Әож 821. 512. 122 Ж. Аймауытовтың «АҚбілек» романындағы кейіпкер әлемі



Дата09.11.2016
өлшемі84,33 Kb.
#1384
ӘОЖ 821.512.122

Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕК» РОМАНЫНДАҒЫ КЕЙІПКЕР ӘЛЕМІ

Қалтайқызы Г.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан



Резюме

В статье рассматривается основная тематика и главные герои романа Ж.Аймауытова «Акбилек»



Summary

In this article is considered the main subject and the main characters of the novel of Zh.Aymauytova "Akbilek"


Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы қазақ қызының тағдырына құрылған шығарма. «Ақбілекте» қазақ ауылының Ресей жеріндегі төңкерістер кезіндегі, ақ пен қызылдың лаңы тұсындағы әлеуметтік-саяси жағдайына баса көңіл бөлінген. Өйткені романның фабуласы қоғамдағы құбылыстарға тікелей байланысты дамиды.  Бүкіл сюжет елдегі азамат соғысы тұсында ғана өтуге тиіс оқиғаға негізделген. Қазақ халқының орыс тепкісінің астында көрген зорлық-зомбылықтарын Ж.Аймауытов Ақбілек трагедиясы арқылы шынайы суреттеген. Ресей империясының екі ғасырдай боданы болған қазақ халқының азып-тозған мүшкіл халін айқын көрсету үшін жазушы Ақбілек басындағы трагедиясын шегіне жеткізіп көрсете білген. Ішкі Ресейдегі қызыл орыстардың тегеурінді екпініне шыдай алмай оңтүстікке қарай жөңкілген ақ орыстар жүрген жерін жалмап, бейбіт халықты тонап, қырып-жойып бара жатты. Кейбір кеудемсоқ офицерлер тіпті шектен шығып қазақтың қыз-келіншектерін зорлап, қорлап кетіп отырды. Ақбілек те осындай бір ақ офицерінің күшпен зорлап қосылған уақытша әйеліне айналып еді. Осы оқиғаларды баяндай отырып, жазушы ұлттық психологияны нанымды суреттейді. Орыстардың қазақтарды менсінбеуі, адам санатына қоспауы, қазаққа деген зорлық зомбылығын шімірікпестен істей салуы – бір жағынан орыстардың басқыншылық мінез-құлқын, езуші халық ретінде дандайсыған көңіл-күйін көрсетсе, екінші жағынан қазақтардың орысқа дегенде дәрменсіздігін, ынжықтығын, бейшаралығын байқатады. Бірімен-бірі айтысып-қырқысқанда батыл қимылдайтын қазақтар орыстан өктемдік көрсе, ұнжырғасы түсіп, бүгежектеп қалады. Осыны жақсы білетін озбырлар онан сайын құтырына түседі. Ж.Аймауытов өз романында мәселенің осы жағына баса назар аударған. Автор езуші ұлт пен езілуші ұлттың психологиясын дәл берген.

Сондай-ақ, мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең құқылы азамат болуы бейнеленеді. Ғасырдың басында әйел бостандығы, әйел бақыты туралы тақырыпта қалам тартқан қазақ авторлары сол тұстағы жеке адамның мүддесі мен патриархалдық моральдың арасындағы сорақы қайшылықтарды көрсетуге тырысты. Мұның өзі адам тұлғасына деген ықылас пен назарды күшейте түскенін көрсетеді. Бұл проблема Ж.Аймауытов шығармаларында оған дейінгі М.Дулатов, С.Торайғыров, С.Көбеев, Б.Майлиндердің тәжірбиесіне ұқсамайтын өзіндік жаңа көркем шешімін тапты. Аталған авторлардан Ж.Аймауытовтың айырмашылығы, ол әйел бақыты мен бостандығы мәселесін тек қана жеке бастың бақытымен, сүйген адамға қосылуымен ғана шектеп қоймады. Ол үшін әйел теңдігін әйелдің әлеуметтік және рухани азаттығынан бөліп алып қарау ақыл-ойға сыймайтын нәрсе еді.

Ж.Аймауытов әдебиетте жаңа образдың қалыптасу процесін, оның өзін-өзі тануын, адамгершілік сілкінісін суреттеді. Білім, парасат, ағартушылық Аймауытов үшін рухани тазарудың, адамгершілік ағарудың бір жолы. Ақбілек үлкен парасатқа қол жеткізу арқылы дүнияуи ортадан, ауыл-үйдің өсегімен ғана анықталатын құндылықтардан биіктеп, тұлғаға айналды. Осылайша Ақбілек өзінің өмірлік проблемасын тазару, адамгершілікке кемелдену, тұлғаға айналу жолымен шешеді.

Ж.Аймауытов ұлы ағартушылар Шоқан, Абай, Ыбырай және көптеген өзінің замандастары секілді ағартушылық идеясын қолдады. Бірақ жазушының көзқарасындағы белгілі бір дәрежедегі ағартушылық негізге қарамастан, оның көркем шығармашылығы, оның ішінде мінез концепциясы шын мәнінде ағартушылық емес, әлеуметтік сипат, историзм және психология тұрғысынан талдау принциптеріне негізделген сыншыл бағытқа жатады.

Кейіпкердің мінезі, оның тағдыры, іс-әрекеті т.б. романда әлеуметтік, тарихи сипатта анықталады.

Тарихи оқиғалар негізінде Жүсіпбек сол бір аласапыран жылдардағы қазақ ауылы өмірінің шындығын, адамдар тағдырындағы өзгерістерді, тынымсыз ізденісті кең бейнелейді. Ескі ауыл мен оның адамдары бойындағы қайшылықты күйлер мен ұғымдар тартысының суреттері, психологиялық толғаныстар жазушы реализмінің байлығын, суреткерлік қарымының кеңдігін көрсетеді. Роман кейіпкерлері заманмен, дәуірмен қабаттама өзгеріске ілеседі, қоғамнан өзіне лайық орын іздейді. Ол орынды бірі тауып, бірі таба алмай жатса да, жалпы ізденістің беталысы елдің рухани оянуға ұмтылысын аңғартады. Солардың алдыңғы легінде Ақбілек дегеніне жетеді.

Ақбілек — романның бас кейіпкері. Романның “Ақбілек ” аталуында да үлкен мән бар. Өйткені Ақбілек образы арқылы роман бойына қан жүгіріп отырады.

Шығарма атын иемденген басты тұлға—Ақбілекпен оқырман әке мен шеше ортасында еркін өскен сәтінде кездеседі. Құрбылары мен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ бұл жарастық, жастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт “қалпағы бар, мылтығы бар, қылышы бар, көк шекпенді, қақаңдаған қоқиланған” төрт атты бұзғанды. Олар бейбіт ауыл мен елдің апшысын қуырды... “Түнерген түнде абайсыз ауып абалаған ит даусына айналды. Бір тайпа ауыл - үш мылтықтың албастысы басып, тұншықты”[1.149б.]. Үлкен үй — дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсірді, орны толмас өкінішке қалдырды. Оның бәйбішесін атып “жас түлегі”, жалғыз қызы — Ақбілегін “ойбайлатып алды да жөнелді”. Бұдан кейінгі жерде Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан тауқыметін ешкім де дұшпанына тілемес. Ес білгелі әке-шешесінің көз алдында болып, ерке өскен, қиындық пен қорлыққа кезікпеген Ақбілек өмірі сын тезіне түскенде, өң мен түстің аралында, үмітінен үрейі басым қауіпті, қатерлі кезеңге тап болады.

Иә, Ақбілек бақытына шідер салатын алапат оқиға — азамат соғысы жылдарындағы ашып айтыла бермейтін масқара сорақылық. Көп қаламгер бүркемелеп, әйтпесе күмілжіп өте шығатын ахуалды Ж.Аймауытов романдағы трагедиялық жағдайдың айнымас құлақ күйіне айналдырған. Тарихи фактіні ғалым не публицист ретінде емес, жазушының көзімен ежіктей зерттеп бағалаған, жалықпай талдап, көңіл қуатымен әсерлі сырлаған. Кінәлі — заман, айыпқа ілінер көптеген себептер бар. Бірақ соның бастысы - мылтық кезенген орыстың дала “жабайыларына” қатысты озбырлығы ғана емес, қайран қазақтың сол кездегі жанаяр қорқақтығы, күйшілдігі, міншілдігі алтыбақан алауыздығы. Мамырбай бас сауғаламаса, қалған жұрт теріс қарап сілейіп қалмаса, опасыз Мұқаш болмашы өкпе үшін қандас қарындасын масқаралық тозағына итеріп кетпесе, Ақбілек трагедиясы туар ма еді? Сорлы ана перзенті үшін қорлық дүреге де, қатігез кездейсоқ өлімге де бас тікпес еді...

Феодалдық-патриархалдық сана мықтап қалыптасқан кезеңде Ақбілек басынан өткерген осынау ауыр хал, жан азаптары оған өмірлік таңба болып басылды. Жан сауғалап қашқан ақтардың артында бұралқы күшіктей қаңғырып қалған Ақбілек, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен де, құлазыған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді. Ақтардан тартқан жан азабынан соң да Ақбілектің көрген қорлығы азаймады. Ендігі жерде ол жан жарасын, көңіл толқынын “саялдық қара бұлттарға”, “күздің сарғыш жапырақтарына” айтты:“Саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіндер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші!

Күздің сарғыш жапырақтары-ау! Кімді әлдилеп, сыбырлап тұрсыңдар! Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз бөденелері-ау! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіндер ме? Қанатын қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсырдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіндер ме?!

Бұлттар-ау, серпілмейсіндер ме?!

Жапырақтар-ау, сытырлап жерге төгілгенше шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!”

[1.178 б.].

Ақбілектің жан дауы, шерлі мұңы, кеудесінде жаны, жүрегі, сезімі барға жеткендей-ақ. Бірақ оған тіл қатып, үн қосқан ешкім болмады. Ең негізгісі, ол ертеңгі күнге сенімін жоғалтпады, жақсы қайырымды жандарға жолығармын деген үмітін де үзбеді. Іскендір дуанамен кездескеннен кейін жанын жегідей жеген азап пен қорлықтың салмағы бір мезет жеңілдеп, ұмытылғандай болады. Бірақ нағыз азап, күйзелістер шағы тағы да қылаң береді. Ел ішіндегі өсек-аяң, бұрынғы ғашығы Бекболаттың сырт айналуы т.б. Ақбілектің жан жарасын одан сайын қоздырды. Бұған “көзі тікшиген, тымырайған” қатігез мінезді өгей шешесі - Өріктің де кері әсері мол болды.

Ес біліп, бой түзей бастағаннан тағдырдың тауқыметін мол тартқан Ақбілектің араға бес жыл өткен соң көргендегі әсері өзгеше. Жас өмірін өксікпен өткізген Ақбілектің Балташ сынды азаматпен көңіл қосып, Ескендірмен қайта табысуы жан жарасын жазып нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасатады. Роман тілімен айтсақ, “Ақбілектің жүрегін жуып тазартқан алтын леген аяулы жаны қаралы таудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді”.

Иә, Ақбілек білім алып, қатарға қосылған алғашқы қазақ әйелдерінің өкілі. Өткеніне, өзі өскен ортаға бүгіннің көзімен қарайды.“Оқымаған әйел қор ғой. Қапастағы құстай ғой!-деп ойлайды өзінің бүгінгі күйін өз ортасынан аса алмай қалған Кәмиләмен салыстырып”. Ақбілек пен Балташтың жарастықты жаңа өмірін жазушы басқаларға үлгі етеді.

Кешегі жуас, ұялшақ Ақбілек өнерлі жастардың қатарына қосылып, тек “Ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы” атанды. Ақсақалдың өзі де именеді одан. Туған еліне оралып Алтайдың тауына шыққан Ақбілекке онда өткен өмір ауыртпалықтары, “алай-түлей қараңғы қара күндер барса келмеске біржола кеткендей, анау алыста, етекте біржола қарасы өшкендей көрінеді. Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан тазарып, сонау жеті хат көктегі ғарышқа барып, анадан жаңадан туғандай тазарды”.

Қысқасы, дүбірлі дәуірдегі қазақ қызының өмір, тағдыр жолы шындыққа сиымды, келісті көрініс тапқан.

Жүсіпбек Аймауытовтың роман жанрындағы көркемдік ізденістері, бір ғана “Ақбілек” романындағы негізгі кейіпкерлердің іс-әрекеті төңірегіне үйіре отырып, қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, әсіресе негізгі тұлға — Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туындыны асқан шеберлікпен суреттеуі Жүсіпбектің қазақ прозасындағы алатын орнын асқақтата түсері хақ. Бұл ретте аудармашы, әрі жазушы, қазақ тілінің жанашыры Г.Бельгердің төмендегідей пікірлеріне қосылып, қолдауға әбден болады.“Аймауытовты оқығанда еріксіз таң қаласың, әсіресе сөз кестесі, айшықты, әшекей тілі оқушының өзін бірден баурап, үйіріп әкетеді. Шын мағынасында эстетикалық ләззат алып, шынайы сезімге бөленесіз.

Аймауытов сөздік қоры орасан бай, ағыл-тегіл молдықтың арқасында жазушы қаламынан туған, дүниенің тынысы кең, емін-еркін көсіліп жазып, нақышына келтіріп суреттер жасайды ... тіл байлығы ағыл-тегіл, төкпе жазушы-суреткер тақ-тұқты місе тұтпайды. Еселеп, екпіндетіп, шабыты шалқып, рухтанып кетеді... Аймауытов сынды ұлттық мәдениеттің аса ірі қайраткерін қолына қалам ұстаған кейінгі ұрпақ жан-жақты зерттеп, талдап, терең ұғуымыз керек”[ 2.4б.]. Бұл жазушы шығармаларын оқығаннан кейінгі алғашқы әсер, құрғақ тамсану, түйсіну емес. Таза талантты тану үшін, құрметтеу әрі көпке ұнамды, үлгілі қырларынан да көрсету. Бұған аталмыш романды оқып танысқан әрбір адам анық көз жеткізеді. Өйткені роман жанрында таза талант белгісі бай да кестелі тіл, көркем ойларымен ерекшеленері хақ.

Ақбілек – сол кездегі қазақ қыз-келіншектерінің ғана емес, ғасырлар бойы отарлық тепкіден көз ашпаған қазақ халқының жиынтық бейнесіне айналған. Сондықтан да «Ақбілек» қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орын алатын шығарма.


Әдебиеттер:

  1. Аймауытов Ж. Шығармалары. – Алматы: Жазушы. 1989ж.

  2. Бельгер Г. Аймауытов айшықтары. – Қазақ әдебиеті. 30.03.1990 ж.

  3. Әбдіков Қ. Ж.Аймауытов романдарындағы тұлға консепциясы. – Алматы 1997ж.

  4. Майтанов Б. Ақбілек – психологиялық роман. – Жұлдыз №10 1992 ж.

  5. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: 1996ж.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет