Зерттеу нысанасы. Қазіргі қазақ ресми баспасөзіндегі медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуеті, ақпараттық, әлеуметтік-реттеуіштік, әсер ету қызметтері және газет бетіндегі саяси дискурс мәселелері.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеуіміздің мақсаты – қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты тіліміздің бүгінгі даму кезеңінде орын алған өзгерістердің қазіргі қазақ баспасөзіндегі көрінісін жан-жақты қарастыра отырып бүгінгі медиа-мәтінді адресанттың өз прагматикалық ұстанымын жеткізуде қалайша пайдаланып отырғандығын анықтау және сол арқылы тіліміздің қазіргі жай-күйіне лингвопрагматикалық тұрғыдан баға беру. Бұл үшін мынадай міндеттер қойылды:
қазіргі тіл біліміндегі прагмалингвистика бағытының даму тарихына шолу жасалып, оның антропоцентрлік бағыттағы өзге салалармен байланысы анықталып, өзіндік ұғымдық шеңбері мен теориялық мәселелерін анықтау;
БАҚ арқылы жүзеге асырылатын ақпараттық-коммуникативтік процестің маңызды элементі – медиа-мәтінді ақиқат болмысты репрезентациялайтын және интерпретациялайтын аса қуатты құрал ретінде қарастыру;
медиа-мәтінді бұқаралық санаға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асыратын және әлеуметтік-реттеуіштік қызмет атқаратын фактор ретінде зерделеу;
прагмалингвистиканың негізгі категориясы – субъектіні адресант-адресат қостағаны аясында жан-жақты қарастыру;
адресанттың прагматикалық ұстанымдарының қазіргі қазақ газети мәтіндеріндегі жеткізілу тәсілдерін анықтау;
қазіргі қазақ медиа-мәтінінің адресат факторына тигізетін әсерін мәтін интерпретациялануы тұрғысынан саралау;
адресант-адресат арасындағы рөлдік қатынастардың бүгінгі қазақ басылымдарындағы көрінісін сипаттау;
медиа-мәтіндегі модальділік категориясын мәтін түзуші мен оны қабылдаушы субъектілер арақатынасы аясында қарастыру;
газет мәтінінің әсер ету күшін көрсететін прагматикалық интенсификаторларды (қарқындатқыштарды) анықтау;
қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурсты айқындау;
тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзіндегі жаңа қолданыстарға прагмалингвистика тұрғысынан баға беру.