Ертегілер әлемінде Мазмұны



бет31/41
Дата22.08.2020
өлшемі107,62 Kb.
#76415
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   41
Байланысты:
ерегілер жинағы Байменова З.С.

Жеті өнерпаз

Баяғы өткен заманда байлығы жұрттан асқан бір хан болыпты. Бұл ханның ұлы болмапты.

Жалғыз-ақ, ай десе аузы, күн десе көзі бар Қаншайым атты бір қызы болыпты. Қыздың сұлулығы сондай – қараған адам есінен танып қалады екен. Күндердің бір күнінде Қаншайым қыз қырық нөкерімен сейіл құрып, суға түсуге барады. Суға түсіп бола бергенде, Қаншайымды көктен бір қара құс келіп, көтеріп кетеді. Қырық қыз шулап қала береді.

Бірнеше күнге дейін ханға естіртуге ел-жұрты бата алмайды. Бір ақсақалды шал келіп естіртеді. Хан есінен танып, тағынан құлап түседі. Біраздан соң хан есін жиіп, бақсы-балгер, қожа-молда жинайды, қызды олардың бірі де біле алмайды, бәрінен де жәрдем болмайды.

Тек ханның бас уәзірі Назар келіп, ханмен ақылдасып, былай дейді:

-Мұхиттың ар жағында балықшы Сәлім деген бар, оның жеті өнерпаз баласы бар. Бір тапса, солар табар. Жаныма бес жүз әскер қосып беріп, темірден кеме соққыз да, мені соған жібер.

Хан табанда барлық айтқан керегін дайын қылып, бас уәзірді аттандырады.назар сумен жол жүріп, бір айда аман-сау мұхиттың ар жағындағы Сәлім шалға жетеді. Барса, жеті өнерпаз баласы жоқ, шалдың өзі ғана отыр екен. Сәлім шал әскермен келген Назардан қорқып кетеді. Назар уәзір Сәлім шалға мән-жайының бәрін баян етеді; ханның алты мөрін басып, өтініп жазған хатын береді, әдейі іздеп келгенін айтады. Сол арада Сәлім шал балаларын шақырып алып:

-Айлық алыс, шет жерден сендердің өнерлеріңді естіп келіпті. Нәсіп болса барыңдар. Егер тапсаңдар, дүние-мүлкі мен қызын береді. Өнерді ішке сақтамай, сыртқа шығарыңдар! – дейді.

Сонымен жеті өнерпаз ханның бас уәзірі Назарға еріп, аман-сау хан ордасына келеді. Хан жеті өнерпазды көріп, қатты қуанып, жігіттерден кім не істей алатынын сұрайды.

Жігіттердің ең үлкені: «Мен аспанда ұзақ ұша аламын», - дейді.

Екіншісі: «Мен елден асқан мергенмін», - дейді.

Үшінші жігіт былай дейді: «Мен суға жақсы сүңги аламын».

Төртінші өнерпаз: «Мен шебер ұстамын», - деп мақтанады.

Бесінші жігіт: «Мен жер астына жол саламын», - деп жауап береді.

Алтыншы өнерпаз: «Мен жолды болжай аламын», - деп айтады.

Ал кенже жетіншісі: «Мен керемет аспазбын», - дейді.

Хан жігіттермен танысқан соң, бірер күн тынықтырып, хан қасына жеті өнерпазды ертіп, баяғы қызды көтеріп әкеткен қара құстың қасына келеді. Қара құс қызды алып, аспанға ұшады.

Жеті өнерпаздың үлкені аспанға ұшып, қызды көтеріп ұшқан қара құстың көлеңке ізіне түсіп қуады. Бұлар көкте жеті күн, жеті түн ұшады, сегізінші күн дегенде құсты көреді: бір дарияның жағасында құс отыр, қыз шашын тарап тұр екен. Қуғыншылардың дабыл қағып, ұшқан екпінінен қорқып, қара құс қызды алып, тағы да аспанға ұшады. Сонда қуғыншылар: «Қыздан айырылдық», -деп жылайды. Жігіттердің үлкені екіншісіне: «Өнеріңді көрсет», - дейді.

Екіншісі, мерген жігіт құстың екі қанатынан көздеп атқан оғы оның екі санын жұлып түседі.

Аспанда шыр айналып келіп, қыз суға түскенде, үшіншісі сүңгуір суға сүңгіп, қызды алып шығады. Қыз жұтқан суын қайта құсып, аман түрегеледі.

Бұлар енді судан құрғаққа шыққан кезде, бір үлкен айдаһар бәрін лебімен жұтып барады екен. Енді бұлардың төртіншісі, ұста жігіт тасын қолына алып, соғыстырып еді, бес жүз шақырым жерден қорған соғылады. Әлгі айдаһар қорғанның сыртына оралып, жатып қалады. Бірнеше күн тас қорғанның ішінде бұлар да жатады.

Айдаһар тас қорғанды сыртынан орап алып, қысып, сыға бастайды. Бұлар қысылып өлер болған соң, бесіншісі де өнерін істейді.

Айдаһар сол күйінде таста оралып жатып қалады. Бұлар жер бетіне шыққан соң, еліне апаратын жолдың қай жақта екенін біле алмай, айласы таусылып, адасады.

Бұлардың алтыншысы оқу оқып, көзін сипап, өнерін істеп, он күндік жердегі жолды табады. Бірақ өздері арып-ашып шаршаған, жаяу жүре-жүре табандары тесілген, тамақтары және жоқ, аш, әлсіреп қалады. Жетіншісі, аспаз жігіт қойнындағы бір асыл табағын алып, жолдастарын күніне үш мезгіл тамаққа тойдырып отырады.

Бұлар бірнеше күн жол жүріп, ханның аулына жетеді: бәрі де сау, Қаншайым қызды аман алып келеді. Сонан соң хан ат шаптырып, үлкен той істейді. Хан ел-жұрты болып, жеті өнерпазға қатты риза болады.Хан жеті өнерпазға риза болғандықтан:

-Қызымды біреуің әйел қылып алыңдар, - дейді.

Сонда тұрып жеті өнерпаздың ең үлкені:

-Бәріміз де істеген өнерімізді айтып өтелік, қайсысымыздікі артық болса, сол алсын, - дейді.

-Бұл қызға менің істеген өнерім бәрінен басым. Мен болмасам, бұл қыз жоқ еді, - деп, бірі жеті күн қара құстың ізімен аспанда ұшқанын айтады. – Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді ол.

Екіншісі:

-Сенің өнерің таусылып, қызды қара құс аспанға алып бара жатқанда мен атпасам, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Үшіншісі тұрып:

-Сен аспаннан қызды атып түсіргенде, мен судан сүңгіп алмағанда, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Сонда төртіншісі тұрып:

-Мен тастан қорған соқпағанда, бәріңді де айдаһар жұтып қоятын еді, қыз да, сендер де жоқ едіңдер. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Бесіншісі:

-Мен болмасам, бәрің тастың астында қырылып өлер едіңдер. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Алтыншысы тұрып:

-Бәрің де жол таба алмай, адасатын едіңдер. Бұларды адастырмай, жол тауып берген мен емес пе едім? Қыз маған тиісті, - дейді.

Ақырында жетіншісі тұрып:

-Менің табағымнан ас жемесеңдер, бәрің де аштан өлер едіңдер. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Бәрі де өздерінің өнерін айтып, ханға жүгінеді.

Хан білгіштерін жинайды. Сонда бір қария тұрып:

-Бұл жетеуінің бәрінің де өнері бірдей, бірақ қызды сүңгуірге қосыңыз, өйткені ол қызды басқалардан бұрын құшты ғой. Ал қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты жерге уәзір сайлаңыз, - дейді.

Хан қызын сүңгуірге қосып, қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты елді билетіпті. Сөйтіп жеті өнерпаз мұратына жетіпті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет