Әскери басылым (Военная печать) — әскери тақырыптағы әр түрлі мәселелерге арналған басылымдар. Олар, негізінен, әскери оқырмандарға арналған маііызды жаппай ақпарат пен үгіт-насихат құралы. Әскери басынымдарға: мерзімді басылымдар (баспасөз): әскери газеттер мен журналдар, кезеңді жинақтар, бюллетеньдер, жыдцық жинақтар және жалғаспалы басылыадцар; кезеңсіз басылымдар: кітаптар, кітапшалар, үндеулер және т. б. әскери басылымдар жатады. ҚР Қорғаныс министрлігінің басылым органдарына: "Қазақстан сарбазы" ("Воин Казахстана") газеті және "Бағдар" ("Ориентир") әскери-теориялық журналы жатады.
Қазақстандық әскери баспасөзді зерделеу бойынша жүргізілген зерттеу «Сарбаз» әскери-патриоттық газетін «Жауынгерлік ту» және «Қызыл әскер» газеттерінің ізін басушы деп есептеуге мүмкіндік береді. «1992 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық органы ретінде «Қазақстан сарбазы» газетінің алғашқы нөмірі қазақ және орыс тілінде жарыққа шықты. Ресми құжаттарда Алматыда 1969 жылдан бастап шыға бастаған «Жауынгерлік ту» газетінің базасында құрылған деп көрсетілді. «Жауынгерлік ту» «Қазақстан сарбазы» газетінің ізашары, бастаушысы болды. Ал Қазақстанды аумақтық тұрғыда қамтыған әскери басылымдар бұдан бұрын шығып жүрген. «1929 жылдан бері шығып жүрген «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») қазақи әскери газетке назар аударған анағұрлым қисынды болар
«Сарбаз» және «Қызыл әскер» газеттерінің контент-талдауын жасап, біз тақырыптың ұқсастығын, баламалы әскери, патриоттық проблема мен әсіресе, тілдік аспектіні, қазақ тіліндегі басылымын атап өтудеміз. «Қызыл әскер» газеті Қазақстан әскери баспасының іргесін қалаушы болып табылған
«Қазақстандағы әскери баспасөздің тарихы 1992 жылдан емес, 1969 жылы шыққан «Боевое Знамя» және одан әрі 1929 жылы тұңғыш қазақ тілінде шыққан «Қызыл әскер» газетінен бастау алады.
Ғалым тілге тиек еткен «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») газеті – Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының басылымы болған. Ол 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет шығып тұрған. Оның бетінде мақалалар қазақша латын қаріптерімен және кішігірім ақпараттар араб графикасымен жарық көрген. Басылым форматы үлкен – А0.
Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырған. Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, Әуезхан Көшімов шығармашылық қарым-қатынаста болыпты. Шығу мақсаты қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді.
«Qьsьl әsker», шыққан күні – «№1 noıәbіr, 1929 g» деп көрсетілген. Оң жақ қатпалында өлкелік партия комитетінің құттықтауы, Қазақстан орталық атқару комитетінің құттықтауы, Қазақстан соғыс комисариаты, өлкелік ағартушылар одағының құттықтаулары берілген. Одан соң «bуgуn ulь өktәbіr tөnkerisine 12 cьl» деген бас мақала (суретімен) жарық көріпті. Екінші бетте «Eńbekсi eldiń eńregen eri qьsьl әsker өrkenin өssin!» деген үлкен тақырыппен мақала, «бір... екі... үш..., бір..., екі..., үш...,
дейді алда кәмәндір,...» деп басталатын «Ротадағылар соғыста» деген
өлең (латын қарпінде), 3-4 беттерде шетел жаңалықтары (араб графикасында) мен бірталай дүние жарияланыпты.
Мұнан кейінгі нөмірлерде де газет бетінен алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелерін көруге болады. Айта кетерлігі, сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі қызықты суреттер жарияланған. Мақалалар публицистикалық стильде жазылып, ондағылар барлық мәселені қамтуға тырысқан.
Сондай-ақ зерттеуші ғалымдардың айтуынша, газетте әскери қызметшілердің шығармашылығына да орын беріліп, өлеңдер, әңгімелер, Отан қорғауға шақырылған жаңа әскерилер туралы материалдар, ерекше көзге түскен жауынгерлердің фотосуреттері де басылып шыққан. Қазан революциясының 12 жылдығына орай жарық көрген «Қызыл әскердің» бастапқы таралымы 6000 дана болған екен.
Әскери тақырып қозғалса, бүгінгі әскери тәртіп тұрғысында сөз бастау үрдіске айналып кеткендей. Олай дейтініміз, әскер тақырыбы жалпы халық үшін қолжетімді ақпарат көзі емес. Бірді-екілі жарық көріп отырған әскери басылымдар әскери мекемелерден артылмайтыны ақиқат. Тәуелсіз БАҚ ішкі әскердің ішінен заң бұзушылық іздеуді өзінің журналистік міндеті деп қабылдайтын секілді. Содан да болар, бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштері жайында саралы сөз, сарапты пікірді таба қою әскери құпияны жариялаумен пара-пар.
Әскери журналистиканың өзіне тән құпиялары мен тілі, өзіне тән табиғаты болады. Әскери журналистердің тіпті ақпарат жинаудағы ерекшеліктер де өзгелерге ұқсамайды. Қатал тәртіп пен тәрбиенің озық үлгісіне айналған әскердің айнасы БАҚ деп есептесек, бұл тақырыпқа қалам тербеудің өзі асқан жауапкершілікті қажет ететіні айдан анық. Елімізде Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсынан бастап қалыптасқан әскери публицистика деген үлкен жанр бар. Бұл туралы Р.Ыдырысов «Отты жылдар шежіресі» кітабында былай дейді:
«Отан» соғысы жылдарында жауынгерлік сипат алған қазақ публицистикасы мен журналистикасына социалистік қоғамның ой-пікірі ретінде қараймыз. Ол пікірлер, қаһарлы сөздер соғыс жылдарында жауға қарсы оқша атылған еді. Біздің газеттеріміз нағыз өткір қару болды. Қазақтың әскери публицистикалық жанрының жай-күйі бір дәуірдің – Отан соғысының төрт жылдық шеңбері шегінде көрсетіледі».
Отты жылдардың шежіресіне айналған жанрдың негізінде біз Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Әлішер Тоқмағамбетов, Мұқан Иманжанов, Қасым Қайсенов сынды публицистерімізді таныдық. Сұм соғыстың өшпес естелігіне айналған туындылар бүгінде әскери журналистикаға келем дейтін жастардың айнымас оқулықтары болуға пара-пар еңбектер.
Өткеннен сабақ алмай, болашаққа қадам баса алмайтынымызды ескере отырып, әскери журналистиканың жанрларын талдамас бұрын, әскери публицистиканың жанр ретінде қалыптасқан тұсын, біздің әскери қаламгерлерімізді сөз етуді жөн көрдік. Себебі, журналистикадағы жанрлардың барлығы әскери тақырыпқа келгенде өзгеше сипат алады. Сондай-ақ журналистика да публицистика да тікелей халықтың рухани игілігіне қызмет ететін, бірінен-бірін бөліп жарып алуға келмейтін салалар. Журналистика теоретигі, профессор К.Қамзин публицистика хақында былай дейді: «Публицистиканың ең осал жері – оның жеке адамға емес, жалпы жұртшылыққа, бұқараға арналуы, көпшілік жағдайда индивидиумның ерекшелігін ескермеуі, көсемсөзді көбіне қоғамдық құбылыс ретінде қарастыруы, халықты бұқаралық ақпарат құралдарына (бұқаралық ақпарат құралдарын халыққа) жиынтық категория ретінде келуі».
Қазіргі аты танымал публицистеріміздің барлығы алғашқы қадамдарын журналистикадан бастаған. Сондықтан, әскери публицистикадан аттап өту біз үшін үлкен қателік болар еді. Ауыз толтырып айта алатындай шығармаларымыз, кітаптарымыз бар кезде оны «әскери журналистиканың» ауылынан алыстатып әкете алмаймыз. Майдан даласында туған дүниелердің басым көпшілігі кітап болып бейбіт заманда басылды. Ол кездері, шығармалар тек газет беті арқылы жарияланып, майдан даласына жеткізіліп отырды. Сондықтан, журналистиканың майдан даласында атқарған қызметі ерен деуге болады. Ақпарат жеткізу, үгіт-насихат сынды функцияларды журналистика осы соғыс уақытында ерекше қарқынмен, ерекше ынтамен жүргізді.
Зерттеуші Бауыржан Жақыптың айтуынша, «Соғыс жылдарындағы қазақ әскери публицистикасы – елдің бүкіл сана-сезім, күш-жігерін ортақ жауды жеңуге жұмылдырды. Бұл кездегі публицистикалық шығармалардың авторлары жоғары пафосты, шешен тілді, халық даналығын өз ойларына өзек етіп қолданды. Қазақтың әскери публицистикасы аузы әдебиетінің бай қазынасымен суарылып, тарихи шешендік сөздерден тамыр тартты. Және сол рухани мұра майдандағы және тылдағы деректі фактілермен, ақиқат оқиғалармен, баяндаудың қуатты мәнерімен құрылған ғажайып публицистикалық шығармалар туды. Соғыс жылдарында халықтың күшін бір ойға біріктіретін публицистика түрлері мен жанрлары орнықты. Мәселен, үндеу, памфлет, күнделік, хат, очерк, мақала жанрлары дамыды».
28 жасында Отан үшін опат болған, «Октябрь балалары», «Лениншіл жас» сияқты жастар газеттерінің төңірегіне топтасқан жалынды жас әдебиетшілер қауымының аяулы ағасы болған, патриот-журналист Баубек Бұлқышев еді. Баубек Бұлқышев Москва пролетарлық атқыштар дивизиясының қатарында жүріп, Мәскеуді, Смоленскіні қорғауға қатысты. Оның «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 1-ші мамырдағы нөмірінде жарияланған «Өмір мен өлім туралы» атты публицистикасы елдегі жастарды дүр сілкіндірді. Өйткені бұл жастарға арналып жазылған жауынгер жас азаматтың жүрек жыры еді. Осы публицистикаға Баубек 200-ден аса хат алды. Совет жастары авторға асқан сүйіспеншілікпен хат жолдап, өздерінің Отан қорғау үшін өлімге де әзір екендіктерін білдірді.
Эссе, очерк, корреспонденция жанрлары әскери салада өзгеше сипат алады деуге болады. Себебі, әскери журналистикада эмоцияға беріліп материал жазу аса бағаланбайды. Жазылған дүние нақты фактілерге құрылады да ол дүниеден ерекше Отанға деген махаббат, жауынгерлерге деген құрмет байқалып тұрады. Әскери журналистиканың басты мақсаттарының бірі сол болып та табылады. Әскерилерге деген сый-құрметті арттыру, елдік жеткіншектерін әскерге шақыру.
Майдан газеттері әскери журналистиканың шағын жанрларының дамуына ұйытқы болды. Көлемінің шағындығында қарамастан, қысқа да болса, көпшілік оқуға тартымды публицистикалық сарында материалдарды көп жариялауға тырысты. Соғысқа дейін әскери публицистикалық шығармалар жазбаған ақындар Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Сәду Машақов, Қалмақан Әбдіқадыров, Қасым Шәріпов, сондай-ақ танымал ғалымдар Асқар Закарин, Ысқақ Дүйсенбаев тағы да көптеген қаламгерлер орыстың көрнекті жазушы публицистерінен тағылым алып, әскери публицистиканы өрге бастыруға үлес қосты.
1942-1943 жылдары жазылған Мұхтар Әуезовтың «Намыс гвардиясы» пьесасы, әскери драматургиядағы, әскери публицистикадағы шоқтығы биік туынды. Көркемсөздің әйгілі шебері, қазаққа Абайды танытқан Әуезов қаламынан туған дүниеде нақты факт пен тарихи шындық көркемделіп, оқырманға әсерлі туынды ретінде жол тартты. Автор бұл еңбегінде жауға қарсы күресте біздің жауынгерлер көрсеткен ерлікті басқалай қырынан көрсетуге тырысқан. Жеңіске алып келетін намыс, жігер, ерлік, қайтпас қайсарлық сынды факторлар ашып көрсетіліп, үлгі болады. Алматы қаласында құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы осы пьесаның өзегіне, тақырыбына айналған. Мәскеу түбіндегі ұрыста дәл осы гвардия жауға қарсы тұрған болатын. 1941 жылғы 16 қарашада болған Дубосеково бекетінің түбінде болған төрт сағаттық шайқаста жау әскерінің 18 танкі жойылды, гваридияның көптеген жауынгері ерлікпен қаза тапты, бірақ жау Мәскеуге асып өткен жоқ. Нақтылықты барлық қырынан қолданып, жағдайды дұрыс бағалай білген қаламгер сол сәтте бүкіл халыққа керек болған туындыны жазып шықты. Пьесаға өзек болған материалдарды автор баспасөз беттерінен жинады, куәлердің өз ауыздарынан естіп тиянақтады.
М. Әуезов қаламынан туған туынды әскери уақыттың өнеріне жаңа, тың серпін әкелді. Көркемдікпен әсем ұштаса білген нақтылық, отанға деген шексіз махаббат туындыдан анық аңғарылып, ол халыққа ерекше рух берді. Әсіресе майдан алаңындағы қазақ жауынгерлерге Отаннан жетіп отырған әрбір өлең, шығармалар тіпті бір мақалдың өзі керемет күш берді. Себебі, олар өздерін құрметтейтін, оларға сенім артып отырған халық бар екенін осы дүниелерден аңғарды.
Әуезовтың Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған әрбір дүниесі ерекше болды. «Сын сағаты» пьесасы да соның дәлелі бола алады. Әскери публицистика жанрында өз атын ойып тұрып қалдырған қаламгер өзін осы жанрда керемет суреткер, өз елінің нағыз патриоты ретінде көрсетті.
Қырғи қабақ соғыста өзінің ерлігімен, өрлігімен көзге түсіп, қаталдығымен талай жауынгерді өз мектебінен өткізген, намысшыл да тұйық тұлға Бауыржан Момышұлы әскери публицистиканың айнымас бөлшегі. Ол өзі де жазды және өзгелерге де қалам тербетті. Өзгелер оның ерлігін, соғыс өнерінің майталманы ретінде танып, адами болмысын ашқысы келсе, ол сол зұлмат жылдарды өз шығармаларына арқау етті. Өзі көріп, білген дүниені қаламмен қағазға түсіруді азаматтық борышы санады. Солайша, Бауыржан Момышұлының қаламынан «Ерлік пен жеңіс күші», «Біздің адамдар», «Қанмен жазылған кітап» сынды туындылар өмірге келді. Бауыржан Момышұлы – «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Артымызда Мәскеу» әңгімелерінің, генерал И. В. Панфилов туралы «Біздің генерал» өмірбаяндық повестінің, «Біздің отбасы» атты повестер мен әңгімелер жинағы кітабының авторы. Әрине, ұлы қаламгердің «Ұшқан ұясы» бөлек зерттеуге тақырып болатын шығарма. Ал оның «Үнді халқының ұлы перзенті» очеркі мүлдем бөлек әлем. Очерктің де, эпистолярлық жанрдың да, эссенің де хас шебері болған Бауыржан Момышұлын біз соғыс жылдары жазылған еңбектерінен біз мүлдем басқа адамды көреміз. «Ақиқат пен аңызды» қазаққа сыйлаған Әзілхан Нұршайықов осы еңбектің қандай құштарлықпен әрі қиындықпен жазылғанын айтады. Біз «Ақиқат пен аңыз» арқылы бөлек Бауыржанды, ал оның өз туындылары арқылы басқа бір Бауыржанды танимыз. Оның Отанға деген, халқына деген махаббатын, ерлікке деген шексіз құрметін көреміз. Бауыржан Момышұлы өзінің жазушылық-қаламгерлік өнерін әскери әдебиетке тікелей қатысты болу себепті өзінің бастапқы кезде жазылып танылған мақал-мәтел, афоризмдері мен өлеңдері, эпистолярлық жанрдағы туындылары да майдан өмірі шындығынан туындап жатуы табиғи құбылыс еді. Әскери әдебиет саласында Баукең күнделікті соғыс жағдайында қанды майдан ішінде бастан кешкен өмір тәжірибесін ойда қорытып жазған теориялық деңгейі биік мақалаларымен танылды. ҚазССР Ғылым Академиясында соғыс жайы туралы оқыған лекциялары («Психология войны», «Қанмен жазылған кітап») мен әскери академияда стратегия мен тактика пәнінен өткізген дәрістері арқылы, әскери көркем әдебиеттің ғылыми тұғыры мен теориялық негізін салды. Жүзі сұсты болғанымен жүрегі жұмсақ адам екенін білеміз. Ұлы қаламгер жайлы осы уақытқа дейін сүбелі зерттеу еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. Сондықтан, біздің еңбекте Бауыржан Момышұлы туралы өз білгеніміз бен өз тұжырымымызды ғана көрсетуді жөн көрдік.
Жалпы журналистика жанрлары қоршаған орта, қоғамдық құбылыс үрдістерімен қабысып жатыр. Ол қазір хабарламалық, талдамалық, деректі – көркемдік биіктерді ғана игеріп қойған жоқ, оның таным қуаты дүниепайымдық, философилық, ғылыми сараптау дәрежесіне жетті. Баспасөздің жанрлық мәтіндері қоғамдық құбылыстарды зерттеудегі кең тынысты дерек көздерінің бірі болып саналады. Оның айқын айғағы – рисала (эссе), очерк, эпистолярлық туындылар, журналдардағы сан түрлі тарихи және теориялық мақалалар, журналиcтік айқындамалардың түрлері.
Әскери публицистиканың басты тақырыбы мен өзегі болған – ерлік, батырлық, майдан даласына көрсетілетін көмек өзге да қаламгерлеріміздің қаламынан керемет дүниелерді туғызды. Бүгінде, әскери публицистердің аз болуына себеп, соғыстың болмауы, біздің бейбіт заманда өмір сүруіміз деген пікір болуы мүмкін. Бірақ, тұтастай кітаптар жазылып жатпаса да, газет беттерінде бейбіт күннің сақшыларына деген құрмет байқалады. Олар етіп жатқан ерен еңбекті біз «Сақшы», «Қалқан» сынды басылымдардан көреміз.
Жоғарыда аты аталған басылымдар бүгінде әскери журналистикада, жалпы ел журналистикасында өзіндік орны бар басылымдар. Уақыттың тезінен өте отырып, бүгінде еліміздегі салалық журналистиканың дамып келе жатқанын айқын аңғартатын бұл газеттер нарық талабына сай жарыққа шығуда. 2008-09 жылдардағы газет түссіз жарық көрсе, қазір түрлі-түсті дизайнға көшкен. Дизайн салаласын зерттеушілер қолданатын цветографика деген термин бар. Яғни, адамдарға ақпарат беруде, олардың психологиясына әсер етуде түстің алатын орны осы терминмен түсіндіріледі. Әскер саласы ресмилік пен қаталдықты талап еткенімен, адамдардың рухани қуатын байытып, оқырманға оң көзқарас қалыптастыру үшін осында оң қадамдар жасалып жатыр.
Журналистика саласына келгенде билік үнемі жіті қадағалауды талап етеді. Қоғамдық пікірді қалыптастырушы бірден-бір орган болғандықтан, журналистерге артылатын талап пен міндет екі еселенері анық. Кеңес дәуірінде де мемлекет басшылары тарапынан баспасөзден мықты, одан артық ешбір күшті құрал жоқ деген пікір айтылды. Осы міндетті талапқа сай орындау үшін журналистер қауымы қоғамдағы барлық істі ілгерілетуге жұмылды. Жетістіктерді жарияға жар салып жарнамалап, кемшіліктерге қарсы күресті. Әсіресе, қоғамдағы бар қылмыспен күресіп жатқан, отан қорғап жүрген әскерилердің басылымдары жоғарыда аталған мақсаттарды үнемі орындауға тырысады.
Әскери журналистикада қалам тербеп жүргендердің басым көпшілігі әскери адамдар дегенді жоғарыда атап өткен болатынбыз. Яғни, әскери адамдар, журналистиканың жанрларынан мүлдем бейхабар мамандар. Олар, өз қатарластары, өз әріптестері жайлы сырларын, мақтау-мадақтауларын, сын-ескертпелерін БАҚ арқылы жариялап тұрады. Осы орайда, әскери БАҚ-тағы жанрлық ерекшеліктерді сөз ету, оны ғылыми тұрғыдан зерттеу қиындық туғызатынын ескере кеткен жөн. Дегенмен, ғылымның күші талайға жететінін ескеріп, журналистика жанрлары тұрғысынан әскери БАҚ-тағы біраз материалға талдау жасадық.
Мақала, корреспонденция, эссе, очерк, репортаж сынды баспасөз жанрлары әскери БАҚ-та көптеп көрініс табады. Атап кетерлік жәйт, очеркті осы күндері қолданыстан шығып, өзге жанрлармен селбесіп кетті деген ғалымдар пікіріне әскери журналистиканың қарсы тұрар дүниелері бар. Себебі, очеркке қойылатын басты мақсат «өзгелерге бір тұлғаны үлгі етіп көрсету» болса, осы мақсатқа жетіп жүрген талай материал жоғарыда аты аталған «Полиция.кз», «Сақшы», «Айбын» сынды басылымдардың барлығында кездеседі. Мысалы, «Айбын» журналының «Біздің генералдар» айдарында 2013 жылдың наурыз айында жарық көрген майор Марат Жүнісбектің «Салтына бабамыздың қанып өскен немесе Әлімжан Ерниязов туралы үзік сыр» атты материалы жарық көрген. Очеркке қойылатын талаптарға жауап беретін бұл материалды очерк деуге негіз бар. «Қауышу», «Офицерлік қадам», «Ауғанстан туралы алғашқы әсер», «Турабура», «Сөз соңы» деген бөлімдерден тұратын материалда армия генералы Әлімжан Ерниязов туралы деректермен таныс болып, таныс болып қана қоймай дәл сол кісідей болғың келері сөзсіз. Оқырманға әсер етіп, олардың пікірін қалыптастыру журналистке қойылар басты талап екенін негізге ала отырып, материалға жоғарғы баға беруге болады. Жай сөйлеммен жазудың хас шебері Шерағамыздың стилін басшылыққа ала отырып Марат Жүнісбек жұп-жұмыр, бас-аяғы жинақы дүние жазып шыққан.
Әскери журналистиканың журналистері көп қалам тербейтін жанрлардың бірі сұхбат жанры. Барлық әскери БАҚ-та сұхбат жанрын кездестіруге болады. Белгілі бір мәселеге қатысты ойын маманның пікірімен сабақтасыра отырып, мәселенің мәнісін маманмен бірге аша отырып көрсететін жанр осы сұхбат. «Сұхбат», «Біздің маман», «Бізде қонақта» сынды айдарларда сұхбаттар үнемі жарияланып тұрады. Сұхбат тақырыптары сан алуан. Бір сұхбат министрден алынса, келесісі мешіт имамынан, келесі бірі әскери шенділерден, енді бірі өнер адамдарынан. Яғни, әскери журналистикадағы сұхбат жанрына еркіндік берілген, тақырыпқа ешқандай шектеу қойылмаған.
2012 жылдың қазан айында «Полиция.kz» журналында белгілі ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты Бауыржан Қарағызұлының журналист Айгүл Әжібаеваға берген сұхбаты жарияланған. Журналист, алғашқы сауалдарын ақынның шығармашылығына, жалпы қазіргі әдеби әлемге қатысты қойса, сұхбат соңына қарай еліміздің әскери қызметі жайына ауысады. Қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшылары жайлы сұрақ қойып, ақынның осы қызметке қандай көзқараста екендігін көрсетеді. Яғни, қанша жерден шығармашылық адамы болса да, журналист өз саласынан алысқа кетпеген. Қоғамдық пікірге ақын сөзі арқылы әсер етуге тырысқан.
Келесі бір сұхбат дәл осы журналда Зейін Әліпбекпен болған. Белгілі журналистің «Полициясыз қоғамның тыныштығын сақтау мүмкін емес» деген сөзі тақырып етіп алынған. Сұхбат барысында журналист Зейін Әліпбектің бүгінгі заң ережелерінің сақталуы турасында, әскери қызметкерлер хақында көзқарасын білуді мақсат еткен және осы мақсатқа жеткен. Сонымен қатар, журналдың басты аудиториясы әскери қызметкерлер екендігі ескеріле отырып, сол әскерилерге танымал тұлға жайлы мағұлматты кеңінен беруге тырысқан. Оны біз Зейін Әліпбек туралы берілген шағын ақпараттан байқаймыз. Сұхбат теориясында көрсетілген ережелер сақталып, журналист өзі баста көздеген мақсатына жете білген.
Репортаж жанры ең бір қызықты жанрлардың бірі. Газет репортажы болсын, телевизия репортажы болсын әрқашан өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Біздің әскери журналистикада репортаж жанры 90% орыс тілінде жарық көреді. Осы тұрғыдан келгенде, әрине, репортаж жанрының өзге тілде көрініс табуы қынжылыс тудырады. Әскери репортаждар «Полиция.kz» журналында өте сауатты жазылады. Репортжаға тән барлық элементтерді сақтай отырып беріледі. Өкініштісі, тек орыс тілінде. Журнал тігіндісінің 4 жылын қарап отырып біз саусақпен санарлық репортаж таптық. Солардың бірі журанлист Олжас Сәндібековтің «Журналистің Ішкі әскер асханасындағы бір күні» деп аталатын репортаж. Бұл журналдың 2012 жылғы №4 санынды жарияланған. Суреттерді де сөйлетіп, өзі де қазақы қарапайым баяндау тәсілін пайдалана отырып жазған репортажы былай басталады:
- Ана бір жолы, «қызыл таяғыңды көтерсең болды, ақша біткен қызарақтап келіп қалтаңа түсе береді» деген ел арасындағы гу-гу әңгімеге сеніп бір күн жол полициясы болғаным бар-тын.
Достарыңызбен бөлісу: |