Бізде «Бала қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Оқу мен тәрбие — бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі процесс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүру оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.
Бала тәрбиесі – қашанда өзекті мәселе.Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан аталары айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Яғни, қала баласы үшін тәрбие балабақшадан басталмақ. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, бала-бақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі. Ендеше, бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі адам – мұғалім мен тәрбиеші.
Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.
Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі яки құшақтап арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі – бәрі-бәрі балаға оң әсерін тигізеді. Бала үлкеннің бұл ілтипатынан өзін жақсы көретіндігіне сенеді әрі сол кісіге деген құрметі де артады. Құшақтап, басын сипаған кісіні өзінің қорғаушысы деп біледі. Зерттеушілер құшаққа алынып, құштарлана сүйілмеген, басынан сипалып, маңдайынан иіскелмеген балалардың кейбір психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде.
Тақырыбы:
Балалардың ойын арқылы есте сақтау,ойлау қабілеттерін дамыту,
ынталылыққа тәрбиелеу.
Мақсаты: Бала тілін дамытуда салт- дәстүр үлгілерін, ертегі шығармалар арқылы сана-сезімін қалыптастыру. Шығармашылық өрістерін дамыту. Ұлттық ойын арқылы адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
Міндеттері:
Балалардың білімге деген қызығушылығын арттырып,танымдық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау. Өз ойын еркін айтуға мүмкіндік жасай алатын орта туғызу.
2. Бала жүрегіне жол табу арқылы сабақтардың әрбір сәтін қызықты, ұтымды өткізу. Балаларды тек берілген мәліметті тыңдаушы емес ізденуші, пікірін ортаға сала білетін жеке тұлғаны қалыптастыру. Баланың бойындағы ынта-ықыласын жойып алмай, жеке дара қабілетінің дамуына мүмкіндік жасай отырып, қабілетін дамытып, шығармашылығын шыңдау...
3. Оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, жеке, жұпта, топта жұмыс істеу барысында балалардың ойына ерекше құрметпен қарау.
Тақырыптың өзектілігі:
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында «Мектепке дейінгі білім бағдарламасы баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға, оның жеке қабілетін ашуға және дамытуға бағытталғанын» атап көрсетті. Тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыратын жаңа технологияларды қолдану.
Тақырыптың жаңашылдығы:
XXI ғасырдың алғашқы жылдарының негізгі проблемаларының бірі «Білім бүкіл өмір бойына » қағидасын жүзеге асыратын білім жүйесінің ұйымдық құрылымдарына іздеу болып табылады.
Ақпараттық технология ақпаратты алудың, жеткізудің, сақтаудың және пайдаланудың әдістері мен құралдары .
Ұстанатын педагогикалық іс-әрекеттің негізгі идеясы :
• Әр балаға тұлға ретінде қарау
• Білім мен тәрбие беру;
• Ғылымға құштарлығын арттыру
• Бала мен педагогтың ынтымақтастығын жүзеге асыру;
• Дамыта оқыту теориясын қолдану (Л. В. Занков );
Білім беру бағдарламасының бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда жаңашылдығы ерекше.