«Бала туу және тәрбиелеуге байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүріндегі ерекшеліктер» атты тараушадаОрта Азиядағы қазақтардың бала көтергеннен бастап, туғанға дейін және тәрбиелеумен байланысты этнографиялық ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ халқы келін алғаш босаға аттағаннан бастап, үбірлі-шүбірлі болсын деп әртүрлі халық арасындағы ырым-жырымдарды ұстанған. Мәселен, жас түскен келіннің алдына бала отырғызып, ертерек бала көтерсін деп ырымдаған немесе ұл бала тусын деп алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізетін болған. Өзбекстандағы қазақтарда жастардың бірінші төсегіне алғашқысы ұл болсын деп ұл, қызды қаласа, қыз баланы аунатып алатын болған. Ал, Түркменстан мен Қарақалпақстандағы қазақтарда қыз жеңгелері келін қуыршақ жасап, жас нәрестені орамалға орап, жігіт жағына сататын болған. Бұл да екі жасқа нәресте тілеу ұғымынан туған. Сондай-ақ аяғы ауыр жас келіндерге жаңадан сойылған малдың ұлтабарын жегізу ырымы да жас келін ұлды болсын деген мақсаттан туындаған. Түркменстандағы қазақтар қарақұсты өлгеннен кейін де ақ матаға орап, баланың тілі шығып, мынау не? деп сұрағанша сақтаған. Егер құс болмаған жағдайда жасанды бейнесін жасап, үйдің шаңырағына не босағаға іліп қоятын болған. Белгілі этнограф Ә.Т. Төлеубаев өз еңбегінде халық арасында баласы көп өлетін әйелде қарақұс бар, ол бала туылғанда жанын алып кетеді деген ұғыммен одан қорғану және сақтау үшін әр түрлі ырым-жырымдар жасалатынын айтады 13,214-б.. Құрсақ шашу Өзбекстандағы қазақтарда да бүгінге дейін жалғасын табады. Сондай-ақ әйелдің тез босануына жасалатын «жарысқазан ырымы да қазақ арасында бүгінге дейін кездеседі. Баланың тез тууылуына әр түрлі магиялық ғұрыптар босанатын әйелдің шашын тарқату, барлық түйіндерді шешу, түймелерді ағыту, сырмаларды ағыту, т.б. жасалады. Түркіменстан мен Қарақалпақстандағы қазақтарда толғатып жатқанда отқа май салу, әдіраспан шөбін түтету жиі кездеседі. Қарақалпақстанның Жаңаарық ауданында әйел босанып жатқан бөлменің төрт бұрышына мақта жабыстырған егер ол түсіп қалса тез босанады деген сенім болған. Мақта жабыстыру Бұхара тәжіктерінде де кездеседі. Бұл ырым баланың мезгілінен бұрын түсіп қалмай, дүниеге сәтті келуіне көмектеседі. Орта Азия қазақтарында қырқынан шығарарда баланың қолына ақша қыстыртып, тырнағын сол рудан бір адамға алдыртады. Түркіменстан халықтарында қырқынан шығаруды шаш той деп те атау кездесіп қалады. Хорезмде баласы тұрмай не көп ауыратын отбасыларда кесілген шашты мазарға апару ғұрпы бар. Бұл әулиелер қолдап жүрсін деген сенімнен туған. Немесе кесілген шашты көбіне мата жыртысына орап, тұмар жасап баланың бас киіміне не киімнің артына тігіп қояды. Орта Азия елдеріндегі қазақтарда бала қырқынан шыққанға дейін 3 күн не 40 күнге дейін шам сәулесі өшпейтін. Мәселен, баланы қырық күнге дейін жалғыз қалдырмай жастығының астына пышақ, нан қоятын. Қарақалпақстандағы қазақтарда «баланың аяғы мықты болып жүгіріп кетсін» деп ырымдап малдың аяғын да босанған әйелге жегізу кездесетін болған. Сонымен бірге шілде бойы яғни қырқынан шыққанға дейін әйел бөлмесіндегі от өшірілмеген. Бала бесікке бөленгеннен соң бесік үстіне 7 түрлі зат: көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы тастайтын. Мәселен, тон мен шапан бала өз халқының адал ұлы болсын, кебенек жабу- батыр болсын, жүген- ертерек атқа отырсын, т.с.с.. Ал қазіргі кездегі Өзбекстан қазақтарында әртүрлі заттар емес, ең бірінші тоғыз дастархан- ырысы мол болсын деп, онан ұйқысы қалың болғандығын тілесе, басқа да заттар жабылады. Түркменстанмен Қарақалпақстан қазақтарында абыройлы көп жасаған жеті адамның киімін жабады. Оның мәнісі баланың сол кісілердей болуын тілегендіктен. Ал Қырғызстанда бесікке жабуды көп біле бермейді. Осы әдетпен қырғыздарда - тоғыз зат, тәжіктерде – жеті зат жабылады. Бесік саларда істелінетін сатып алу ғұрпы Орталық Азия елдерінің барлық халықтарында кездеседі. Қырғызстандағы қандастарымызға қырғыздардан енген тағы бір әдет баланың үшке толғанда нағашыларына барып шаш алғызуы. Мұны шаш алғызу деп атайды. Сондай ақ баланың нағашы жұрттан алатын бәсіресі де халық арасынан қалмаған. Қазақтардың бала туу, оны тәрбиелеуге байланысты жиналған деректеріне қарағанда, жалпы қазақтар мен Орта Азия халықтарының бала туу және оны тәрбиелеуге байланысты ұстайтын салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер, ырымдардың ұсқастығы байқалады. Бүгінде аталған елдердегі қазақ диаспорасы бала туу, өсіруге байланысты жасалатын дәстүрлерді бүгінде жалғастырып отырғанмен де орналасқан ортасына заманның жаңғыруына байланысты ұлттық дәстүрлердің кейбір элементтеріне өзгеше түр, мән бергендігін жоғарыда айтылған этнографиялық ерекшеліктерден байқау қиын емес.