ӘОЖ 811
МЕМЛЕКЕТТІК ИДЕАЛОГИЯНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ӘМБЕБАП ТҰЛҒАСЫ
Кембаева Айнұр Тұрарқызы
Тараз инновациялық–гуманитарлық университеті, Тараз қ.
Резюме
В данной статье рассматривается жизненный путь и труд Ш.Муртазы в разных сферах общественной жизни нашей республики. Его универсальный вклад в развитие независемого Казахстана.
Шераға болмысын біліп-тану оңай емес. Ол болмысы биік тұлғалардың санатынан. Жалпы, тұлғаға айналу дегеніміз не және ол кім? Қазіргі қоғамымызда осы бір «тұлға» деген сөзді барынша байыптап, байсалды қорытынды жасап, елеп-екшеп қолданған дұрыс сияқты. Бұл сөздің салмақты, екінің біріне қолданыла бермейтін ерен қасиеті бар. Ал кейбір сөз қадіріне жете бермейтін «танушылар» көбейіп, әдебиет пен тарихтың өзі тұрмақ иісі мұрнына бармайтын, қоғамы үшін, елі үшін қасқайып бірде бір ақиқат айтпақ түгілі сөзін жеткізе алмаған, басшылықты өзінің ой-санасымен иіріп әкете алмаған, халық оны қайсар ұл ретінде мойындамаған адамдарды «тұлға» деп, оларды танытуға барынша жан салып, қарекет қылып отырғандығы қынжылтады.
Қазақ халқында тарихта есімі алтын әріптермен жазылып қалып жатқан тұлғаларды жарық жұлдызға теңейтіндігі белгілі. Бұл жарық жұлдыздар күндіз әлемге нұрын шашатын болса, қараңғы түнде бағдаршам тәрізді адасқанға жол көрсетіп, жөн сілтейді. Осы жақсылардың арқасында қоғам мен өмір нұрланып, дүние көріктене түседі. Мұндай ұлық туған тұлғалардың жеткен жетістіктерінің арқасында халықтың да беделі үстем болып, өсіп-өркендейді.
Халқының қолын жақсылықтарға жеткізіп, туған еліне шынайы қызмет жасап, мемлекетіміздің идеалогиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан жарық жұлдыз – жанынан жалынын аямай жұмсаған азаматтардың бірі – Шерхан аға Мұртаза. Тәуелсіз Қазақстан жұртшылығы үшін үлкен ұғымға айналған, елінің сүйіспеншілігіне бөленген айбарлы есім.
Университетіміздің жанынан ашылған «Шерхантану» орталығын біз мақтанышпен қай уақытта болса да бас көтеріп отырып, Шерағаңдай жанның шынайы тұлға екендігін дәлелдеп отырып, оның қайраткерлік болмысын толығымен ашып беріп, тайсалмай сөйлей алатын дәрежеміз бар деп ойлаймыз. Әрине, ең бастысы Шерханды біз Жуалының арланы ретінде, жерлесіміз ретінде мақтан тұтамыз. Өңірімізден шыққан тұлғаның халқы үшін аянбай, елі үшін еміреніп еңбек еткені біз үшін мақтаныш. Осындай тұлғаны жамбылдықтар, жерлестер неге насихаттамасқа!? Жалпы, Шерхан Мұртазаның шығармашылығын, қайраткерлік жолын, азаматтық тұлғасын зерделей келе, оны бірегей тұлға етіп көрсететін қырларын былайша топтап тұрып көрсетіп берер едік.
Орыс халқының ұлы жазушысы М.Горький айтқандай: «Жазушылық – өзгеше өмірбаяннан басталады». Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәттен-ақ Шерағаның сол өзгеше өмірбаяны басталған еді. Әкесінен ерте айырылған ол жетімдіктің тауқыметін көре бастады. «Жетімдік - жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Ылғи да жетімдігін, әкесіздігін айтып, «менде балалық шақ болған жоқ», - деп шағына беретін Шерханның жетімдігі - жаутаңкөз жетімдік емес. Оның жетімдігі - әз аты күстаналанған әкеге деген сартап сағыныш, бір өзі бірнеше ер азаматтың батпан-батпан міндетін көтеріп алған талайсыз шешеге аяныш, таршылықтың тырнағында шырылдап кете барған балалыққа жоқтау, аласапыран дәуірдің астында аяусыз жаншылған аяулы тағдырларға нала. Қаршадай жасынан ел басына түскен қиындықтарды көріп, сезініп өскен Шераға халқының бар игі қасиеттерін – салт-дәстүрін, сенім-нанымын бойына сіңіріп, ділін ұғынып, тілін қасиет тұтты.
Публицистиканың қызметі халыққа өте керек-ақ. Олай дейтініміз, тәуелсіздігіміз баянды болып, отанымыздың байлығы артып, халқымыздың тұрмыс жағдайының ілгерілеуі сынды үлкен, ауқымды міндеттемелерге байланысты өзіндік тұжырымдар жасай отырып, мазмұнды мақалалар, табысты сұхбаттар жасау – Шерхан Мұртазаның тамаша қасиеттерінің бірі. Халқымыз үшін қашан да ең көкейкесті болып отырған – тіл, тәуелсіздік, мәдениет, халқының тағдыры, елдің бүгіні мен ертеңі туралы тегеуірінді ойлары мен сөздері оны ұлтжанды азамат екендігін танытқан үстіне танытып жатты.
Қолына қалам ұстап, аумалы-төкпелі замандағы ел тағдырын, азамат жайын қалың-қалың кітап етіп жазған, сонда да шаршамаған, қайта ұлт, қайсар тұлға алдындағы перзенттік парызы жігерлендіріп, талай «сарсаңға» қасқайып төтеп берген - Шераға.
Ең әуелі Шерхан – заңғар жазушы. Жігерін жоқшылық жаныған, таршылыққа қайралып жетілген Шерхан тумасынан күйреуік жан емес-ті. Жазушының қолтаңбасы - мінезінен. Ол жазуға келгенде де тастай берік, шектен шыққан реалист. Жүректерді қозғау үшін күйреуік, жылауық сезімдерге бой алдырмақ болды ма - сәтсіздікке ұрынады. Онда қайғылы сәттер мен әсерлі эпизодтарды берудің өзіндік тәсілі, мінезі бар. Өзі сомдаған Рысқұл сияқты ар жағын көріп, біліп тұрса да, соны сыртқа шығаруға, шексіз махаббатын, көл-көсір сезімін сөзге салуға соншалық сараң. Авторлық баяндаулары тас-түйін тұратын Шерханның кейіпкерлері кейде тым елти сөйлеп кетіп жатады. Кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқынысты автор ретінде өзі айтпайды, өздеріне айтқызады. Кейде өз ойын кейіпкерлеріне зорлап айтқызғандай болатын жазушы ондағы қарапайым адамдардың бойына шақ келмейтін. Оның қаламынан күрескерлік, азаматтық рухқа толы дүниелер өмірге келді. Егемендігімізге қол жеткізіп, тәуелсіздікке ие болған халқымыздың ұлы көшінің болашаққа жетуі, өзіндік мемлекеттік идеалогиясының қалыптасуы Шераға сияқты көшбастар азаматтарға байланысты болды.
Шерхан Мұртаза – жалынды публицист. «Күндіз журналист, түнде жазушы болған» атақты редактордың қолы тиіп кеткен басылымның жанданып жүре беретіні де тегін болмаса керек. Қазақстанда бес республикалық басылымды басқарған бас редактор, бес романнан тұратын эпопея жазған жазушы жоқ. Қазақ халқында «Жолбарысы бар орманды өрт шалмайды» деген нақыл сөз бар. Расында да, айбынды жолбарысы ішінде жүрсе, ол орманға кім батып бара қойсын. Қалың елі қазағы, қайран жұртына да әркезде қорған бола білген жолбарыстай азулы, арыстандай айбында батырларының бірі де – Шерхан. Шерхан Мұртазаның публицистикалық жолының өзінде де ол замана зәрулігін, уақыт проблемасын, қоғам сұранысын, заман қиындығын тайсалмай жазып, батыл жеткізген публицист те – Шераға.
Шерхан Мұртаза – бесаспап журналист. Шерхан Мұртаза – қазақ баспасөзіндегі жаңа тұрпаттағы жаңа буынның төлбасы, редакторы. «... Менің жұмысым - жалғыздың жұмысы. Қаруым – қалам. Өрісім - қағаз» [2:65] дейтін жазушының қазіргі тәуелсіздік заманындағы жердің, елдің иесіміз деген қазақтың шешілмеген мәселесі шаш етектен келіп, оның кедергісі өзгеден емес, өз қағынан жерігендерден шығып отырғанда, оның бір күні ойсыз, ұйқысы тыныш өтуі мүмкін бе? Жалпы, ой іште өлмеуі керек. Әсіресе, халқымен біте қайнасқан, халқының басына түскен қайғы, ауыр күн арқасына аяздай батып, айтар сөзін аянбай айтқан шын жазушы үшін. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргеннен бастап-ақ сол жылы Қазақ мемлекеттік көркем баспасында қызмет атқарады (1955-1956 жж.). Содан соң-ақ ол «Лениншіл жас» (1956-1960жж.), «Социалистік Қазақстан» (1960-1963 жж.), «Жалын» (1970-1972 жж.), «Жұлдыз» (1972-1975 жж.), «Қазақ әдебиеті» (1980-1989 жж.), «Егемен Қазақстан» (1989-1992 жж.) баспаларында бас редакторлық қызметтер атқарады. 1992-1994 жылдары аралығында «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы қызметінде. Одан соң ҚР парламентінің депутаты болып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, түрлі түйіткілге толы мәселелерін шешуде ерен еңбегін сіңірді десек қателеспейміз. Айта берсек – журналист ретіндегі Шерхан Мұртаза түйінін шешкен игілікті істер көп-ақ.
Шерхан Мұртаза – қоғам қайраткері. Үлкен ұғымға айналған ірі тұлғаларды заманның белгілі бір кезеңдері дүниеге әкелетіндігі белгілі. Кез келген адамды өз уақытының перзенті деп қарасақ, ұлы тұлғаларды сол өздері өмір сүрген дәуірдің тарихи-әлеуметтік қажеттілігі заңдылығынан сырт алып қарауға да болмайды. Қазақ халқының басынан да нешеме киліккен қасірет, бірінен бірі өткен тауқыметтер өтті. Дегенмен, мұның бәріне тапалып қалмай, тістене шыдап баққан тәкаппар қасиетке ие ерен тұлғалар болды. Қиналған кездерде өз қорғаушысын, өз жоқтаушысын туғызып отырды.
Шераға да осындай өз заманы туғызған ерен тұлға. Бүгінде сексен беске аяқ басқалы отырған, халық ақсақалына айналған, кемеліне келіп, керторы атқа мінген ағамыздың заманы да оңай болған жоқ. Қанды кеңес империясының бүкіл ғұмырын көз алдында өткізіп, қазақ халқының адам айтқысыз қасірет шеккенін өз көзімен көрді. Осы нәубеттерден кейінгі «кемелденген» социализм тұсының да куәгері болды. Куәсі болып қана қойған жоқ, заманның тыныш, тұрмыстың қалыпты бола тұра жоғалтқанымыздың көп екенін де көреген көзі көре білді. Көре біліп қойған жоқ, тоқырау деп аталатын меңіреу заманда қазақтың атпал азаматы ретінде жарғақ құлағы жастыққа тимей, халықты оятып, серпілтуге бар жанын салды. Осылайша, бағзы замандардағы халқының қамын жеген ұлы тұлғалардың үнін осы заманға лайық жалғастыра білді.
Шераға – тамаша ұстаз. Ұстаз болғанда да жай ұстаз емес – рухани ұстаз. Рухтандыратын ұстаз. «Жас адамның тағдыры көбіне қолдаушысына байланысты», - деп, көк өрім талапты жастарға жол ашқан, жарыққа шығуына көп ықпал еткен Шерхан Мұртаза қазақ руханиятында «Шерханның шекпені» деген ұғым қалыптастырды. «Ол жылдары «Лениншіл жаста», «Жалында», «Жұлдызда», «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза емес, басқа редактор отырса, қазіргі Шерағаңның шекпенінен шықтық деп, шалғайына жармасып жүргендер болар ма еді, болмас па еді, кім біліпті?!» - деген Әбіш Кекілбаев.[1:92]
Шерхан – шебер аудармашы. 1956 жылы-ақ оның «Ихсан ханым» атты аудармасы «Лениншіл жаста» жарияланған болатын. Содан соң Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт», М.Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастады. Ол Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін аударған. Шераға Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош, Гүлсары!», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повестері мен «Боранды бекет», «Жан пида» романдарын қазақша сөйлеткен, Шыңғыс сияқты кемеңгер суреткердің шығармаларының рухын дәл жеткізген шебер аудармашы, ал аудармашы дегеніңіз өнер екенін әдебиет сүйер қауымға мойындатқызады.
«Дүниеде адаммен адамның танысып, түсініскенінен артық байлық жоқ»,- деген екен Сент-Экзюпери. Адамдармен адамдардың түсінісуі арқылы мемлекеттер мен мемлекеттер тіл табысады. Ш.Мұртаза шығармаларының аударылуына байланысты жұмыс жүргізіп жүрген аудармашылардың көпшілігі де онымен жүзі таныс, әдеби байланыстағы жандар.
Шерхан Мұртаза – драматург. Тәуелсіздік кезіндегі қайта құру мен жариялылық әкелген соны лептің тұрлаулы нышанын біз Ш.Мұртазаның драматургиясынан көре аламыз. Прозашы Ш.Мұртазаның алғашқы кездерде драматургиядағы қадамы мүлде тосын көрінгені, күдік тудырып, күмән келтіргені, кездейсоқтыққа баланғаны рас еді. Алайда, прозада кемеліне келген суреткердің ат басын кенеттен драматургияға бұруына себеп болған тек жаңа жанрда өз күшін байқап көру емес қана сияқты, сонымен қатар, тамаша драматизм мен трагедиясы мол өмірлік материалдардың сахнаға сұранып тұрғандығында болар. Оның алғашқы қалам тартқан «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», Қ.Ысқақовпен бірлесіп жазған «Қызыл жебе» («Революция сарбазы») пьесалары Жастар театрында қойылып, зор табысқа ие болғандығы ешкімді де бейтарап қалдырған жоқ. Бұл екі туындысы арқылы Ш.Мұртаза театр мен драматургия атты жұмбақ та сиқыр әлемнің енді ертеден өз адамындай болып кетті. Осындай екі драманың сахналық зор табыстары суреткерді драматург ретінде одан сайын қанаттандырып, шабытына шабыт қосқан еді.
Осындай табыстардан соң-ақ Ш.Мұртаза драматургиясы көркемдіктің өзі биік дәрежеде екендігін дәлелдеді. Оның драматургиясындағы замана дүрсілі шыншыл да нақты күйінде еді. Осылайша, автор драматургиясындағы публицистикалық пафос – өнер пафосына, көркем пафосқа көтерілген еді.
Жоғарыдағы айтылған шалқар шабытының нәтижесінде еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы он жылы ішінде өмірге «Есек саудасы», «Домалақ ана», «Бауыржан батыр» («Ноқтаға басы сыймаған») атты драмалар туды.
«Кешегі кеңестік дәуірдің аса көрнекті суреткері Ш.Мұртазаның өзінің ғажайып әдеби шығармаларымен енді тәуелсіз еліміздің, тәуелсіз әдебиетіміздің берекелі де, пәтуалы, ғұмыры баянды тірліктер атқарған тарлан тұлғасына заңды айналғаны, қандай ғанибет», - деп С.Жұмабек өзіндік баға берген еді. [4:84]
Осы орайда, Ш.Мұртазаның тәуелсіздіктің он жылы ішінде тіршілігіміздің көптеген қырларын қамтитын елеулі табыстарының бірі және бірегейі десек болады, драмалық шығармаларын қалың көрерменге ұсынып, келесі жинақ ретінде жарыққа шығару негізгі мақсатымыз болды.
Осы дүниелер арқылы қазақ драматургиясының Шерхан Мұртаза стиліндегі даму сипаты, бағдары, проблематикасы бой көтереді. Драматургия жанрының өз ерекшелігі, қиындығы бар, бір жағынан, талант таразысы тәрізді дүние.
Шерхан Мұртаза – философ. Оған дәлел – «Бір кем дүние». Автор ой-толғауларының әуенін бұзбай оқырманына жеткізудің жанрын сәтті тауыпты. Қысқа да нұсқа түйіп айту, әлдебір пәлсапашылардың сөзіндей жалпылыққа бармай, нақтылы жайларды мысалдап келтіру, ара-арасында өз көзқарасы мен көңіл-күйін сездіріп отыру – тақырып-тақырыппен берілген ықшам дүниелердің тартымды оқылуына кәдімгідей сеп болған. Иә, арман да көп, өкініш те басым екен, онсыз өмір бола ма, бірақ оның бәрі жеке бастың, үй арасының сыпсыңы емес, халықтың, елдің, ұлттың басындағы алаңдаушылықтармен ұласып жатады. Олай етпесе, сірә Шерағаң бола ма деп тағы ойлайсың! Кітаптың жазылу табиғаты жөнінде Шерағаң жақсы көретін жазушы інісі Несіпбек Дәутайұлына таратып айтып береді:
«- Сен кеше «Бір таң дүние» дегенді айтып қалдың. Ойланатын-ақ нәрсе. Менің «Бір кем дүнием» жалпы философиялық толғамдар ғой. Сөйтсе де мен философ емеспін. Бірақ, философ халықтың ұлымын. Біздің бір пәлеміз өз қадірімізге өзіміз жетпейміз. Бірдеңе жазсақ шетелден шыққан ғұламалармен екі ұрттарымыз толып шыға келеді. Мысалы, керемет философ та солар. Сонау Аяз би, Жиренше, Асанқайғы, Мөңке би, Шалкиізден тартып бүгінгі Әбіш Кекілбаев, Ғарифолла Есімовке дейінгі жүз, мың ғұлама философтарымыз сол шетелдіктеріңнің қайсысынан кем. Тіпті, кебір жағдайда артық. Абай мен Шәкәрім ше!.. Бауыржан көкең ше!.. Пайымдап қарасаң қазақ халқы кім дегенде: «Философ!» - деу керек. Философия біздің ұлттық болмысымыз...» дейді Шерағаң. [3:129]
«Осы менде әке болғаны рас па?» - деп Рысқұловшина деген жаламен Сібір айдалып, сол жақта майып болған Мұртаза бейнесін «миының түкпір-түкпірінен іздеп» отырып қалатын, шала құрсақ, жарым көңіл жүріп жетілген, «Бөлтірігін қорғаған құртқа - қасқырдай» арпалысып өткен Айша-Анадан туған ұл - Шерхан болмаса, ешкім болмас еді. Ажалдың тырнағында ысынып-суынып жатып, Айшаның құдайға жалбарған көз жасын жұтып ем қонған, «Байытпасаң байытпа, тілентпеші, жаратқан!» - деген ананың бір ауыз улы тілегінің тербеуімен өскен перзент шешемді жылаттың деп бригадир Тасбетке айыр ала жүгіргенде Айша-Ана: «Менен туған ұл бар екен, тәубе», - деп көз жасын caп тыйды дейді. Бәлкім, Алып ананың «Менен туған ұл бар екен, тәубе», - деген қасиетті сөзін ақтау үшін де Шерхан - Шерхан болған шығар...
«Өзіңнін көзіңнің тірісінде жинастырып, басын біріктіріп қоймасаң, кейін кім оны мұрағаттан іздеп жүрер дейсің. Не десе де еңбек қой. Кейінгілер: «осындай да заман өткен екен ғой» деп кітаптың бетін парақтаса болғаны», - деген екен Ш.Мұртаза. «Ақындар мен әкімдер» атты 2002 жылы «Елорда» баспасынан шыққан кітабының алғы сөзінде.
«Мұрағаттан кім іздеп жүрер дейсің?», - деген Ш.Мұртазаның дүниелерін 2009 жылдан бері Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері үлкен ыждаһаттылықпен тиянақтап, саралап, жинақтап, жарыққа шығарып жатқандығын, әлі де том-том дүниелердің шығуы алдағы күннің еншісінде екендігін атап өткіміз келеді.
Қорыта айтқанда, қай жерде де – әдебиетте де, баспасөзде де, қиын да жауапты қайраткерлік, қоғамдық жұмыстарда да Шерағаның өз орны бар, қайталанбас, қайсар да өжет үні бар. Қазіргі таңда біздер Шеағаның бейнесінен қазақ халқының аяулы перзенті, халқы үшін қайраткерлік, күрескерліктің ұлы үлгісін көрсеткен Тұрар Рысқұлов тұлғасын танығандай боламыз. Олай болса, әрдайым ерліктер сабақтастығы үзілмесін!
Қазақ елінің ел болып, ұлттық идеалогиясының қалыптасып, дамыған мемлекетке айналуы жолында аянбай қызмет жасай білген, бір емес бірнеше сала мен қызметті игеріп, тарихи құндылықтарды дәріптеп, әдебиетті дамытқан, баспасөзді қарыштатып, драматургияны кемелдендірген, публицистиканы қару қылып, газетті өрісі ете білген, қазақы философияны нықтап, ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал жасаған Шераға тұлғасы – әмбебап екендігі ешқандай да дау тудырмайтыны сөзсіз ақиқат.
Сөзімді Әлдихан ағамның мына сөздерімен аяқтағым келеді: «Шерағаң жөнінде желіп өтіп, желпініп кетіп сөз айту - әбестік.
Тұрар көкесінің кемелдігі мен кемеңгерлігіне, Бауыржан ағасының батырлығы мен даналығына қанығып өскен Шерағаң халқына дәл сол арыстарша қызмет етудің үлгісін көрсетті.
Шерхан – қайраткер, Шерхан – қаламгерге есті қазақ бас исе керек. Солай болып та жүр, аузы дуалы ағаларымыздың Шерханды қазақтың төлқұжатына балағаны әмбеге аян. Халқы оны қатты қадірлейді. Оның бағындырған ең биік шыңы – осы». [5:100]
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Дүйсенбек Ә. «Шерағамның шеруі» Алматы: «Қазығұрт» 2007
Мамесейт Т. «Ғибраты мол ғұмыр» Астана: «Елорда» 2002
«Жамбыл» журналы, № 3, 2009
Жұмабек С. «Жұлдызы нұрлы суреткер» Алматы: «Қазығұрт» 2002
Қазақтың Шерағасы (көптомды шығармалар жинағы) – 6 том: 100 бет
Достарыңызбен бөлісу: |