Әож 378-1а интербелсенді әдістер арқылы білімгерді өз бетінше жұмыс істеуге үйрету



Дата22.06.2017
өлшемі123,32 Kb.
#19517
ӘОЖ 378-1А
Интербелсенді әдістер арқылы білімгерді өз бетінше жұмыс істеуге үйрету
Алиханова Г. Е., Сарыбекова Қ.Н.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады» деп атап көрсетілген. /1/ Сондықтан, қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе- білім мазмұнына жаңалық енгізуді және жаңа әдістерді іздеуді, және оларды іске асыра алатын болашақ мамандарды даярлау қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Сонымен қатар, бұл міндеттерді шешу үшін білім ошақтарының, әр оқытушының күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Білім алушылардың өз бетімен жұмыс жасауларын арттыру мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда жаңа педагогикалық техноглогияларды пайдалану мен оның тиімді әдістемесі өзекті мәселеге айналып отыр.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, қазіргі кездегі әрбір маман иесі шет тілін жетік меңгеруі тиіс. Өйткені әлемдегі ғылым мен техниканың жедел дамуы жастардың алдына шет тілдерін еркін меңгеру мәселесін қойып отыр./2/

Қоғамдағы өзгерістерге байланысты бүгінгі білім беру жүйесінде оқытудың жаңа әдістеріне көшу қажеттілігі туып отырғаны белгілі. Оқу процесінде жаңа оқу технологияларын, яғни интернетті, дөңгелек үстел басындағы жарыс сөздерді, электронды оқулықтарды, проектік сабақтарды т.б. пайдаланудың дәстүрлі сабақтардан гөрі берері мол. Бұндай оқыту түрлері білімгерді шығармашылық, ізденіске дағдылануды, ұжымда жұмыс істеуді үйретеді. Білімгерлер дәстүрлі өткізілетін сабақтардан гөрі, оқытудың жаңа технологиясын пайдаланған сабақтарға көбірек қызығып, белсене қатысады. /3/

Проектік сабақтардың дәстүрлі сабақтардан едәуір айырмасы бар. Проектік сабақты дайындау, өткізу оқытушылардан да, білімгерлерден де шығармашылық ізденісті, көп күш – жігер және уақыт талап етеді.

Қазіргі біздің міндетіміз - жастарға тек сапалы білім беріп қана қоймай, өзінше ізденетін, лайықты жұмысты анықтай білетін, өмірден өз орнын таба алатын жастарды қалыптастыру. Қазіргі дайындалған мамандардың сапасымен болашақтағы қоғамның дамуы байланысты болғандықтан, дайындалып жатқан мамандарымыз нарықтық экономика қоғамындағы бәсекелестікке төзе білетін, жеке көзқарасы бар, өз бетінше ойлай білетін тұлғалар болуы қажет. Ал жастарға өз бетінше ойлауды қалай үйретуге болады? Ол үшін ең бірінші “не ойлау” керектігін үйретуден бас тартып, “қалай ойлау” кректігін үйрету қажет. Бұл үшін бізге проектік сабақтар көмектеседі. Себебі проектік сабақтарда білімгерлер белсенді болады, яғни оқытушы не айтады деп күтіп отырмай, өздері іздейді, зерттейді, тыңдайды, шешеді, жасайды, басқа білімгерлермен, мамандармен бірігіп жұмыс істейді. Оқытушы дәстүрлі сабақтардағыдай аудиторияда информация беретін жалғыз адам болмайды, осы жұмыстарды істеу кезінде білімгерлерге кеңес беріп көмектеседі, яғни алға қойған мақсатқа жету үшін оқытушы мен білімгер бірігіп жұмыс істейді.



Сонымен проект сабағы деген не? Проект сабағы бұл алдын ала жоспарланған, алдына қойған мақсаты бар сабақтың ерекше бір түрі. Оның дәстүрлі сабақтардан теориялық жағынан ғана емес, практикалық жағынан да өзгешелегі бар. Проектік сабақтың басы – бір мәселе, не ерекше ой – пікірмен (идея) басталып, аяғы презентациямен аяқталады. Сабақтың басында ұсынылған мәселені шешу үшін оқытушы мен білімгерлер бірігіп жоспар құрып, жұмыс істеу әдістерін таңдайды. Жоспарлау, жұмыстарды орындау барысында білімгерлер өз беттерінше жұмыс істейді. Атап айтқанда:

  • білімгерлерге өз өмір тәжірибелерін, өз ойларын сабақта пайдалануға мүмкіндік беріледі;

  • сабақтың бір бөлігін жүргізу білімгерлерге жүктеледі;

  • білімгерлер өздері мәліметтер іздейді, шешімдер қабылдайды, тапқан материалдарын өңдейді, құжаттандырады, жұмыстарының қорытындысымен басқа білімгерлерді топ алдында шығып таныстырады, баяндайды.

“Проект” деген сөздің өзі латын тілінен Еуропа тілдеріне еніп – “алғатасталған ой, алға шығып сөйлеуші” деген мағыналарды білдіреді.

Проект сабақтары Еуропа елдерінде, оның ішінде Алмания мемлекетіндегі мектептерде, жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылады. Өз Отанын танып білу мақсатында мектеп оқушылары мен мұғалімдер арнайы жоспар бойынша, өз туған жерлері, тарихи ескерткіштері, атақты адамдары жайлы материалдар жинайды, зерттейді, саяхаттар жасайды, алған мәліметтерін қорытындылайды, өз елінің экономикасымен, тарихымен, географиясымен, экологиялық жағдайымен танысу үшін арнайы мекемелерге барып, экологиялық, экономикалық, тарихи, лингвистикалық т.б. зерттеулер жүргізеді, ұлы адамдар тұрған үйлерге барып, еңбектерімен танысады, кітапханалардан ұлттық мерекелердің шығу тарихын зерттейді, сұраунамалар жүргізеді, ұлттық мекемелерге іс-шаралар дайындап т.б. қыруар еңбектер атқарады. Мұндай сабақтардың елін, жерін, ұлтын, салт-дәстүрін жақсы білетін ұлтжанды ұрпақ өсіруде маңызы зор екені естен шығарылмайды және осы сабақтарға қажетінше қаражатты аямайды.

Проект сабақтар әр түрлі кезеңдерден, қадамдардан тұрады. І. Дайындық кезеңі:

а) негізгі тақырыпты түсіндіру, талдау, өз ойларын айту;

ә) сабаққа қажетті жаңа сөздермен жұмыс істеу;

б) қосымша материалдар енгізу;

ІІ. Тақырыптарды бөлу;

а) білімгерлерді кіші топтарға топтастырып, әр топқа кіші тақырыптар табу;

ә) тақырыптарды талқылау;

ІІІ. Негізгі тақырыптарды нақты кіші тақырыптарға бөлу;

а) сұрақтар құрастыру, жоспар құру, рольдерді, тапсырмаларды бөлу; кім не істейді, қашан, қалай, қандай құралдар пайдаланады т.б.

Проект сабағына дайындық кезінде жоспарды басшылыққа алған жөн. Бірақ сабақ жоспарынан ауытқуға да болады. Себебі проектік сабақ барысында шығармашылық еркіндік болуы қажет.

ІV. Мәліметтерді жинау;

а) түпнұсқадағы кітап, газет-журнал т.б. мәліметтер;

ә) теле-радио хабарларындағы мәліметтер;

б) белгілі бір жерді зерттеуден алынған мәліметтер;

в) көшеде алынған сұхбат мәліметтері;

г) фото-сурет т.б.

ғ) интернеттен алынған мәліметтер.

V. Жиналған мәліметтерді презентацияға дайындау;

а) таңдау, реттеу, өңдеу, презентацияға дайындау.

ә) плакаттар дайындау, карта жасау, газет шығару, көрме дайындау, брошюра жазу, слайдтар дайындау, бейнетаспа түсіру, мақала, реферат жазу, т.б.

VI. Презентация:

а) әр кіші топ дайындаған презентациясын басқа білімгерлер алдында айтып түсіндіреді, көрсетеді;

ә) жұмыстың нәтижесін көрме, брошюра, плакат, бейнетаспа, слайдтар, топтамалар рольдік ойындар, қабырға газеті, реферат, баяндама, мақала т.б. түрінде дайындау;

б) жұмыстың нәтижесін көрме, брошюра, плакат бейнетаспа, слайдтар, топтамалар рольдік ойындар, қабырға газеті, реферат, баяндама, мақала т.б. көмегімен ауызша айтып беру;

в) пікірталас, пікірсайыс, рольдік ойындар, конференция әдістерін пайдалану т.б.

г) қорытындыда қысқаша жұмыс жоспарымен, істің барысымен таныстыру (не істеу жоспарлады, не істелді, жұмыс қалай жүрді, егер бастапқы жоспар өзгерсе, неге байланысты өзгерді, бұдан да жақсы істеуге болар ма еді т.б.); Білімгерлерге сабақты бағалау ұсынылады. Сабақ ұнады ма? Несімен ұнады немесе не ұнамады? Жоспар іске астыма? т.б. /3/

Яғни, проект жұмысы мынандай 4 бағытта жүзеге асады.


  1. Тақырып таңдау;

Идея болу. (Бұл тақырыппен біз не істейміз, не көрсетеміз, қайда барамыз?)

  1. Мақсат қою. (Не үшін бұл тақырып таңдалды?, Таңдалған тақырып бойынша не біледі, не білгісі келеді?) Қойылған мақсат анық болу қажет.

  2. Тақырыпқа, идеяға байланысты материалдар жинау, (кітапханаларға бару, қажетті жерлерге бару)

  3. Презентация (Қашан, кай жерде, және кімдер үшін екенін алдын ала хабарлап айту)

Презентацияға 15-20 минут қана беріледі. /4/

Бұндай сабақтарды бір күнде дайындықсыз өткізе салу мүмкін емес. Проект жұмысы әрі қызықты, әрі материалдар көп болу үшін оған арнайы (кемінде екі аптадан кем емес) жеткілікті уақыт берілуі тиіс. Дәстүрлі сабақтарға үйренген білімгерлер бір күнде проектік сабаққа ауыса да алмайды. Проект жұмысы білімгерлерді адами қасиеттерге баулиды. Сондықтан проектік сабақтар жұмысы білімгерлер үшін:



  • өз бетінше жұмыс істеу, іздену;

  • шет тілін оқытушысыз қолдана алу;

  • әр түрлі сөздіктермен жұмыс істеу, аудару;

  • топтарда, пармен жұмыс істеу;

  • жұмыс кезінде бірін-бірі қолдап, көмектесу;

  • басқалардың жетістіктерін бағалау;

  • бір-бірімен тіл табысып жұмыс істеу;

  • басқалардың алдында жауапкершілігін түсіну;

  • өз қабілетін анықтау;

  • көптеген техникалық құралдармен ( компьютер, фотоаппараттар, видео камералар т.б.) жұмыс істеу;

  • түрлі бағдарламалармен (Activ Studio, FLP, PPT) жұмыс істеу болып табылады.

Проект сабақтары – бірнеше сабаққа созылатын ұзақ әрекет деп ойлауға болмайды. Сабақтардың ұзақтығы әр түрлі, ол қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Олардың кейбіреулері бірнеше айға созылады, кейбіреулерін мақсатына қарай бір күнде ұйымдастыруға болады.

Бұндай сабақтарды өткізер алдында оқытушы ұсыныс жасайды, білімгерлердің инициативасын қолдайды, қажетті материалдарды қайдан табуға болатынын айтып, кеңес береді, сабақтың құрылысын анықтауға көмектеседі. Оқытушының рөлі өзгереді. Егер ол бұрын аудиторияда барлық сұрақтарға жауап білетін басшы, үйретуші ретінде болса, енді белгілі бір жағдайда қолдану керек әдістерді, мақсатқа жетудің жолдарын көрсететін кеңесші рөлінде болады.

XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген шведтік педагог Иоган Пестолици “Оқыту кезінде бас, жүрек, қол” бірге қатыстырылуы қажет деп айтып кеткен екен. Проектік сабақтарда ұлы педагогтің айтып кеткен қағидасы пайдаланылады. Білімгерлер баспен ойлап, жүрекпен түсініп, қолдарымен істеген сабақтар оларды дәстүрлі жалықтыратын сабақтардан құтқарып, еркін кеңістік ашуға мүмкіндік береді. Үлгерімі нашар білімгерлер бір нәрсені дұрыс айтпай қалармын деген қорқыныштан арылып, сабаққа белсене қатыса алады. Білімгерлерге сабақтың соңғы кезеңі – презентация кезеңінде өз еңбектерінің жемісін көру ұнайды.

Ғалымдардың есептеуінше проектік сабақтар кезінде білімгерлер алған мәліметтерінің 90 % есте сақталады. Қытай мақалында айтылғандай, “Мен естігенімді – ұмытамын, мен көргенімді – еске сақтаймын, мен – қолмен істегенімді түсінемін” - білімгерлер өздері жүргізген сабақтарды, өздері тапқан мәліметтерді естерінде жақсы сақтайды.

Проект сабақтарына төмендегідей сипаттама беруге болады:


  1. Оқытушы мен білімгерлердің бірге жұмыс істеуі;

  2. Топпен жұмыс істеу (пармен жұмыс істеу);

  3. Білімгерлердің белсенділігі (жоспарлайды, эксперимент жасайды, іздейді, дайындайды, безендіреді);

  4. Басқа мекемелермен, ұйымдармен мамандармен бірге жұмыс істейді;

  5. Сабақ үстінде де, сабақтан кейін де жұмыс істелінеді;

  6. Білімгерлердің шешім қабылдауға құқығы бар;

  7. Сабақ зерттеулерге, шығармашылыққа бағытталған;

  8. Білім алу, білімгерлердің өз іс-әрекеттері арқылы іске асады;

  9. Өз қателерін өздері түзету арқылы үйренеді;

  10. Теория мен практика байланысты;

  11. Жиналған материалдар сабақтың соңы қандай болатынын анықтайды;

  12. Білімгерлер дербес, өз бетінше жұмыс істейді;

  13. Оқытушының жаңа рөлі (тексерушіден - кеңесшіге);

  14. Сабақтың соңы – презентациямен аяқталады.

Проектік сабақты дайындау кезінде төмендегідей әдістерді пайдалануға болады:

  1. сұраунама жүргізу;

  2. экскурсияға бару;

  3. сұхбат алу;

  4. кітапханада мәліметтер іздеу;

  5. әр түрлі мекемелермен байланысу;

  6. мәліметтерді Интернеттен іздеу;

  7. эксперименттер жүргізу;

  8. мамандармен әңгімемелесу; объектілерді бақылау;

  9. мәліметтерді сұрастыру.

Тақырып бойынша табысты жұмыс істеу үшін төмендегідей дағдыларға машықтану қажет:

жоспарлау; таңдау; пікірлесу;пікір таластыру; дәлелдеу; шешім қабылдау; бірлесіп істеу; зерттеу; іздестіру; жасау (қолмен); ойлап шығару; безендіру; бағалау; қорытынды шығару; құжаттандыру;

Презентацияға материалдарды төмендегіше дайындауға болады:

брошюролар дайындау; плакаттар дайындау; коллаждар желімдеу; эскиздер салу;

карталар, кестелер, эмблемалар, декорация, схемалар салу; фотодокументтер дайындау; қабырға газеттерін, үндеулер шығару; викториналар, фотовикториналар дайындау; көрмелер дайындау; мақала жазу; репортаж жасау; бейнефильм түсіру; хат жазу; телехабар түсіру; реферат жазу; есеп жазу; баяндама жазу; слайдтар дайындау.

Проектік сабақ дайындау барысында қолмен атқарылған жұмыстар:

өлшеу, санау, есептеу; тәжірибелер жүргізу; үлгілерді (заттардың) қолдан жасау, тігу; өлең айту, билеу, аспаптарда ойнау; сурет салу, эскиздер жасау, фотоға түсіру; плакаттар жазу; материалдарды өңдеу; компьютерде теру. /3/

Сабақ дайындау, жүргізу барысында пайдалануға болатын құралдар:



  1. компьютер;

  2. бейнекамера;

  3. фотоаппарат;

  4. магнитофон;

  5. микрофон;

  6. кітаптар, журналдар, сөздіктер т.б.

Проектік сабақтың презентациясында пайдаланатын басқа интерактивті әдістерінің түрлері:

  1. жарыссөздер;

  2. пікір таластарулар;

  3. рөлдік ойындар;

  4. ойындар;

  5. көріністерді сахналау;

Проект жұмысы оқытушы үшін:

  1. көмекші;

  2. бірге істеуші;

  3. бағыт беруші;

  4. партнер (серік);

  5. бақылаушы;

  6. кеңесші. /4/

Жобалау әдiсiн зерттеп өз теориясын ұсынған ғалымдардың бiрi П.Я. Гальпериннiң ақыл-ойдың кезеңдiк қалыптасуы туралы теориясына сүйене отырып, шет тiлiн жобалау әдiсi арқылы оқыту жолын тиiмдiлiкпен ұйымдастыру мүмкiндiгiнің мол екенiн анықтауға болады. /4/

Бұндай жұмыстарды атқарған білімгерлер келешекте икемді, бейімделгіш, ізденгіш, шығармашылық ойлайтын мамандар болып шығары сөзсіз. Проектік сабақтарды дайындау, өткізу барысындағы – қол жеткізетін табыстар – қазіргі біздің жоғары оқу орындарының алдына қойылып отырған мақсатпен – жан-жақты дамыған жеке тұлғаның қалыптасуына көмектесу – мақсатымен сәйкес келеді. Сондықтан проектік сабақтардың жастарымызға берері мол деп есептейміз.

Қорыта айтқанда, интерактивті әдістер арқылы шет тілін жетік меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін, сыни көзқарасы бар, бойларында белсенді азаматтық ұстанымы, әлеуметтік жауапкершілігі, отансүйгіштік сезімі жоғары, адамгершілік және көшбасшылық қасиеттері бар болашақ маманды даярлауға әбден болатыны анық./2/
Аннотация. В этой статье рассматриваются методы и способы организации и проведения проектных работ. Проектная работа- это самостоятельная работа студентов. Во время презентации проектной работы студенты могут использовать интерактивную доску. Проектная работа дает студентам большую возможность, искать, проанализировать, систематизировать материалы говорить на английском языке свободно.

Annotation. This article discusses the methods and ways of organizing the project works. It is independent work of the students. The students can use all the opportunities of the interactive board at the presentation of the project work. Project work gives a great opportunity for students to seek to analyze and classify materials and speak English fluently.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы / Қазақстан мектебі. 2004. №2

  2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2010ж.

  3. Атаханова Р.К. Шет тілінен проектік сабақ жүргізуге арналған әдістемелік нұсқау. Тараз.2008

  4. Fremdsprache Deutsch. Muenchen. 2009

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет