Әож 821. 512. 122 Т. Тоқбергенов әдеби сын еңбектеріндегі эссе жанры Әділова Ш. ф.ғ. к



Дата27.12.2016
өлшемі79,95 Kb.
#6170
ӘОЖ 821.512.122

Т. Тоқбергенов әдеби сын еңбектеріндегі эссе жанры

Әділова Ш. ф.ғ.к.

Өткен ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды десек, зерттеу обьектісі әдебиет болатын сынның да алтын ғасыры болды десек жаңылыспаймыз. Бұл алтын ғасырда қазақ әдебиетінің кәсіби сыны толық қалыптасып, биік деңгейге көтерілді. Оған басты себеп көркем шығармашылықтың шарықтап дамуы еді. Әдебиет сынының дамуы көркем әдебиеттің дамуымен тікелей сабақтастықта екені белгілі. Сын болу үшін оның обьектісі көркем әдебиеттің болуы шарт. Олай болса, 70-80-жылдардағы қазақ әдебиетінің табыстары қазақ әдеби сынының дамуына негізгі шарттылық болды десек, 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдары қазақ әдеби сыны З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, С.Әшімбаев, Б.Сарбалаев, Ж.Дәдебаев, Т.Мамасейітов, Қ.Ергөбек, Б.Ыбыраймов т.б мамандармен толықты. Бұл сыншылар өздеріне дейінгі көркем сынның озық үлгілерін, шеберлік-стильдік қырларын шығармашылықтарында жете игере келді. Ғалым Ш.Елеукенов: «Әдеби көркем сын -қоғамды өзін-өзіне танытатын құралдың бірі. Сол себепті ол-философия, политология, психология, эстетика т.б гуманитарллық ғылымдардың жетістіктерін кеңінен пайдаланады және оларға өзі де сондай қызмет атқарады. Аталған қасиеттер сын туралы ғылымға тән» [1, 333],- десе, бұл 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдары әдеби сынға келген сыншылар теориялық түрғыдан білікті, эстетикалық, философиялық пайымдауларымен оқшауланып, көркемдік талдаудың жаңа үлгілерін танытты. Жоғарыда атаған сыншыларымыз сынның мазмұн тереңдігімен қатар, пішін тұрғысынан сынның жанрын да түрлендірді. Бұл жайында ф.ғ.д, профессор Г.Ж.Пралиева: «Осы жылдары жаңа кітапқа жазылатын рецензия, пікір шолу, портрет, эссе секілді сын жанрлары структуралық талдау, интерпретация, микроталдау сияқты түрлерімен т.б толығып, олардың рухани құндылықтары мен сапасы өсті» [2,65],-дейді. Әдебиеттанушы Г.Ж.Пралиева атап көрсеткендей, бұл тұста әдеби сында эссе жанры барынша өрістеді.



«Әдебиеттану» терминдер сөздігінде:«Эссе тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән» [3,37] ,- деген анықтама берілген. Демек эссе сынның да көркемдік ойлау түрін көрсететін жанр болғандықтан, қазақ әдеби сынынының жанрларын зертеген ғалым ф.ғ.д., профессор Д.Ысқақұлының «Сын жанрлары» еңбегінде әдеби сындағы эссе жанрына тән мынадай ерекшеліктерді атап көрсетеді: 1. Эссе жанрының көркем әдебиет пен ғылымның қасиеттерін өз бойына сіңіруі; 2. Эссенің сипатты қасиеті – лиризмі; 3.Эссенің композициялық құрылымның еркіндік танытуы; 4. Эссе бір кітап, жазушы, нақтылы бір әдеби өмір не жалпы әдебиеттің кейбір мәселелері турасында, кейде естелік, не толғаныс түрінде жазылып, оған деген автордың субъективті пікірлерінің айтылуы; 5. Эсседе ғылыми талдаулардан гөрі автордың өзіндік әсерлері, шығармашылық тәжірибелеріне негізделген ойлары басым, шағын көлемді әдеби стильде жазылуы. 6. Эссе жанрының дамуында екі бағытының көрініс табуы: біріншісі – бағалауыштық, екіншісі – талдау. [4,230],- Демек сын теоретигінің сараптауы бойынша лиризмді, композициялық еркіндікті, естелік, не толғаныс түрінде жазылып, оған деген автордың субъективті пікірлері айтылатын, ғылыми талдаулардан гөрі автордың өзіндік әсерлері көрініс табатын, біріншісі – бағалауыштық, екіншісі – талдау қасиеттеріне ие эссе жанрының эстетикалық, философиялық, көркемдік мүмкіншіліктері мол. Сондықтан да сыни пікір айтушының өзі де осы қасиеттерді бойына сіңірген интеллектісі жоғары сыншы болуы тиіс. 70-80-жылдардағы әдеби үрдісте сондай интелектуальды сыншылардың бірі - Т.Тоқбергенов болды. Сыншы Т.Тоқбергеновтің 70-80-жылдардағы қазақ әдебиеті сынында алатын орны ерекше. 70-ші жылдардың бел ортасында (1974) жазылған «Тоғыз тарау» тұңғыш жинағынан-ақ, Т.Тоқбергенов байсалды, білімді, ойлы әдебиетші екенін танытты. Т.Тоқбергенов – сын жанрларының орта түрлері рецензия, мақала шолу, творчестволық портрет, эссе түрлерін жетік меңгерген сыншы. Дегенмен сыншы Т.Тоқбергеновтің шығармашылық мүмкіндігін танытқан жанрдың бірі-эссе жанры. Т.Тоқбергеновтің Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында жазған «Қаратаудың перзенті» эссесі- қазақ әдеби сынындағы эссенің биік үлгісі. Бұл әдеби сын еңбектің басты ерекшелігі әдеби сын болса да, көркем шығарма оқып отырғандай әсер аласың. Сыншы «Қаратаудың перзенті» эссесінде әлемдік классиканы жете меңгерген сыншылық әсермен: «Ал ол туралы жаза бергің келеді. Сонда Андре Моруа боп жазғың келеді»,-дейді. Көзіқарақты оқырман білер, Андре Моруа француз әдебиетінің алыптары В.Гюго, О.Балзак, Ж.Санд т.б өмірін автордың өмір тарихының шығармашылық процеске қатысы тұрғысынан көркем шығарма бергісіз биографиялық туындылар жазғаны белгілі. Төлеген Тоқбергеновте Тәкен Әлімқұловтың жазушы шеберханасын барлауда Андре Моруадан кем түспейді. Сыншының бұл шеберлігі жайлы профессор Қ.Ергөбек: «Міне, осындай жазушы әдеби әлемін ашуда қайталап айтсақ, сыншы Төлеген Тоқбергенов орны ерекше. Жорға сыншы Т. Әлімқұлов жөнінде тіл тұсауын ағытып шешіліп, қолтығын сөгіп, көсіліп көп жазды. Толыбай сыншыдай тап басып танып дөп жазды» [5,312],- дейді.Т.Әлімқұлов шығармашылығы Т.Тоқбергеновтің сыни еңбектерінің ішіндегі ерекше пафоспен жазылған туындылар. Жалпы Т.Тоқбергенов -Т.Әлімқұлов шығармашылығындағы басты сарындар, негізгі образдар жүйесі, өмірлік материалдар, прототиптер төңірегінде нақты талдау жасай білген бірден-бір сыншы. Т.Тоқбергеновтің Т.Әлімқұловтың шығармашылық лабороториясын жете меңгергені сыншының жазушы шығармашылығынан жазған қай еңбегінде болсын көзге айқын ұрып тұрады. Бұл әдеби талдаулар ерекше пафоспен жазылғандықтан көркем шығарма секілді оқылады. Т.Әлімқұловтың шығармашылығын талдауда сыншы сынның жанрлық формасын әдемі түрлентіп пайдаланады. Сондықтан да Р.Нұрғалиев Т.Әлімқұлов туралы сыншының «Тарлан ашқан талант» деген еңбегі жайында: «Т.Тоқбергеновтің әдебиет сыншысы ретіндегі қолтаңбасын, жазу стилін танытатын материал осы» [6,319],- деп жоғары баға береді.

Фрейд суреткерлер болмысындағы шығармашылықтың бастау көзі балалық шақтағы әсерден қалыптасады десе, Төлеген Тоқбергеновтің әдебиетке келуіне де бірден-бір себепкер Әлімқұлов секілді. Т.Әлімқұловпен алғашқы кездесуі жайлы сыншы « Қаратаудың перзенті» эссесінде: «Тәкенді тұңғыш көргенім есімнен шықпайды... Тәкен алты қанат үйдің төрінде отыр екен. Мұншалық насат, реңді адамды, соншалық таза, кіршіксіз киінген кісіні алғаш көруім»,-дей келе, Тәкеннің сол кездегі жары жайлы: «Бір кезде ұзын ақ көйлек киген, басына ақ жұқа орамал таққан аяқ киімі тіпті тұла бойы түгел аппақ, бойшаң әйел таяна берді... Биязы, әсем киінген орыс әйелді біздің Созақ бұрын көрмеген. «Жер басқанның сұлуы осындай-ақ болар»- дейміз біз іштей. Қатар тұрғанда екеуі ертегінің адамдары сияқты»,-деп сипаттайды. Т.Тоқбергеновтің балалық шағындағы көкейінде жатталып қалған осы сурет кейін Тәкеннің ішкі жан дүниесін зерттеуге жетелеп алып келген секілді. «Қаратаудың перзенті» эссесін осы тұрғыдан қабылдағанымыз дұрыс. Жазушымен бала кездегі таныстығынан бастап, жазушының жер қойнауына кіргенге дейінгі естеліктерінен сыр шертетін бұл эсседе Т.Тоқбергенов Тәкеннің «қаз даусын», сөйлеу мәнерін, өзін-өзі ұстау әдебін, мінезіндегі өзгешелеу тұстарын, бойындағы қарапайымдылығын, қаламгерлігіндегі қырағылығын, талантты өнер адамдарын бауыра жақын тарта білуін, өзгелерді құрметтеп, өзін де құрметтете алатынын, әсіресе, күй өнеріне деген ынтық жүрегін, т.б. қасиеттерін әдемі әсермен жеткізеді. Әдеби сынды оқу үстінде сыншымен қоса өзің де Тәкенге қалай табынғаныңды сезбей қаласың. Оқырман қауымды бұндай сезімде бөлеу біріншіден, Т.Әлімқұлов бойындағы ерекшелік болса, екіншіден Т.Тоқбергенов қаламының өткірлігі, сыншының тұла бойындағы жазушы Тәкенге деген ықылас-пейілі. Аталмыш эссе лиризмге толы, сыншының жан тебіренісі, көңіл-күйінің ауытқушылығы ерекше аңғарылады. Сыншы өзінің де ішкі сезіміне тереңдігін танытады. Өзіміз білетіндей, лиризм эссенің бір сыпаты. Эссені оқып отырғаныңызда Т.Тоқбергенов пен Т. Әлімқұлов арсындағы рухани түсіністік пен туыстықты сезінесіз. Ол туыстықтықтың түп тірегі - өнердің қасиетін кие тұтып сезіне білу. Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығындағы өрісті тақырыптардың бірі өнер тақырыбы десек, жазушының осы өнер тақырыбындағы шығармаларын талдауда сыншы алдына жан салмайды. Т.Тоқбергеновтің өз бойында күйшілік қасиет болғандықтан шығар, жазушының күй құдіреті жайындағы жазылған шығармаларындағы кейіпкерлер қобыздың пірі Ықылас пен шертпе күйдің дүлділі Сүгір өнерге ынтық екі тұлғаны біріктіріп жібергендей. Тәкен Әлімқұловтай жазушының жан дүниесіне терең бойлай білген сыншы оның туындыларын тек көркем шығармаларын оқу арқылы ғана құрғақ талдамай, жазушымен етене араласа жүріп, сұхбаттар жүргізіп, шығармашылық шеберханасына барлау жасайды. Мысалы: «Туған жердің, өзі өскен елдің әсер байлығын үнемі айтып отыратын Тәкен бір жолы: «Сүгір болмаса, Сүгірдің «Кертолғауы», «Тоғыз тарауы» болмаса, жазушы болар ма едім, болмас па едім»,-деген еді. Дидарында жалғансыз шындық бартын. Сезімтал суреткердің Сүгірдей анық өнерпазды мойындауы ғана емес, оның өлшеусіз тереңдігін, ой кемелін қылапсыз барлап, қылаусыз түсінгені еді»,-дейді. Бұл нағыз әдеби сынға жетіспейтін «кейіпкер-жазушы- сыншы» арасындағы архитеп образаздарды танытатын сыншы Т.Тоқбергеновтің жаңашыл ізденісін танытты. Демек, Тәкеннің талант бесігін тербеткен архитеп образ Сүгір күйші екен. Т.Тоқбергенов- күй тілін, домбыраның үніндегі сырлы сезімді терең меңгерген сыншы десек, Тәкеннің «Сарыжайлау» әңгімесін талдаған сыншы: «Әуелгі «Сейтек сарыны» жинағындағы бір әңгіме «Сарыжайлау» аталған. Домбырада осындай күй бар. Адамның 62 тамырын босатып, жүйе-жүйкені шымырлатып тартып алатын ғажап күй бар. Кімді де болса тамсантып, кімге де болса талай сағынышты аңсатып, әлдилеп өтер әсем күй. Жәй пендешілік, әурешілік емес, үлкен арман, орны толмас өкініш, айықпас мұң еседі бұл күйден. Бірақ, езіп, жаншып тастарлық емес. Ойлантып отырып көркейтіп, толғантып отырып, толтырып кетерлік толғамды күй. Тынысы кең, бояуы қанық сурет. Жалпақ даланы көзге елестетіп, сағымдай бұлдырап өткен жастықты, қызығы, қуаныш-назы көп жігіттік желең шақты аралатып кеткендей. Ой-сезімді түгел шарпып, шат көңілді мәз ғып тастайтын ғазал жыр, ғазал жыр ғана емес-ау ғажап сыр, сезім дүниесін шарлатып, шалқытып өтер тылсым күй. Тәкен, әңгімешіл Тәкен, осы күйдің дүниеге келген сәтін шежіре ғып шертіпті. Тәттімбеттей данышпан күйшінің ой-толғаныстарын түсініп, сергектікпен сезіпті»,- деп толғанса, «Телқоңыр» новелласы жайында да: Шын «Телқоңырдың» қалай туғанын кім білсін. Ол – Сүгірдей сұмдық күйшінің бір өзі ғана білер құпия» [7,84],- деп, жазушымен ой салыстыра, сөз салыстыра отырып, өзі де жазушыға айналып кетеді.

Қорыта айтқанда, бұл эссе- қазақ әдебиеті сын тарихында өзгеше бітімдегі жанрлық ерекшелігімен айрықша туынды.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры.- Алматы: Жалын, 1997

2. Піралиева Г.Ж. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы (1920-2005жж). Оқу құралы. Алматы: ҚазМемҚыз ПУ, 2010-310 бет.

3.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы, 1996-

4. Ысқақұлы Д. Сын жанрлары. Алматы; 1999.-304 б

5.Ергөбек К. Арыстар мен ағыстар: Әдебиеттану, сын әлемі.- Алматы: «Қазығүрт» баспасы, 2003.-336 б.



6. Нұрғалиев Р. Телағыс. - Алматы: Жазушы,1985

7. Тоқбергенов Т. Тоғыз тарау. Әдеби сын.-Алматы: «Жазушы»-1974.-224б

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет