ӘОЖ: (574) 582.628
Батыс Қазақстан облысы шегіндегі су жаңғағының (Trapa natans L.) қазіргі экологиялық жағдайы
Дарбаева Т.Е.
б.ғ.д., М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, Орал қ.
Сарсенова А.Н.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты, Орал қ.
Аннотация: Ғылыми мақалада Батыс Қазақстан облысы шегіндегі Жайық өзенінің ортаңғы ағысының аңғарында кездесетін су жаңғағының (Trapa natans L.) қазіргі кездегі экологиялық жағдайы қарастырылады. Зерттеу нәтижелері биоалуантүрлігінің азайғанын көрсетті, сондықтан Қазақстан Республикасының өсімдіктер генофондын сақтау мақсатында Қызыл Кітапқа енгізілген су жаңғағының экологиялық жағдайын зерттеу жұмыстары өзекті және уақтылы болып саналады.
Кілт сөздер: Солтүстік Каспий маңы, Жайық өзені, су өсімдіктері, су жаңғағы, биоалуантүрлілік, деградация.
Бүгінде биоалуантүрлілікті сақтау бүкіл әлем үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өркениеттің дамуына байланысты сирек және жойылуға жақын өсімдіктерге жеткілікті дәрежеде көңіл аудару, қорғау шараларын ұйымдастыру сынды жұмыстардың қолға алынуы биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы алғы қадамдардың бірі.
Батыс Қазақстан облысы шегіндегі Жайық өзені аңғарындағы су және су жағалауы маңы экожүйелері биологиялық және экологиялық тұрғыдан өте маңызды. Осы орайда Қызыл Кітапқа енген, дегенмен әлі де зерттеу жұмыстарын қажет ететін өсімдіктер бар. Бүгінге дейін өсімдіктер эволюциясының нәтижесінде тіршілігін сақтаған үштік дәуірдің реликт өсімдігі – су жаңғағы (Trapa natans L.) ерекше қызығушылыққа ие [1, 2].
В.В.Иванов Солтүстік Каспий маңы өсімдіктерінің биоалуантүрлілігімен 50 жылдан астам уақыт бой айналысқан болатын. 1948 жылы профессор В.В.Ивановтың Жайық өзені аңғарында кездесетін су жаңғағы немесе чилимнің (Trapa natans L.) кездесу ареалы туралы зерттеушілердің мәліметтері қамтылған жазбасы жарық көрді. Ол мақалада Г.Гурьев те өте ерекше өсімдіктің тағы бір кезігетін жерін белгіледі деп жазды. В.Н.Бородин Орал қаласының төңірегінде жиі табылатын су жаңғағы осы жылдары сиреп қалғандығын, тек Орал қаласының оңтүстік бөлігінде бар екендігін айтты. Дегенмен Н.А.Винтер өз еңбегінде Орал қаласының оңтүстік - шығысында да су жаңғағы табылды деген тұжырым жасады [3].
Батыс Қазақстан облысында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1256 түрі кездеседі [1, 4]. Олар 117 тұқымдас пен 487 туысқа біріктірілген. Қазақстанның Қызыл Кітабына Батыс Қазақстан облысында таралған өсімдіктердің 24 түрі енгізілген. Жайық өзенінің аңғарында осындай сирек кездесетін, жойылуға жақын өсімдік түрлерінің 12 түрі кездеседі. Солардың қатарына су жаңғағы (Trapa natans L.) да жатады [1, 2].
Су жаңғағы (водяной орех, чилим, рогульник) - Шылым немесе Су жаңғақтар (Trapaceae) тұқымдасына жататын, үштік дәуірден бері тіршілігін сақтаған реликтілі өсімдік болып саналады. Мұз басу дәуірінен бері белгілі өсімдіктердің бірі. Зайсан көлі, Ертіс және Жайық өзендерінде кездеседі [5, 6]. Күн жақсы қыздыратын ақпайтын немесе өте жай ағатын көлдер мен қарасуларда өседі. Су жаңғағының ареалы өзге де көптеген реликт түрлердің ареалы сынды үзілмелі болып келеді.
Жемісі - қара қоңыр, қатты өткір өсінділі жаңғақ. Ұзындығы 3 см, тығыз, ауыр және иілген мүйізге, зәкірге ұқсас келеді. Жемістің қабығы өте тығыз, ағаштанған (Сурет 1).
Сурет 1 - Әлі піспеген су жаңғағының жемісі
Піскен жемістері өнгіштігін 10 жылдан 50 жылға дейін жоғалтпайды. Жемістің ішінде ақ түсті тұқымы бар, оны көптеген елдерде (Жапония, Қытай, Үндістан және т.б.) тағам ретінде қолданады. Олар дәмді, әрі пайдалы. Тұқымдарынан үгітіліп ұн алынады. Су жаңғағының тұқымында қоректік заттар мол жинақталған. Құрамында 51-52% крахмал, 13-17% ақуыз, 3,6-8,13% қант болады (Сурет 2).
Сурет 2 - Кептірілген су жаңғағының жемісі
Бір өсімдікте 10-15 жеміс пайда болады. Олар әжептәуір салмақты болғандықтан су бетінде ұстап тұру үшін жуандалған сағақтарында жүзгіш торсылдақтары бар
Күзде жапырағы мен сабағы солып қалады. Пісіп жетілген жемістері су түбіне бекінеді. Көктемде су қоймалары жылынғаннан кейін өсе бастайды. Дамуы су астында басталады. Бірақ та басқа өсімдіктер сияқты бірден тамыры емес, ұзын сымтәріздес тұқым жарнағы, кейіннен сабағы және содан кейін ғана тамыры пайда болады. Тамыры алдымен жоғары қарай, кейіннен төменге қарай доға тәрізді иіліп өседі. Су астындағы сабақтары өте ұзын болып келеді. Пішіні ромб тәрізді жапырақтары розетка түзіп орналасады.
Су жаңғағының тағы да бір керемет ерекшелігінің бірі айтарлықтай мөлшерде марганецті жинау қабілеті. Жаңғақ қабығының күлінің құрамында 6,94 - 7,38% марганец болса, жапырақтары мен сабағының күлінде марганецтің мөлшері 10,58% дейін жетеді. Яғни, басқа өсімдіктермен салыстырғанда бірнеше жүз есеге көп. Өсімдік күлінде темір (48,02%) мен кремнийдің де мөлшері жоғары. Су жаңғағына хлор теріс әсер етеді. Судағы хлорлы натрийдің мөлшері 0,1% -дан асып кетсе, өсімдік тіршілігін тоқтатады. Сонымен қоса кальцийдің жоғары концентрациясына да төзімсіз келеді. Қоректік заттар мол ортада, әсіресе азот пен фосфордың қоры жеткілікті жағдайда жақсы дамиды [5].
Су жаңғағы басқа гидрофит өсімдіктермен салыстырғанда бәсекелестігі нашар, сондықтан құнарлы жаңғақтары есепсіз көп мөлшерде жиналуы, су экожүйелерінің ластануы мен су деңгейінің төмендеуі салдарынан жайылма көлдері мен қара сулардың кеуіп кетуі т.б. себептерге байланысты олардың мекендейтін табиғи ареалы азаюы байқалуда.
Батыс Қазақстан облысы шегінде су жаңғағы Жайық өзенінің жайылмаларында және оның қалдық көлшіктері мен қарасуларында таралған. Облыс аумағының солтүстік бөлігінде орналасқан Январцево ауылының маңында, Бөрлі ауданының Даниель көлі, Ақжайық ауданының Бобровый көлінде, орталық бөлігінде Коловертное ауылы маңындағы қарасуларда байқалған [1, 4].
Су жаңғағы барлық жайылмалы суқоймаларында емес, тек кейбір көлшіктерде ғана кездесетіні анықталып отыр. Су жаңғағы кіші балдыршөп (Lemna minor L.) пен үш құлақты балдыршөп (Lemna trisulca L.) жамылғысымен көмкерілген су қоймаларында жиі өседі [3]. Су жаңғағының мұндай орта жағдайларындағы негізгі серіктері ақ тұңғиық (Nymphaea alba L.), қоға (Typha angustifolia L.), қара өлеңшөп (Scirpus lacustris L.), су сарғалдағы (Ranunculus aquatilis L.), жағалау сарғалдағы(Ranunculus circinnatus L.) т.б. өкілдері [7, 8].
Батыс Қазақстан облысында кездесетін Қызыл Кітапқа енген, сирек, жойылуға жақын түрлердің қазіргі жағдайымен танысу мақсатымен Коловертное көлшіктері мен Круглозерный көлдерінде 2013-2016 жж. зерттеу жұмыстары жүргізілді. Су қоймаларынан қолданыстағы МемСт талаптарына сәйкес сынамалар алынып, гидрохимиялық көрсеткіштері (pН, минералдануы т.б.) анықталды. Белгіленген аумақ төңірегінен су жаңғағының ареалы нақтыланып, олардың фитоценотикалық бейімделуі, тіршілік қарқындылығы және вегетативті мүшелерінің негізгі көрсеткіштері анықталды [9, 10, 11]. Кейіннен су жаңғағының жемісі піскеннен соң жиналып, тұқымының морфометриялық сипаттамасы берілді.
Су жаңғағының жемісінің негізгі құрылымдық бөлшектері ретінде жоғарғы және төменгі мүйізшесі және олардың аралығы, сабағынан тарайтын қосалқы тамырының ұзындығы, жапырақ саны және басқа да өлшемдері алынды (Сурет 3).
Сурет 3 - Су жаңғағының жемісінің негізгі құрылымдық бөлшектері: 1 - сауыт, 2 - мойны, 3 - жоғарғы мүйізше, 4 - пластрон, 5 - төменгі мүйізше.
2013-2016 жылдардағы зерттеу нәтижесінде Круглоозерный кентінің төңірегінде Озерный көлінен су жаңғағы популяциясының жаңа ареалы табылды.
Зерттеу жұмыстары су жаңғағының вегетация кезеңінде басталды. Алдымен зерттеу аймағы бағдарланып, су қоймасының қазіргі жағдайына сараптама жүргізілді. Су жаңғағының вегетативті мүшелерінің морфометриялық өлшемдері алынды, келесі зерттеу нүктесінен алынған мәліметтермен салыстырылды.
Су өсімдіктерінің экологиялық жағдайының өзгеруі олар үшін қолайсыз. Яғни, қоршаған орта жағдайлары нашарлайтын болса, олардың биологиялық өнімділігі, әртүрлілігі төмендейтіндігі анықталды. Атап айтқанда, су экожүйелерінің температуралық, гидрологиялық ерекшеліктері және антропогендік фактор әсері байқалуы су жаңғағының дамуына әсер ететіндігін 2 түрлі нысандағы су жаңғағының вегетативті мүшелеріндегі айырмашылықтардан байқауға болады. Атап айтқанда, Коловертное көлшіктеріндегі су жаңғағының жапырақ саны аз, жапырақ тақтасының көлемі кіші, сабағы қысқа.
Озерный көлі елді мекеннен 5 шақырымда, сондай ақ жайылымнан жырақта орналасқан. Сол себепті Озерныйдағы су жаңғағының жапырақ саны көбірек, жапырақ тақтасының көлемі де едәуір ірі (Кесте 1).
Кесте 1 - Су жаңғағының вегетативті мүшелерінің көрсеткіштері
Көрсеткіштер
|
Коловертное көлшіктері
|
Озерный көлі
|
Сабағынан тарайтын қосалқы тамырының ұзындығы, см
|
32,92 ± 1,17
|
41,29 ± 3,33
|
Диаметрі, см
|
7,7 ± 0,27
|
13,04 ± 0,61
|
Жапырақ саны, дана
|
9,58 ± 0,34
|
20,14 ± 0,86
|
Жапырақ ұзындығы, см
|
2,45 ± 0,08
|
3,15 ± 0,17
|
Жапырақ ені, см
|
2,33 ± 0,08
|
3,38 ± 0,27
|
Су жаңғағының жемісінің морфометриялық көрсеткіштерін зерттеу үшін сынамаларға талдау жүргізілді. Пісіп жетілген су жаңғағының жемістерінің салмақ, биіктігі және мүйізше аралық өлшемдерін алған кезде де 2 түрлі зерттеу аймағында әртүрлі көрсеткіш көрсеткенін байқадық [7, 8]. Жеміс салмағы орташа есеппен 2,61 грамм аралығында өзгерді, максимальды мөлшері 4,0 гр., ал минимальды мөлшері 0,8 гр аралығында болды (Кесте 2).
Кесте 2 – Су жаңғағы жемісінің морфометриялық көрсеткіштері
Көрсеткіштер
|
Коловертное көлшіктері
|
Озерный көлі
|
Жемістің биіктігі, см
|
2,5 ± 0,02
|
2,65 ± 0,03
|
Жемістің жоғарғы мүйізшелерінің аралығы, см
|
3,8 ± 0,03
|
3,94 ± 0,04
|
Төменгі мүйізшелерінің аралығы, см
|
3,4 ± 0,04
|
3,47 ± 0,04
|
Жемістің салмағы, гр
|
2,61 ± 0,87
|
3,1 ± 0,7
|
Бұдан Озерный көлінен жиналған су жаңғақтарының ірі екендігі анық көрінеді. Демек осы су қоймада кездесетін су жаңғақтарға бұл қолайлы орта екендігі аңғарылады. Коловертное көлшіктерінің тайыздығы, батпақтануының пайыздық мөлшерінің жоғарылығы, елді мекенге жақын орналасуы су жаңғақтарының морфометриялық көрсеткіштерінің нашарлауына әкелді [4].
Бүгінгі таңда Озерный көлінің маңынан кірпібас тұқымдасы (Sparganiaceae), қоға тұқымдасы (Typhaceae), кербезгүл тұқымдасы (Alismataceae) бірлестіктері табылып, қанағаттанарлық деңгейде екендігі көрінді [8].
Зерттеу жұмыстары су жаңғағының қазіргі кездегі жағдайына антропогендік фактордың ықпалы байқалатынын көрсетті. Су жаңғағын жаппай жинау жаңғақ қопасының бөліктерінің қайта қалыпқа келу мүмкіндігінсіз жиі жүргізіледі. Осыған сай тіршілік ортасының жекелеген факторлары өсімдіктерге қаншалықты деңгейде әсер ететіндігін тұжырымдауға болады. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау мақсатында және өсімдіктер эволюциясының нәтижесінде бүгінге дейін тіршілігін сақтаған үштік дәуірдің реликт өсімдігі - су жаңғағы өскен экожүйелердің жеке компонентін емес, тұтас экожүйені қорғау, олардың түрлік және ценотикалық құрамын айқындау мәселелері өзекті және кезек күттірмей зерттеуді қажет етеді.
Батыс Қазақстан облысын шегіндегі су қоймаларымен қоса басқа да практикалық маңызы зор суайдындарында жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп, биоөнім ретінде қолдану аясын кеңітіп, пайда көзі ретінде құндылығын арттыруда орасан зор маңызға ие. Зерттеу аумағынан табылған реликт өсімдіктің экологиялық - биологиялық ерекшелігін ескере отырып, жинақталған мәліметтерге сай өзге облыстардағы осы түрдің популяциясына салыстырмалы талдау жасауға болады. Жиналған мағлұматтар су экожүйесін сақтау мен қорғау, экологиялық мониторинг жүргізуде пайдаланылады. Батыс Қазақстан облысы төңірегіндегі реликт түрлерді қорғау, қалпына келтіру шараларын жүргізуде септігін тигізеді. Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енген өте сирек кездесетін өсімдіктің түрін қайта жандандырып, су жаңғағы барлық жайылмалы суқоймаларында емес, тек кейбір көлшіктерде ғана кездесетіндігін ескеріп, осындай экожүйелердің қазіргі жағдайын зерттеу және мониторинг жұмыстарын жүргізу керек. Құнды қасиеттерін тұрмыста қолдану арқылы практикалық маңызын жоғарылатуға әсте мүмкін.
Әдебиеттер:
1. Петренко А.З., Джубанов А.А. и др. Природно-ресурсный потенциал и проектируемые обьекты заповедного фонда Западно-Казахстанской области. - Уральск: РИО ЗКГУ им. А.С.Пушкина, 1998. - С.63-67.
2. Дарбаева Т.Е., Утаубаева А.У., Цыганкова Т.Ш. Батыс Қазақстан облысының өсімдік әлемі. - Орал, 2003. - Б. 56-79.
3. Иванов В. В. Водяной орех в бассейне реки Урал. // Природа, 1948, №10. - Б. 74.
4. Дарбаева Т.Е., Сарсенова А.Н. Су жаңғағы үштік дәуірдің реликт өсімдігі / «Иванов оқулары – 2014». Респ. ғылыми-практ. конф. материалдары. – Орал: М. Өтемісов атындағы БҚМУ РБО, 2014. - Б.33-35.
5. Иванов В.В. Определитель семейств флоры Северного Прикаспия. / Материалы по флоре и растительности Северного Прикаспия. - Л., 1969. - С. 19-21.
6. Прозорова Т.А., Черных И.Б. Кормовые растения Казахстана. - Павлодар, 2004. - Б. 157 - 158.
7. Дарбаева Т.Е., Альжанова Б.С. Батыс Қазақстан облысы шегіндегі Жайық өзені аңғарындағы су жаңғағының (Trapa natans L.) қазіргі жағдайы. // Семей қаласының Шәкәрім атындағы МУ Хабаршысы, 2015. - №2 (70). - Б. 129-133.
8. Дарбаева Т.Е., Сарсенова А.Н., Альжанова Б.С. Солтүстік Каспий маңының үштік дәуірлік реликтілері мен эндемиктері / «Махамбет оқулары – 7». Респ. ғылыми-практ. конф. материалдары. І том. – Орал: М. Өтемісов атындағы БҚМУ РБО, 2015. - Б.182-185.
9. Гуленкова М.А., Красникова А.А. Летняя полевая практика по ботанике. - М.: Просвещение, 1976. - С. 135-157.
10. Садчиков А.П., Кудряшов М.А.. Экология прибрежно-водной растительности. - М.: НИА - Природа, РЭФИА, 2004. - С.8-33
11. Доброхотова К.В., Ролдугин И.И., Доброхотова О.В. Водные растения. - Алма-Ата: Кайнар, 1982. - 192 с.
Т.Е. Дарбаева, А.Н.Сарсенова
Современное экологическое состояние водяного ореха (Trapa natans L.) в пределах Западно-Казахстанской области
Аннотация: В статье представлены результаты исследования современного экологического состояния водяного ореха (Trapa natans L.), встречающегося в среднем течении реки Урал в пределах Западно-Казахстанской области. Отмечается обеднение биоразнобразия, поэтому изучение современного экологического состояния водяного ореха, занесенного в Красную книгу является своевременным и актуальным для сохранения генофонда растений Республики Казахстан.
Ключевые слова: река Урал, водные растения, водяной орех, биоразнообразие, деградация.
T.E. Darbaeva, A.N.Sarsenova
Modern ecological state of the chestnut (Trapa natans L.) of within the limits of West-Kazakhstan region
Abstract: The article deals with the research of the modern state ecological and biological chestnut (Trapa natans L.) which can be found in the middle flow of the Ural river within the limits of West-Kazakhstan region. The modern technogenic factors influenced not only on natural, but also in water ecosystems. There is mentioned impoverishment of biodiversity that’s why studying ecological state of the chestnut noted in the Red List is timely and actual for preservation of a gene pool of plants of the Republic of Kazakhstan is noted.
Key words: Ural River, aquatic plants, water chestnut, biodiversity, degradation.
ТІРКЕУ ПАРАҒЫ
Тегі: Дарбаева
Аты: Талшен
Әкесінің аты: Есеномановна
Ғылыми дәрежесі, атағы: Биология ғылымдарының докторы, профессор
Ұйым, қызмет: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биология және экология кафедрасының профессоры
Почталық индексі көрсетілген
үй мекен-жайы: 090011, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Круглоозерное кенті, Связистов 17
Телефон: үй тел.: 8(7112)50-70-80, ұялы телефоны: 8-705-163-31-62
Е-mail: asem02.93@mail.ru
Баяндаманың аты (толық аты): Батыс Қазақстан облысы шегіндегі су жаңғағының (Trapa natans L.) қазіргі экологиялық жағдайы
Секция: Өсімдік шаруашылығының дамуы
Қосымша авторлар туралы мәлімет:
Тегі: Сарсенова
Аты: Асемгуль
Әкесінің аты: Нурсаиновна
Ғылыми дәрежесі, атағы: 6М060700 «Биология» мамандығының 2-курс магистранты
Ұйым, қызмет: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс магистранты
Почталық индексі көрсетілген
үй мекен-жайы: Орал қаласы, Д.Нұрпейісова көшесі 14/2, 7 -пәтер
Телефон: үй тел.: 8(7112)52-02-86, ұялы телефоны: 8-701-850-26-16
Е-mail: asem02.93@mail.ru
Баяндаманың аты (толық аты): Батыс Қазақстан облысы шегіндегі су жаңғағының (Trapa natans L.) қазіргі экологиялық жағдайы
Секция: Өсімдік шаруашылығының дамуы
Мен: Сырттай қатысамын.
Достарыңызбен бөлісу: |