дұрыс айтып жеткізуге дағдыланады. Танымдық әрекет формалары мен олардың бір-біріне әсер етуі әрбір формаға тән ерекше формаларды қабылдап ұйымдастыруды көздейді. Осылайша оқушының материалданған әрекеті жұмыспен, физикалық үлгілермен, құралдармен таратылатын дидактикалық тапсырмалармен байланысты [5].
Бастауыш сынып оқушыларының ойлау қабілетін дамытуда математика сабағының алатын орны ерекше, өйткені математика сабағының әрбір жұмысы ой-белсенділігін қажет етеді. Оқушылардың жас ерекшеліктерін, қабілетін, ой-өрісін ескере отырып, сабақ барысында оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіретін жаттығу жұмыстары жүргізіледі.
Оқушылардың ойлау белсенділігін дамытатын жұмыстардың тағы бір түрі – ойын. Ойын – балалардың негізгі іс-әрекетінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп, өркендей алмайды. Еңбек үстінде адамның көптеген ерекшеліктері дамиды, өмір сүру барысында ол түрлі долдармен жарыққа шығады. Мысалы, үлкендер өздеріне тән ерекшеліктерін еңбектену барысында көрсетсе, ал мектеп оқушылары сабақ үстінде, ойын үстінде көрсетеді. Ойын – оқушыларды сергітіп, ойланғыштық, ізденушілік қабілетін арттырады. Балалар білімді ойын арқылы да ала алады және үлкендерден үйренеді. Сол ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Баланың жас ерекшелігіне, зейініне сай, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар баланың ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады және де сабаққа қызығушылығын арттырады.
Мұндайда тіл дамытуға байланысты логикалық жаттығулар жүргізудің де мәні зор. Логикалық жаттығулар айналадағы заттар мен құбылыстарды таныту арқылы оқушылардың жалпы ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамытады. Түрлеріне қарай жаттығулар әр топтағы заттар мен жануарлардың атын, сипаты мен қимыл-әрекетін білдіретін сөздерді талдап, жинақтап түсіндіріп, оқушылардың сөздік қорын байытуға мүмкіндік береді. Мысалы, үй жануарлары: қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе, жыртқыш аңдар: арыстан, жолбарыс, түлкі, қасқыр, т.б. сияқты сөйлемдер құрастыру нәтижесінде заттардың тобы, тегі туралы жалпы ұғымдар қалыптастырып, алуан түрлі жеке сөздер үйретіледі.
Одан әрі әр топтың өзіне тән жеке ерекшеліктеріне тоқталу керек. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларының логикаларының ойлау деңгейін анықтауға арналған сабақ жоспарына мынадай тапсырмалар беруге болады: үй жануарларының адамға пайдасы көп болғандықтан адамдар оларды үй жануарлары етіп асырап алады. Осылайша логикалық жаттығу тақырыптарын әрі қарай жалғастыра беруге болады, мысалы: ыдыс-аяқ, киім, ойыншықтар, тірі табиғат т.б.
Логикалық жаттығулардың басқа бір түрі – хабарламақ ойдың логикалық жүйесін сақтап, әңгімені жоспар бойынша айтуға және жазуға үйрету мақсатында: Жазғы демалыс аяқталды. Балалар сабаққа барады, деген сөйлемдердің орнын ауыстырып; «Балалар сабаққа барады. Жазғы демалыс аяқталды» деп құрауға болады. Оқушылардың затты талдау және жіктей білу қабілетін бақылау мақсатында: Мына фигуралардан суретте қолданылғандарын ғана таңдап ал, белгіле.
Сондай-ақ оқушылардың заттың ұқсастықтары мен ортақ қасиеттеріне қарап топтастыра білу қабілетін анықтау мақсатында: Алғашқы қатардағы сөздерге қарап екінші қатардағы жақшадағы екі сөздің астын сыз.
Оқушылардың заттарды салыстыра білу қабілетінің даму деңгейін бақылау мақсатында: Суреттерді салыстыр. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тап.
Оқушылардың заттың ұқсастықтары мен ортақ қасиеттеріне қарай топтастыра білу қабілетін анықтау мақсатында: Берілген сөздерге жақшадағы сөздердің астын сыз. Бақша (өсімдік, бақташы, ит, қамал, ай).
Өзен (күн, жағалау, алма, су, балық). Ойын (ереже, шахмат, ойыншылар, жазалау). Қала ( автомобиль, мекеме, көпшілік, велосипед, көше) т.б.
Жоғарыда келтірілген тапсырмалардың қорытындысы оқушылардың логикалық ойлауының қаншалықты дамығандығын көрсетеді. Сонымен қатар мұғалім сабақта жұмыстың ұжымдық, топтық, әрі басқа да интерактивті әдіс-тәсілдердің түрлерін қолдана білуі тиіс.
Біз педагог-ғалымдардың зерттеулеріндегі бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыту туралы психологиялық-педагогикалық негіздемелеріне сүйене отырып, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамуына мынадай сипаттама беруді ұйғардық:
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту – білімді, дағдыны және шеберлікті белсенді меңгеру үрдісін мақсатты бағытталған түрде басқару, оқушылардың танымын қажетті әдістермен және тәсілдермен қамтамасыз ету, танысдық қажеттіліктерді тәрбиелеу және соның негізінде гуманистік көзқарас, пайдалы еңбектермен әдеттенуді үйрету. Егер біз оқушылардың танымдық қызметін арттыра алсақ, олардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына ықпал жасағандығымыз болып табылады.
Бүгінгі бала – ертеңгі қоғам иесі. Оның қазіргі өмірі – ертеңгі өмірінің күнтүзбесі. Жас бүлдіршіннің өз заманындағы дүниенің жақсы бір кірпіші болып қалануы ұстазының (ата-анасының) қолында. Балаға бала деп қарау, оның сауалына нақты жауап бермеу, оның ойлау шеңберімен бөліспеу – қате пікір. Керісінше, оқушыны өзіміздің құрбы-достарымыз ретінде, бір сәтке өзімізбен қатар қойып, ақыл-кеңес берсек, баланың ақыл-есінің болуына, ой-қиялының ұшқыр болуына, сөздік қорының молюына көп септігін тигізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Астана хабары. 2004, 6 қаңтар.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңынан.//Бастауыш мектеп, 2000, №6-7
А.Момынқұлова, Ш.Алтаева. ізденіс жұмысы – оқушының ойлау қабілетінің даму кепілі. //Вторая Национальная конференция по Чтению. - Алматы: ХХІ век, 2001.
Жарықбаев Қ. Психология. - Алматы: Білім 1993.
О.С.Богданова, В.И.Петрова. бастауыш кластардағы тәрбие жұмысының методикасы. Алматы: Мектеп 1980.
Достарыңызбен бөлісу: |